Қарастырылатын мәселелер:
Буынның үндесуі
Тіл үндестігі. Лингвальды аттракция.
Ерін үндестігі. Лабиальды аттракция.
1. ТІЛ ҮНДЕСТІГІ (ЛИНГВАЛЬДЫ АТТРАКЦИЯ)
Адамның тілі – дыбыстық тіл. Біз өз ойымызды осы дыбыстардың тіркесі, тізбегі арқылы білдіреміз. Морфемалардың бірыңжуан не жіңішке буынды болып және олардың аралығында қатар келген дыбыстардың біріне-бірі акустика-артикуляциялық жақтан бейімделіп, үйлесіп тұруын дыбыстардың үндесуі немесе үндестік заңы дейміз.
Қазіргі қазақ тілінде түбір мен қосымша аралығында қатар келген буындар мен дыбыстардың өзара үйлесімі, яғни тілімізге тән, өзімізге мектептен таныс негізгі үндестік заңдар мынадай болып келеді:
Түбірдің соңғы буыны жуан болса, оған жалғанатын қосымшалар да жуан буынды болады: қала-лық-тар-ға
Түбірдің соңғы буыны жіңішке болса, оған жалғанатын қосымшалар да жіңішке буынды болып келеді: бөрене-лер-дің
Қосымшалардың ішінде түбірдің соңғы буынына тәуелді болмай, өз қалпын әрқашан сақтап тұратын қосымшалар да кездеседі.
Олар: -бан, мейір+бан
-гер, қаламгер, саудагер
-дар, хабардар, қарыздар
-күнем, пайдакүнем
Ассимиляция
Ассимиляция (лат. – ұқсату) морфемалардың жігінде көрші келген дауыссыздардың акустика-артикуляциялық жақтан біріне-бірінің ұқсауы, бейімделуі. Бұлар да бірін-бірі дауыстың қатысы және артикуляциялық жақтан игеріп тұрады.
Прогрессивті ассимиляция.
Регрессивті ассимиляция.
Тоғыспалы ассимиляция.
Прогрессивті және регрессивті ықпалды былай түсінуге болады.
«Түбір дыбыстары мен қосымша дыбыстарының үндесу бағыты екі түрлі: бірінде – түбірдің соңғы дыбысының не соңғы буынының ауанына қарай, қосымша дыбыстары өзгереді, екіншісіне – қосымша дыбыстарының ықпалымен түбір дыбыстары өзгереді.
2.ЕРІН ҮНДЕСТІГІ.(ЛАБИАЛЬДЫ АТТРАКЦИЯ )
Дауыстылардың бір сөз көлемінде еріннің қызметіне қарай үндесіп келуін ерін үндестігі дейміз. Бұл заң бойынша сөздің бірінші буынында еріндік дыбысты болса, қалған буындарында да еріндіктер тұруға тиіс. Қазақ тілінде ерін үндестігі бар ма, бар болса, неше буынға жетеді дейтін мәселе әлі күнге дейін шешімін таба алмай келеді. Қазіргі қазақ тіліндегі ерін үндестігі жайында пікір айтушылар академик І.Кеңесбаевтың тұжырымын негізге алып жүр. «Қазіргі қазақ тілі оқулығында былай делінген: «Әдеби тілде ерін үндестігі тіпті еленбейді десе болады. Осыған қарағанда, ерін үндестігінің қазақ әдеби тілі үшін айтарлықтай үлкен мәні бар деуге болмайды»» (283-бет). Ал келесі бетте былай делінген: «Қазақтың ауызекі тілінде аздап болса да ерін үндестігі байқалады. Ерін үндестігінің күші үш буыннан аспайды: әсіресе, екі буынды сөзде ерін дауыстысымен келген алғашқы буыннан еріндік ықпалы сезіліп тұрады: үшінші буында солғындау сезіледі». Бұдан шығатын тұжырым: қазіргі қазақ тілінде бірінші буында еріндік дауыстылар келіп, екінші буында езулік әріптері жазылса, онда оларға еріндік дауыстылардың міндетті түрде әсері болады.
Сөздің айтылу нормаларын арнайы қарастырған еңбегінде Р.Сыздықова былай дейді: «Сөздің басындағы немесе бірінші ашық буындағы ұ,ү,у,о,я дыбыстары және екі дауыстының ортасында келген у дыбысы (тауық, бару) келесі буындағы н,і дыбыстарын өзгертіп, ұ,ү- лерге жуықтатып естіртеді: күліп, бүгіп, орын. Еріндік дыбыстардың ықпалы үшінші, төртінші буындарда әлсірей береді: күмістің.
Фонетика үшін сөздің жазылуы емес, айтылуы, естілуі маңызды екені даусыз. Еріндіктердің орнына езуліктерді жазу – орфографиялық норма. Осыдан I ғасыр бұрын қазақ тілінде ерін үндестігі мықты болғанын ірі түрколог В.Радлов, П.Мелиоранский т.б. ғалымдардың еңбектерінен көруге болады. Академик В.Радлов «Опыт словаря тюркских наречий» деп аталатын еңбегінде ерін үндестігін атап көрсеткен.
Тіліміздің табиғи жарасымдылығына ерін үндестігі де жатады. «Ерін үндестігі өткен ғасырлар ішінде күшті болған, енді әлсіреп құрып барады» (Н.Сауранбаев) десек, оған себеп, біріншіден, жазудың ықпалы, өзіміздің құнсыздығымыз болса, екіншіден, артикуляциялық базамыздың дамуы, ерін үндестігі жоқ көрші тілдердің әсері деп қарау керек.
Ерін үндестігін дұрыс түсіну үшін еріндік дауыстылар мен езулік дауыстылардың көрші буындарда қатар тұру мүмкіндіктерін ескеру керек. Сонда екі буынды сөздерде тек ашық а езулігінің о,ұ еріндіктерінен кейін тұру мүмкіндігінің барын көруге болады. Ора, орақ, бұта, қала. Қалған жағдайда еріндіктер мен езуліктер бір сөз ішінде қатар айтылмайды. Әсіресе, еріндіктерден кейін езуліктің айтылу мүмкіндігі жоқ деуге болады. Тек: мазмұн, мақұл, марқұм, күнә, дәстүр сияқты санаулы ғана кірме сөздерде бұл заңдылық сақталмауы мүмкін. Ашық а және ә езуліктердің сөздерінің ашықтығының арқасында еріндік дауыстыларымен еркін қатынасқа түсу мүмкіндіктері бар.
Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін жүйелі түрде зерттеп жүрген ғалым Ә.Жүнісбеков ерін үндестігін тіл үндестігімен қатар қояды. Олардың тілдегі қызметі мен маңызы, қолданылуы ұқсас екендігін, ерін үндестігінің күшін бірер буынмен шектеуге әсте болмайтынын айтып жүр.
Қазақ тілінің алғашқы орфоэпиялық сөздігінде І.Кеңесбаев пікірі басшылыққа алынған, яғни екінші буында еріндіктер жазылып, үшінші буынға арнайы белгі қойып жасалған. Одан кейін жасалған сөздің екінші буынмен біржола шектелген. Тек үшінші сөздікте ғана ерін үндестігі біршама шешім тапқан. Сөздіктің авторы белгілі ғалым М.Серғалиев ерін үндестігі «үшінші буында да айқын байқалады», - деген қорытындыға келді.
Сөздікте үшінші, төртінші, ара-тұра бесінші буында да, еріндіктер жазылған: өкүніүштү, өршөленгөн, т.б.
Бұдан айтылып шығатын қорытынды: қазақ тілінде ерін үндестігі болған және оның күші санаулы буынмен шектелмейді.
Достарыңызбен бөлісу: |