Өндіріс және өндіріс факторлары. Сонымен біз қоғамның экономикалық жүйесінің мақсаты адамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын тауар өндіру және қызмет көрсету екендігін анықтадық. Олай болса, енді өндіріс деген не, оның қандай элементтерден тұратынына көңіл аударып көрейік.
Өндіріс -өзінің өміріне қажетті материалдық жағдайларды жасау мақсатымен адамның табиғатты белсенді жаңғырту үрдісі. Табиғатта барды ғана тұтынумен өзінің қажеттілігін қанағаттандыратын жануарларға қарағанда адам олардан әлдеқайда көпті қажет ете отырып, өзіне қажеттінің бәрін өзі жасауға мәжбүр. Кез келген өнімді өндіру үшін төрт элемент керек. Олардың біріншісі-сол өнімді дайындайтын табиғи зат; екіншісі- өнімді дайындау үрдісінде пайдаланылатын еңбек құралы; үшіншісі-адам еңбегі, оның мақсатты бағытталған қызметі; төртінші –аталған үш элементті өндіріске қосатын ұйымдастырушы. Экономика тілінде өндіріс факторлары деп аталатын бұл төрт элемент, тиісінше, жер, капитал, еңбек және кәсіпкерлік ұғымдарымен белгіленеді.
Жер ұғымы бұл жерде кәдуілгі біз аяқ басып жүрген жерден басқа өндірісте қолданылатын табиғи ресурстардың бәрін сыйғызады. Капитал -өндірісті ұйымдастыру үшін жасалған адамның қолымен өндірілген материалдық игіліктер мен өндіріс құралдарының жиынтығы. Капитал ақша қаражаты ретінде қолданылуы мүмкін. Еңбек дегеніміз- адам ресурсы, былайша айтқанда, жұмысшылар мен қызметкерлер, олардың білімі және тәжірибесі. Кәсіпкерлік- адамның өндірісті ұйымдастыру қабілеті.
Достарыңызбен бөлісу: |