ҚР Конституциясының негізгі қағидалары. 1995 жылы 30 тамызда
қазақстандықтар бүкiлхалықтық референдумда қолдап дауыс берген Конституция елiмiзде
демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтiк және әлемге ашық мемлекет құруға негiз
қалап бердi. Ата Заңды референдум арқылы қабылдау ең демократиялық тәсiл болып
табылады. Әлемдiк тәжiрибеге жүгiнсек, Франция, Италия, Болгария, Румыния және т.б.
бiрқатар елдердiң Конституциялары референдум жолымен қабылданған.
ҚР жаңа Конституциясы ең алдымен адамның негiзгi құқықтары мен бостандықтарын
бекiттi. Бұл әрбір азаматының құқығы мен еркіндігін қорғауға бет бұрудың маңызды саяси
басымдылыққа айналуы жаңа дүниеге келген егеменді елдің тұрғындарын барынша
біріктіруге, қоғамның саяси өмiрiне демократиялық қағидаларды ендiруге мүмкiндiктер
жасады. Өйткенi, азаматтарымыздың көбiсi – 60 пайызы өздерiнiң құқықтары мен
еркiндiгiне ерекше мән беретiндiгiн әлеуметтiк зерттеу нәтижелерi де көрсетiп отыр.
Көптеген посткеңестік мемлекеттер сияқты Қазақстанда тоталитарлық режімнен
орталықтанған саяси кеңістікті мұраға алған болатын. Енді осы жағдайда демократиялық
саяси институттарды көп ұлтты мемлекетте енгізу мақсаты мен міндеті тұрды. 1995 жылғы
ҚР Конституциясы негiзiнде елiмiзде демократиялық саяси институттар өмiрге келдi, атап
айтсақ, билiктiң тармақтарға бөлiнуi, билiктiң жоғарғы ұйымдарының сайланбалы болуы,
президент, парламент институттары және көппартиялық жүйе т.б. Парламент Қазақстан
халқының демократиялық қалаулары мен қажеттіліктерін жариялаушы, жүзеге асырушы
органға айналуы тиіс болатын. Сонымен бірге, Қазақстанға президенттік басқару
жүйесіндегі қуатты мемлекеттік биліктің қажет екендігі мойындады.
Конституция азаматтарға ерiктi және жалпыға ортақ сайлауларда ел Президентi мен
Парламент, маслихат депутаттарын сайлау құқығын бердi.
Заң негiзiнде азаматтарымыз өз қалауы бойынша бiрлестiктер құруға құқығы бар. ҚР
саяси партиялар туралы Заңы бойынша азаматтардың кәсiптiк, нәсiлдiк, ұлттық, этностық
және дiни белгiлерi бойынша саяси партия құруға жол берiлмейтiндiгiн бiлгенiмiз жөн. Бұл
поликонфессиялы, полиэтникалық күрделi қоғамымызда тұрақтылық пен келiсiмдi сақтау
үшiн қажеттiлiк болып табылады.
ҚР жаңа Конституциясы негiзiнде саяси жүйе институттарының орнықтылығы,
олардың сыртқы және iшкi өзгерiстер кезiнде тиiмдi жұмыс iстеу мүмкiндiгi қалыптасты.
Негiзгi Заңымыз қоғамымызда саяси және мемлекеттiк тұрақтылықты қалыптастырды, одан
маңызды еш нәрсе жоқ. Қоғам өмiрiнiң кез келген саласына жүргiзiлген реформа нәтижесi
қоғамда қалыптасқан саяси ахуалға тәуелдi. Тиiмдi, қолайлы саяси ахуал, яғни саяси
тұрақтылық реформа тиiмдiлiгiнiң негiзгi кепiлi. Бiз қазiргi кезде қоғам өмiрiнiң кез келген
саласында жүргiзiлген реформалар нәтижелерiн көрiп отырмыз.
Қазақстан Республикасы жаңа азаматтық қоғам құру идеясын қолға алып отыр. Бұл
полиэтникалық Қазақстанның әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерін ескере отырып
жүргізілетін күрделі іс. Өйткені, азаматтық мәдениет өте мықты іргетасқа сүйенгені абзал.
ҚР Конституциясы елімізде азаматтық қоғамның мына қағидаларын да ендіруде:
1 алдымен жеке бастың мүдделерін бәрінен жоғары қоюы, ол адамның жеке
қауіпсіздігін қамтамасыз етуді негізгі бағдар ретінде қарастырады. Қоғамдағы барлық
заңдар жүйесі, соттар қызметі, ішкі істер басқармалары осы қауіпсіздікті қамтамасыз етуі
тиіс.
2 ешкімнің басқадан заң алдында артықшылығы, басымдылығы, биіктігі болмауы
керектігі азаматтық құндылық ретінде мойындалады. Шыныменде әділ соттың алдында хан
да, қара да бірдей болуы керектігі жөнінде өткен заманда қазақтың дәстүрді мәдениетінде
де айтылған болатын. Бұл теңдік принципі қоғамдағы әділеттілікті орнату үшін керек негіз
болады деген ойдамыз.
3 жеке меншіктің болуы, қорғалуы, әкеден балаға берілуі жөніндегі құқық азаматтық
қоғамның жетекші қағидасының бірі деп есептеледі, әрі заңымыз оны бекітеді.
4 азаматтық қоғамның мемлекеттік органдар мен аппаратының қызметін бақылау
жүйесін орнату. Бұл бақылаудың төмендегі деңгейден (ұжымнан) мемлекеттің ең жоғары
сатысына дейін жүргізілуі шартты.
Конституция азаматтық қоғамның негізгі қағидасы сөз бостандығын, әркім пікірін,
ойын білдіргені үшін қудаланбауын қамтамасыз етеді. Тек ол қоғамның моралдың
қалыптарына, азаматтардың ар-ұятына, абыройына нұқсан келтірмейтін сипатта болуы
керек.
Қоғамдағы мемлекеттік және қоғамдық жұмыстарға әрбір азаматтың қатысуға құқы
болуы керек, оған ешқандай шектеулер қойылмауы шарт, яғни бұл әлеуметтік жіктелудің
болмауын қадағалау, заңның биіктігін мойындау, азаматтық теңдіктің көрінісі болып
табылады. Бұл тұрғыда елімізде көптеген игі істер жүргізілуде. Көптеген қайшылықтар мен
жанжалдар сотта шешілуі қажеттілігі айтылуда. Тек сол соттың жемқорлықтан алыстау
болуы мен болмауы көптеген саяси және әлеуметтік процестердің бағыт-бағдарын
анықтайды.
Заң ар-ұждан бостандығын, яғни діни көзқарастар бойынша қудаламауды да
қамтамасыз етеді. Ол жағынан елімізде жүзден аса діни ұйымдардың заңды түрде
тіркелгенін айта аламыз. Еліміз дін мәселесі бойынша өз позициясын анықтап, зайырлы
қоғамды құру мақсатын білдіріп отыр. Конституцияда бекiтiлген зайырлы мемлекет
қағидалары әлемде дiни қақтығыстар өршiп отырған кезде өте күрделi поликонфессиялы
елiмiзде дiни келiсiм мен түсiнiстiк орнауына мүмкiндiк беруде.
Қазақстандағы 1993 жылы қабылданған Конституция ұлттық-этникалық және
азаматтық параметрлерді дамытуға үлкен екпін берді. Осыдан келіп көптеген орыс тілді
ағайындар (400 мыңдай) өздерінің тарихи отанына қоныс аударды. Бұл әлеуметтік тарихи
қажеттіліктен туындаған, өзіндік заңдылығы бар құбылыс болатын. Ешқандай ұлттық,
этникалық болмысына байланысты азаматтарды қуғындаудың, шектеудің көрінісі
байқалмаған еді.
Ал, енді ауыспалы, өзгермелі кезеңнен кейін Қазақстандағы әртүрлі халықтардың
өкілдері 1995 жылдан бастап біртұтас елімізде азаматтық етенелесуге, бірыңғай күйге,
ұстанымға бет бұрған сияқты. Бұл жалпы қазақстандық отаншылдықты туындататын, оны
бекіте түсетін жағдай. Әсіресе, 1995 жылы жаңарған Конституция Қазақстанда басқа
халықтардың өкілдеріне біршама сенімділік орнатты, олардың өздерін біртұтас
мемлекеттің азаматы деп сезінуге ұмтылдырды. Алғашқы ұлттық тәуелсіздікке
ұмтылыстан кейін, бұл әрекеттерді өркениетті ел боламыз ба деген ойдан туындаған
қадамдар деп түсінуге болады.
Сайып келгенде елiмiздiң ертеңi, оның демократиялық, құқықтық жолмен дамуы
бүгiнгi жастардың қолында. Сондықтан болар ҚР Президентi Н.Ә. Назарбаевтың «Егер бiз
құқық идеялары салтанат құратын өркениеттi қоғам орнатқымыз келетiнi рас болса, онда
әр бiр азамат мектеп қабырғасында жүргенде-ақ құқықтың қарапайым бастауларын бiздiң
қарапайым есеп-қисапты бiлгенiмiздей игерiп алуға тиiстi» – деп атап көрсеттi. Мұнда екi
мәселеге ерекше назар аударған жөн:
1 құқықтық бiлiм беру жүйесiн дамыту, оған отбасын, бiлiм беру саласын, БАҚ-ын
тарту;
2 шетелдiк ғалымдардың жастарды әлеуметтендiруде iс-әрекеттiң маңыздылығын
атап айтуы ойландыруы қажет. Өйткенi бала санасында айтқан сөзден гөрi, көрiп отырған
iс-әрекет қатты әсер етедi, әрi ұмытылмайды. Демек, күнделiктi iс-әрекетiмiзде заң бұзу
әрекетiнен аулақ болуымыз тиiс.
Қорытындылай келе айтарым, қоғамымыз жетiле түсу үшiн демократия
қағидаларының қалыптасуы шарт. Бұл әлеуметтiк, этникалық, мәдени проблемаларды
өркениеттi тұрғыда шешудi талап етедi, адам тұлға болып дамуына жағдайды
қалыптастыруды сұрайды. Мұның өзi азаматтарымыздың санасы жаңа ХХІ ғасырға сай
құқықтық сипатта қалыптасуымен байланысты. Бұл өте жауапты мiндетті орындау
барлығымыздың азаматтық және кәсiби парызымыз деп санаймын.
Лекция 11. Саяси режим
Қазіргі саяси ғылымдағы саяси режимді интерпретациялау. Саяси режимнің
элементтері мен белгілері. Саяси режім ұғымы ұзақ уақыт айтыс-тартыс объектiсi болған.
Француз саясаттанушылары М. Дюверже мен А. Ориу бұл ұғымды ұлттық және халықтық
егемендiкпен байланыстырған. М. Дюверже саяси режімді кең мағынада басқару
құрылымы, адамзат қоғамының түрi ретiнде қарастырады. Ал, тар мағынада М. Дюверже
саяси режімді билiктiң жоғары органдарының қалыптасу сипатын, тәсiлiн және бұл
процеске саяси партиялар мен қысым топтарының қатысуын анықтаушы ұғым ретiнде
қарастырады. Американ саяси әдебиеттерiнде саяси режім мен саяси жүйенi бiрiктiру анық
сезiледi. Ал, тағы бiр американ саясаттанушысы К. Бекстер саяси режімді басқару жүйесi
деп есептейдi. В. Лакердiң саяси сөздiгiнде саяси режім басқару формасы мен партиялық
жүйе деп сипатталған. Немiс заңгерi Е. Левенштейн режімді партиялар санымен, француз
ғалымы К. Бюрдо үкiметке оппозицияның бар-жоқтығымен, Е. Хамауи мемлекет
органдарының конституциялық өзара қарым-қатынасымен байланыстырса, американ
ғалымы Д. Истон режімді басқару стилi және тәртiп пен реттеулердiң жиынтығы,
аргентиналық автор Н. Ботана билiк шоғырлану мен бөлiсудiң қызмет процесi деп бiледi.
Ал, Р. Скратовтың саяси сөздiгiнде саяси режім француздың regime – басқару формасы
деген сөзiнен шыққан деп жазылған. Батыс саясаттану ғылымында саяси режім ұғымы
көбiнесе мемлекеттiк аппарат құрылымы мен қызметiн сипаттауға пайдаланылады.
Саясаттану оқулықтарында саяси режімнің классификациясы өлшемі ретінде мына
кестедегі негіздер де ұсынылады.
Саяси режім ұғымының мәнi мен көлемiн анықтайтын өлшемдер мыналар:
1 мемлекет басшысының саяси басқару жүйесiндегi рөлi, саяси қызметi, орны;
2 өкiлдiлiк мекемелердiң қалыптасуының тәсiлi мен тәртiбi;
3 заңшығарушы және атқарушы ұйымдар арасындағы, сонымен бiрге олардың
орталық және жергiлiктi ұйымдары арасындағы қарым-қатынас;
4 өкiлдiлiк ұйым палаталары арасындағы қарым-қатынас;
5 мемлекеттегi жаншу және күштеу ұйымдарының жағдайы мен қызметi;
6 үстемдiк етушi таптың мемлекеттiк емес ұйымдарының рөлi;
7 саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстардың жағдайы, ықпалы, қызметi.
8 азаматтардың құқығы мен бостандығының таратылуы.
М. Дюверженiң саяси режімдері:
1. ағылшын;
2. американдық;
3. орыс;
4. бiр және көппартиялық.
М. Дюверже саяси режімді партия жүйесiне, сипатына тәуелдi жiктейдi (жаппай,
элитарлы), олардың жарғысына байланысты (ерiктi, қатал) және революциялық,
консервативтi, диктаторлы саяси режімдерді атап өтеді.
А. Ориудiң саяси режімдері:
1 президенттiк (АҚШ);
2 парламенттiк (Италия);
3 директория;
4 классикалық тәртiп (Батыс);
5 авторитарлы.
А.Ориу дамушы елдердiң саяси режімін былай жiктейдi:
1 парламенттiк (плюралистiк партиялық жүйе, жария оппозицияның болуы);
2 президенттiк (атқарушы билiк басым).
«Конституциялық құқық және саяси институттар» монографиясының авторлары
жiктемесi:
• өкiлдiлiк түрлерi – ультраөкiлдiлiк, тiкелей өкiлдiлiк, жартылай өкiлдiлiк, тiкелей
өкiлдiлiк, жартылай тiлелей өкiлдiлiк;
• дамушы елдердегi саяси режімінің түрлерi- президенттiк (әскери және азаматтық),
парламенттiк (квазипарламенттiк, парламенттiк);
• басқа жiктемесi – социалистiк, прокапиталистiк, бейтарат бағыт (белгiсiз тәртiп).
Саяси режимнің түрлері. Тоталитаризм және оның әралуандығы. Авторитаризм:
түрлерінің жіктелуі. Авторитаризм – (латынның «auctoritas» – билік деген сөзінен
шыққан), демократиялық емес саяси режімнің бірі. Күшті жеке билікпен (диктатурамен)
сипатталынады, яғни биліктің азғана адамдар тобының қолына жиналуы, (Современная
энциклопедия).
Авторитаризм – саяси тәртіп, бұнда бір түрдің немесе топтың өз басшысымен билікке
ұмтылысы. Авторитаризм қоғамдық құрылысы ауысып жатқан елдерде, тағы да ұзақ
дағдарыста болып жатқан қоғамда пайда болады. Берілген шарттар, авторитарлық саяси
режімнің орнату факторы болады.
Өз сипаттаумен ол тоталитаризммен демократияның арасында орнала-сады.
Тоталитаризммен оның автократиялық заң мен шектелмейтін билік сипаттамасы
демократиямен – автономия бар болуы, мемлекет пен басқарылмайтын қоғам салаларымен
ұқсайды.
Мысалға XX ғасырда көп авторитарлық мемлекеттерде легитимация мақсатымен
ұлттық идеология және формальды билік бақылайтын сайлау көп қолданған. Көптеген
Азиядағы, Африкадағы және Латын Америкасындағы авторитарлық режімдер өздерінің
өмір сүруін ұлттық бостандықпен және азаттықпен ақтайды.
Авторитаризмге тән сипаттар:
• билiктiң бір саяси көсем немесе белгiлi бiр топ қолына шоғырлануы;
• бiртұтас идеологияның мiндеттi болмауы;
• саяси билiктiң негiзгi аргументi күштеу емес, бедел болып табылады;
• демократияның кейбiр элементтерiнiң (сайлау, парламенттiк күрес) болуы;
• мемлекет тиым салмаған нәрсенiң бәрi азаматтар үшiн рұқсат;
• репрессиялық аппараттың болмауы;
• мемлекеттiң қоғам өмiрiнiң барлық саласын бақылаудан бас тартуы;
• көппартиялықтың сақталуы;
• билiк құрылымдары сайлау нәтижесi бойынша құрылады, бiрақ әдiлетсiз сайлау;
• БАҚ-ның әр түрлiлiгiнің сақталуы;
• Идеологияның әр түрлiлiгi формалды болса да сақталған.
Авторитарлы режімнің ерекшеліктері:
• авторитарлы режімде билiктi алып жүрушi бiр адам немесе адамдар топтары
болып табылады;
• авторитаризмге шексiз билiк тән, ол азаматтардың бақылауынан босатылады;
• авторитарлы режім күшке арқа сүйейдi;
• авторитаризм билiк пен саясатты монополиялайды және саяси оппозицияға жол
бермейдi;
• авторитаризм қоғамды тұтас бақылаудан белгiлi бiр деңгейде бас тартады. Саяси
емес салаға, ең алдымен экономикаға араласуды шектейдi;
• элитаны билiкке әкелу жоғарыдан шешiледi, саяси электоралды бәсекеге жол жоқ.
Қазіргі әлемде авторитаризмнің сақталып қалуына көп жағдайлар себеп болып келеді,
олар:
•
азаматтық қоғамның дамымағандығы;
•
экономиканың артта қалуы;
•
дамушы қоғамдардағы биліктің шиеленістік тәсілі.
Авторитаризм түрлері. Авторитарлы саяси режім әлемде ең көп тараған режім
болып табылады. Оның түрлерi де өте көп. Бұл монархия, деспоттық, диктаторлық
режімдер, әскери хунталар, басқарудың популистiк формасы т.б. Авторитарлы басқару
формасы өзiн тануға тек күштеу арқылы ғана емес, сонымен бiрге жаппай манипуляциялау,
сонымен бiрге әр түрлi гуманды тәсiлдердi қолдану арқылы да жетедi. Бiрнеше ғасырдан
берi олар легитимацияның дәстүрлi және харизматикалық тәсiлдерiне арқа сүйеуде. ХХ
ғасырда легитимация мақсатында ұлттық идеология қолданып келдi.
Азия, Африка және Латын Америкасының көптеген авторитарлы режімдерi өздерiнiң
өмiр сүруi мен бағыттарын ұлт азаттығы мен қайта өрлеуi қажеттiлiгiмен ақтап отырды.
Екiншi дүние жүзiлiк соғыстан кейiнгi көптеген авторитарлы режімдер өтпелi сипатқа ие
болды. Олар тоталитарлы немесе демократиялық режімдерге бағдар ұстанды. Мәселен, Ф.
Кастроның 1959 жылы орнаған авторитарлы режімі коммунистiк бағдарды ұстанды, сөйтiп
тоталитаризмге өттi. Ал, кейбiр мемлекеттерде Чили, Таиланд, Аргентина, Оңтүстiк
Кореяда ол демократияға өттi.
Авторитарлы режімнің ең танымал классификациясын неміс саясаттанушсы Дирк
Берг-Шлоссер ұсынды. Ол авторитаризмді мына түрлерге бөлді:
1 Дәстүрлі абсолюттік монархия (мысалы, Эфиопия 1947ж. дейін, Непал 2007ж. дейін,
Марокко, Сауд Аравиясы, т.б. ).
2 Олигархиялық типтегі дәстүрлі авторитарлы режімдер. Латын Америкасы елдеріне
тән (мысалы, Гватемала, Никарагуа 1979ж. дейін).
3 Жаңа олигархияның гегемондық авторитаризмі (мысалы, Камерун, Тунис,
Филиппин Ф. Маркос тұсында 1972-1985жж.).
4 «Социалистік бағдар» елдері (мысалы, Алжир, Бирма, Гвинея, Мозамбик,
Венесуэла, Танзания, т.б.).
5 Әскери режімдер (мысалы, Египеттегі Г.А. Насердің режімі, Аргентинадағы Х.
Перонның режімі, Ирак, Перу және т.б. елдердегі режімдер).
Тоталитаризм ұғымы, белгілері мен түрлері. Тоталитаризм (латының « totalis» –
бүкіл, тұтас, жаппай деген сөзінен шыққан) – мемлекеттің қоғам өмірінің барлық саласын
толық (тотальды) бақылауына негізделген саяси режім. Тоталитаризм ұғымы алғаш рет
1923 жылы Джованни Амендолдің Муссолини режіміне берген сыни сипаттамасында
қолданылған. 1929 жылы «Таймс» газеті бұл терминді Кеңес Одағында қалыптасқан
режімге қолданды. 1931 жылы Муссолини «Фашизм доктринасы» атты мақаласында
тоталитаризмді азаматтарына күшті ықпал ететін мемлекеттік идеология және де адамдар
өмірінің барлық аспектілерін мемлекет бақылайтын қоғам деп жазды. Италия (Муссолини)
мен Германия (Гитлер) режімдеріне қолданылған тоталитаризм ұғымын, фашизм мен
ұлтшылдықты жақтаушылар жағымды, ал қарсыластары жағымсыз сипаттаған болатын.
Тоталитаризм теориясы ХХ ғасырдың 40-50 жылдары қалыптасты. Тоталитаризмді
теориялық тұрғыда алғаш зерттеген Ф. Хайектің «Құлдыққа барар жол» (1944ж.) және Х.
Арендтің «Тоталитаризм көздері» (1951ж.), американ саясаттанушылары К. Фридрих пен
З. Бжезинскийдің «Тоталитарлы диктатура және автократия» (1956ж.) атты еңбектері
болды. Соңғы еңбекте КСРО-дағы сталиндік, Германиядағы ұлтшылдық, Италиядағы
фашистік тоталитарлы режімдер эмпирикалық салыстыру әдісі арқылы зерттелді және
тоталитаризмнің мына белгілері ұсынылды:
1 бүкіл саяси жүйені жаппай бір идеология құрайды;
2 мемлекеттік аппарат пен жасырын полиция біріккен және диктатор басқаратын бір
партияның болуы;
3 мемлекеттік аппарат рөлінің өте жоғары болуы, мемлекеттің қоғам өмірінің барлық
саласына енуі;
4 бұқаралық ақпарат құралдарында плюрализмнің жоқ болуы;
5 ақпарат түсетін каналдарда, сонымен бірге орта және жоғары оқу орны
бағдарламаларында қатал идеологиялық цензураның болуы. Тәуелсіз ақпаратты
жариялағаны үшін жазалау;
6 мемлекеттік үгіт-насихаттың жоғары рөлі, тұрғындардың жаппай санасын
манипуляциялау;
7 дәстүрді, дәстүрлі моралды жоққа шығару («жаңа қоғам» орнату);
8 күштеу құрылымдары тарапынан жаппай репрессия мен террордың болуы;.
9 жеке азаматтық құқық пен бостандықты жою;
10 экономиканы орталықтан жоспарлау;
11 билеуші партияның әскери күштерді толық бақылауы;
12 экспансиялық әрекетті қолдау;
13 құқыққорғау саласын әкімшілік бақылау;
14 азаматтық қоғамды толық жою.
Тоталитаризм – көсемнің билігіне бас ұрып, ресми бір идеологияға бағынатын, қоғам
мен жеке адамға билік тарапынан толық және қатаң бақылау орнатылған мемлекеттік
құрылыс.
Тоталитарлық режім жағдайында мемлекеттің бүкіл билігі көсем бастаған (диктатор)
ат төбеліндей аз ғана топтың қолына өтеді, демократия принциптері сақталмайды,
азаматтық қоғам жойылады, адамдардың құқығы мен бостандығы аяққа тапталады, күштеу,
қорқыту, үрейлендіру, бұйыру тәсілдері арқылы адамдар рухани езгіге салынып
жанышталады. Қоғамның барлық саласы түгел, оның ішінде әрі адамның жеке тіршілігі,
отбасы мемлекеттің толық бақылауында болады.
Тоталитарлық жүйе орнаған мемлекеттердің әрбірінде өзіндік ерекшеліктер болады.
Саясаттану ғылымы тоталитарлық жүйені үш топқа бөліп қарайды:
Біріншісі, коммунистік тоталитаризм. Бұл режімде адамдар жеке-меншікке ие бола
алмайды, нәтижесінде, жекелікке (индивидуализм) шектеу қойылып, ұжымдық сананың да-
муына кеңінен жол ашылады.
Екінші түрі – фашизм. Мұндай жүйе бір кезде Италияда орнады. Ерекшелігі –
халықты демократияға қарсы болуға, жауынгерлік рухқа, нәсілшілдікке, шовинизмге тәр-
биелейді.
Үшінші топқа ұлтшыл-социализмді жатқызады. Бұл идеологияны III Рейх, яғни
Гитлер салған болатын. Оның бойында фашизмнің де коммунистік тоталитаризмнің да ұс-
танымдары бар. Ерекшелігі – әлемдегі барлық халықтардың арасынан бір нәсілдің өкілдерін
ғана жоғары санап, мемлекетті тек сол ұлттың өкілдерімен ғана құрауға ұмтылуында.
Мұндай саясат Германиядан басқа елдерде үкімет ұстанымы деңгейіне көтеріле алмағаны-
мен, белгілі бір партия, топ өкілдерінің ұраны ретінде жиі көрініс беріп отырды. Атап
айтқанда, венгрлердің «Айқыш жебе» партиясы, румындардың «Темір гвардия» партиясы
арасында болды.
Демократия және оның әралуандығы. Демократияның қазіргі формалары.
Полиархия. Қауымдастық демократия. Делегативті демократия. Демократияны
негіздеу. Демократия ұғымы мен алғышарттары. Әлемдегi биліктердің барлығы дерлiк
өзiнiң демократиялық табиғаты туралы айтады. Көбiнесе бұл демагогия, бiрақ негiзсiз де
емес, өйткенi тiптi қатал әскери тәртiптiң өзi де халық үндеуiне көңiл аударуға мәжбүр
болады. Нәтижесiнде «демократия» грек тiлiнде «халық билiгi» мағынасын иеленiп, өте
кең ауқымды мәнге ие болады. АҚШ президентi Линкольн «демократия- халық билiгi,
халық сайлаған және халық үшiн» – деп жазды.
Демократия қалыптасуы үшiн бiрқатар экономикалық, әлеуметтiк, мәдени, дiни,
сыртқы саяси жағдайлар керек.
1 Экономикалық алғышарттарға мыналар жатады:
өндiрiс пен экономиканың жоғары деңгейде дамуы;
әлеуметтiк бағдарлы нарықтық қатынастың болуы;
урбанизацияланудың жоғарғы деңгейi;
өндiрiс және тұтынудың динамикалық тепе-теңдiгi.
2 Демократия дамуының әлеуметтiк алғышарттары:
халықтың әл-ауқатының салыстырмалы даму деңгейi;
әлеуметтiк теңсiздiк деңгейiнiң төмендеуi;
қоғам құрылысында әлеуметтiк плюрализмнiң болуы;
тұрғындардың сауаттылығы, жалпы бiлiмдiлiгi.
3 Тұрғындардың саяси мәдениетi де демократияның маңызды алғышарты:
саясат туралы, оның әртүрлi салалары жөнiнде белгiлi бiр деңгейде бiлiмнiң болуы;
саяси құбылыстарға, партиялар мен қозғалыстар, жекелеген тұлғалар қызметтерiне
дербес баға беру қабiлетiнiң болуы;
саяси қатысу белсендiлiгi;
билiк құрылымдары мен институттарының демократиялық саяси мәдениетi.
4 Демократияландырудың сыртқы саяси алғышарттары:
әскери араласу;
саяси ықпал;
экономикалық ықпал;
мәдени-ақпараттық ықпал;
демократия дамуына практикалық көмек, қолайлы көршiлiк қатынас.
Р. Даль либералды демократияның мынадай белгiлерiн атап көрсетедi:
1 азаматтардың тиiмдi саяси қатысуы;
2 олардың шешiм қабылдау процесiне тең қатынасы;
3 нақты саяси мәлiметтер алу, демек таңдауды дербес жасау мүмкiндiгiнiң болуы;
4 азаматтардың саяси күн тәртiбiн бақылау мүмкiндiгiнiң болуы.
Достарыңызбен бөлісу: |