«Жобалау» сөзі қазақтың «жоба» деген сөзінен жасалынған, мағынасы – жаңа нəрсенің жобасын, сұлбасын жасау. Ғылымда ол тек қана жаңа нəрсенің жобасын жасау ғана емес, сонымен қатар оны негіздеу, басқадан айырмашылығын көрсетуді білдіреді. Бұл термин алғашында құрылыс, техника саласында қолданылды. Өткен ғасырдың орта шенінен бастап гуманитарлық ғылымдарда да қолданыс таба бастады.
Кеңестік энциклопедиялық сөздікте «жобалау» ұғымы: «1) құрылыстың, механизмнің немесе құрылғының жоспарын жасау; 2) белгілі бір құжаттың алдын ала мəтінін жасау» деп түсіндіріледі [1]. Жоғарыда атап кеткеніміздей, алғашында техникалық, құрылыс салаларында термин ретінде енгізілгендіктен, бұл ұғымның мəні сол сала əдебиеттерінде неғұрлым кең берілген. Мысалы, Л.Арчердің анықтамасы бойынша, жобалау — «белгілі бір міндетті шешу» [2], ал Г.Надлер бойынша,«бұрынғы белгілі үлгілерге қарағанда неғұрлым жетілдірілген идеал үлгі жасау» [3] болып табылады. И.В. Котляровтың айтуынша, жобаны іске асырудың нəтижелі болуы оны жобалау кезеңдерінен тəуелді. Кез келген саладағы жобалау мынадай кезеңдерден тұрады: мақсатты анықтау, ғылыми зерттеулер, міндеттерді қою, идеяларды іздеу, тұжырымдама жасау, талдау, эксперимент, шешімдер т.б. [4].
Гуманитарлық ғылымдардағы «жобалаудың» ерекшелігі – оның əлеуметтік құрамдас бөлігінің болуы. Бір сөзбен айтқанда, əлеуметтік жобалауда адамның тұлғалық ерекшеліктері, оның қоршаған ортамен, басқа адамдармен қатынасы есепке алынуы тиіс. Ж.Т. Тощенко т.б. еңбектерінде «жобалау» тек қана жасалуы тиіс нəрсенің күйін болжауды емес, сонымен бірге əлеуметтік-педагогикалық заңдылықтарды зерттеуге бағытталған, өзара əрекеттесуге қабілеттілікті мақсатты түрде дамытатын іс-əрекет түрі ретінде қарастырылады [5].
Өткен ғасырдың соңғы ширегінде əлеуметтік жобалау аясында педагогикалық жобалау дами бастады. Оның себептері ретінде төмендегілерді көрсетуге болады:
білім беруде инновациялық процестердің дамуы (бұл оқытушыда жобалау іскерліктерінің жүйесін қалыптастыруды қажет етеді);
педагогикалық жүйелердің инновациялық үлгілерінің жасалуы (оларды жасау жобалау арқылы жүргізіледі);
білім беруді диверсификациялау.
Кейінгі уақытта педагогикалық жобалаудың, оны педагогикалық қауымдастықтың меңгеруінің жəне ғылыми негізде практикада тиімді қолданылуының динамикалық бірлігі ретінде инновациялық процестер мəселесі педагогика теориясының өзекті мəселесіне айналды. Себебі бүгінгі күні білім беру жүйесінің дамуы инновациялық процестер жəне оларды жобалау арқылы жүзеге асуда.
Педагогикалық жобалау көптеген ғалымдардың зерттеулерінде əр қырынан көрсетілді (В.С. Безрукова, Н.В. Борисова, А.Н. Дахин, В.В. Краевский, В.А. Болотов, Е.И. Исаев, В.И. Слободчиков, Н.А. Шайденко, Т.К. Смыковская, Е.А. Крюкова жəне басқалар). Аталған авторлардың еңбектері мен басқа да педагогикалық-психологиялық зерттеулерді талдау олардың көпшілігінде «жобалау» түсінігінің «жоспарлау», «болжау», «құру» түсініктерімен байланыстырылатыны байқалды.
Мəселен, В.С. Безрукова педагогикалық жобалауды «оқушылар мен мұғалімдердің алда тұрған іс-əрекетінің негізгі детальдарын алдын ала жасау» [6] ретінде қарастырады. Бұл анықтама мұғалімнің педагогикалық процесті жоспарлауының жалпы алгоритмін көрсетеді. В.В. Краевскийдің айтуынша, «педагогикалық жобалау əлеуметтік мақсат қоюдың өзіндік формасы болып табылады» [7]. Дегенмен, бұл анықтама бойынша, «жобалау» жəне «жоспарлау» іс-əрекеттері бір-бірімен сəйкестендіріледі, ал олардың əрқайсысының өзінің жеке мағынасы бар іс-əрекет екендігі көрсетілмейді. Себебі педагогикалық жобалау – тек мұғалімнің сабақты жоспарлауы ғана емес, ең алдымен оқу-тəрбие процесінің логикалық құрылымын жасау.
Ғылыми əдебиетте «жобалау» ұғымына бірқатар өзіндік анықтамалар берілген. Мəселен, В.А.Болотов, Е.И.Исаев, В.И.Слободчиков, Н.А.Шайденко педагогикалық жобалауды «педагогтар, оқушылар қауымдастығының жаңа формаларын, білім берудің жаңа мазмұны мен технологияларын, педагогикалық іс-əрекет пен ойлаудың жаңа əдістері мен технологияларын жасау» контексінде анықтайды [8].
Н.В. Борисова жобалаудың білім беру жобаларын жасауға жəне іске асыруға бағытталған іс- əрекет екендігін көрсетеді [9].
А.Н.Дахин болса, жобалауды «қандай да бір жүйені, объектіні немесе модельді құру (жасау,жоспарлау, құрастыру) жөніндегі іс-əрекет» деп біледі [10].
Т.К.Смыковская «педагогикалық жобалау – жүйелердің қызмет етуінің, дамуының, жетілдірудің міндеттерін шешуге бағытталған педагогиканың жəне ұйымдастырылатын практикалық іс-əрекеттің қолданбалы бағыты» [11] деп есептейді. Бұл анықтамада жобалаудың міндеттерінің əрқилылығы бірден көзге түседі.
Е.А.Крюкованың айтуынша, педагогикалық жобалау дегеніміз – білімдер жиынтығы ретінде қарастырылатын, нақты педагогикалық объектіні, құбылысты немесе процесті көрсететін белгілі бір педагогикалық жүйені іске асырудың шарттарын анықтау жөніндегі іс-əрекет болып табылады [12].
Ендігі кезекте «педагогикалық жобалау қандай принциптерге сүйенеді?» деген сұраққа жауап беру керек. Бұл жерде Н.Г.Алексеева, Е.А.Крюкова жəне Т.К.Смыковскаялардың пікірлерін негізге алуға болады. Олардың айтуынша, педагогикалық жобалау принциптері: ғылыми ұсыныстарға сүйену; жаңа жүйенің жобасы идеяларының көздерінің толықтығы; жобалау идеяларының еркін генерациясы (жобалаудың шығармашылық сипатын қамтамасыз етуге бағыттайды); жобалаудың бірлігі мен сабақтастығы.
Г.П.Щедровицкий педагогикалық жобалауды көптеген «практикалық іс-əрекеттер» актілерінен тұратын, кейін талдау объектісіне айналатын іс-əрекет ретінде анықтай отырып, келесі принциптерді бөліп көрсетеді: қосымшалығы (жүйені жетілдіруге мүмкіндік беретін қосымша шарттарды енгізу жəне жүйенің дамуына кедергі келтіретін жағдайларды шығару мүмкіндігі); іс-əрекет пен қарым- қатынастар бірлігі (кез келген емес, тек тұлғаның жетілуіне мүмкіндік беретін іс-əрекеттерді меңгеру) [13].
Ендігі кезекте инновациялық процесті жобалау іс-əрекетінің логикасына тоқталу керек. Себебі педагогикалық жобалаудың нəтижесі белгілі бір деңгейдегі инновация болып табылады.
С.Д.Ильенкованың пікірінше, инновациялық процесті жобалау инновациялық өзгерістерді даярлауда кешенді тұтастықты құрайтын өзара байланысты фазалардан тұрады жəне ғылыми білімдерді инновацияға айналдырушы процесс болып табылады. Оның басты белгісі – инновацияларды аяқтау, іске асыруға жарамды нəтиже алу [14].
В.А.Сластенин, Л.С.Подымованың айтуынша, білім беру жүйесіндегі инновациялық процестердің ерекшелігі оның жүзеге асырылу барысында өзі жүргізіліп отырған инновациялық əлеуметтік-педагогикалық ортасына деструктивті өзгерістер енгізуінде [15]. Яғни, бұл өзгерістер əлеуметтік-педагогикалық ортаны қайта қалпына келмейтіндей етіп өзгеріске ұшыратады.
Жобалау жаңашылдықтың эволюциясының жəне жаңа енгізуді іске асырудың картасы болып табылады. Оның да өз шекаралары бар. Бірақ оларды нақты белгілеу мүмкін емес, дегенмен əр нақты жоба үшін олар жеке анықталады.
Жобалауды қарастырылып отырған жүйенің бір жағдайдан екіншісіне көшуін жоспарлау, яғни өзгеруі процесі ретінде қарастырсақ, онда бұл процестің ерекшеліктері мен заңдылықтарын, принциптерін анықтау қажеттігі туады. Бұл жаңалықтарды енгізуде үнемі туындайтын проблемалардың көзін ашуға мүмкіндік береді.
Қазіргі жағдайда педагогикалық жобалаудың қарқынды дамуы оны қолдану мүмкіндіктеріне көзқарасты түбірімен өзгертуді талап етеді, себебі жобалау мəселесі ғылыми тұрғыда негізделмесе, оның нəтижесі айта қаларлықтай болмайды.
Инновациялық процестер білім беруді дамытудың жетекші жəне қажетті тенденциясы ретінде көрінеді. Оларды заңдылық ретінде қарастыра отырып, Н.Р.Юсуфбекова көрсеткен инновациялық процестердің заңдылықтарына сүйене отырып, педагогикалық жобалауға деген қажеттілікті төмендегі тенденциялар арқылы көрсетуге болады [16]:
ескі мен жаңа арасындағы қарама-қайшылық жүйе мен оның бөліктерінің өзгерісіне əлеуметтік жəне педагогикалық қажеттіліктерден туындайды;
білімдерді саралау, олардың үнемі ұлғаюы мен оқу-тəрбие процесінің шегі арасындағы қайшылық дидактиканың орталық проблемаларының бірі – білімнің базалық ядросын – білімдер минимумын анықтау проблемасын тудырады;
шығармашыл тұлға қалыптастыратын жаңа оқыту əдістеріне қажеттілік сабақ уақытының шектелуіне байланысты қайшылықтар туғызады (мəселен, проблемалық оқыту оқу материалдарын шығармашылықпен меңгеруді қамтамасыз етеді, білімдерді дайын күйінде берудің дəстүрлі əдістеріне қарағанда көп уақыт алады);
педагогикалық ойлаудың парадигмасының өзгеруінің өзі өзгерісті талап етеді;
білім берудің үздіксіздігі оны құрылымды əрі мазмұндық өзгертуді талап етеді;
мұғалімдер мен басқа педагогикалық қызметкерлер арасында артып келе жатқан жаңа педагогикалық білімге қажеттілік шығады.
В.М.Монахов пікірінше, оқу үрдісінің тиімділігі — оқу үрдісінің алынған нəтижесі мемлекеттік білім стандарты белгілеген, яғни, жоспарланғаннан қаншалықты ерекшеленетінін көрсететіні оның негізгі сипаты болып табылады. Оның технологиясы өзі ұсынған параметрлік модель негізіндегі оқу үрдісін жобалау технологиясы оқу үрдісін тұтастай жəне жүйелі жобалау технологиясында жаңа бағыттардың бірі ретінде алға шығады жəне тəжірибеге мемлекеттік білім беру стандарттарын енгізудің нақты құралы болып табылады [17].
Сонымен, жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, мынадай тұжырым жасауға болады: педагогикалық жобалау дегініміз – белгілі бір жағдайларда педагогикалық процесті жетілдіруге мақсатты түрде бағытталған іс-əрекет. Біз өз зерттеуімізде осы анықтаманы негізге алатын боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |