Лекцияның мазмұны: Орта ғасырлар – эллиндік-классикалық мәдениеттің құлдырау шегіне жетіп, ал одан кейін оның жаңа заманда қайта түлеу кезеңімен сәйкес келетін, ұзаққа созылған біртұтас мәдени дәуірді қамтиды. Орта ғасырлар мәдениетінің қайнар бұлағы – “романдық бастаудан” нәр алатын Батыс Рим империясының мәдени дәстүрлері болып саналады. Олар құқық, ғылым мен өнер, философия, жоғары құқықтық мәдениет, христиан діні және т.б. Бұл мәдени дәстүрлер римдіктердің “варварлармен” күресі кезеңінде тереңдей түсіп, Батыс Еуропаның пұтқа табынушы көптеген тайпаларының мәдени өмірінде өз жалғасын тапты. Мұндай мәдени тоғысулар Батыс Еуропалық ортағасырлар мәдениетінің қалыптасып одан әрі дамуына даңғыл жол ашты. Мәдениеттанушы ғалымдар көне заманнан бастап жаңа заманға дейін созылатын уақыт шеңберін ортағасырлар деп атайды. Бұл тарихи кезең бір мың жылдан астам уақытты қамтиды, яғни V ғасырдан бастап ХV ғасырға дейін созылды. “Орта ғасырлар” деген термин алғаш рет Италияда Қайта өрлеу дәуірінде пайда болған. Итальян гуманистері бұл терминді бір жағынан “ежелгі дүние ” мен “жаңа заманның” ара жігін анықтау үшін де қолданған.
Мыңжылдық “Орта ғасырлар” дәуірі негізінен үш кезеңнен тұрады. Бірінші, “Бастапқы Орта ғасырлар кезеңі” – дәуір бастауынан басталып – X-IX ғғ. дейін созылады; екінші, Жоғарғы (классикалық) кезең – XI ғ. мен XIVғ.; ал үшінші, “Кейінгі орта ғасырлар кезеңі” - XIVғ. және XV ғ. аралықтарын қамтиды.
Бастапқы орта ғасырлар кезеңі – Еуропада буырқанған, әрі мәнді процестерге толы сындарлы кезең болды. Бұл тарихи өзгерістер, ең бірінші кезекте біздің заманымыздың екінші ғасырынан бастап-ақ Рим империясын шапқыншылық әрекеттерімен мазалай бастаған варварлардың (варда-сақал) жойқын шапқыншылықтарымен тығыз байланысты болды. Бұл қақтығыстар Рим империясының 476 ж. құлауымен аяқталды. Ендігі жерде тарихтың жаңа беті басталып, көне қоғамдағы абыржушылық пен бей-берекетсіздік одан әрі күшейе түсті.
Жаңа батыс еуропалықтар Рим империясының мемлекеттік дініне айналған христиан дінін қабылдады. Бұл жағдай – Батыс Еуропадағы Бастапқы орта ғасырлар кезеңінің бет-бейнесін айқындаған маңызды тарихи процесс болды. Осы бір тарихи кезеңдегі ерекше жағдай – бұрынғы Рим империясының территориясында “варварлардың” жаңа мемлекеттік құрылымдарының қалыптасуы болып табылады. Шындығына келетін болмақ, сансыз гот, франк және басқа да тайпаларды «тағылар» деп айтуға да болмайтын сияқты, өйткені дәл осы кезеңде олардың көпшілігінде мемлекеттік құрылыс белгілері айқындалған болатын. Олар сонымен қатар әскери демократия принциптерін жетік меңгерді, егіншілікпен, қол өнерімен, металлургиямен шұғылданды. Тайпа көсемдері өздерін корольдар, герцогтар және т.б. деп жариялады. Мысалы, франктердің королы Ұлы Карл 800 жылы бүкіл батыс еуропалық елдердің императоры деп жарияланды. Ұлы Карл билік құрған кезеңді кейде «королингтік қайта дәуірлеу кезеңі» деп те атайды. Бұған себеп Карл империясының ежелгі Рим мәдениетін жандандыруға бағытталған шараларынан болса керек. Ерекше атап өтетін бір жәйт, Ұлы Карл ағарту ісінің қажеттілігін түсінген және оны дұрыс жолға қоюға тырысқан көрнекті тұлға болған. Ол өзі бас болып негізін қалаған мектепте оның ұлдарымен бірге ақсүйек балалары түрлі ғылым салаларын, оның ішінде риториканы, поэзияны, диалектиканы, астрономияны және т.б. оқып үйренді.
Ғасырлар бойы талай аласапыранды басынан кешірген, тонаушылық пен басқыншылық орын алған мұндай мемлекетте экономикалық және мәдени дамуға нұқсан келетінін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ал бұл жағдайлар, Бастапқы Орта ғасырлар кезеңінің өзіне тән ерекшелігі болды. Бірақ классикалық дәуірде орта ғасырлық Еуропа бұл қиындықтарды жеңе отырып, қайтадан жаңғыра бастады. Х ғ. бастап феодализм заңдары бойынша жүзеге асырылған ынтымақтастықтың нәтижесінде ірі мемлекеттік құрылымдар құрылды және қуатты армияларды жинақтауға мүмкіндік туды.
Осы сияқты қоғамдық өмірде жүзеге асырылған шаралар, мәдениеттің алға басуына қолайлы жағдайлар туғызды. Батыс Еуропаның саяси-мәдени өмірі түбегейлі өзгерістерге ұшырады, қоғам варварлық сипатынан айрылып, қалаларда рухани өмір гүлдене бастады.
Орта ғасырлар мәдениетінде Византия мәдениеті ерекше орын алады, өйткені ол Еуропалық мәдениеттің, яғни христиан дінінің үстемдігі Батыс пен Шығыс Еуропаны өзара жақындастырып, біріктіре түсті. Шындығында да дін тіпті көне заманда да дәл орта ғасырлардағыдай құдіретті күшке айналған жоқ. Сөйтіп, Еуропада христиан діні түпкілікті салтанат құрды. Бұл тарихи кезеңде дін тек философия ғана емес, сонымен қатар құқық жүйесіне де, саяси доктринаға да, моральдық ілімге де айналды.
Византия мәдениетінің шоқтығы өте биік болды, олай болатын себебі, византиялықтар Батыс Еуропаға қарағанда көне мәдени дәстүрлерге ерте ден қойды, олар Грекия мен Рим мәдениетін жалғастырушы - мирасқорлар болды. «Екінші Рим» аталған Константинополь қаласында альш құрылыстар қанат жайды. Солардың бірі - өз заманындағы теңдесі жоқ ғимарат - София ғибадатханасы еді. Оның қабырғалары түрлі-түсті мозаикалармен безендіріліп, төбесіне көз тартарлық әсем күмбез орнатылды. 1453 ж. Византияны түріктердің жаулап алуына қарамастан, Византия мәдениеті өзінің өміршеңдігін көрсетіп, дүниежүзілік мәдениетке өз ықпалын тигізді. Оның мәдени дәстүрлері Италия, Румыния, Сербия, Ежелгі Русьте, Болгария және т.б. мемлекеттер топырағында қайта түлеп, жаңа арнаға түсті. Византия Шығыс мәдениетінің де, Батыс мәдениетінің де тамаша үлгілерін өз бойына сіңіре білді. Атап айтқанда, Шығыстың абстрактылық өрнегі мен Батыс Римнің әшекейлік динамикалық өрнегімен Батыс Римнің (бірінші Римнің) сақталып қалған мәдени мол мұраларын, сәулет өнерінің жаңа туындылары мен мозаикалық өнердің жетістіктерін, Сирия көркем мектебінің көріністік әсерлігін, Иран өнерінің әшекейлік нәзіктігі мен бейнелеу қуаттылығын және эллинизмнің адамзатты ізгілікке бастайтын барлық ізденістерін өз бойына сіңіре білді.
Міне, сондықтан да болар, Батыс Еуропа мәдениеті ғасырлар бойы византиялықтардың мәдени бай мұраларынан сусындай отырып, оларды өздерінің мәдени бастауларында үлгі етті. Бүкіл орта ғасырлар дәуірінің өн бойында алыста жатқан ұлан-ғайыр империяның мәдени жетістіктері мен мұндалап, ғажайьш сұлулығымен өзіне тартатын да тұратын. Ұлы Карл өз империясының құдіретін арттыруда Византияның мәдени үлгілеріне көз тігіп, ұлы арманның діңгегі деп санаса, Германия императорлары да одан қалыспауға тырысты. Бір айта кететін жәйт, дін ортақтастығының, яғни провославие дінінде болудың арқасында Батыс Еуропа елдеріне қарағанда Шығыс Еуропа елдері Византиямен тығыз мәдени байланыстар орнатуға ерекше мүмкіндіктер алды. Шығыс Еуропа мемлекеттері өздерінің ұлттық мәдениетін жандандыруда Византия сияқты озық елдерге еліктеуге ешбір арланған жоқ, қайта бұл өнер ордасының атақты мүсіншілерін, сәулетшілерін, суретшілерін өздеріне шақырумен қатар, византиялықтардың қолынан шыққан тамаша өнер туындыларын өз елдеріне әкеліп отырды. Тіпті, батыс еуропалықтардың Константинополъ шеберханаларында жасалған шіркеу есіктеріне деген сұраныстары өте күшті болды. 988 ж. христиан дінін қабылдаған Русьте храмдар салу мен оларды әшекейлеу ісінде византиялық сәулетшілер мен суретшілерді үнемі пайдаланып отырған.
Ортағасырлық Еуропаның, көркем өнер мәдениеті:
Ортағасырлық Еуропа мәдениетінде, өзіндік ерекшелігі бар көркемдік стиль қалыптаса бастады. Ол - «роман» стилі болатын. «Роман стилі» деген термин («роман тілдері» деген терминге ұқсас енгізілген, Рим мәдениетінен мирасқорлық деген мағына береді). Азғантай уақыт шеңберінде өшпес даңққа ие болған бұл өнер стилі XI-XIII ғ., әсіресе сәулет өнері мен мүсін өнері саласында үстемдік етті және ірі соборлар құрылысында, оларды әшекейлеуде кеңінен қолданылды. Роман стиліндегі діни құрылыстар Рим сәулет өнерінің белгілерін мұра етті. Бұл қүрылыстар өзінің көрнектілігімен, үлкендігімен, әсерлігімен және рациональдылығымен ерекшеленді. Лев Любимовтың пікірінше, «Роман стилінде ою-өрнек пен бейнелеу негіздері өзара сәйкес келді, табылған синтездің мәні - образдың мәнерлілік пен әшекейлі геометриялықтың, қарапайым мен өте шарттылықтың, ою-өрнектің нәзіктігі мен шомбал, тіпті, кейде дөрекі монументтіліктің үйлесуінде еді».
Сәулетшілік жетекшілік өнерге айналған бүл тарихи кезеңде ғимараттар салуға ерекше мән берілді. Әсіресе христиандық наным-сенімнің салтанаты мен жан-жақтылығы, оның құдіретін паш ету мен адамзат баласын құдайға қүлшылық жасау жолында біріктіру мақсатында діни шіркеулер салу ісі кең қанат жайды. Әсем шіркеулер салудың өрістегені соншалық, оларды тіпті қажет болмаса да салды. Ерекше атап өтетін бір жәйт, романдық стиль византиялық, таяу шығыстық, германдық, кельттік және басқа да солтүстік тайпалардың өнер стильдерінің белгілерін өз бойына сіңіре білді. Міне, сондықтан да болар, әр елдің өнер стильдерінің өзара тоғысуы нәтижесінде қалыптасқан өнердегі бұл бағыт жалпы «романдық» деген атқа ие болды.
Роман өнерінің жасаған мәдени төңкерісі - ою-өрнекпен ғимараттарды одан әрі түрлендіруінде, яғни ою-өрнекті бейнелеу пластикасымен толықтыруында, ал бұл жағдай ою-өрнек функциясың жаңа сапада орындауға мүмкіндік берді. Ендігі жерде тастан салынған ғимараттар өте шеберлікпен жасалған адам бейнелерімен ажарлана бастады.
Готикалық дәуірде сәулетшілік өнер бұрын больш көрмеген дәрежеге көтеріліп, шоқтығы биік өнер саласына айналды, өйткені өзге өнерлердің бәрі де сәулетшілікке табынып, оның талаптарына мүлтіксіз бағынды. Осы бір тарихи кезеңде туған әрбір ақын сәулетшіге айналды. Готикалық стиль бұл тұста негізінен шіркеу мүддесіне сай дамыды.
XII-XVI ғ. Еуропа еддерінде үстемдік еткен бұл жаңа стиль діни сарьндағы сәулет, мүсін өнерімен, сәндік-қолданбалы өнермен тығыз байланыста қалыптасты. Сәулет өнері саласында 1140 ж. шамасында Францияда пайда болған готикалық (гот тайпаларының атымен аталған) кейіннен Батыс Еуропа елдерінде кеңінен тарап, XV ғ. дейін, ал Еуропа-ның кейбір жерлерінде XVI ғ. дейін үстемдік етті. Романдық стильде салынған ғимараттар өзінің аумағымен, салмақтылығымен ерекшеленетін болса, готикалық стильмен салынған шіркеулер өзінің алып асқақтығымен, әрі әсемдігімен таң қалдырады. Бас айналдырарлықтай биік етіп салынған бұл тамаша ғимараттардың әдемі күмбездері, аса үлкен терезелері бірден көзге түсіп, көрген адамға нұрлы дүниедей әсер қалдыратын. Сондықтан да болар, олар «Сансыз күмбездер», «аса үлкен терезелер», «бітісе қайнасқан», «бірін-бірі қуалаған күмбездер» деген теңеулерге ие болды.
Үш ғасыр бойы Францияда салтанат құрған готикалық өнер үш кезеңді басынан кешірді. Бірінші кезең - алғашқы готика - XII ғ. соңғы үшінші бөлігі мен бастапқы ширегін, ал екінші кезең - кемелденген готика немесе жоғары дамыған готика XIII ғ. 20 ж. соңына дейін созылса, үшінші «нұрлы готика» немесе «жалындаған готика» деп аталған соңғы кезеңі XIV-XV ғ. аралығын қамтиды.
XIII ғ. аяғынан бастап еуропалықтардың қалалық өміріне берік орныққан готикалық стильдің түп-тамыры ғасырлармен мыңдаған жылдардың түңғиығында жатқан өнердің таңғажайьш жетістіктерінде жатыр. Римдіктер өте шеберлікпен пайдалана білген арқа, күмбез және тағы да басқа сәулетшілік өнер түрлері осы бір тарихи кезеңде орта ғасырлық құрылыс өнерінің негізіне айналды.
Шығыс Ренессансының талай елдерді қамтыған және 500 жылдан артық өркендеген типі мұсылмандық мәдени өрлеу дәуірі екендігі белгілі. Оның әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн-Сина, Фирдауси, Омар Хайям, Ж. Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи сияқты өкілдерінің рухани мұрасын меңгермей қазір мәдениетті адам деп есептелу қиын.
Әл-Фарабидің мәдениет туралы пікірлері негізінен араб мәдениетінің мына 4 тармағына байланысты: 1. Хақиқат (бір Алланың ақиқаттығын дәлелдеу). 2. Шариғат (мұсылмандық тұрмыс-салт заңдары). 3. Тарихат (Аллаға қызмет еткен әулиелер өмірі). 4. Марифат (білімділік, парасаттылық идеялары).
Шығыс Ренессансы туралы сөз еткенде оның тағы бір бастауы сопылық бағыт (суфизм) жөнінде айтпай кетуге болмайды. Қазақстан жеріндегі ұлы ғұламалар Жүсіп Баласағұн, Сүлеймен Бақырғани, әсіресе, Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығында сопылық сарын үлкен орын алған. Онан соң Ренессанс идеясын тек Платон мен Аристотельдің шығыстық ізбасарлары қолдады деу де сыңаржақтылық.
Сопылық бағыт ислам әлемінде о баста ресми дінге қарсы оппозициялық қозғалыс ретінде туады. «Суфь» термині арабтың «жүн шекпен» деген сөзіне орайластырып алынған. Сопылар – киім талғамайтын, бар ойы руханилық төңірегіндегі тақуа адамдар.
Қалалардың өсіп өркендеуі, сауданың дамуы, ауыл шаруа-шылығы өнімдеріне сұранымды арттырған. Мұның өзі егіншілік пен мал шаруашылығының дамуына себепкер болады. Жауын-шашынның аз болуына байланысты Қазақстанда егіншілік көбінесе суармалы негізде дамыды.
VI-XІІ ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда қалалар тез өсті. Олар сауда мен қолөнердің, дін мен мәдениеттің тірегіне айналды. Батыс Түркістан жерінде Суяб, Құлан, Мерке, Тараз, Отырар, Исфиджаб сияқты қалалар бой көтерді.
Орта ғасырда Қазақстан өзінің қалалары арқылы әлемдік қарым-қатынастан тысқары қалмай, Еуропа және Азия елдерімен Жібек жолы арқылы сауда жасасып, байланысын үзген жоқ. Бұл кезде Қазақстанның оңтүстігінде басты ірі қалалардың бірі - Исфиджаб (қазіргі Сайрам) болды. X-XІІ ғасырларда тікелей сауда орталығы ретінде мәлім болған Исфиджабта тауарлардың көптеген түрлері өндіріліп, осы жерден басқа жақтарға мата, қару-жарақ, мыс пен темір әкетіліп тұрды.
Тараз Жетісудың саяси, экономикалық және мәдени өмірінің ірі орталығы болды. Оның төңірегіндегі Талас, Хамукент, Жікіл, Адахкент, Ден, Нуджикент, Құлан, Мерке, Аспар, Жұл, Баласағұн, Барсхан қалалары мен қоныстары бір-біріне тізбектеліп жалғасып жатты. Сондай-ақ, Іле өзенінің алқабында Қойлық, Талхиз, Екі-Оғыз сияқты басқа да қалалар орналасқан.
XІ ғасырда Ясы (Түркістан) қаласы Шауғар округінің орталығы саналған. Мұнда XІІ ғасырдың аяғында Ахмет Ясауи күмбезі салынып, қала діни орталыққа айналды.
Қазақстан жеріндегі халықтардың экономикалық өмірінде сауда орасан зор рөл атқарды. Жазба деректемелер Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларының Византия, Иран, Орта Азия, Кавказ, Алтай, Сібір, Шығыс Түркістанмен тығыз сауда қатынасы болғанын дәлелдейді. VІ-X ғасырлардағы халықаралық саудада «Ұлы Жібек жолының» зор маңызы болды.
Ортағасырлық Қазақстанның материалдық мәдениетінің басты бір саласы – архитектуралық құрылыс өнері. Оның даму барысында қалаларда қоғамдық ғимараттар, тұрғын үйлер тұрғызу, ислам және басқа да діни кешендерін салу ісі өрістеді. Бұлардың архитектуралық сыртқы көрінісі жинақы, қаланың орталық алаңдарында орналасқан іргелі құрылыстардан тұрған. Мешіт құрылысында, оның зәулім биік мұнарасын тұрғызуда сәулет өнерінің сол кездегі жетістіктері пайдаланылған. Ол кездегі монументальдық архитектуралық құрылыстар қатарына Тараз қаласынан 18 шақырым жердегі Бабаджа-Хатун және Айша-Бибі кесенелері жатады. Бұл құрылыстар тек архитектуралық әсемдік жағынан ғана емес, сонымен қатар оның безендірілуі, ондағы ою-өрнектер халқымыздың материалдық асыл мұралары қатарынан жоғары орын алады. Материалдық мәдениет жүйесінде, осы заманға дейін жеткен шығыс моншасының құрылыстары мен оларға тартылған су құбырларының маңызы ерекше. Мұндай құрылыстар Оңтүстік Қазақстандағы қазба жұмысымен жүргізілген Отырардан, Түркістаннан, Тараз, Ақтөбе, Талғар т.б. қалалардан табылды. Қала тұрғындары тұрмысында монша алдыңғы кезектегі рөлдердің бірін атқарды. Монша мешіттен кейінгі адамдар ең көп баратын орын болды.
Арабтар Қазақстанды басып алған жерлерінде көне түрік жазуын ығыстырып, оның орнына араб жазуын енгізді. Бірақ, халықтың тілі бұрынғы түрік тілі болып қалды. Ал оқымыстылар өздерінің еңбектерін араб тілінде жазды.
Қазақстан жерінде туып-өскен философ әрі энциклопедияшы ғалым, мұсылман шығысында Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» ретінде белгілі болған Әбу Насыр әл-Фараби Шығыс пен Батысқа X ғасырда мәлім болды. Ол 870 жылы түрік отбасында Отырар (Фараб) қаласында туды. Руы - қыпшақ, әкесі әскери басшы адам болған. Әл-Фараби қолөнері шеберлігін және ғылым негіздерін Отырардың медресесінде игерді. Кейін Бағдат халифатының орталығы Бағдат қаласында оқуын жалғастырған ол араб тілін терең біліп үйренген.
Әбунасыр Бағдатқа барар жолында Шашта, Самарқандта, Исфақанда, Хамаданда және басқа қалаларда ұзақ уақыт аялдап, Бағдатта ежелгі грек философиясы мен математиканы, логика мен медицина-ны, музыка мен бірнеше тілдерді оқып меңгерген. Ол грек ойшылы Аристотельдің еңбектерін зор ынтамен оқып үйренеді. 941 жылдан бастап әл-Фараби ел басшылары өзіне көп қамқорлық жасаған Дамаск мен Халеб қалаларында тұрады. Ол осы тұста белгілі ақындар мен ғалымдардың арасында өзінің оқымыстылығы, білімінің тереңдігімен көзге түсті. Көптеген елдерде, әр түрлі этникалық ортада бола жүріп, Әл-Фараби отанын ұмытпайды, өзінің түрік екенін үнемі айтып жүрген. Ол 950 жылы Дамаскі қаласында қайтыс болды.
XІ ғасырда Жүсіп Баласағұн мен Махмұд Қашғаридің түрік тілінде жазылған әдеби еңбектері Қазақстан жерінде тез тарады. Жүсіп Баласағұн 1021-1075 жж. Баласағұн қаласында туған. Ол түрік отбасынан шыққан, жас кезінен бастап білім алып, әдебиетпен шүғылданған. Парсы-тәжік әдебиетін көп оқыған.
Жүсіп «Құтадғу білік» («Құт негізі – білім») деген 6520 беттен тұратын поэма жазған. Автордың пікірінше, ол идеалды қоғамның нормаларын, ондағы түрлі топтарға бөлінген адамдардың мінез-құлқын, ережелерін, билеушілер мен бағыныштылар арасындағы өзара қарым-қатынас ережелерін сипаттайтын терең мағыналы философиялық - дидактикалық шығарма. Осы еңбекте ол ел басқарған әкімдерді жаман қылықтан сақтандырған.
Махмұд Қашғари (1030-1090 жж.) Қашғарда туса керек. Қарахан әміршісі Насыр ибн Әли тұқымынан шыққан. Әкесі Ыстық көлдің оңтүстігіндегі Барсханда тұрған. Махмұд бастапқы білімін Қашғар қаласында алады, кейін өзінің білімін көтеру үшін Орта Азия мен Иран елінің қалаларын аралайды. Ол біраз уақыт Бағдат қаласында тұрған. Онда араб тілін оқып үйренеді. Махмұд түріктердің тілі мен аңыз әдебиетіне ерекше көңіл бөліп, әрбір түрік тайпаларының қоныс жерлерін аралап сапар шеккен. Түріктердің сөздерінің мағынасын, өлеңдерін, жұмбақтарын, ертегілерін, әдет-ғұрыптарын жазып алады. Байқауларын жинақтап «Диуани лұға-ат-түрік» («Түркі сөздерінің жинағы») деген еңбек жазды. Бұл еңбекті ежелгі орта ғасырдағы түріктердің халықтық өмірінің нағыз энциклопедиясы деп атауға болады.
Қала халқының мәдени өмірінде ислам дінін уағыздаушы, сопы ақындардың ішінде Ахмет Ясауидің (1103-1166 жж.) шығармалары елеулі орын алады. Оны Қожа Ахмет Ясауи деп атайды. Ол Оңтүстік Қазақстандағы түрік халқының арасында ислам дінінің тарауына зор әсерін тигізді. Оның өлеңдері көпшілік арасында кеңінен тарады. Қожа Ахметтің өлеңмен жазылған «Диуани хикмет» («Даналық жайындағы кітап») деген еңбегі бар. Онда ақиқатты, шындықты, адалдық пен тазалықты уағыздаған.
Достарыңызбен бөлісу: |