Сабақ жоспарының сызбасы Сабақ тақырыбы: (ол күнтізбелік- тақырыптық жоспардан алынады, нақты, түсінікті, белгілі болуы тиіс).
Сабақ мақсаты: Білімділік: білімді тереңдету, оқығанды қайталау және жаңа лексикалық негізде қолдану, білік дағдыларға үйрету.
Дамытушылық: мұғалім оқушының қалай дамуын іздейді: байқау, ойлау, аналитикалық-талдау үрдістерін дамыту, салыстыруға үйрету, шығармашылық қиалдауын дамыту.
Тәрбиелік: эстетикалық, адамгершілік, еңбек тәрбиесі, пәнді оқуға сүйіспеншілік. Оқу үрдісіндегі өзіндік жұмыс мәнін тәрбиелеу.
Құрал-жабдықтар:көрнекі құралдар, тоқ, жазушылар мен ақындардың тілдік материалдары, экскурсиялар, қосымша материалдар.
Сабақ барысы: мұғалімнің қызметі, оқушының іс-әрекеті, әдістер, тәсілдер.
I. Актуализация (көкейтестілендіру)(5-7 минут).
1. Сабақта білуді талап ететін, оқытылған материалмен байланыс.
2. Оқушылардың белсенді ойлауын, білімін талап ететін өзіндік жұмыс.
3. Мұнда эмоционалдық көңіл күйді, еңбек ету құлшындылығын қалыптастыруға болады. Барлығын қызметке араластыру. Қызығушылықты сұрақпен немесе тапсырмамен құрастыруға болады. Оқымаған материалды ашу қажет және оқушыларды жаңаны қабылдауға дайындау.
4. Бақылау нысаны белгіленеді.
II. Жаңаша түсінікті және іс-әрекеттер тәсілдерін үйрену (оған уақыттың біраз бөлігі беріледі - 25-30 минут).
Мұғалім сабақтың осы кезеңіне әр түрлі әдістер мен тәсілдерді пайдаланып, байқатпай келуі тиіс (жартылай-ізденіс жағдайы және т.б.).
Жаңа материал мысалдар арқылы шығармашылық жүйеде ой елегінен өткізіледі. Балалар белгісіздікті шешуі тиіс (салыстыру, жинақтау, қорытындылау). Осыдан кейін оқушылардың шешімдері оқулықпен салыстырылады, өзіндік жұмыстың түрлері ойластырылады.
III. Білік дағдыларды қалыптастыру: 1. Сұрақты қоя және жауап бере білу;
2. Практикада білімді саналы қолдану, өз бетімен жұмыс істеу түрлері және типтері, ойлау қызметін белсендетумен фронталды және дифференциялы қолдану;
3. Кері ақпарат (карточкалар, өзіндік тексеру сигналдары, фронталдық тексеріс).
IV. Үй тапсырмасы: үй тапсырмасының 300-ден астам түрі бар. Ол осы материалды оқушының түсінуін көрсетеді. Міндетті түрде түсіндіру қажет.
V. Сабақ қорытындысы: жаңаны игергенін қортындылайды, бұл есте сақтау қабілетін дамытуға бағытталған.
VI. Білімді бағалау: комментария беру арқылы оқушының білімі бағаланады (әуелде нашарлар және олардың жетістіктері).
2. Сабақ – оқытуды ұйымдастырудың негізгі нысаны. Сабақ уақыты қысқа, сондықтан ол күрделі және жауапты кезең, себебі сабақтың сапасы оқушының дайындығына тікелей әсер етеді.
Сабаққа қойылатын талаптар. Сабақ оқыту принциптерінің ережелері мен талаптарына сәйкес болуы қажет. Бұл орайда Ж.Аймауытовтың мұғалімге байланысты берген төмендегі бағалы нұсқауларын есте сақтаған жөн:
• жаңа берілетін сабақты баланың білетін мағлұматтарымен ұштастыру;
• тиісті таныстыру арқылы сабақтың мазмұнына ынталандырып, ілтипат аудару;
• сабақты алдын ала даярлайтын сұрақтар қою арқылы оқушының ынтасын арттыру, ілтипатын сақтау;
• қажетсіз мағлұматтардан сақтанып, баланың ілтипатын оятатын қызықты нәрселерді ғана сөйлеп үйрету;
• баланың ішін пыстыратын біркелкі мағлұматтардан сақтану; лайықты салыстыру, ұқсастыру тәсілдер арқылы оңтайлы оқытуды жандандыруға тырысу;
• алғашқы кездегі оқыту деректі, көрнекі болуы керек;
• өзгелерді ынталандыру үшін оқытушы оқытатын пәніне өзі де ынталануы, өзі де жақсы көруі тиіс, оқытушы сүйген нәрсені оқушылар да сүйеді.
I. Қазіргі сабаққа қойылатын дидактикалық талаптар:
• білімдік міндеттерді нақты қою, олардың дамуға және тәрбиеге ықпалын анықтау;
• оқу бағдарламасының талабы мен сабақтың мақсатына сай, оқушылардың білім деңгейлеріне қарап сабақты жоспарлау, оқушылар меңгерген ғылыми білімдерді, іскерлік дағдыларды аңықтап отыру;
• оқытудың тиімдірек әдістерін, тәсілдерін және құралдарын таңдау, оқушыларды ынталандыру, меңгеру барысын бақылау, танымдық белсенділікті арттыру, ұжымдық және жеке жұмыс түрлерін ұштастыру, өздік жұмыстарды ұйымдастыру;
• оқыту принциптерін қолдану;
• оқушылардың жақсы оқуына жағдай жасау.
II. Сабаққа қойылатын психологиялық талаптар:
• оқу пәні және нақты сабақ арқылы әр оқушының дамуын жобалау;
• оқушыларды дамытатын психологиялық-педагогикалық құралдарды, әдістемелік тәсілдерді табу;
• оқушылардың репродуктивтік және шығармашылық жұмыстарының көлемін анықтау; жұмылдыра білуі. Ақыл-ойының дамуы;
• білім деңгейлеріне сәйкес оқушыларды топтарға бөлу, олардың әрқайсысымен жеке жұмыстар жүргізу. Жаппай жұмысты уйымдастыру.
Оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескеру:
• жақсы және нашар оқитын оқушылармен жұмысты жоспарлау;
• оларға жеке тапсырмалар беру;
• әрбір оқушының белсенді оқуына жағдай жасау.
III. Сабаққа қойылатын гигиеналық талаптар:
• қалыпты температуранық болуы;
• ауаны тазартып түру;
• жарықтың болуы;
• балаларды шаршатпау;
• іс-әрекетті түрлендіріп отыру. Мысалы, тыңдауды санаумен, жазба және практикалық жұмыстарымен ауыстыруға болады;
• сергіту сәтін уақытында және сапалы өткізу;
• оқушылардың жұмыс істеген кездегі дұрыс қимыл-қозғалыстары;
• сынып жиһаздарының оқушының дене бітістеріне сәйкес келуі және оның өсуіне ықпалы.
IV. Сабақты өткізу техникасына қойылатын талаптар:
• сабақтың әсерлілігі, оқуға қызығушылықты және білімге деген сұранысты арттыруы;
• сабақтың қарқынының оқушыларға қолайлылығы, мұғалім мен оқушы жұмыстарының нәтижелілігі;
• мұғалім мен оқушы арасында жұмыс барысында пайда болатын тығыз байланыс. Әр оқушыға сенім білдіру;
• мұғалім көңілінің көтеріңкілігі, белсенді шығармашылық жұмыс.
Тәрбиелік талаптар:
• оқу материалының, іс-әрекеттің тәрбиелік мүмкіндігін аңықтау, орындалатын тәрбиелік мақсат қою;
• оқу жұмысының мақсаты мен мазмұнынан туындайтын тәрбиелік міндеттер қою;
• оқушылардың бойында өмірге керекті қасиеттерді, атап айтсақ: табандылықты, орнықтылықты, ұқыптылықты, жауапкершілікті, орындаушылықты, өздікті, жұмыс істей білушілікті, зейінділікті, адалдықты, ұжымшылдықты тәрбиелеу;
• балалармен ынтымақтасу, олардың табысқа жетуіне көмектесу;
• ізгілендіру, әрбір баланың жеке ерекшелігіне сүйеніп тәрбиелеу.
Сабақ арқылы оқушыны дамыту талабы:
• балалардың оқу-танымдық іс-әрекетке қызығушылығын ояту, шығармашылық бастамаларын және белсенділіктерін қолдау;
• оқушылардың даму деңгейін зерттеу және есепке алу; дамудағы сапалы, жаңа өзгерістерді қуаттау.
Оқу жұмысының жүйесі мен оқушылардың танымдық іс-әрекетінің сипатына қарай кіріспе, материалмен бірінші танысу, жаңа білімдерді тәжірибеде қолдану, дағдыларды қалыптастыру, қайталау, бекіту және жинақтау, бақылау, аралас сабақтар деп бөлінген. Теоретиктер мен практиктердің арасында дидактикалық мақсат бойынша топтастырылған сабақтар кең қолдау табуда. Олар: 1) аралас сабақ; 2) жаңа материалды оқу; 3) жаңа іскерлікті қалыптастыру; 4) білім, іскерліктерді бекіту; 5) жинақтау және жүйелеу; 6) білім, іскерліктерді тәжірибеде қолдану; 7) білім, іскерліктерді бақылау және түзету.
3. Қазақ тілін тереңдетіп оқытудың жолға қойылуы - бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік сұраным талабынан туындап отырған мәселе. Мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің қолданыс өрісінің кеңеюі, біршама жылдар бойы өзге тілдің өктемдігінен табиғи арналарынан ажырап қалған ана тілімізді өрістетуге деген талаптың күшеюі республикамыздағы білім беру жүйесінің негізгі буыны болып саналатын жалпы білім беретін мектептерде бұл пәннің рөлінің, маңызының артылуына қажетті алғышарттарды қалыптастыруды керек етеді. Бұл орайдағы негізгі шарттар - қазақ тілі пәнінің білім мазмұнын жаңарта отырып, оқушыларға терең білім беру, олардың коммуникативтік біліктілігін арттыру, ана тілін сөз мәдениеті талаптарына сай деңгейде дұрыс қолдана білу іскерліктерін жетілдіру.
Қазақ тілі пәнінің алдына қоятын мақсаты - тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсінген, тіл қызметтерін жүйелі меңгерген, сөз мәдениеті талаптарына сай білік-дағдылары жетілген дара тұлға даярлауға мүмкіндік туғызу.
Тіл кез-келген танымдық іс-әрекеттің құралы, ойлаудың формасы және оны дамытудың негізі болып саналады. Оқушылардың ынта-ықыласы мен талабын, білім деңгейлерін ескере отырып арнайы бағдарлама жасалады. Бағдарлама оқушылардың қабілет-икемін ұштап, шығармашылық ізденістерге кең өріс береді.
Танымдық бағыт бойынша мынадай іс-әрекеттері жүзеге асырылады: оқушының тілін дамыту, тілдік, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру; тілдің - қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсіндіру; оқушының лингвистикалық дүниетанымын қалыптастыру, қазақ тілі сабағындағы пәнаралық байланыс арқылы қоғам, табиғат туралы адамзат жинап қорытқан білім негіздерімен қаруландыру.
Практикалық бағыт бойынша: оқушылардың тілдік сауаттылығын арттыру; әдеби тілдің нормаларын меңгерту; оқушылардың тілдік-эстетикалық талғамдарын қалыптастыру; сөйлем әрекетіне қажетті заңдылықтар мен талаптарды меңгерту болып отыр.
Бұл міндеттердің жүзеге асуы тілдік білімнің әр оқушының лингвистикалық дүниетанымының қалыптасуына, әрі олардың практикалық іскерлік дағдылардың базасы ретінде қызмет етуіне негіз қалайды.
4. Оқыту әдістерінің басты қызметі – оқыту, ынталандыру, дамыту, тәрбиелеу, ұйымдастыру.
Оқыту құралдары - білім алу, іскерлікті жасау көзі. Олар: бағдарлама, оқулық, мұғалімге арналған әдістемелік нұсқау, оқу кітабы, жаттығу, диктант пен мазмұндамалар жинағы, көркем әдебиеттер, сынақ, емтихан сұрақтары, тест тапсырмалары, оқушыларға арналған хрестоматиялар, сөздік және дидактикалық материалдар, тірек-сызбалар, көрнекі құралдар, оқулықтар, дидактикалық материалдар, техникалық оқыту құралдары, компьютер, оқу кабинеттері, т.б.
4.1. Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, оларға сараптама, сынақ өткізу және мониторинг жүргізу, оларды басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидасын бекіту туралы қағида бекітілді (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 24 шілдедегі № 344 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 28 тамызда № 7876 тіркелді).
Арнайы бекітілген қағидада оқу-әдістемелік кешенге мынадай сипаттама береді. Оқу-әдістемелік кешен (бұдан әрі ОӘК) – білім алушының оқу пәні (пәндер) бойынша білім мазмұнын меңгеруін қамтамасыз етуге бағытталған жекелеген оқу және әдістемелік басылымдардың жиынтығы. Пәннің оқу әдістемелік кешені (ПОӘК) пәнді қамтитын әдістемелік құжаттардың ішіндегі ең негізгісі болып табылады. Пәннің оқу-әдістемелік кешені (ПОӘК) дәстүрлі оқу-шығармашылық үрдісті қамтамасыз ететін әдістемелік-ұйымдастырудың негізі. ПОӘК пәнді оқытудан бастап бір жыл көлемінде міндетті құрылымдық элементтерімен жинақталуы керек. Олар: бағдарлама, оқулық, мұғалімге арналған әдістемелік нұсқау, оқу кітабы, жаттығу, диктант пен мазмұндамалар жинағы, сынақ, емтихан сұрақтары, тест тапсырмалары, оқушыларға арналған хрестоматиялар, сөздік және дидактикалық материалдар, тіре-сызбалар, т.б.
4.2. Пән кешенінде талап етілетін жұжаттың бірі – Қазақ тілінің бағдарламасы. Қазақ тілінің жүйелі түрде оқытылуы мен ғылыми мазмұнын нақты және дұры анықтау оның бағдарламасы мен оқулығына байланысты. Қазақ тілінің бағдарламасы – ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен мемлекеттік құжат.
Оқу бағдарламаларына мынадай талаптар қойылды:
бағдарламаның мазмұны ғылымның негізін берік және жүйелі түрде меңгеру;
тіл мен әдебиет бағдарламалары арасында байланыс болу (пәнаралық байланыс).
Мұндай талаптар негізінде 1936, 1938, 1967, 1980... жылдар аралығында қазақ тілі бағдарламасы қайта жасалынды.
1936 ж. К.Жұбанов жасаған қазақ тілі бағдарламасы жобасы бекітілді.
1939 ж. С.Жиенбаевтың редакциясымен қазақ тілі бағдарламасы басылып шықты.
1940 ж. Ғ.Бегалиевтың редакциясымен қазақ тілі бағдарламасы басылып шықты.
1967 ж. жаңа бағдарлама мен оқулықтар жасау мәселесі қолға алынып, бақылау, эксперимент жұмыстары жүргізіле бастады. 1967 ж. қазақ тілі бағдарламасы оқу министрлігі бекітті және мына мәселелер енгізілді.
«Лексика» бөлімі (сөздікпен жұмыс жасау)
«сөздің жасалу жолы»
«сөз тіркесі» туралы ілім.
Сонымен қатар «Тіл дамыту», «Тіл ұстарту», «Байланыстырып сөйлеуді дамыту» сияқты бөлімдер берілді.
1980 жылы орыс тілінің типтік бағдарламасы жасалды. Бұл бағдарлама жұртшылықтан қолдау тауып, қазақ тілі 4-8 сыныптарға арналған типтік бағдарлама жасауға үлкен себебі тиді. Пәнаралық байланысқа көңіл бөлінді (тарих, әдебиет т.б.) жаңа оқулықтар, дидактикалық материалдар т.б. әдістемелік еңбектер жарыққа шыға бастады. Мысалы:
А.Ысқақов, К.Аханов. Қазақ тілі 4 кл. арналған 1983 ж.
К.Аханов, Б.Кәтенбаева. Қазақ тілі 5кл. арналған 1982 ж.
К.Аханов, А.Айғабылов. Қазақ тілі 6 кл. арналған 1982 ж.
С. Аманжолов, А.Әбілқаев. Қазақ тілі 7 кл. арналған 1982 ж.
А.Хасенов, И.Ұйықбаев. Қазақ тілі 8 кл. арналған 1981 ж.
1984ж. 5-9 сыныптарға арналған қазақ тілі бағдарламасы жасалынды. Бұл бағдарлама ғылыми принцип негізінде құрастырылды. Бағдарлама материалдарының орналасу тәртібі, әрбір бөлімнің, сыныптың бір-бірімен байланысы, теориялық материалдардан, орфографиялық, пунктуациялық материалдардан білім беру дағдылары сараланып көрсетілді. Бағдарламаға «Тіл мәдениеті», «Бағалау нормалары» енгізілді. Сонымен қатар «Тіл ұстарту», «Пәнаралық байланыс» бөліміне ерекше мән берілді.
Бағдарламамен жұмыс істеу мектептегі оқу-тәрбие ісін жаңа бір сатыға көтеру мақсатын көздеді.
Оқушыға ғылым негіздерінен терең де жүйелі білім беріп, алған білімдерін қоғамдық еңбектің әр алуан түрлері саласында қолдана білуге үйрете отырып, оқыту әдістемесін жетілдіру болып саналады.
Мұғалім бағдарламаны жақсы меңгермей, қазақ тілін ойдағыдай, нәтижелі сабақ бере алмайды.
4.3 Оқулық – ҚР МЖБС-мен, үлгілік оқу жоспарымен және оқу бағдарламасымен айқындалған пән (пәндер) бойынша білім мазмұнын жүйелі баяндаудан тұратын және оқу процесін ұйымдастырудың негізі болып табылатын кітап.Оқулық оқу орындарының типіне қарай (бастауыш, орта, кәсіптік-техникум, жоғары оқу орындары) жасалады. Әр түрлі ұлт мектептері үшін нақты ұлттың ана тілі мен әдебиетінің ерекшеліктерін ескере отырып оқытылатын ағылшын, орыс тілі, т.б. оқулықтар шығарылады. Оқулыққа мынадай педагогикалық талаптар қойылады: оқу материалдарының қазіргі ғылым мен технологияның дәрежесіне сәйкес баяндалуы; жоғары идеялылығы, тәрбиелік міндеттерге сәйкестігі; мазмұнының бағдарлама мазмұнына сәйкес әрі түсінікті болуы; материалдарының оқушылардың жас және танымдық ерекшеліктеріне сәйкес баяндалуы; дәл және анық, нақты қорытындылар, ережелер, заңдар мен анықтамалардың баяндалуы, тілдің жатық, әдеби және ықшам болып, оқушылардың ұғымына сәйкес келуі; оқу материалын меңгеруді жеңілдететіндей иллюстрация, сурет, кесте, диаграмма, сызба мен сызулардың болуы; сыртқы пішінінің (қағаз, шрифт, мұқабасының) ретті сәндендірілуі. Негізгі оқу пәндерінің оқулықтарына қосымша хрестоматия, жаттығулар жинағы, диктанттар мен мазмұндамалар жинағы, анықтама, сөздік, оқу кітаптары, т.б. қолданылады.