Бозторғайлар тұқымдасы (Аlandidае) Ескі және Жаңа дүниенің ашық ландшафтарын мекендейтін 78 түрді біріктіреді. Пайда болған орталығы Африка болуы мүмкін: бұл жерде тұқымдастың ең көп алуантүрлігігі байқалады. Кейбір түрлерінің ареалы үлкен: мысалы, құлақты бозторғай (Еremophilla alpestris) Азия, Европа, Солтүстік Америка мен Солтүстік Африканың барлық ландшафттарыңда (тундра аймағын қоса) мекендейді. Тұмсығы ұзарған, конустәрізді, кейде жіңішке . Қанаттары ұзын және біршама жалпақ. Ұшуы шапшаң. Жіліншігі артынан дөңгеленген, бірнеше қатар қалқаншалармен жабылған. Артқы саусағында ұзын тік тырнағы болады. Құйрығы қысқа, шорт кесілген немесе ұшы аздап айыр. Тундра, шалғындық, дала, шөлді жерлерде мекендейді. Кейбір түрлері орманға енген. Жақсы ән шырқайды. Жерде түрлі омыртқасыздарды теріп қоректенеді. Ұясын жерге салады. Ұяда 3-5 ( сирек 8) жұмыртқа болады, оларды әдетте аналығы шайқайды. Балапандарын екі ересек құс қоректен-діреді. Қазақстанда 13 түрі кездеседі. Олар: құлақты (Еremophilla аlpestris), орман (Lullula arborea) бозторғайлары, (Аlauda arvensis ), теңбілтөс (Сalandrella сіпеrеа), қара бозторғай (Меlanocorypha yeltoniensis), дала бозторғайы (М. саlandra), айдарлы бозторғай (Galerida cristata) және басқалары.
Қарлығаштар тұқымдасы (Ніrundinidae) жер жүзіне кең тараған (космополиттер) 79 түрді біріктіреді. Олар Антарктикада, Арктика мен Субарктикада жоқ. Пайда болған орталығы Африка болуы мүмкін, қазір онда көптеген түрлер кездеседі. Тұмсығы қысқа, жалпақ. Езуі үлкен: жақ буыны көз деңгейінде. Сілекей бездері үлкен. Қанаттары ұзын және үшкір. Тамаша ұшқыштар, тіршілігінің көп уақытын ауада жүріп өткізеді. Құйрығы айыр. Аяғы әлсіз, жіліншігі қысқа, саусақтары жіңішке. Жерде жай жүреді және жүруді аса көп ұнатпайды. Ашық ландшафттарды мекендейді, көптеген түрлері - синантроптар. Қорегі тек насекомдар. Оларды ұшып жүріп аулайды. Жыныстық морфизм анық байқалмайды. Көптеген түрлері ұясын саз түйіртпектерінен сілекеймен желімдеп жартастарға, ағаштарға, құрылыстардың жарына салады. Кейбір түрлері өздерінің ұясын жаға жар-ларына терең ін қазып салады (Rіраrіа rіраrіа). Ұяның іші әр уақытта қауырсындармен және өсімдік бұтақтарымен төселген. Ұяда әдетге 3-7 жұмыртқа болады. Жұмыртқаларын шайқау және балапандарыл қоректендіру екі ересек құстардың мойнында. Көптеген түрлері шоғыр құрып немесе топтанып ұялайды. Қазақстанда 5 түрі кездеседі. Олар: қала қарлығашы (Delichon urbica), жар қарлығашы (Riparia riparia), қыстау (қосрең) қарлығашы (Ніrundo rustica), жиренбел қарлығаш (Н. daurіса), құз қарлығашы (Рtryonopronge rupestris).
Сарғалдақ торғайлар (мысықторғайлар) тұқымдасы (Оriolidае) шығыс жарты шарының тропикалық және қоңыржай ендіктерінде тіршілік ететін орман құстарының 42 түрін біріктіреді. Пайда болған орталығы Оңтүстік-шығыс Азия болуы мүмкін. Салмағы 100-200 г. Тұмсығы ұзын, жіңішке, сәл астына қарай иілген. Танаулары ашық. Қанаттары үшкір, ұзын. Құйрығының ұзындығы орташа, әдетте шорт кесілген. Қорегі насеком-дар, әсіресе жұлдызқұрттарды ұнатады. Ағаш сүлбелерінде тіршілік етеді. Әдемі сыбызғының үніндей, кейде көктемгі мауыққан мысық сияқты ащы дыбыс шығарады. Ұясы -ағаш бұтақтарының айырларына ілулі терең тостағанша тәрізді, Ұядағы 1-5 жұмыртқаны аналығы шайқайды, аталығы оны қоректендіреді және сирек те болса шайқауға қатысады. Қазақстанда 1 ғана түрі — кәдімгі сарғалдақ немесе мысықторғай (Оriolus oriolus) мекен-дейді.
Қарғатектестер тұқымдасы (Соrvidае) Антарктидадан басқа барлық жер шарына кең тараған 105 түрді біріктіреді. Салмағы 50 г-н 1,5 кг-ға дейін. Әр түрлі ландшафттарды мекендейді, бірақ көптеген түрлері орманды биотоптарда кездеседі. Қауырсындануы тығыз, бір түрлерде - бос. Тұмсығы ұзын, тік немесе сәл иілген. Танаулары қылтықтәрізді қауырсындармен жабылған. Қанаттары қысқа әрі жалпақ, бір түрлерінде ұзарған, ұшы үшкір. Құйрығы тік немесе сатылы. Аяқтары күшті. Көптеген түрлері қорек талғамайды. Жануартектес және өсімдіктектес азықтармен, өлекселермен қоректенеді. Аталықтары аналықтарына қарағанда ірілеу. Жеке жұп, топ немесе шоғыр құрып ұялайды. Ұясы бұтақтан жасалған, ішінде жұмсақ төсеніш болады. Ұяда 2-4, кейбір түрлерінде 1-8 жұмыртқа болады. Екеуі бірге шайқайды, балапандарын бірге қоректендіреді. Қазақстанда 13 түрі кездеседі. Олар: сауысқан (Ріса ріса), қызылтұмсық шауқарға (Руrrhocorax purrhocorax), ұзақ (Соrvus monedula), қарға (Соrvus соrопе), құзғын (С.соrах), ақтұмсық қарға, не таған (С.frugilegus) самырсынқұс (Nucifraga caryocatactes), орман-қарға (Garrulus glandarius), сексеуіл жорғаторғайы (Podoces рапderi) және басқалары. Соңғысы Қазақстанның Қызыл кітабына (1996) тіркелген.
Достарыңызбен бөлісу: |