Орфоэпиялық ережелер немесе сөз сазын келтіру қағидалары Орфоэпиялық ережелерді ұсынбас бұрын олардың берілу тәртібі жайында бірер ескертпе айтуға тура келеді.
Орфоэпиялық қағидалардың ұсынылу қалпы (тәртібі, әдісі, стилі) емле ережелерінің берілу тәртібінен біраз өзгешелеу болады. Бұл құрал, бір жағынан, мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілеріне, мектеп оқушылары мен студенттерге ұсынылғандықтан, осы ережелерді жақсы игертулері және игерулері үшін, олар кеңірек дәлелденіп, түсіндірілді. Мысалдар да көбірек келтірілді. Оның үстіне үйренушілер жаттыға түсулері үшін бұл ережелерге сөйлеу тәжірибесінде тапсырмалар беріліп отырды. Ол тапсырмаларды тек сөз сазын үйретуші мұғалімдер, консультанттар т.т. ғана емес, орфоэпия ережелерін өз бетімен игеремін деген жеке адамдар да орындауларына болады, өйткені мұндай жаттығулар ережені іс-жүзінде игере түсуге әбден көмектеседі. Ережені теория жүзінде біліп алу бар да, оны іс жүзінде пайдалана білу бар ғой. Сөзді дұрыс жазу мен сөзді дұрыс айтуға келгенде, жалаң теорияны, яғни ережелерді білу ғана емес, тәжірибенің де, яғни жазу мен сөйлеудің мәні зор.
Екінші бір ескертетін нәрсе – әрбір бапта (параграфта) ұсынылған ереженің жалғасы ретінде ережеге қатысты айтылатын қосымша түсіндірулер, дәлелдемелер беріледі. Оларды да ереже бөлігі деп тану қажет.
Сөзді дұрыс айту ережелерін, олардың түсіндірмелерін, дәлелдемелерін ұсыну үстінде сөздердің жазылуы да жиі көрсетіліп отырылады, оның себебі, бір жағынан, қазақ тілінде сөздің жазылуы мен айтылуы әрдайым бірдей түсіп отырмайтындығын ескертуде болса, екінші жағынан, жазуға қарап оқып (айтып, дыбыстап), оқуға (айтуға, дыбыстауға) қарап жазып шатасу қаупінен сақтандыруда болып отыр.
Сөз сазы ережелері, емле ережелері сияқты баптарға (параграфтарға) ажыратылып берілді. Алды-артындағы түсіндірмелер мен жаттығу материалдарынан бөліп көрсету үшін, ереженің өзі жалпы текстен сәл шегіндіріліп терілді.
§ 1. Қазақ тілінде дыбыстардың бір-біріне әсер етіп, өзара үйлесетін, үндесетін тұстарының бірі – қатаң дыбыстардың ұяңдайтын жерлері.
Ырғақтық топ құрайтын сөздердің алғашқысы дауысты а, е, ы, і, у (ұу, үу), и (ый, ій) дыбыстарының біріне аяқталса, екінші сөз қ, к дыбыстарынан басталса, соңғылар ұяңдап, ғ, г болып айтылады.
Мысалдар: 1) Сөйлеу үстінде ырғақтық топ құрайтын анықтауыш пен анықталғыштардың қатаң қ, кдыбыстарының ұяңдауы:
жазылуы:
бала кезде
ала көлеңке
ата қоныс
жаңа қала
ескі киім
қысқы киім
қыли көз
Мәтінмен келтірілген мысалдың айтылуы (оқылуы):
Білектей / арқасында / өргенбұрұм /
Шолпұсұ / сылдырғағып / жүрсақырын //
Кәмшәтбөрүк / ақтамақ / қарағасты /
Сұлұуғыздың / көрүппең / мұндайтүрүн // (Абай)
Мұнда өрген бұрым, кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, сұлу қыз, мұндай түр деген сөздер – анықтауышты тіркестер, бұлар бір ырғақпен айтылады. Осылардың ішінде жоғарғы ережеге мысал болатындары сұлуғыз, қарағасты болып айтылады.
2) Қатар келіп ырғақтық топ құрайтын толықтауыш пен баяндауыш, пысықтауыш пен баяндауыш, бастауыш пен баяндауыштардың араларындағы қатаң дыбыстар ұяңдап айтылады. Мысалы: мен киноға бармай, үйге келдім; ол кітап оқығанды жақсы көреді; ол шақыртпай өзі келді деген сөйлемдердегі курсивпен көрсетілген сөйлем мүшелері бір ырғақтық топ құрайды, сондықтан олар үйгөгелдім, жақсыгөрөд, өзүгелд(і) болып айтылады.
3) Біріккен сөздердің бөліктері (компоненттері) де бір ырғақпен айтылады, сондықтан бұлардың екінші бөлігінің басындағы қ, к дыбыстары алдыңғы компоненттің соңы дауысты дыбыстарға аяқталып тұрса, ұяңдап айтылады:
жазылуы:
Талдықорған
қаракүйе
қарақұрт
алакөз (құс атауы)
Меңдіқыз
Сарыкөл
1-баптағы (параграфтағы) ережеге қарап мына өлең шумағының дұрыс айтылуын (оқылуын) көрсетіндер, ол үшін, әрине, мұндағы сөздерді ырғақтық топтарға бөліңдер; бұл мәтінде ырғақтық топтардың қайсысының айтылуы берілген ережеге қатысты екенін айтыңдар.