Кеңес берушінің ықпал ету құралдары.
Кеңес берушіде кәсіби ықпал мүмкіндіктері өте кең және алуан түрлі. Бірақ олардың ішіндегі негізгісі, талассыз, клиетпен жүргізілетін вербальдық қатынас, дәлірек айтқанда – кеңес беру әңгімесі болып табылады. Әңгіменің мұндай түрін кәсіби деңгейде меңгеруді нағыз өнер деп айтуға болады.
Клиентпен әңгімелесу.
Кеңес беру тәсілдерінің ішінде ерекше тобын құратындары - клиентпен әңгімелесу. Әңгімелесу жоғарыда айтылған ұстанымдарға сай жүргізілуі керек. Тілдесу арқылы жүргізілетін қатынас барысында клиент өзінің басқалардан кем еместігіне көзі жетіп, өзінің басқаларша құнды тұлға екенін түсінеді. Әңгімелесуді бастағанда клиенттің шағымын мұқият тыңдап, оның көптеген ойларын мақұлдап, қажетті кезде оны мақтап, қолдап отыруды орынды пайдалану қажет. Сонда шағымданушы өзін түсініп тыңдайтын адам бар екеніне көзі жетіп, көптеген ешкімге айта алмай жүрген сырларын шегеді. Осы қызығушылықпен тыңдаудың өзі, мәселенің негізіне психологтың шын көңіліменен түсінгісі келгенінің өзі кеңес алушыны біраз жеңілдетіп тастайды. Әңгімелесу барысында қиындықтар себептерін диагностикалау тәсілдері орын алады. Олардың ішінде клиенттің көзқарасын және өмірлік ұстанымын өзгертуге бағытталған алуан түрлі сұрақтар, сауалнама элементтері кеңінен пайдаланылады.
Кәсіби әңгіме барысында психолог тиісті мәліметті алып, кеңес беруде тиімділікке жету мақсатымен қолданатын тәсілдері мен техникасы алуан түрлі амалдан құрылған күрделі құрылым болып табылады. Олардың ішінде психолог сөзінің нақтылығы мен анықтылығы, шағымданушының мұңын айтуға ұмтылдыру, клиент пікірін қорыту секілді кеңес беру әңгімесін жүргізу техникасы кеңінен пайдаланылады.
Арнайы тапсырма беру әдіс-тәсілдері.
Киенттің психологиялық жағдайын өзгертуге немесе тереңдетуге арналған арнайы тапсырмалар және жаттығулар ретінде пайдаланылатын әдістемелер мен арнайы жасалған техникалар үлкен орын алады. Оларға, мысалы, гиштальт-терапия шеңберінде жасалған «бос орындық техникасы», отбасылық терапия шеңберінде жасалған “келісімдер жасау” т.с.с. әдістемелер жатады. Сонымен қатар клиенттің нені және қалай жасауы керектігін қысқаша қағаз бетіне түсіруді талап ететін үй тапсырмалары, клиентпен қосыла отырып бір шешім қабылдауға бағытталған пікірталастар және т.б. түрлері бар. Көбінесе бұл тәсілдер әңгімелесу процесімен тығыз байланысты, тікелей солардан шығады да, клиент үшін ол ерекше сезім тудыратын мәселе болады. Бұл тәсілдерді қолдану көбіне кеңес берушінің теориялық бағдарымен, сонымен қатар психологиялық көмек сұраған адамның проблемасының сипатымен анықталады.
Әдіс–тәсілдердің мұндай түрін меңгергендігі маманның тәжірибесінің қалыптасқандығын және оның кеңес беру бойынша теориялық еңбектермен таныстығын, бұл жұмыстардың ерекшеліктерін толық түсінгенін, сондай–ақ әріптестерімен кәсіби қарым–қатынас жасап олардың тәжірибесін үйреніп жүргенін көрсетеді. Сондықтан мұндай техникалардың кең тізбегімен таныстығы кеңес беруші психологтың кәсіби шеберлігінің, оның кәсіби жинақтылығының шарты болып табылады. Олар кеңес беру әңгімесін мағналы жағынан тереңдетіп, оны эмоцианалды жағынан үйлесімді етеді. Бұл техникаларды дұрыс пайдалану психологиялық ықпалдың тиімділігін, клиент пен кеңес берушінің байланысын қалыптастырудың және дамытудың мүмкіндіктерін кеңейтеді және ұтымдылығын қамтамасыз етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Байбекова М.М.,Жантасова Ж.Н.Психологиялық кеңес беру.Шымкент,2015ж.
2. Джаздықбаева М.Б. Ойынның психологиялық-педагогикалық негіздері. Оқу құралы / М.Б. Джаздықбаева.- Түркістан, 2018ж.
3. Байбекова М.М. Психологиялық практикум. Оқу-әдістемелік құралы. Шымкент 2017ж.
4. Куанышбаева З.Б. Тұлғаны педагогикалық психологиялық диагностикалау. Оқу құралы. Шымкент,2017ж.
5. Байбекова М.М.,Ибраева П.М.Әлеуметтік-психологиялық тренингтер,әдістемелер мен жаттығулар.Шымкент,2012.
6. Төребаева К. Ж., Есенғұлова М. Н. Психологиялық-педагогикалық диагностика: Оқу құралы. Алматы, 2012.
7.Садуова Ж.Н. Психология. Оқу құралы / Ж.Н. Садуова, Т.А. Ырбаев, Н. Шалхарбекова.- Шымкент, 2018ж.
Достарыңызбен бөлісу: |