ЛЕКЦИЯ КЕШЕНІ
Тақырып 1. Кіріспе.
Мақсаты: Жануарлар әлемінің алуан түрлілігін, олардың ортаға бейімделушілігін, құрылысындағы және тіршілік әрекетіндегі ерекшеліктерін, таралуын, тарихи даму заңдылықтарын көрсету, басқа да биология ғылымдар саласымен байланысын анықтау.
Жануарларды зерттейтін ғылым – зоология (Zoon – грек тілінде жануар, logos – ғылым). Зоология – жануарлар әлемінің алуан түрлілігін, олардың сыртқы және ішкі құрылысын, зат алмасу процесін, тіршілік ету ортасы мен өзара қатынамын, таралуын, дамуын, шығу тегін, тарихи даму заңдылықтарын, табиғаттағы және адаи өміріндегі маңызын зерттейтін ғылым.
Жануарлардың алуан түрлеріне, олардың ерекшеліктеріне және зерттеу мақсаттарына, әдістеріне қарай зоология бірнеше салаларға бөлінеді: протозоология –қарапайымдыларды зерттейтін ғылым; гельминтология - паразиттік тіршілік ететін құрттарды; малакология - моллюскаларды (жұмсақ денелілерді); арахнология – өрмекшітәрізділерді, энтомология – насекомдарды (бунақ денелілерді); ихтиология – балықтарды; герпетология – қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушыларды; орнитология – құстарды; териология немесе маммалогия – сүтқоректілерді зерттейтін ғылым. Осы аталған ғылым салаларының барлығы екі бөлімге біріктіріледі; омыртқалылар типін зерттейтін - омыртқалылар зоологиясы және жануарлардың қалған 23 типін зерттейтін - омыртқасыздар зоологиясы.
Зоология басқа да биология ғылымдарымен тығыз байланысты; морфология және анатомиямен (организмдердің сыртқы және ішкі құрылысын зерттейтін ғылым); гистологиямен (ұлпалардың микроскопиялық құрылысын ); физиологиямен (тіршілік процестерін); эмбриология (адамның, жануарлардың, өсімдіктердің ұрықтық даму заңдылықтарын зерттейді); экология (жануарлардың қоршаған ортамен байланысын); зоогеография –жер бетінде жануарлардың таралуын; филогенетика – жануарлардың тарихи дамуын, зоологиялық жүйелеу – жануарлардың көптүрлілігімен оларды жүйелеу туралы ғылым. Қолданбалы зоология адамдардың іс әрекетіне байланысты. Оған мысалы ретінде жануарлардың селекциясы, зоотехнология (жабайы жануарларды өсіру), ауылшаруашылық, медициналық зоология және паразитология т.б. жатады.
Қазіргі уақытта жануарлардың 2 млн. жуық түрлері белгілі.
Достарыңызбен бөлісу: |