Қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын меңгертуде IT-технологияны пайдалану Орфоэпиялық нормаларды игеру дегеніміз – орфоэпиялық сөздікте берілген сөздер мен сөз түрленістерінің, болмаса белгілі бір сөзге тіркескен сөздер тобының дұрыс айтылу нормаларын жаттап алу дегенді білдірмейтін көзі қарақты қауым сезе бастаған сыңайлы. Мысалы, сөйлемнің құрамындағы кідірістер арқылы жекелеген бөлшектердің, яғни тұтас алғанда мағыналық бөліктердің де атқаратын қызметі ерекше. Мысалы, «қонақ үй» орфоэпиялық нормаға сәйкес «қонағ үй» болып айтылады. Бірақ «Қонақ үйге кірді» деген сөйлемдегі кідірістің орнын өзгерту арқылы екі басқа мағынада түсінуге болады. Біріншісі «Қонағйгө // кірді», ал екіншісі «Қонақ // үйгөгірді» болып шығады. Алғашқы сөйлемнің бастауышы «ол» деген жасырын тұлға болса, келесі сөйлемде «қонақ» екенін аңғарамыз. Ал кідіріспен ажыратылып тұрған ырғақтың ішінде қаншама сөз болмасын олар бір әуенмен, бір деммен айтылғандықтан, олардың арасына жік салмай тіркестіріп көрсетіп айтқан дұрыс деп есептейміз. Сонда кідіріс арқылы ажыратылған ырғақтардың ішінде қаншама сөз болмасын, өзара дыбыстық құбылыстарға ұшырап орфоэпиялық жағынан тұлғаланып тұрады екен. Сонда орфоэпиялық нормалар сөз ағымындағы кідіріссіз іске аспайды екен. Әрине, мұндай жайттардың «Орфоэпиялық сөздіктерде» қамтылмайтыны белгілі. Сонда мәтіндегі орфоэпиялық нормалардың іске асу жазбасын, ережесін жасаудың қандай да бір жолдары бар ма деген заңды сауал туындайды.
Біздің ойымызға мәтінді екіге бөліп «өлең сөздің орфоэпиясы» және «қара сөздің орфоэпиясы» деп қарастырған жөн. Алдымен өлеңге тоқталайық. Қазіргі кезде тәжірибеде байқалып отырғандай біреулер өлеңді судыратып оқып шығады, біреулер сезімге беріліп оқиды, біреулер әр сөзден соң кідіріп кідіріс жасап оқиды, біреулер мәнерлеп оқиды, енді біреулер сөзбен сөздің арасына жік салмай сірестіріп оқиды. Әйтеуір қазіргі кезде кім болса да өлеңмен немесе мәтінмен жұмыс істегенде оны мәнерлеп оқып тұрмыз деп есептейді. Бірақ мәнерлеп, өлеңді нақышына келтіріп, орфоэпиялық нормаларды сақтап оқу дегеніміздің өзі не? Көпшілік мұның өзі белгілі бір заңдылықжүйесінен шығатынын және соған бағынары даусыз екенін іштей сезеді.
Мәнерлеп оқудың алғышарттарына тыныс белгілердің тек қағазда көрініс табуы ғана емес, солардың сөз ағымында да өз қызметін атқаруы, дауыс ырғағының өз орнымен көтерілуі не түсуі, қарқынның жылдамдауы не баяулауы, фонетикалық заңдылықтардың, орфоэпиялық нормалардың және тағы да сол секілді біршама заңдардың сақталуы жатуы тиіс. Осы тұрғыда «Қазақ грамматикасы» «Сөйлеу тіліндегі интонацияның жазба мәтінде көрініс табуы табиғи нәрсе және жазылған мәтінді мазмұнына қарай дұрыстап, мәнерлеп оқу да оның интонациясына байланысты. Егер оның интонациясын өзгертіп, яғни қатар тұрған сөздердің ырғақтық топтасуын, сонымен байланысты паузасын жылжытса, оның стилистикалық реңі ғана емес, сөздердің грамматикалық мағынасы да өзгеріп кетуі мүмкін» деп ескертеді.
Сөз бен сөйлемдердің, сонымен бірге өлеңді бунаққа, ырғаққа, кідіріске ажырату үшін фонетикалық дыбыстық сараптау бағдарламасы Praat-ты қолдануға болады. Тегін таратылатын бағдарлама Windows операциялық жүйесінде оңай жұмыс жасайды және бағдарламаның тәжірибелік мақсаттарды шешудегі мүмкіндігі мол. Тек компьютерде отырған адамға дауысты жазып алатын микрофон мен дауыс зорайтқыш болса жеткілікті.
Енді жоғарыда сөз етілген дыбыстық сараптау құралдарының тілдегі көрінісін Абайдың көркем оқылған өлеңінен үзінді алып бағдарламаның көмегімен кешенді түрде талдауға болады. Ал алынған нәтижелерді қазіргі қазақ тілінің фонетикасы мен интонологиясында пайдаланып жүрген шартты белгілермен өрнектеп, өлең шумағының толық транскрипциясын жасап көрейік: