Лекция Тақырыбы: Патриоттық тәрбие берудің ғылыми-теориялық негіздері Жоспар патриоттық тәрбиенің мақсат- міндеттері жаңа қазақстан жастарының патриоттық тәрбиесін қалыптастыру
№1 Лекция Тақырыбы:Патриоттық тәрбие берудің ғылыми-теориялық негіздері Жоспар - патриоттық тәрбиенің мақсат- міндеттері
- жаңа қазақстан жастарының патриоттық тәрбиесін қалыптастыру
Қысқаша теориялық мәлімет: Қазіргі заманғы патриот ұғымы американдық және француздық буржуазиялық революция кезеңінде қалыптасқан. Халық жұмысымен айналысатындар, отан қорғаушылар сол кезде патриот деп саналған. «Патриот–отанын сүйетін адам, өз халқына берілген, отанына жанын беруден тайынбайтын адам» деген түсінікте бар. Патриотизм (грек. patris – отан, атамекен), өзінің жеке және топтық мүдделерін жалпы елдің мүдделеріне бағындыратын, оған адал қызмет етіп, қорғауды мақсат тұтатын өз Отанына, Атамекеніне деген терең сүйіспеншілік сезімі Оның қазақшасы-жерлес, отандас дегенді білдіреді, яғни Отанын, ұлтын сүю, оны жаудан қорғау.
Қазақстандық патриотизм, қазақстандық ұлтаралық татулықпен байланыстырылған. Оның тамырында ұлттық және мемлекеттік идеология бар. Осының бәрін қатар алып жүру ұлттық міндетіміз. Ұлттық идеология - қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі, діні, тарихынан туындайтын көзқарас. Бірақ қазақтың ұлттық идеологиясы осының көшбастаушы болуы тиіс. Бұл орайда Президент Н.Ә.Назарбаев: «Менің көзім анық жеткен бір нәрсе: өзгелердің ұлттық мәдениетіне тиісті құрметтеу жоқ жерде шынайы азаматтық татулық та болмайды. Қазақтар орыс мәдениетін жете меңгерген. Ендеше, қазақ әдебиеті де Қазақстанда тұратын басқа ұлт адамдары үшін жеті қат жер астындағы нәрседей алыс құбылыс болмаса керек. Осылай бір-біріне айтпай түсінген ақпейілдік пен бауырмалдық қана ұлтаралық жарастыққа жол ашады. Ол жоқ жерде өшпенділік пен бейберекеттік бел алады» Мемлекеттік идеология - қазақстанда тұрып жатқан халықтардың мүддесінен туындаған мемлекет саясаты. Нақтылап айтсақ "Идеология (идея және логия) - таптар мен әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіретін қоғамдық сана, саяси, философиялық, моральдық, эстетикалық және діни көзқарастар мен теориялық идеялардың жиынтығы” болып табылады.
Қазақстандық патриотизмнің мүддесі Қазақстан Республикасын біртұтас Отаны ретінде қабылдап, өзін республика халқының құрамдас бөлігі сезінетін азаматтық парыз бен намысын тәрбиелеу. Қазақстандық патриотизмнің мазмұны ешкімді жатырқамайтын, табиғатынан ашық жарқын, ұлттық салт-дәстүрге сәйкес келетін, мемлекетте қалыптасып отырған саяси жағдайға байланысты ұлтаралық келісім, толеранттылыққа негізделеді. Патриотизм Қазақстан сияқты көпұлтты қоғамда ұлттардың қарым-қатынасын реттеуде өте маңызды құрал. Әсіресе көп ұлтты елімізде патриоттық тәрбие ұлттардың жақындасыуына бір-бірін сыйлауына, жауапты ұлт ретінде қазақты құрметтеуге үйретсе, керісінше қазақтардың басқа ұлт өкілдерін кемсітпей, оны осы елде туып өскен мемлекет азаматы ретінде өзімен тең деңгейге санап, қатар татулықта өмір сүруге үйретеді. Осылардың салдарынан ұлттық мақтаныш сезімі, елге деген патриоттық сезімі оянады.
Жоғарғы оқу орындарындағы ұлтаралық жақындасу туралы академик Сагинов А.С келесі пікірін айтқан: «Жас мамандардың көзқарасын қалыптастыруда еңбекпен тәрбиелеу мектебі баға жетпес пайда әкелетінін өмір дәлелдеді. Еңбек арқылы қол жеткізілген ұлтаралық жақындасу өмір бойы сақталып қалады» Бұл тұғырлы ойларды патриоттық сезімді тәрбиелеуге бағдар беруші ретінде қабылдауға болады.
Жастарды патриоттық тәрбиелеу ең алдымен Қазақстанның одан әрі ұлттық өркендеуі үшін жағдай жасауға бағытталуы тиіс және оның мақсаты мынандай болуы керек: жастар арасында жоғары әлеуметтік белсенділікті, азаматтық жауапкершілікті, жоғары руханилықты, жағымды құндылықтары бар азаматтардың қалыптасуын дамыту.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың "Тарих толқынында” деген еңбегінде негізінен түркі тектес халықтардың, оның ішінде түркі мәдениетіне, қазақ топрағында түрлі діндердің болғанын айтқан.
Бұл еңбек қазақстандық ұлттық, ұларалық татулықтың, қазақстандық патриотизмнің негізі тәрізді. Бүгінгі күні ата-бабалар, одан кейінгі ұрпақтардың салып кеткен дара жолымен жүріп, сол жолды ары өркендету, өмір жаңалығын ескере отырып, ескімен жаңаны байланыстыру Қазақстан халқының парызы.
Елдің тәуелсіздігі көп нәрсеге ой салдырады. Мұнда тарихи сананы ояту, жоғалғанын өзіне қайтару, өрлеу дәуіріне жол ашу деген мағына, сондықтан қазақстандық патриоттық тәрбие деген ұғым тек қана айтыла салатын дерексіз ұғым емес, ол ең алдымен нақты, өз ұлтына, сонда тұрып жатқан халықтарға берілген, адал еңбек ете алатын, жалпы халықтық, әлеуметтік мәдениетті түсініп, білетін соның нұсқаларын өз халқының қажетіне жарата алатын, басқалары түсіне білетін нағыз адам сүйгіштік, қазақстандық патриоттық рұхтағы белсенді адамдарды тәрбиелеу үшін керек.
Тәрбиенің негізі, оның мақсаты, міндеті, мазмұны, түрі, құрылымы, әдісі, тәсілі, заңдылықтары, принциптері, құралдары бар. Сол сияқты қазақстандық патриотизмнің мақсат, міндеті, түрі, әдіс-тәсілі бар. Егер патриоттық тәлім-тәрбиемізде осы негіздер болмаса ол жәй сөз болып қалуы мүмкін. Өзін-өзі білмеген адам өзінің кім екенін түсінбейді.
Қазақстандық патриоттық тәрбие бүгінгі өмірден оқшауланбайды, қайта жаңа өмірмен қауышып ұлттық тәрбиеге жаңа мән береді. Ұлттық тәрбие дегеніміз ол оқшаулану емес, керісінше ұлттық тәрбие үлгілерімен әлемдік идеяларды қабылдап, ненің тозық, ненің озық екенін тани білу, өрісі, дүнитанымы кең азаматтарды тәрбиелеуге мүмкіндік болады деп түсіну қажет. Ұлттық тәрбие қазіргі өмірмен байланыстырылғаны тиімді, өйткені ескінің жаңамен жарасып жатқаны өміршең келеді.
Біржақты ұлттық тәрбие - ұлтаралық қақтығысқа соқтыруы мүмкін. Елбасы Қазақстанның барлық ұлт өкілдерін тек «Отандастарым» деп атайды. Бір сөзінде: «Отандастарымнан бөлек уайымым да жоқ, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені де болса елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін» - деп отандастарының жігерін, патриоттық сезімін қайрайды [5, 299 бет]. Бұл сөздердің астында баға жетпес кеңдік пен жақсылық туындататын салдар бар деп түсіну керек және оны тәрбие барысында басты құрал ретінде пайдаланған дұрыс деп ойлаймын.
Жастардың патриоттық тәрбиесін бірден бір қалыптастырушы институт ол мемлекет. Патриотизмді мемлекеттік идеология ретінде жүргізу арқылы жаппай қалыптастыра алады. Президент атап өткендей бүгінгі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу - мемлекеттік идеологияның темірқазығы болуы тиіс. Сонымен қатар патриотизмді жастардың бойында қалыптастыруда: отбасы, оқу орны, қоршаған орта, БАҚ т.б. маңызды орын алады.
Жастарға патриоттық тәрбие беруде жоғарғы білім беру орындарының рөлі ерекше. Білім ордасында қалыптасқан көзқарас, кейінгі еңбек жолында жалғасын табады, ол отбасын құрғанда, жолдастар арасында, еңбек ұжымында қылаң беретіні сөзсіз. Сондықтан жоғарғы білім беру орындарында сапалы білім берумен қатар патриоттық тәрбиеге аса мән берілу қажет. Қазақстанда жастарға патриоттық тәрбие беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылдың 18 шілдесіндегі №734 қаулысымен бекітілген 2005-2007 жылдарға арналған салалық жастар саясаты Бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік маңызды жобаларды қолдау мақсатында патриоттық тәрбие беру саласындағы жастар ұйымдарының бірқатар бастамаларын жүзеге асыруға қаржы бөлінуде. Атқарылған іс-шаралар БАҚ құралдары арқылы халыққа жеткізілуде. Соңғы игі істердің бірі «Қазақстан 2020: Болашаққа жол» атты Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасының талқыланып, оның жобасы мақұлданды
Патриоттық тәрбие беру ісінде балалар мен жастар қоғамдық қозғалыстары мен ұйымдары, шығармашылық одақтар маңызды ролге ие, олардың әрекеттерінің негізгі мақсаты болып – тұлғаның өзін-өзі тануы мен дамытуындағы әрекеттер табылады.
Жастар арасындағы патриоттық тәрбие беру жүйесі білім беру және тәрбие беру процесінде балалар мен жастар қоғамдық қозғалыстар мен ұйымдардың, шығармашылық одақтардың құрылуын қарастырады. Елімізде жастар ұйымдарының саны жылдан жылға артуда. Алдыңғы қатардағы ұйымдар: «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты; «Жасыл ел» ЖЕЖРШ; «Қазақстан Жастар конгресі» ЗТБ; Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық «Болашақ» стипендиясы түлектерінің қауымдастығы; «Ауыл жастар одағы» ҚБ т.б.
Жүйелі бағытталған мемлекеттік саясат арқылы мемлекеттік органдар мен жастар, жастар ұйымдары мен қозғалыстар арасындағы қарым-қатынас тетіктері жетілдірілуде. 2020 жылға дейінгі Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы жасалып, аталған сала бойынша заңнаманың жаңартылуда. Білім және ғылым министрлігі құрамында Жастар саясаты жөніндегі комитеттің, ал аймақтарда, сәйкесінше, басқармалардың құрылуы еліміздің әр өңірінде барлық деңгейде жастардың жедел және тиімді жобалары мен бастамаларының жүзеге асырылуына ықпал етілуде. Бұл - жастарға одан әрі жаңа көкжиектер мен мүмкіндіктер ашылатынына сенім ұялатады.