Терісі. Ланцетниктің терісі 2 қабаттан тұрады: сыртқысы - эпидермис, ішкі дәнекер ұлпалы
– кориум, немесе кутистен тұрады. Жоғары сатыдағы жануарлардың эпидермисінен айырмашылығы ланцетниктің эпидермисі бір қабаттан тұрады да, оның сыртын жұқа кутикула
қаптап тұрады. Эпидермистің көпшілік клеткалары –цилиндр пішінді, бірқатары бокал тәрізді безді клеткалар, ал бірқатар клеткаларында сезімтал түктері болады. Кутис (кориум) қабаты нашар дамыған және ол қоймалжың ұлпадан түзілген.
Бұлшық еті. Ланцетниктің бұлшық еті арқа бөліміне көп шоғырланған. Бұлшық еті миомер немесе миотом деп аталатын ет сегменттеріне бөлінген, миомерлар бір-бірінен дәнекер ұлпалы жарғақпен –миосептамен ажыратылады. Бұлшық еттерінің бөлшектерінің үшкір жағы денесінің алдыңғы жағына бағытталған. Оң және сол жағындағы миомерлер бір-біріне тұспа-тұс орналаспайды. Мұның өзі олардың суда жүзгенде көлденең бағытта денесінің оңай иілуіне жағдай жасайды.
Қаңқасы. Ланцетниктің қаңқасы арқа желісі немесе хорда (chorda dorsalis), бүкіл денесін бойлап созылып жатады, оның алдыңғы және артқы ұшы сүйірленіп келеді. Хорданың алдыңғы ұшы жүйке түтігінен сәл ұзындау, кластың атауының басхордалылар деп аталуы осыған байланысты. Хорданың негізгі денесі талшықты дискілерден тұрады, олардың арасында іші сұйыққа толған вакуольдері болады. Қоймалжың дәнекер ұлпа хорданы және оның үстінде орналасқан жүйке түтігін қоршап тұрады. Осы қабықшаның өскіндері миосепта түрінде бұлшықет сегменттерін бөліп тұрады, сол арқылы хорданы бұлшықетпен байланыстырады. Хорданың иілгіштігі оның клеткаларының тургоры мен қабықшаның созылғыштығына байланысты.
Жүйке жүйесі. Ланцетниктің орталық жүйке жүйесі деп аталатын жүйке түтігі хордамен қатарласа созылып, хорданың үстінде жатады. Жүйке түтігінің бас жақ бөлімінің ішкі қуысы кең, ал арқа бөліміндегі қуысы тар болады. Бұл қуысты невроцель деп атайды. Ланцетник ұрығының даму кезінде сыртқы ортамен невропор тесігі арқылы байланысады. Ересек ланцетникте невропор болмайды. Оның орнына денесінің бас бөлімінің үстіңгі жағында иіс сезу ойысы болады, оны Келликер ойысы деп атайды. Жүйке түтігінің бойымен невроцельдің жиегінде жарық сезгіш – Гессе көзшелері болады. Жүйке түтігінің алдыңғы кеңейген бөлімінен екі жұп жүйке кетеді де дененің алдыңғы бөліміне тарамдалады, қалған бөлімдерінен басқа жүйкелер тарайды. Әрбір ет сегментіне екі жұп жүйке келеді. Біреуі құрсақ, екіншісі –арқа жүйкесі. Арқа жүйкелері атқаратын қызметіне қарағанда аралас қозғалтқыш - сезгіш, ал құрсақ жүйкелері таза қозғалыс қызметін атқаратын жүйке болып саналады. Жоғары сатыдағы жануарлардан айырмашылығы арқа және құрсақ жүйкелері бір-бірімен бірігіп, қосылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |