Якамаралар тұқымдасы көкқарғалармен әлі де болса ұқсастық белгілері бар 15 түрді біріктіреді. Бұл құстар Орталық және Оңтүстік Америкада тараған. Майда 15-100 г), ашық түсті құстар, пішіні аздап боздақтарға ұқсас. Тұмсығы ұзын, жіңішке. Құйрығы сатылы (198 сур.). Көптеген түрлерінің аяқтары төртсаусақты, кейбіреулері - үшсаусақты. Ұшатын насекомдармен қоректенеді, оларды ұшып жүріп аулайды. Көбею кезеңінде құстар суқоймаларының жағалауларындағы сазды жарлардан ін қазады. Ұясы бар қуысқа 2-4 жұмыртқа салады, оларды екеуі бірге шайқайды. Өкілдері: жасыл якамара (Galbula gаlbula), жұмақ якамарасы (G. dеа) және басқалары.
Сүйелділер тұқымдасы (Саріtonidае) ашық реңді, пішіні аздап көкқарғаларға ұқсас 72 түрді біріктіреді. Пайда болған орталығы Африка болуы мүмкін. Сүйелділер Америка, Азия мен Африканың тропикалық ормандарында мекендейді. Тұмсығы үлкен, үстіңгі тұмсықтың үстіңгі қыры дөңес және тұмсық түбінде қылтанақтар жақсы жетілген. Тұмсық шеті жиі тісшелі. Қанаттары доғал. Құйрығы қысқа. Ағаш бойымен жақсы өрмелейді, жерде жақсы қозғалады. Әр түрлі жемістермен қоректенеді, насекомдарды де жиі жейді. Шіріген бағаналар мен түбіртектерді ойып ұя жасайды. Ұяда 2-ден 5-ке дейін жұмыртқа болады. Өкілдері: қызылбас сүйелді (Хапtһоlаета һаетаtосерһаlа), қаражон сүйелді (Тrachyphonus vaillantii), тістітұмсық сүйелді құс (Lybius bidentatus) және басқалары.
Балкөрсеттер тұқымдасы (Іпdicatoridае) Африка мен Оңтүстік-шығыс Азияның тропикалық ормандарында тараған 12 түрді біріктіреді. Тұмсығы мықты, аса үлкен емес. Тұмсық түбінде қылтанақтары жоқ. Қанаты үшкір. Құйрығы шорт кесілген немесе шамалы сатылы. Ұшуы тез, мәнерлі. Қорегінің басым көпшілігі - насекомдар және олардың личин-калары. Жабайы ара мен бал арасының ұяларын іздеп, олардың личинкаларын, балын, балауызын жейді. Бұл балауызды ішегінде болатын ерекше флораның көмегімен қорыта алатын бірден-бір құстың тобы. Балкөрсеттердің бір ерекшелігі сол, олар өздеріне ұя жасамайды, жұмыртқаларын шайқамайды және өз балапандарын қоректендірмейді, яғни оларға ұя паразитизмі тән. Жұмыртқасын тоқылдақтардың, сүйелді құстардың, майда торғайтәрізді құстардың ұяларына салады. Өкілдері: ең кең тарағаны - үлкен балкөрсет (Іпdicator indicator).
Тукандар тұқымдасы (Ramphastidае) Американың тропикалық ормандарында тараған 37 түрді біріктіреді. Пайда болу орталығы Оңтүстік Америка болуы мүмкін. Өте үлкен әрі ашық түсті тұмсығымен ерекшеленеді Мысалы, дене тұрқы 60 см құстың тұмсығының ұзындығы 23 см-ге жете алады. Тұмсығында ауа қуысы болғандықтан ол өте жеңіл. Тұмсығының шеті аратәрізді тілімделген. Тілі ауыз қуысының шетіне дейін жетеді, оның ұшы мен шеті желбірленген. Ауыздығы мен көзінің айналасы жалаңаш. Құйрығы тік немесе аздап сатылы. Құймышақ безі қауырсынды. Қалыпты қауырсынның жанама өзегі жоқ. Қанаттары доғал. Қорегінде түрлі жемістер басым, десе де насекомдарды, кесірткелерді, басқа құстардың жұмырт қалары мен балапандарын да жейді. Етті қарны қалың қабырғалы. Табиғи қуыстарда ұялайды. Ұяда 2-4 жұмыртқа болады, оларды тек ересек құстар ғана емес, сол сияқты жыныстық жағынан жетілмеген особьтар шайқайды. Өкілдері: бұрышжегіш токо (Ramphastus tосо), тукан (R.ariel) және басқалары.
Нағыз тоқылдақтәрізділер отрядтармағы (Рісі) Австралия мен Мадагаскардан басқа барлық елдерде бұталы және ағаш өсімдіктері бар жерлерде тараған. Нағыз тоқылдақтектестер тұқымдасы (Рісіdае) 209 түрді біріктіреді. Аздаған түрлері Африка мен Американың далаларында мекендейді. Отрядтармағының пайда болған орталығы Оңтүстік Америка болуы мүмкін. Тұмсығы тік, қашаутәрізді. Тілі ұзын қозғалмалы, оның ұшы үшкір және қылтықтары болады. Сілемей бездері жабысқақ сілекей бөледі, ол жұқа үлбір сияқты тілді жабады: құс тілін насекомдардың жіңішке жолдарына сұғады, жемтігі тіліне жабысады немесе тілдің қылтығына ілінеді. Қалыпты қауырсынның қосымша өзегі нашар жетілген не мүлдем болмайды. Кейбір түрлерінде қалыпты қауырсынның мамық бөлігі "опа" бөліп шығарады. Қанаттары жалпақ, дөңгеленген. Аяқтары қысқа, екі саусағы алға, екеуі артқа қараған, олар тұтқыр тырнақпен қаруланған. Көптеген түрлерінде құйрығы ұзын, конустөрізді. Бағыттаушы қауырсындар қатты өзекті және ұшы үшкір. Құймышақ безі әдетте қауырсынды. Ұшуы толқынды. Ағаштардың бағаналарымен тік тырнақтарымен тырмысып және құйрығына сүйеніп қозғалады. Жерде секіріп жүреді. Қорегінде насекомдар, олардың дернәсілдері және жұмыртқалары басым. Қорегі жетіспеген жағдайда өсімдіктердің тұқымы мен бүрін жейді. Жыл сайын жаңа қуыс жасап ұя салады, ескі қуыстарды сирек пайдаланады. Ұяда 2-8 жұмыртқа болады. Оларды шайқауға және балапандарын қоректендіруге екі ересек құс қатысады. Балапандары жалаңаш және көзі ашылмаған. Африканың орманы жоқ жерлерінде жер тоқылдақ,(Geocolaptes olivaceus) тараған, ол өзен жағалауларындағы сазды жарлар мен сайларда өздеріне ұясы бар ін қазады. Қорегін де жерден табады. Пампасты тоқылдақ (Соlaptes аgricolа) Оңтүстік Америкада тіршілік етеді, ол өзіне сазды жарлардан ін қазады немесе сүрегі жұмсақ ағаштардан қуыс теседі. Солтүстік Американың шөлейттерінде сары тоқылдақ (Соlaptes техіcanus) мекендейді, ол қоректерін (тұқым, емен жаңғағы) көп жинайды. Қазақстанда 8 түрі кездеседі. Олар: үлкен шұбар тоқылдақ (Dendrocopos major) , ақжон тоқылдақ (D.leucotos ), боз тоқылдақ (Ріcus canus), қара тоқылдақ (Dryocopus martius), дүпілдек (Juns torquilla) және басқалары
Достарыңызбен бөлісу: |