Сабақтың мазмұнды кезеңдеріне түсініктеме: Уәж туындату – сабақтың бастапқы кезеңі. Оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландыру, қызықтыру және сабақта үйренетін білімнің қажетті және пайдалы болатынын көрсету. Оқушылардың ішкі уәжі олардың оқу материалын жақсы игеруіне тікелей әсер етеді. Бұл кезеңде оқу мақсатын оқушылардың түсінуіне жағдай жасалады.
Бекіту – қызығушылық және материалды меңгерудің тиімділігін көтерумен қатар оқушылардың санасында пән бойынша оның білімінің бірізді логикалық құрылымның қалыптасуына мүмкіндік беретін маңызды кезең.
Жаңа материалды игеру – оқушылар жаңа білім алатын негізгі кезең. Бұл кезеңде мұғалім оқушылардың қажетті білім, білік-дағдыларды игеруін қамтамасыз ететін жаттығулар мен тапсырмалар дайындауы керек.
Бағалау – сабақтың маңызды ынталандырушы бөлімі. Бағалау икемді, көрнекті және әділ болуы керек, осындай жағдайда ғана бағалау арқылы оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыруға болады. Бағалаудың дұрыс болмауы оқушының пәнге қызығушылығын жойып, оқуға ынтасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бағалау кезеңі тексеруге емес, оқушыларды ынталандыруға бағытталғаны маңызды.
Дебрифинг – сабақты қорыту, кері байланыс алу, сабақтың соңғы кезеңі. Мұнда мұғалім оқушыларға сабақта не ұнағанын және ұнамағанын сұрайды, сабақ бойынша оқушылардың ұсыныстарын жинайды және сабақты қорытып, игерген білімді оқушылардың әрі қарай өз бетінше тереңдетуіне бағыттайды.
Сабақтың ерекшелігіне байланысты кезеңдерге бөлінген уақытты мұғалім өз шеберлігіне байланысты өзгертуі мүмкін, бірақ осы кезге дейін жинақталған тәжірибе берілген үлгінің тиімді екенін көрсетеді. Бұл модель сабақта әдетте қолданатын үш кезеңмен үйлеседі:
1-кезең: Уәждеу және жаңа тақырыпты жариялау, өткен сабақты бекіту (қайталау) – 30%
2-кезең: Жаңа материалды меңгеру – 50%
3-кезең: Бағалау және сабақты қорытындылау – 20%.