1921-1922 жж. жер-су реформасы
Алайда, жаңа экономикалық саясатты іске асыру барысында көптеген қиыншылықтар да кездесті. Атап айтқанда, 1921 жылы жазда Еділ өзені бойының, Солтүстік және Батыс Қазақстанның халықтары күшті қуаңшылық болуына байланысты аштыққа ұшырады. Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей және Қостанай губернияларында егістің көбі күйіп кетті. Малға азық болмай, қырыла бастады. Ауыл шаруашылығында болған апаттың аяғы сүмдық аштыққа апарып соқты. Сол кездегі мәліметтерге карағанда республикада 2,3 млн. адам ашыққан. Осы киын-қыстау күндерде Қазақстан еңбекшілеріне Ресей халқы елеулі көмек көрсетті. 1921 жылы күзде және 1922 жылы көктемде РКФСР үкіметі толық емес есеп бойынша Қазақстанға 4475 мың пұт астық 183 мың пұт картоп жіберді. Түркістан мен Украин республикалары да Қазақстанға елеулі көмек жасады. Жұт пен қуаңшылықтан зардап шеккен кедей шаруашылықтарға ондаған мың ірі қара мал, 5 млн. пұттан астам тұқымдық берілді. Бұл дән 1921-1922 жж. бір милллион гектардан астам күздік және жаздық егістікке себілді. Алайда Қазақ Республикасы халық шаруашылығының жағдайы өте ауыр болып қала берді.
20-шы жылдардың басындағы жер реформаларының ерекше маңызды рөлі болды. Мұның өзі жер мәселесіндегі патша өкіметінің отаршылдық саясатының зардаптарын жою бағытында іске асырылған шаралар еді. Патша өкіметі алған жерлер қазақ еңбекшілеріне қайтарылып берілді.
1921 жылы ақпан айында жер-су реформасы Түркістанның көптеген аудандарында, оның ішінде Алматы, Қапал, Шымкент, Әулиеата уездерінде жүргізілді. Жайық өзенінің сол жағалауының бөлігі межелеп бөлінді. Қазақ шаруалары жайылымдарын алды.
Ауылда әлеуметтік өзгерістер мен жер реформаларын асыру үшін бұқаралық ұйым Қосшы одақтары құрылды. Оның жарғысы кедейлердің таптық сана-сезімін арттыру, олардың мүдделерін қорғау және Кеңес өкіметіне көмектесу сияқты мақсаттарды іске асыруды көздеді. Одақтарды құруда және оның прақтикалық қызметінде, сондай-ақ Оңтүстікте жер-су реформаларын жүргізуде Ж.Бөрібаев, О.Жандосов, А. Розыбакиев, т. б. қоғам қайраткерлер көрнекті қызмет атқарды. 1921 жылғы наурызда Жетісуда 17 мыңнан астам мүшесі бар Қосшы одағының 99 ұясы жұмыс істеді.
Қазақстанның ауыл шарушылығында елеулі өзгерістер жүрді. Бірыңғай ауыл шаруашылық салығы енгізіліп, оның жалпы көлемі 100 млн. сомға төмендетілді. 1925жылы 46 мың кедей және әл-ауқаты кем шаруашылықтар мал және құрал-сайман алуға, жер жырту мен егіс егуге мемлекеттен қарыз алды.
1925 жылы мал басы 1922 жылмен салыстырғанда екі есе көбейіп, 26 миллионнан асты. Осы шаралардың нәтижесінде республиканың ауыл шаруашылығында орташаландыру процесі көрсете бастады.
Тұтас алғанда Республика бойынша 1925 жылы қазанда ауыл шаруашылық кооперациясының жүйесінде 322 690 мүшесі бар 2811 бірлестіктері жұмыс істеді, олардың ішінде 62546 мүшесі бар бір мың қазақ бірлестіктері де бар еді. Сонымен қатар қазақ және қоныс аударып келген шаруашылықтардың төрттен бірінен көбі (27,1 пайыз) бірлестіктерге қамтылды. Бірлестіктер қатарына 96 коммуна, 557 артель, 58 жай серіктер кірді. Тұтыну кооперациясы кешпелі ауылда кеңінен дамыды. Олардан басқа 35 совхоз және 4 мыңнан астам шаруалар комитеттерінің өзара көмек қоғамдары жұмыс істеді.
Кооперациялық құрылысты жүргізуде орыстар арасында шаруалардың өзара жәрдемдесу комитеттері, ал қазақтар арасында Қосшы одағы маңызды рөл атқарды. 1925-1926 жылдары шаруалардың қоғамдық өзара жәрдемдесу комитеттері 335 мың, ал Қосшы одағы 140 мыңнан астам ауыл шаруашылығының жұмысшыларын, кедейлер мен орташаларды біріктірді.
1921-1922 жылдарды қамтитын үшінші кезеңде жер - су реформасы іске асырылса, 1924-1927 жылдарды қамтитын төртінші кезеңде - жерге орналастыру, шабындық, егістік жерлерді қайта бөлу жұмыстары жүргізілді. Мұндай шараларды іске асыруда тәжірибенің жоқтығы, жергілікті кадрлардың түсінігінің кемдігі, сауатының аздығы, т.б. себептер негізінде бұл төңкерістік шараларды іске асыру барысында асыра сілтеушіліктің, солақайлықтың, теріс әрекеттердің орын алғанын, Кеңес өкіметіне сенімді азайтатын жайлардың болғанын да айту керек.
Достарыңызбен бөлісу: |