Атақты ғұн тайпаларының өсіп-өнген және тарихи аренаға көтерілген жері Орталық Азия. Археологиялық зерттеулер нәтижесі олардың Селенгі өзенінің аңғарында және оның салалары жағалауларында 1500-ден астам қорымдары мен түрақты мекен жайлары болғандығын көрсетеді. Ал Қазақстанның Оңтүстік және Жетісу жерлеріне ғұндар б.э.б. II-I ғғ. келе бастаған.
Ғұндардың этникалық шығу тегі мен тілі осы күнге дейін пікірталас объектісі. Қытай деректері өздерінің солтүстіктігін мекендеген тайпаларды сюннулар (солтүстіктегілер) және дунхулар деп атаған. Осы сюнну сөзі тайпаның атауына айналған тәрізді, ол кейіннен хунға немесе ғұнға айналып отыр. Қытайлардың басқа бір жылнамаларында өздерінің терістігіндегі көрші түркі тілдес тайпаларды "да" (далалықтар) деп те атаған. Бұл мәліметке қарағанда ғұндардың түркі тілдес болғандығына ешбір күмән келтіруге болмайтын сияқты. Ал сюнну, хунн деген сөздердің қытайша әртүрлі мағыналары бар. Олар әлі де болса ғылыми жүйелі зерттеуді қажет етеді.
Сонымен қытай жылнамаларымен археологиялық зерттеулерге қараганда, б.з.б. IV және III ғасырларда Қытайдың солтүстігінде Байқалдан Ордысқа дейінгі аралықты мекендеген күшті Ғұн тайпаларының бірлестігі құрылады. Олар өздері мен көрші жатқан халықтарды жаулап алумен қатар Қытай жеріне де шабуыл жасайды. Бұл жағдай Қытай патшасының наразылығын тұғызып отырған. Сөйтіп, ғұндар мен қытай өкіметінің арасында бір-біріне алма-кесек жасалған ұрыс-талас, соғыстар олардың ұрпақтарының арасында 300 жылдан астам уақытқа созылған.
Жылнамалар бойынша, ғұн тайпаларының бірігіп саяси күшейген кезі б.з.б II ғ. мен I ғ. аралығында Мөде шаньюй билік жүргізген мезгілі. Оның жасаған әскери реформалары ғұндарды қуатты мемлекетке айналдырған. Олар өздерінің оңтүстігіндегі дунхуларды талқандап, быт-шытын шығарады, бытыраңқылыққа түсіреді. Олардың аман қалғандары Монголия, Маньчжурияға дейін қашып бас сауғалауға мәжбүр болады. Ғұндар мұнымен де қанағаттанып қоймай, Саян Алтай тауларына дейін шабуыл жасап, Қытайдың Хань әулетінің негізін қалаушы Лю-Балды да жеңіп, оларды өздеріне бағынышты етеді. Б.з.б. 88 жылы Қытай патшасы ғұндардың шаньюіне қыз беріп, алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болған. Сөйтіп, Байкал көлінен Тибет тауына дейін Шығыс Түркістаннан Хуанхэ өзенінің орта ағысына дейін аралықты алып жатқан ұлан байтақ жерде "Ғұн мемлекеті" пайда болған.
Жоғарыда аталған қоныс аудару Қазақстанға өзінің үлкен әсерін тигізді. Ол, біріншіден, жергілікті сақ, үйсін, қаңлы сияқты тайпалардың шығыстан, батысқа қарай жылжуына себеп болса, екіншіден, ол тайпалардың антропологиялық жағынан өзгеруіне әкеп соқты. Үшіншіден, түркі тілі кең таралып, жергілікті диалекті болып қалыптасып нығая түсті. Соңғы екі жағдай V ғасырда Қазақстан жеріне түркі тайпаларының жаппай келе бастауының тереңдей түсуіне әсер етті.
Ғұн тайпаларындағы әлеуметтік теңсіздікті зираттардағы жерленген адамдармен бірге қойылған бүйымдар арқылы байқауға болады. Үстем тап өкілдерінің молаларынан қымбат бағалы заттар көп табылса, кедей адамдардың қабірлерінен жай ғана жасалған арзан бағалы бұйымдар кездеседі. Ал кейбір мүрделерде ештеңе де жолықпайды. Жазба деректердегі "шаньюй хан" немесе ''ғұн шонжарлары" деген сөздер үстем тап өкілдерінің болғандығына дәлел.
Патриархтық-рулық құрылыстың кезіндегі шаньюйді ру ақсақалдары сайлайтын болса, ал патриархалдық-феодалдық жаңа қатынастардың дамуына байланысты, ол өзінің күшінен айрыла бастайды. Шаньюйлік енді мұрагерлікке көшеді. Ғұн шаньюйі өлсе оның орнына інісі не оның баласы отыратын. Наразы болғандар қатал жазаланатын. Сонымен қатар ғұн шаньюйі өз төңірегіне ең жақын туыстарын сайлап, ғұн шонжары деген атақ беріп, оларға жердің шұрайлысын бөліп беретін. Билік өкілдерінің баю көздерінің бірі: соғыстан түскен байлық болса, екінші көзі қолға түскен тұтқындарды үй құлына айналдырып, оларға мал баққызып, егін айдататын.
Ғұн қоғамы әскериленген қоғам болды. Әрбір қоғам мүшесі кез келген уақытта, садағын асынып, атына мініп елін қорғауға немесе жорыққа аттануға дайын тұратын. Ғұнның әрбір ер азаматы өмір бойы әскери міндетті болып, белгілі бір әскери бөлімде есепте тұрды. Әскери қызметтен қашқандар өлім жазасына кесілетін болған.
Ғұндардың орасан мол әскері болды. Өздері жаулап алған жерлердің бәрінде 24 тайпадан тұратын ғұндар артықшылықтардан пайдаланды.
Ғұндардың империясы жоғарыдан төменге дейін түгелдей әскери және азаматтық биліктің біріккен үлгісі болды. Ғұн мемлекетінде олардың артықшылығын дәріптейтін, қоғам мүшелерін дуниежүзінде үстемдік орнатуға тәрбиелейтін ерекше тәлім-тәрбие жұмысы тұрақты жүріп отырған. Бұл орайда ғұндардың Тәңірге табылған діни сенімі де үлкен рол ойнаған. Осының нәтижесінде ғұндар тарихта алғашқылардың бірі болып әлемдік дәрежедегі империя құрып, бірнеше ғасырлар бойы Евразияда көшпелік өркениетке негізделген көшпелі мемлекеттік құрылымның негізін қалады. Алғаш рет әдет-ғұрыптарды заңдастыратын, көшпелі әдет-ғұрып құқығының негізін салды.
Қытай жазба деректері мәліметтеріне қарағанда б. з. б. III-II ғасыр ларда Жетісу жерінде атақты Үйсін тайпалары өмір сүрген. Олар тиграхауда сақтары мекендеген аумаққа Орталық Азиядан келген. Олар сақ тайпаларын ығыстрып өз мемлекеттерін құрған. Қытай жазба деректерінде олар “Үсүнь-го” деп аталады, бұл үсүндер мемлекеті деген мағынаны білдіреді. Билеушісін «гуньмо» деп атаған.
Үйсіндердің негізгі мекендері Іле өзені алқабында орналасқан. Олар батыста Щу және Талас өзендерін жағалап, Қаңлылармен шектескен. Оңтүстіктегі шекарасы Даванға ( қазіргі Фергана ) дейін созылған. Ал шығыста олардың шекарасы Хань патшалығымен шектескен.
Үйсін сөзі қытай деректемелері арқылы белгілі. Сөздің мағынасы осы уақытқа дейін белгісіз. Жазба деректерде үйсіндер “ат жақты, аққұбаша, сары шашты” болып бейнеленеді. Ал Жетісу жеріндегі үйсіндер қорымдарынан алынған бас сүйектер, антропологиялық жағынан европеидтер. Бірақ олардың бет-пішіндерінде монголоидтық белгілер де болған.
Түркілер үстемдігі кезінде ( VII ғ. Біз оларға кезекті лекциямызда тоқталамыз) олардың арасында өздерін “сары түргештерміз” деп атаған ру-тайпалар болған. Ал соңғы орта ғасыр кезінде қазақ халқының құрамына енген Ұлы жүз тайпалары өздерін үйсіндерміз деп атаса, олардың ішінде “сары үйсіндер” деген ру да бар.
Түйіндей келгенде үсүн сөзімен үйсін сөздерінің бір-бірімен үндес екендігі еш күман туғызбайды. Бұл деген ертедегі үсүндермен кейінгі үйсіндердің арасында белгілі бір этникалық байланыс бар болғандығының толық дәлелі.
Үйсіндерден қалған ескерткіштерге олардың қорымдары мен қыстақтары жатады. Қыстақтар тау ішінде малға жайлы күнгей жерлерде орналасқан. Қүрылыс материалдары көбіне тастан жасалған. Қорымдары немесе зираттары археологиялық ғылым бойынша обалар деп аталады. Олардың биіктіктері әрқалай: 0,30 м. ден 0,50 м. дейін болса, ал кейбір обалардың биіктігі 8-10 м. жетеді. Адамды жерлеу, жерден ұзыншақ төрт бұрышты, тереңдегі 70 см. ден 1 м. дейін, кеңдігі 50-60 см мүрде қазылып, мәйіттің бас жағын батысқа қаратып, заттармен жабылып, оны айналдыра бір, екі қатар тастар тізіп, дөңгелек белдемелер жасалатын, оның үстіне тас, топырақтан үйінді жасап оба тұрғызатын. Жерлеудің мұндай тәсілі б.э.б. III-I ғғ. үсүн тайпаларында болса, ал б.э. I- IV ғғ. үйсіндерде адам жатқызатын мүрде, қазылған жердің бір жағынан қиып, үнгір болып жасалды. Ал зираттың сыртқы көрінісі бұрынғыдай тастан дөңгелек белдеулер тізілмей, құм, тас, топырақтан оба тұрғызылады.
Жерлеу тәсілдерінің мұндай өзгеріске ұшырауын археолог ғалымдар үйсін тайпаларындағы діни-сенімдердің өзгеріске түсуі және әлеуметтік, экономикалық жағынан дамуы деп тұжырымдайды.
Үйсіндер жартылай көшпелі, жартылай отырықшылық шаруашылық-пен шүғылданған. Қазба жұмыстары кезінде табылған қол диірмендер, үккіш тастар, олардың егіншілікпен де айналысқандарының дәлелі. Тұрақты мекен-жайлардың маңында арық тоғандардың орындары сақталған.
Бір жерді түрақты қыстау, көшіп-қонудың қалай болса солай ретсіз болмай, оның жүйелі болғандығын және жерге меншіктің болғандығын да дәлелдейді.
Тұтыну бұйымдарының ішінде күнделікті тұрмысқа қажетті қыш ыдыстар көп кездеседі. Олар формасы жағынан алуан турлі. Тамақ ішуге керекті түрлі аяқ-табақ, тостағандар болса, азық-түлік сақтайтын су таситын, айран, сүт сақтайтын түрлері де бар. Тұрақты мекен-жайлардан, қорымдардан алынған ыдыстар жасалу жағынан да, түрі жағынан да бір-біріне ұқсас.
Жазба деректерге қарағанда үйсіндер жылқы өсіруге аса зор көңіл бөлген. Үйір-үйір жылқылары болған. Қытай қызына үйленген үйсін "ханы" шамасы "қалың мал" үшін болу керек 1000 бас жылқы беретын болған. Екінші бір мәселе жылқыға деген меншікті көрсететін таңбалардың салынуы. Үйсіндер тіршілігінде жылқы өсіру басты орын алса, оны сыртқы жаудан қорғану үшін атты әскер құруы да басты орын алғанымен түсіндіруге болады.
Үй жануарларының ішінде түйе өсіруге де көңіл бөлінген. Үйсіндер обасынан табылған алтын жүзіктің үстінде шөгіп жатқан қос өркешті түйенің мүсіні түйеге табынғандықты байқатады.
Зираттардан алынған металдан жасалған құрал-саймандарға қарағанда үйсін шеберлерінің темір, қола сияқты металдарды ұқсата білген ұсталар екендігін көрсетеді.
Сондай-ақ зираттардан өте көп кездесетін әшекей бұйымдар: әртүрлі қымбат бағалы тастардан жасалған моншақтар, алқалар, алтын, күмістен жасалған сырға, білезік, жүзік, қола айналар т.б. Ал әшекей бұйымдардың ішінде үйсін зергерлерінің тамаша бір туындысы есебінде бізге мұра болып жеткен Ақтас-2 зиратынан табылған алқа мен Қарғалыдан табылған тәжі (диадема). Бұл бұйымдар өз кезіндегі үйсін тайпаларының ғана рухани мұрасы болып қоймай, бүгінгі таңдағы олардың үрпақтары болып табылатын қазақ халқының рухани дүниесіне айналып, музейден өздерінің тиісті орындарын алып тұр. Осының өзі үйсін өнерінің дүние жүзі халықтарының өнеріне қосқан үлесі болып табылады.
Тәжінің ұзындығы 35 см, кеңдігі 4-5 см. Зергер тәжіге жануарлар бейнесінің бірнеше түрін салған. Олардың ішінде басым көпшілігі жыртқыш аңдар мен құбыжық бейнеленген. Осындай шытырман дүниенің арасында қолына гүл үстаған адам түр. Шамасы, шебер өмірде қандай әлейім заман болса да, оны адам баласының жеңетіндігін суреттеп тұрғандай. Оған екінші дәлел, құбыжықтың үстіне мініп алған адам оны жеңгенін көрсетсе, ал бұғыға мініп алған адам бостандықтың белгісі тәрізді. Жоғарыда сөз болған алтын сақинада шөгіп жатқан қос өркешті түйе үйсін заманынан бізге жеткен өшпес-өлмес зергерліктің қолтаңбасы. Қазақстан жеріндегі ерте кездегі өмір сүрген тайпалардан қалған мұндай ескерткіштер бүгінгі қазақ халқының рухани дүниедегі мақтанышы.
Алайда қымбат бағалы заттар, сән-салтанатты әшекей бұйымдар үйсін қорымдарынан көптеп табыла бермейді. Жай заттардың өзі де кездеспейтін зираттар көп. Оның өзі оларда әлеуметтік теңсіздіктің болғандығын көрсетеді. Мұндай жәйт деректемелерде де жазылған. Үйсіндер мемлекеттік дәрежеде өмір сүрген. "Усунго"-Усун мемлекеті, "Синго" көшпелі мемлекет деген ұғымдарды білдірсе, ал таптық жіктерді, білдіретін гуньмо - усун билеушісі, хоу - бай, даня - тархан деген әлеуметтік атаулар болған. Негізгі өндіруші тап қарапайым шаруалар болған.
Жазба деректер бойынша, үйсін мемлекетінің орталығы Ыстықкөл маңындағы "Қызыл Анғар" (Чичу) қаласы болған. Бұл қала оқулықтарда Чигуген,Чигачун, яғни Қызыл Анғар деп айтылады. Қала әлі күнге дейін археологиялық тұрғыдан толық зерттелмеген.
Деректерге қарағанда Үйсіндер көшпелі мемлекет. Олар өзімен көрші жатқан Қытай сияқты ірі елдермен, тең хұқықты дәрежеде саяси және сауда-қатынас жасаған.
Соңғы кездегі, жүргізілген зерттеулер, үйсіндердің VI-VII ғғ. Түркі қағанаттарына тәуелді болғандығына қарамастан, өздерінің бүрыннан дамып келе жатқап әдет-ғұрып, салт-санасып сақтағандығын көрсетеді.
Деректемелердің ішінде көңіл аударарлық ең бастысы, үйсін тайпаларының Х ғ. Түркі және Қытай жазба деректерінде өз аттарымен кездесуі. Бұдан кейін Монғол шапқыншылығының негізінде және одан кейінгі жылдарда усун сөзі, соңғы орта ғасыр дәуіріне дейін, тарих сахнасынан біраз уақытқа өше бастайды. Ал ХV ғ. бастап араб, парсы және түркі деректерінде, Усун емес "Үйсін" немесе "уйшун" деген сөздермен қайтадан пайда болады. Атақты "92 баулы өзбек шежіресінде" "уйшун" (үйсін) болып жазылған. Міне, осы соңғы атымен қазақ халқының құрамына кіреді. Жетісуда болған орыс ғалымдары мен саяхатшыларына Ұлы Жүз ру-тайпаларының өкілдеоі өздерін үйсіндерміз деген. Бұдан шығатын қорытынды, жоғарыда айтылғандай соңғы орта ғасырда айтылып жүрген үйсіндер ежелгі үсүндердің жалғасы, ұрпақтары.
Қазақ халқының құрамына енген ірі тайпалардың бірі -Қаңлылар. Олар қытай жазба деректерінде кангюйлар деп аталса, ал парсы және үнді діни кітаптары "Авеста" мен "Махабхарата"да қанха болып кездеседі. Түркі руналық жазуларында Кангю-тарбанд деген кенттің аты бар. "Кангюй", Қангха, кангю-Тарбанд сөздерінің көрнекті ірі елдердің жазба деректерінде сақталуының өзі қаңлы тайпалар бірлестігінің, жай ғана ру-тайпалық деңгейде өмір сүріп қоймай, олардың мемлекеттік дәрежеге көтеріліп, ол елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасағандарын да көрсететін сияқты. Ал кангюй немесе қаңлы этнонимінің мағынасы немесе оның пайда болған мерзімі осы күнге дейін белгісіз. Қытай жазба деректері қаңлыларды сақ тайпаларының жалғасы, олардың ұрпақтары дейді.
Қытай деректеріндегі Чжан-Цяннің хабары бойынша б.э.б III ғ. Қаңлы тайпалар бірлестігінің орталығы Битянь қаласы болған. Ол қала Сырдарияның бойында деп айтылып жүргенімен, оның дәл қандай жерде орналасқандығы осы уақытқа дейін анықталмай отыр.
Жалпы, Орта Азиямен, Қазақстан жерінде қаңлы ескерткіштеріне жүргізілген зерттеу жұмыстарынан алынған материалдар, шартты түрде үш мәдениетке бөлінген.
Қауыншы мәдениеті;
Жетіасар мәдениеті;
Отырар-Қаратау мәдениеті;
Бұлай бөлудің өзі біріншіден материалдық мәдениеттегі заттардың жасалу мерзімдеріне байланысты болса, екіншіден олардың жасалуы жағынан болған өзгерістерге байланысты. Сонымен қатар әрбір аймақтың, ауданның жергілікті өзгерістеріне де көңіл бөлінген немесе әрбір мәдениеттің бір-біріне тән ортақ қасиеттерінің болғандығы анықталған. Ал ондай жергілікті өзгерістер, ортақ қасиеттер, заттардың түрлерінің көбеюі, даму динамикасы көрінісі екендігін ескертеді.
Қауыншы мәдениеті, Ташкент маңындағы кенттерден алынған материалдарға байланысты, оның бірі Қауыншы кентінің атымен аталған. Бұл мәдениеттің тарихи тұрғындарының өмір сүрген мерзімі б.э.б. III ғ. мен б.з. I ғ. арасы. Қазақстандық ғалымдар бұл мәдениетке Ташкент аймағына жақын жатқан Шардара су қоймасының табанындағы ескеркіштерді де жатқызады.
Жетіасар мәдениеті тұрақты мекенжай салуда, Қауыншы мәдениетінің түрғындарына қарағанда, құрылыс жүйелерінің күрделі әрі сапалы салынуы мен ерекшеленеді. Екінші бір өзгешелік, керамикаларындағы жергілікті айырмашылықтар. Бұл мәдениеттің ескерткіштеріне тохар және ғұн тайпаларының әсері болған.
Отырар-Қаратау мәдениетіне, Сырдарияның орталық ағысы, Отырар аймағы және Қаратаудың теріскейімен күнгей бөктерлеріндегі ескерткіштер жатады. Жазба деректердегі хабарлар, көрсетіліп отырған жерлерді қаңлы тайпаларының негізгі өсіп-өнген, этникалық ата-мекені болғандығын көрсетеді. Сондықтан да Қазақстан археологтары бұл мәдениеттің ескерткішттерінің зерттелуіне баса назар аударған.
Сонымен қаңлы тайпаларының қыстақ-кенттеріне және оның аймағына жүргізіліген археологиялық зерттеу жұмыстар олардың шаруашылығынан, саяси өмірінен, әлеуметтік-экономикалық жағынан көптеген материалдар берді. Алғашқы көзге түсетін басты мәселе шикі кірпіштен жасалған тұрғын шаруаға қажетті жайлар. Жалпы, жазба деректерде жазылғандай "Қаңлы халқы балшықтан жасалған дуалдың ішінде өмір сүреді" деген хабарлар бекер айтылмаса керек.
Кенттердің айналысына жүргізілген арық, тоғандар да жиі кездеседі. Олар көп жағдайда егіндік жерлерге тартылған ірі өзендерден (Талас, Сырдария) тартылған тоғандар қаңлы тайпаларының отырықшы жер кәсібімен айналысқандығына дәлел. Тайпалар жерді көлдетіп суғару, тәлім суғару сияқты түрлі тәсілдерін білген. Жетіасар қалашығының зерттелуіне қарағанда оның аймағында Сырдарияның айрықтарын ортасынан буып бөгет жасап, егістікке тоған арқылы су шығарған. Ал таулы жерлерде, кішігірім таудан ағып шығатын өзен--жылғаларды, бастаулардың суын пайдаланған.
Тұрақты мекен-жайлардан төрт түлікті үй жануарларының сүйектері түгелдей кездеседі. Мұндай материалдардың айтарлықтай кездесуі қаңлы тайпалар-ының отырықшы мал шаруашылы-ғымен айналысқандығына толық дәлел.
Қаңлы тайпаларының обаларына жүргізілген зерттеу жұмыстарға, олардың әдет-ғұрпы, салт-саналарын баяндайтын көптеген материалдар табылған. Өлген адамдармен бірге жерленген құрал-сайман, қару-жарақтар, сән-салтанатты әшекей бұйымдар, о дүниге сенуді, ата-баба аруағына сиынуды көрсетеді. Табылған заттар қолөнердің, зергерліктің қаңлы тайпаларында өз дәрежесінде дамығандығын байқатады.
Қыстақ-кенттердегі тұрғын үйлердің салынуы, бөлмелердің үлкенді-кішілігі зираттардан табылған бұйымдар мен қымбат бағалы әшекейлердің біркелкі болмауы, әлеуметтік теңсіздіктің болғандығының айғағы. Қорымдардан алынған бас сүйектерге жүргізілген антропологиялық зерттеулерге қарағанда қаңлылардың нәсілдік сипатында европейдтік және монголойдтік белгілер анықталған.
Қытай жазба деректерінде қаңлы тайпаларында тайпалық бірлестіктің болғандығын, оның мемлекеттік дәрежеге дейін көтерілгендігін баяндайтын хабарлар да бар. Сол материалдарды археологиялық материалдармен салыстырғанда, шындығында қаңлы тайпаларын Қазақстан жеріндегі алғашқы патриархалдық-феодалдық мемлекеттің дәрежесіне көтерілген тайпалар деп қарастырған дұрыс болады.
Достарыңызбен бөлісу: |