4-лекция. Математикадан факультативтік сабақтар «Факультатив» сөзінің мағынасы «міндетті емес» өз таңдағаны бойынша дегенді білдіреді. Факультативтің пайда болуын тарихта бірнеше этапқа бөледі.
1-этап XIX ғасырдың соңы — XX ғасырдың басында мектепте пән бойынша міндетті сабақтарды, міндетті емес сабақтармен толықтыру идеясы пайда болды. Бұл идеяны іс жүзінде асырушылар қатарында П.Ф.Каптерев болды. Ол белсенді педагогтармен бірге оқушылар үшін пәндік факультативтік семинарлар ұйымдастыра бастады, оны кейінірек «үйірмелер» деп атады. Бұл үйірменің бағдарламасын өзінің және оқушының қызығатын, мүмкіншілігі келетін жағдайларды ескере отырып, мұғалім өзі жасады. Бұл үйірмеге қатысатын оқушылар саны шектелмеді, қатысу ерікті түрде, оқушы баға қойылған жоқ, сынақ, емтихан болған жоқ. Үйірмеге үлгеріміне қарамай қатыса берді. Мұғалімге факультативті өткізгені үшін айлық төленген жоқ.
2-этап (1966—1987 жылдар) 1966 жылы 10 қарашада Советтік Социалистік Коммунистік Партияның Орталық Комитеті мен СССР Министрлер кеңесінің «мектепте жалпы орта білім беру жұмысын әрі қарай дамыту туралы шаралары туралы» Қаулысы шықты, онда 7–10 сыныптарда факультативтік сабақтар өткізу ұсынылды.
Осы кезден бастап факультативті жүргізген мұғалімдерге айлық төденді, мұғалімдер оның маңыздылығын түсіне бастады. Бірақ факультативтің кеңінен етек алуы 1971 жылдан бастау алды. 7–10 сыныптарға «Математиканың таңдамалы сұрақтары» бағдарламасы бойынша 1 аптада 1 сағат өткізілуі керек, 9–10 сыныптар үшін аптасына 1 сағатқа есептелген «Қосымшалардан математика» бағдарламасы, ал сонымен бірге 8–10 сыныптар үшін әр сынып үшін 1 сағатқа есептелген «Алгоритмдер мен бағдарламалау» бағдарламасы ұсынылды.
«Математиканың таңдамалы сұрақтары» бағдарламасына мынадай тараулар енді:
Бөлгіштік және жай сандар;
Санау жүйесі және ЭВМ-ң құрылысы;
Шексіз жиын;
Комбинаторика элементтері және ықтималдықтар теориясы;
Көпмүшеліктер және комплекс сандар;
Көп жақтар.
«Қосымшалардағы математика» бағдарламасына көп жақтар, тізбектер, теңдеулер, функциялар, графиктер, интеграция, практикалық жұмыстар, параметрлі есептерді графиктік тәсілмен шешу, дифференциалдық теңдеулер және т.б. тақырыптар болды.
«Алгоритмдер және программалау» бағдарламасында оқушылар ЭВМ үшін программалау элементтерімен танысады, бұл танысу есептерді шығару барысында іс жүзінде орындайды.
3-этап (1987 жылдан осы уақытқа дейін). Білім беру Министрлігі өзінің көзқарасын қайта өзгертуі қажет болды:
Факультативтер үшін жаңа бағдарламалар әзірленді.
Мұғалімге өздерінің авторлық бағдарламаларын қолдануға рұқсат берді.
Республиканың базистік жоспарларында факультативтерде, сол сияқты топтық және жеке оқушымен жүргізілетін сабақтар.
Математикадан факультативтік сабақтар 7 сыныптан бастап жүргізу ұсынылды.
Негізгі мақсаттары:
Оқушылардың ой-өрісін кеңейту;
Математикалық ойлауын және қабілетін дамыту;
Пәнге деген танымдық белсенділігін қалыптастыру;
Математиканы тереңдетіп оқыту;
Оқытудың жаңа әдістерін, мектептің жаңа мазмұнын меңгерту;
Математикадан барлық факультативті 3 түрге бөлуге болады:
Оқушылардың математикалық деңгейін көтеруге бағытталған факультативтер. Негізгі мақсаты — сабақ барысында алған білімдерін тереңдету.
Оқушылардың сабақта алған білімдерін толықтыратын факультативтер. Негізгі мақсаты — оқушылардың білімін кеңейту.
Арнайы курс. Негізгі мақсаты — математика курсында жоқ, кейбір маңызды тақырыптар қарастырылады.
Факультативтік курстың мазмұны
Факультативтік сабақтың мазмұны жүргізілетін сабақтың бағдарламасына байланысты. Сонымен қатар 7–9 сыныптағы факультативтің мазмұны бағдарламаға байланысты емес, практикалық бағытта қызықты болуы керек, яғни факультативтік үйірменің қызметін орындайды, ал 9–11 сыныптың мазмұны оқу материалын тереңдетілген бағытта оқытып, оқушыларды ЖОО-на түсуге дайындайды.
Факультативте оқу-танымдық іс-шараларын ұйымдастырудың негізгі формалары лекция, практикум және жарыс.
Факультативте ереже бойынша баға қою жоспарланбаған. Факультативтік сабақ бір сыныптың оқушылары және бір мектептің тұтас сыныптарының оқушылары үшін ұйымдастырылуы мүмкін. Сол сияқты бір қаланың бірнеше мектебінің оқушылары үшін де ұйымдастыруға болады. Оқушылар факультативті өз еріктерімен таңдайды, бірақ факультативті таңдағанда оқу жылының соңына дейін қатысуға міндетті. Сабаққа қатысушылар кем дегенде 10 оқушы болуы керек.
Факультативтік сабақтарды қатар келе жатқан екі немесе үш сыныптың оқушылары үшін ұйымдастыруға болады. Бірақ бұл жағдайда факультативтік сабақ сабақтан кейін өткізіледі.