Негізгі үғымдар: сынып, сыныптың тәрбие жұмысының жүйесі, тәрбиелеуші және дамытушы ортаны қалыптастыру, сыныптың тәрбиелік ортасы, сыныптың тәрбиелік ортасын дамыту, дарынды балалармен тәрбие жұмысы, педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалған балалармен тәрбие жұмысы.
Пәнаралық байланыс: философия, жалпы педагогика, әлеуметтік педагогика, мәдениеттану, психология, тарих, физиология, этнопедагогика, валеология.
1. Бүгінгі таңда өз өмірін өзі басқара алатын, басқару және ұйымдастыру қабілеті жоғары жас ұрпақ тәрбиелеу өзекті мәселеге айналып отыр. Өзін –өзі басқару құзыреттілікті меңгеру, оқушыларға өз даму процестерінің, өмірлік іс-әрекеттерінің басқарушыларына айналуын қамтамасыз етеді. Оның негізінде оқушылар өз іс-әрекеттерінің мақсат-міндеттерін, оларды жүзеге асыру амал-тәсілдерін дербес таңдау, өз бетімен шешім қабылдау және оның нәтижелері үшін жауапкершілік арту мүмкіншіліктеріне ие болады. Өзін –өзі басқару құзыретілігі оқушының қоғамның дербес, өзіне сенімді, өзін –өзі іске асыра алатын, қоғам дамуының қарқынды жағдайларына тек бейімделіп қана қоймай, осы процесті дамытуға өз үлесін қоса алатындай тұлғаға айналуына жағымды әсер етеді.
Оқушылар ұйымы – балалар мен жасөспiрiмдердiң өз ерiктерiмен белгiлi бiр мақсат қойып, бiлiм дағдылары мен пайдалы істерді игеруде ұйымдық түрде арнайы топқа бiрiккен шығармашылық әрекеттерiнiң үрдiсi болып табылады. Ондағы тәрбие мәселелерінің маңызы мен әлеуметтік мәніне Луначарский А.В., Крупская Н.К., Макаренко А.С., Сухомлинский В.А., Блонский П.П., Лебединский В.В., Бабанский Ю.К., Болдырев Н.И. т.б тоқталып өткен.
Оқушылар ұжымындағы өзін – өзі басқару жүйесінің негізін салушы американдық педагог Э.Джилль болды. Бұл жөнінде ол өзінің “Мектеп республикасы – Republic of shcool” (1897) атты еңбегінде баян етеді. Солардың бірі Ұлыбританияда пайда болған “скауттар” атты балалар мен жасөспірімдердің бірлестіктері болып табылады.
1907 жылы Британия Корольдiгiнiң қолдауымен, Лондон қаласында тұңғыш скауттар ұйымының Құрылтайы өтедi. 1921 жылы Дүниежүзiлiк скауттар ұйымы құрылды. Оған 63 мемлекеттiң (Патшалы Ресей, Америка, Германия, Италия, Франция, Швеция, Индия т.б) өкiлдерi мүше болды.
Патшалы Ресейде Царское Село (Пушкин қаласы) қаласында 1909 жылы тұңғыш Скауттар ұйымы тұсауын кестi. 1914 жылы Ресей Императоры Николай II “Русский скаут” атты қоғамдық ұйымды құру жөнiндегi Патша Жарлығына қол қойды.
Кеңес үкіметі және социалистік даму бағытын ұстанған мемлекеттерде (Болгария, Куба, Германия, Венгрия, Вьетнам т.б.) балалар мен оқушылардың ұжымдық топтасуларының аса белсенді көріністері –пионер ұйымының құрылуына негіз болды.
Пионер ұйымы туралы Үлкен Кеңес Энциклопедиясында: “...Бүкілодақтық В.И.Ленин атындағы пионер ұйымы балалар мен жасөспірімдердің өзін -өзі басқаратын, бұқаралық коммунистік қоғамдық бірлестік болып табылады..”делінген. 1945 жылдары “тимуршылар” атты мектеп оқушыларының қайырымдылық қозғалысы бүкiл одақты шарпыды.. Пионер көсемдері мен белсенділерiн дайындау барысында бүкiлодақтық “Артек” пионерлер лагерiнiң маңызы өте зор болды.
Мектептегi оқушылар ұжымының негiзгi қалыптастырушы күшi – оқушы балалардың қоғамдық қарым-қатынасы. Балалар арасындағы қарым-қатынас, мектеп оқушылар қауымының қоғамдық пiкiрiн қалыптастырады. Оқушылардың өмiрге және мектептегi педагогикалық ықпалдарға деген көзқарастары олардың жас ерекшелiктерiне қарай әр түрлi сипатта дамиды.
2. Отбасы, барлық уақытта да, өсiп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесi мәселелерiн шешуде үлкен мүмкiндiктерге ие болған. Қазiргi заманғы отбасының өсiп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесi мәселелерiн шешудегi ерекшелiгi - ата-ананың бiлiм және жалпы мәдени деңгейiнiң жоғары болуы.
Балалардың отбасыдағы тәрбиесi - белгiлi бiр тұрақты әлеуметтiк институт ретiнде анықталады, ол отбасы мүшелерi арасындағы өзара қатынастардың қалыптасуы мен дамуына септiгiн тигiзетiн адамдардың жақындығы, туыстық қатынастар, өзара үйлесімдiк тұрмыстық өмiр. Отбасы тәрбиесiнiң артықшылығы да осы қатынастарда, оны тәрбиенiң ешқандай да түрi алмастыра алмайды.
Отбасы-болашақ азаматтың әлеуметтiк жолындағы алғашқы қадамдарын жасайтын бастапқы адам. Ол балаға моральдiк қалпы туралы алғашқы түсiнiк бередi, оны еңбекке баулып, өз-өзiне қызмет ету дағдыларын қалыптастырады. Ата-ананың iс-әрекетi мен мiнез-құлқы, өмiр сүру арқылы балаға дүниетанымдық, адамгершiлiк, әлеуметтiк-саяси құндылықтар берiледi.
Отбасы тәрбиесiнiң қоғамдық және мемлекетiк тәрбиеге қарағанда артықшылығы басым. Алайда, қоғамдық өмiрде болып жатқан әлеуметтiк, экономикалық және демографиялық өзгерiстер отбасыға белгiлi бiр қиыншылықтар туғызады.
Нарық қатынастарының дамуы нәтижесiнде отбасыда айтарлықтай адамгершiлiк тұрғыдан ересектердiң де, балалардың да жаңа құндылық бағытарын қалыптастырып, отбасы өмiрiне елеулi өзгерiстер әкелдi. Ата-ана мен мұғалiмдердiң мiндетi- қоғамдық қатынастардың жаңа жүйесiн ұсынып, отырған әлеуметтiк мүмкiншiлiктi дұрыс пайдалану. Мектеп пен іс-шаралар, кiтап оқу-күнделiктi және жиi болып тұратын құбылыстар. Ата-ана баланы дұрыс педагогикалық мәдениетке бағыттап оқыту мен тәрбиелеу мәселесiне әлеуметтiк - жауапкершiлiгiн түсiнедi. Ата-аналар, отбасы айтарлықтай түзетулердi керек етпейдi. Олар оның мәнiн және өздерiнiң баланың өмiрiн ұйымдастырудағы алатын орнын түсiнедi.
Отбасы бос уақыттағы бiрлескен iс-әрекетiнiң оқушы үшiн маңызы өте зор. Отбасы мүшелерiнiң өзара әрекеттестiгi ретiнде, түсiнiсу, сезiм әсерлерi негiзiндегi бiр бiрiне ықпал етуi. қарым-қатынас кезiнде iс-әрекетпен, тәжiрибемен, сезiм әсерлерi қатар жүредi. Ата-ана мен баланың ара қатынасы отбасы өмiрiнiң айқын көрiнiсi, оның микроклиматын қалыптастырып, отбасының даму мүмкiндiлiктерi. Педагогикалық мәдениетi төмен жанүяларда бос уақыттың педагогикалық мәнi болмайды, ол тек көңiл көтеру мақсатында ғана пайдаланыланады.
Отбасы тәрбиесi туралы алғашқы педагогикалық түсiнiктер мен идеялар халық педагогикасында пайда болған. Педагогикалық ғылымның дамуы барысында отбасы тәрбиесiнiң мәселелерi нақты ғылыми-теориялық және әдiстемелiк мазмұнға ие бола бастады. К.Д. Ушинский, Л.Н. Толстой, П.Ф Лөсгафт және басқалар балалар тәрбиесiн ұйымдастыруда олардың даралық ерекшелiктерлiң бейiмдiлiктерiн, дене-күш және психологиялық даму деңгейiн ескеру керектiгiне ерекшө көңiл бөлген. Н.К Крупская, А.С Макаренко бала тәрбиесiнiң теориясында атап көрсеткен қазiргi зерттеушiлердiң еңбектерiнде, балалардың жанүядағы қарым-қатынасындағы қызмет әрекетiн ұйымдастыру, салауатты өмiр салтын құру, мектеп пен отбасы ара қатынасы т.б. мәселелерi қамтылған. Отбасының тәрбие өмiр салты, оның барлық құрлымдық элементтерi бiр-бiрiмен тығыз байланысты, өйткенi олардың мақсат мiндеттерi ортақ iс-әрекеттернiң жалпы тәсiлдерi, әдiстерi және бағыттылығы бар. Отбасыдағы тәрбиенiң субъектiлерi - ата-ана мен бала, әлеуметтiк мақсат, мiндет, педагогикалық тәсiлдер, әдiстер. Осы элементтердi бiрiктiретiн негiз - iс-әрекет.
3. Ата-аналармен жүргізілетін жұмыс неғұрлым тиімді болуы үшін олармен байланыстың түрліше формаларын қолдану қажет. Кейбір сынып жетекшілері тоқсанның аяғында үлгіру қорытындылары туралы ата-аналар жиналыстарын өткізумен және және оқуға үлгермеуші немесе тәртіпсіз балалардың ата-аналарын мектепке шақырумен шектеледі. Бұл жағдайларда сынып жетекшілері өз оқушыларының үйдегі жағдайларын нашар біледі, әрі ата-аналармен барлық уақытта бірдей келісіп әрекет жасамайды.
Ата-аналармен жұмыста жұмыстың коллективтік және жетелік формаларын ұштастырып отырған жөн. Ата-аналармен жұмыс істеудің негізгі формаларын қарастырайық.
Оқушының отбасына барып тұру. Бұл – ата-аналармен жеке жұмыс істеудің неғұрлым кең тараған тиімді түрі. Отбасына барғанда сынып жетекшісі өз оқушысының тұрмыс жағдайымен танысады. Ата-аналармен жеке отбасының басқа мүшелерімен әңгімелескенде сынып жетекшісі оқушының мінезі, қызығуы мен икемділігі туралы,ата-аналарына, үлкендер мен кішілерге қарым-қатынасы туралы мағлұматтар алады. Сонымен қатар сынып жетекшісі ата-аналарға, отбасындағы үлкендерге оқушының үй сабақтарын ұйымдастыру, күн тәртібі, жеке бастың және қоғамдық гигиена ережелерін сақтау, еңбекке баулудың формалары мен әдістері туралы педагогикалық кеңестер береді. Ол оқушының үлгерімі мен тәртібі туралы оның оқу жұмысындағы және қоғамдық пайдалы еңбектегі жетістікері туралы ата-аналарға хабарлап отырады.
Оқушылардың отбасына алғаш рет, әдетт, оқу жылы басталғанға дейін немесе бірінші тоқсанда барады. Бұлай ету сынып жетекшісі сол сыныпта бірінші жыл жұмыс істей бастаған жағдайда қажет. Алғашқы барудың мақсаты – оқушының үйдегі өмірімен, тұрмыс жағдайымен танысу.
Әрбір отбасы – бұл бір үлкен де күрделі дүние. Олардың әрқайсысында өзінің әдеттері, дәсьүрлері және қарым-қатынастары бар. Осының бәрін жақсы біліп, бала тәрбиелеудегі жақсы және осал жақтарын айқындап отыру керек. Отбасы ішіндегі қарым-қатынасты зерттеп білу, әрине, күрделі, бірақ керек іс. Онсыз ата-аналарға нақтылы кеңес беру қиын.
Отбасына алғаш рет барғанда оқушының өзін үйінде қалай ұстауының, үй шаруасына қатысатынын-қатыспайтынын, өзінің оқу құрал-мүліктерін қалай ұстайтынын, белгіленген режимді орындайтын-орындамайтынын анықтауға болады. Бұл жолы оқушымен де әңгімелесіп, оған үйге тапсырмаларды орындау туралы ақыл-кеңес беріп, кластан тыс оқуға кітаптар ұсынған жөн.
“Сынып жетекшісінің жұмысы туралы” методикалық хатта көрсетілгендей, отбасына қатысқанда ол “оқушылардың күнделікті режимді және отбасы шаруашылығындағы міндеттерін орындауын ата-аналар қалай бақылап отырады, сабаққа әзерлену үшін балалардың жұмыс орны, оқу құралдары мен көркем әдебиет тұратын кішкене кітапханасы бар ма, тазалық сақтау талаптарын орындай ма, оқушы таңертеңгі гимнастикамен айналыса ма, бос уақытын қалай өткізеді деген сияқты мәселелерге ерекше назар аударады”.
Ата-аналармен әңгіме нақтылы және мазмұнды болуы үшін ең алдымен мұғалімдермен ақылдасып, оқушының үлгерімі мен мінез-құлқы туралы керекті мәліметтер жтнап алған пайдалы. Отбасыға баратын уақыт туралы сынып жетекшісі ата-аналарға алдын ала ескертіп қоюы керек. Кейде оқушы ауырып қалған немесе белгісіз себептермен бірнеше сабақ қалдырға кезде, лайықсыз әрекет жасағанда сынып жетекшісі отбасыға алдын ала ескертпей-ақ келе береді.
Ата-аналарды мектепке шақырту. Сынып жетекшісіне ата-аналармен кездесіп, оқушыны тәрбиелеу туралы ақылдасып отыру әрдайым қажет. Ал отбасыға ол үнемі барып тұра алмайды. Сондай жағдайда ата-аналарды мектепке әңгімелесуге шақырады. Мұндай кездесулерде тәрбие мен оқытудың көптеген қиын мәселелерін шешуге болады.
Ата-аналарды мектепке тек бала тәртіп бұзғанда немесе жаман оқи бастағандағана шақырмау керек. Кейде оқушы өзін жаман ұстамайды, жақсы оқиды, бірақ сынып жетекшісі оның кластан тыс оқуын ұйымдастыру, оны қандайда бір қоғамдық пайдалы жұмысқа қатыстыру, оның белгілі бір саладағы дарынын дамыта беруге қажетті жағдайлар жасау туралы да ата-аналармен келісіп алуы керек.
Ата-аналарды мектепке тек балалардың үстінен шағым айту үшін, әкесі мен шешесі өзінің ұлына немесе қызына “шара қолдануы”,оларды “қолға алуы” үшін ғана шақырмау керек. Мұндай жағдайда ата-аналар көп ретте балаларына қол жұмсауға әзір тұрады. Егер мектепке тәртіп бұзған оқушылардың ата-аналарыншақыратын болса, онда олармен бірыңғай талаптармен педагогикалық тұрғыдан өзін өмірде ақтаған ықпал ету шаралары жөнінде келісіп алу керек. Оқушыларға әсер етудің шалалары жөніндегі байсалды, іскер әңгіме, оған мін тағып, шағым айтудан гөрі әлдеқайда көп әсер етеді.
Кейбір мектептерде ашық есік күндерін немесе ата-аналар күндерін ұдайы өткізіп тұрады. Бұл күндері ата-аналар мектепке келіп, балалардың тәртібі, үлгерімі жөнінде әңгімелесе алады. Сынып жетекшілері отбасыдағы бала тәрбиесі жөнінде педагогикалық кеңестер беріп, мектеп оқушысының неғұрлым ұтымды режимін жасауға көмектеседі, педагогикалық әдебиеттер ұсынады.
Оқушының ата-аналарымен хат жазысу. Кейбір сынып жетекшілері отбасымен байланыстың ата-аналармен хат жазысып тұру сияқты түрін де қолданады. Хат арқылы мектеп оқушысының үлгерімі мен тәртібі туралы хабарлап тұрады. Отбасымен байланыстың мұндай түрі әдетте селолық мектептерде, ата-аналар мектептен алыс тұрғандықтан олармен тікелей байланыс жасау қиын жерлерде қолданылады.
Ата-аналарға арналған әңгімелер мен лекциялар. Ата-аналар арасында педагогикалық білімдерді насихаттау үшін әңгімелер мен лекциялар өткізіліп тұрады. Олардың мазмұны ата-аналардың талаптарына, оқу-тәрбие жұмыстарының нақтылы міндеттеріне байланысты болады. Төртінші-бесінші кластың оқушыларының ата-аналарына үйге берілген тапсырмаларды орындауы туралы, мектеп оқушысының режимі, оларды дербес қызмет істеуге қызықтыру туралы айтып беруге болады. Ал алтыншы – сегізінші клас оқушыларының ата-аналарына арналған лекцияларда жасөспірімдерге деген көзқарасты өзгерту, олардың білімге деген ықыласын артыру, оларды қоғамдық пайдалы еңбекке тарту, техникаға ықыласын арттыру туралы айтқан жөн. Жоғары сынып оқушылары ата-аналарының алдына ой еңбегі мен дене еңбегін дұрыс ұйымдастыру, балалардың қоғамдық іске, техникаға, ауыл шаруашылығы мәселелеріне қызығушылығын арттыру, мамандық таңдау мәселелері қойылуы тиіс.
Әңгімелер мен лекциялар жүйелі түрде, белгілі программа бойынша өткізіліп отырылса ғана, көздеген мақсатына жете алады. Мектептерде ата-аналармен әңгімелер, әдетте, мынадай тақырыптарға өткізіледі: “Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігі туралы”, “Үйге берілген тапсырмаларды орындауда балаларға қалай көмектесуге болады”, “Балаларды мадақтау және жазалау шаралары туралы”, “Балаларды еңбекке тәрбиелеу”, “Балаларды ұқыптылыққа үйрету”, “Үлкендерді сыйлауға үйрету”, “Тіл алғыштыққа үйрету”, “Бала тәрбиелеуде режимнің маңызы”, “Баланың мінез-құлқын тәрбиелеу туралы”, “Кластан тыс оқуға қалай басшылық жасау керек”.
Жоғары сынып оқушыларының ата-аналары үшін мынадай тақырыптарға әңгімелер мен лекциялар өткізуге болады: “Мамандақ таңдауда мектеп оқушыларына қалай көмектесуге болады”, “Баланың өмір жолындағы ананың орны”, “Бала тәрбиелеуде әкенің ролі”, “Біз және біздің ересек балаларымыз”, “Біздің балалардың қабілеті”, “Балаларға адамгершілік тәрбие берудегі ата-ананың ролі”, “Жігіттер мен қыздардың өзін-өзі тәрбиелеуі”.
Консультациялар. Сұрақ-жауап кештері. Лекцияларда ата-аналар өздері қызықтыратын сұрақтарына әрдайым жауап ала бермейді. Үлкен аудиторияларда олар не ұялады немесе лектордан сұрап алуға мүмкіндік болмайды. Сондықтан мектепте немесе жеке кластарда тәрбие мәселелері жөнінде жүйелі түрде консультациялар өткізіп отыру қажет. Консультация кезінде ата-аналар тәжірибелі педагогпен ақылдасып, өз пікірін тексеріп, тәрбие жұмысындағы өзінің әдісінің дұрыс-бұрыстығына көзін жеткізеді. Әдетте ата-аналарды балалардың айтқанға құлақ асуы, еркелік пен қыңырлықты түзеу, күйгелек баланы тәрбиелеу, мектеп оқушысының жалқаулығымен және ұқыпсыздығымен күрес сияқты мәселелер қызықтырады. Консультант бұл мәселелерге жауап беру үшін балалардың мінез-құлықтарындағы ерекшелікті және отбасыдағы тәрбиенің жағдайын анықтап алуы қажет. Сонда ғана ол ата-аналар қойған сұрақтарға неғұрлым нақты жауап бере алады.
Педагогикалық білімдер тарату және ата-аналарға бала тәрбиелеуде көмектесу мақсатында мектепке сұрақ-жауап кештері өткізіліп тұрады. Сұрақтарды әдетте алдын ала жазба түрінде береді. Ал қосымша сұрақтар сол кеште ауызша да қойылуы мүмкін. Сұрақтарға жауап беру үшін педагогика мамандары ғана емес, психологтар, дәрігерлер, юристер де тартылады.
Жоғарыда айтылғаннан басқа да ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың түрлеріне мыналарды айтуға болады:
тәрбие беру тәжірибесін алмасу жөніндегі конференциялар;
лекторийлер, кинолекторийлер;
ата-аналарға арналған университеттер;
ауызша журналдар,
ата-аналарды педагогикалық әдебиеттермен таныстыру және т.б.
Кластың ата-аналар жиналысы. Бұл – сынып жетекшісінің отбасымен байланысының аса маңызды бір түрі. Кластағы оқу-тәрбие жұмысының жайымен және міндеттерімен ата-аналарды таныстырып отыру үшін мұндай жиналыстар оқу жылының басында және әрбір тоқсанның аяғында өткізіледі. Онда балаларды мектепке және отбасыда тәрбиелеудің аса маңызды мәселелері талқыланады. Жақсы дайындалып шебер өткізілген жиналыстар балалар мінез-құлқын дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі. Сынып жетекшісі үлгерім қорытындысы мен тәртіптің жайы туралы хабарлама жасаумен тынып қоймайды. Отбасы тәрбиесінің озат тәжірибесі туралы да айтады, бала тәрбиесінің күрделі мәселелерін шешуге ата-аналарға көмектеседі. Сол сияқты, ата-аналарды сынып жетекшісінің, пионер отрядының немесе комсомол ұғымының жұмыс жоспарларымен таныстырады.
Сынып жетекшісінің жұмысы туралы” методикалық хатта былай делінген: “ата-аналар жиналыстарында педагогикалық оқу-ағарту жұмыстарымен қатар мектеп пен отбасыда бала тәрбиелеудің тәжірибесін алмасу жүзеге асырылады, ата-аналар қолданып жүрген тәрбие әдістерінің сәтті және сәтсіз жақтары талқыланады. Өз балаларын тәрбиелеудегі ата-аналардың кемшіліктерін әрдайым коллективте талқылаудың қажеті жоқ екені туралы сынып тәжірибелі сынып жетекшілері қорытынды жасауда. Себебі бұл жерде нақтылы жағдайды ескеріп, ата-аналардың кемшіліктерін олардың өздерімен жеке әңгіме өткізгенде айтқан дұрыс”.
Сынып жетекшілері тақырыптық жиналыстарды да жиі өткізеді. Олардың мақсаты – ата-аналарды нақтылы педагогикалық біліммен қаруландырып, отбасыда бала тәрбиелеудің алдыңғы қатарлы тәжірибесімен таныстырып отыру болып табылады. Жиналыстардың тақырыптары тәрбие жұмысының бүгінгі таңдағы міндеттеріне және ата-аналардың талаптарына байланысты белгіленеді. Жиналыстардың тақырыбын мектептің өмірінің өзі көрсетіп отырады. Шамамен олар мынадай тақырыптарға өткізіледі: “Балалардың жақсы оқуына қалай көмектесуге болады”, “Мектеп оқушыларын шамасы келетін еңбекке үйрету”, “Балаларды отанды сүюге тәрбиелеу”, “Мамандақ таңдау туралы”, “Балаларды шындыққа және адалдыққа тәрбиелеу”, “Отбасыда мәдениетті мінез-құлық дағдылары мен әдеттеріне тәрбиелеу”, “Балалар не оқуы және қалай оқуы керек”, “Отбасыда баланы мадақтау және жазалау”, “Ата-аналардың беделі және жеке басының үлгісі”, “Балалардың тұрмыстық еңбекке араласуы”, т.б. Бұл жерде көбінесе III-VII сынып оқушыларына, ата-аналарына арналған тақырыптар келтірілген. Жоғары сынып оқушыларының ата-аналарына арналған жиналыстар мынадай тақырыптарға өткізілуі мүмкін: “Оқушылардың танымдық қызығушылығын арттырудағы отбасының ролі”, “Отбасыда баланы ақыл-ойын тәрбиелеу”, “Мектеп оқушысының оқу еңбегін ғылыми түрде ұйымдастыру”.
Тақырыптық жиналыстарды баяндамамен немесе лекциямен шектеп қоймау керек. Отбасы тәрбиесінде тәжірибе алмасудың зор мәні бар. Мәселен, мектеп оқушылардың режимін ұйымдастыруға арналған жиналыста ата-аналар балалардың күн режимі туралы, олардың шамасы келетін еңбекке араласуы, кластан тыс оқуды ұйымдастыруы туралы айта алады. Ата-аналар тыңдаушы ғана емес, тәрбие тәжірибесінің насихатшысы да болып табылады. Бірақ олар тәрбие жұмысында жетістікке қалай жеткенін түсіндіріп бере алмаулары да мүмкін. Сынып жетекшісінің міндеті – жиналысқа жақсы дайындалуға көмектесу.
Жиналыс өткізілетін күнді белгілегеннен кейін, сынып жетекшісі кейбір отбасыларға барып, ата-аналармен алдын ала әңгімелесіп, оларды қызықтыратын мәселелерді анықтап алады. Мәселен, балалардың мінез-құлқын тәрбиелеуге арналған жиналыстың алдында сынып жетекшісі ата-аналарға олар балаларды еңбек сүйгіштікке қалай баулитыны туралы, оқу еңбегін қалай бақылайтыны және мәдениетті мінез-құлық мәдениеті дағдылары мен әдеттерін қалай тәрбиелейтіні туралы айтып беруді өтінеді. Қойылатын мәселелерді күні бұрын белгілегеннен кейін, ата-аналар олар жөнінде жақсылап ойластырып, өздерінің бала тәрбиелеудегі қиындықтары туралы айтып береді, оларды тәртіпті мінез-құлыққа үйрету тәжірибелерін ортаға салады.
Кей жағдайларда мектептерде немесе кластарда оқушылардың әкелерінің жиналыстары өткізіледі. Онда бала тәрбиесіндегі әкенің ролі туралы мәселе талқыланады. Егер баяндамашы (мектеп директоры немесе сынып жетекшісі) отбасы тәрбиесінің практикасынан нақты мысалдар келтіретін болса, жиналыс қызу белсенді өтетін болады. Бұл жерде бала тәрбиесіне қатыспайтын әкелердің фамилиясын атап жату міндетті емес. Отбасы тәрбиесінің жетістіктері мен кемшіліктері жөнінде айтқанда әрбір ата-ана өзінің кемшілігін сезініп, тиісті қорытынды жасайтындай болуы керек. Жиналыстан кейін кейбір әкелермен әңгімелескен пайдалы. Әңгіме үстінде олар өз балаларымен бірге қай жерлерде болғанын, ұлына не қызына қандай кітап оқуды ұсынғанын, газеттен оқыған қандай қызықты мақалалар немесе радиодан тыңдаған, теледидардан көрген хабарлар жөнінде әңгімелегенін анықтап білуге болады.
Ата-аналармен оқушылардың біріккен жиналыстары да өзін ақтады. Олар да оқу-тәрбие жұмыстарын жақсарту мәселелері талқылануда. Мектеп оқушылары өздерінің оқу мен еңбектегі табыстарын көрсетіп, әр түрлі үйірмелердегі жұмыстары туралы айтып береді. Ата-аналар олардың оқудағы және қоғамдық пайдалы еңбектегі, спорт пен көркемөнерпаздар үйірмесіндегі табыстары туралы әңгімелерін қызыға тыңдайды.
Жоғары сынып оқушыларын еңбекке тәрбиелеуді ұйымдастыру мәселелерін жұмысшылар немесе колхозшылар жиналыстарында талқылаған орынды. Мұндай жиналыстар мектептің, отбасының және жұртшылықтың ынтымақтастығын нығайта түседі. Кейде жиналыстар ата-аналардың белсене қатысуынсыз өтеді. Сынып жетекшісі өз оқушыларының отбасыларымен байланыс жасап отырмаған жағдайда осылай болады. Жиналыстың күн тәртібін ата-аналарға алдын ала хабарлап қою керек. Кейде оларға жиналыстың тақырыбына байланысты газет-журнал оқып келуді ұсынуға болады.
Жиналысты балалары үлгермейтін және тәртіпсіз оқушылардың ата-аналарын талқылау органына айналдыруға болмайды. Ондай жиналыстарға ата-аналар келмеуге тырысады немесе мұндай жиналыстардан кейін олар балаларын ұрып-соғады. Жиналысты сынып жетекшісінің мектеп оқушыларының бағалары мен қалдырған сабақтарын тізіп айтып беретін. Көңілсіз монологына айналдыру дұрыс емес. Ата-аналардың намысына тимеу керек.