15 - тақырып: Қабілет Сабақтың жоспары Қабілеттің жалпы сипаты
Нышан және қабілет
Қабілеттің даралық айырмашылығы
Қабілет деп әр адамның белгілі бір іс-әрекет түріне икемділігін айтады немесе қабілет дегеніміз — мақсатқа бағытталған, тәлім-тәрбие жүмысына байланысты адамның бір іс-әрекетке ұйымдасқан түрде бейімделуі және оны нәтижелі етіп атқаруы. Қабілет мәселесін тереңнен талдаған Б.М. Теплов болды. Оның тұжырымдамасына сәйкес тума қасиет қабілеттің дамуына негіз болатын анатомиялық және физиологиялық ерекшелік — нышан.
Адамның қабілеттілігі оған ықпал етіп отыратын тәлім-тәрбиеге орай әрбір адамда түрліше сипатта өтеді. Адамның қандай да болмасын белгілі бір іс-әрекет түріне қабілетті болуы мынадай екі түрлі көрсеткіш арқылы анықталады:
Іс-әрекетті тез өзгерту.
Іс-әрекетті орындау нәтижесінің сапасы.
Егер адам өзге адамдармен салыстырғанда, біріншіден, қолға алған істі қалайда болмасын тез және табысты меңгеріп, сол әрекетке лайық дағдыны оңай игеретін болса, екіншіден, белгілі бір деңгейде жетістіктерге жетсе, оны қабілетті адам дейді. Сонда қабілеттіліктің сыры неде? Не себепті әр адамның жетістіктерге жетуі бірдей жағдайда түрліше керсеткіштерге ие болып, іс-әрекет нәтижелері әр қилы болады?
Әрбір адамның іс-әрекетті орындау тәсілі сол адамдардың психикалық таным процесінің даму ерекшеліктеріне, жүйке жүйесі талдағыштарының жұмысына, сөзім мушелерінің сыртқы тітіркендіргіштерге әсерленіп, қабыллау жылдамдығына және адамның даралық қасиетіне байланысты. Қабілеттілік — адамдағы жеке-дара өзіндік ерекшелік, яғни бір адамның екінші адамнан айырмашылығын көрсететін психологиялық сипат. Қабілеттің мұндай сипаттарын былайша түсіндіруге болады. Мысалы, саусақтарының салалы болуы - көбінесе музыканттарға, ал бойшаң болып келу — баскетболшы-спортшыларға тән ерекшелік. Адам бойындағы ерекшеліктер қабілеттіліктің тек белгілі бір іс-әрекетке орай табысқа жетуге көмектесетін белгілері ғана. Қабілеттілікке аса қажетті қасиет, мысалы, музыка саласында әуенді есту мен ырғақты сезу, оларды бір-бірінен айыру болып табылады. Ал қимыл-әрекет реакцияларының жылдамдығы неғұрлым жоғары деңгейде болса, спорт түрлерімен шұғылдануға өзіндік әсері мен пайдасы тиері даусыз.
Кез-келген адамның екі-үш түрлі іс-әрекетті атқаруға бейімділігі болады. Бұл — адам қабілетінің жалпы түрі, өмір сүруі мен тіршілік етуге деген икемі және әрекетшіл көрінісі. Адам әрекстсіз, еңбексі ешқандай іс тындыра алмайтын болса, ол өмір сүре алмас еді. Жалпы, қабілет адамның жеке басының әрекетімен байланысты түрде жүзеге асады. Адамның даралық ерекшеліктерінен оның арнаулы қабілеті де аңғарылады. Қабілеттің арнаулы түрі белгілі бір істі үздік орындаудан, оған деген ықылас-ынтадан, дағды мен икемділіктен айқын көрінеді.
Әр адамның іс-әрекеттің бір түріне икемді болуы оның сол әрекетті орындауы үстінде, әсіресе, істің нәтижесінен анық байқалады. Бұл — адамдардың даралық ерекшеліктері. Мысалы, бірдей жағдайда бір істі бір адам тез меңгеріп, өте шапшаң, нәтижелі әрі сапалы етіп атқарса, ал екінші адам іске бірден төселіп кете алмай, сол іс-әрекетке лайық әдет-дағдыларын қалыптастырмағандықтан, істі баяу, нәтижесіз, сапасыз атқаруы мүмкін. Бұл жайттар бірінші адамның қабілеттілігі екінші адамға қарағанда әлдеқайда жоғары деңгейде дамығандығын көрсетеді. Адамның істеген ісі мен әрекетін бақылап көрмей тұрып, оны сол іске қабілетті не қабілетсіз деп кесіп айтуға болмайды. Мәселен, сурет өнерінің әліппесімен әлі танысып үлгірмеген баланы өнердің бұл түріне қабілетті не қабілетсіз деу әлі ертерек. Тек ұйымдастырылған оқу-тәрбие негізінде ғана оның сол іс-әрекет түріне қаншалықты бейімді екендігін білуге болады.
2 Нышан және қабілет
Арнайы жүргізілген зерттеулердің көпшілігі адамның-қабілеті ата тегіне, яғни тұқым қуалау факторына байланысты деген көзқарасты қолдайды. Бұл көзқарас бойынша, әр адамның қабілеті — оған туа берілетін өзіндік дара табиғи қасиет.
Дегенмен, қабілетті адамда тек туа пайда болатын қасиет деген дұрыс емес. Себебі, қабілет—адамның даралық психологиялық ерекшелігі. Ал туа пайда болатын нәрсе — қабілеттің дамуына негіз болатын анатомиялық және физиологиялық ерекшелік — нышан. Нышанның табиғи негізі — жоғары жүйке жүйесінің қызметтері, бас миындағы миллиардтаған клеткалардың қозу, тежелу сияқты сан қилы әрекеті және олардың алмасып отыруы. Ол өмір тәжірибесі, тәлім-тәрбие істері нәтижесінде үнемі дамып жетіледі.
Нышан — мидың, жүйке жүйесінің, талдағыштардың адамдар арасындағы табиғи даралық өзгешеліктерін айыруға себеп болатын тума анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктері. Адамның белгілі бір іс-әрекетті орындауға бейімді болуы қабілеттің дамып қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Алайда, бұл Нышандар іс-әрекеттің нәтижелі болуының толық жағдайы болып саналмайды. Ол үшін адам бойындағы нышандарды дер көзінде анықтап алу керек. Содан соң оны әр алуан әрекет үстінде дамытып отыруға бейімделіп, тәлім-тәрбие арқылы өрістете түсу қажет. Нышан сан қилы мағынада көрініс береді. Мәселен, әлеуметтік ортаның, тәрбие мен оқыту істерінің және түрлі жағдайлардың әсерінен белгілі бір нышандар негізінде түрлі қабілеттердің дамуы мүмкін. Мысалы, бойында шапшандық пен дәлдік, ептілік пен шеберлік нышандары бар адамдар тіршілік жағдайы мен қызмет саласына сай әр түрлі қабілетке ие болуы мүмкін. Бірі — хирург дәрігер, екіншісі — гимнаст, үшіншісі — суретші т. с. с.
Нышанның ерекше түрі адамда жас көзінен байқалады. Қазақтың аса дарынды күйші-композиторы Құрманғазының шәкірті Дина Нүрпейісова өзінің күйшілік қабілетін сегіз жасынан-ақ байқатып, бір-ақ рет тыңдаған күйін мүдірмей, айна-қатесіз, дәл орындай алған. Дарынды киноактер, әрі режиссер Шәкен Аймановтың да жалпы өнерге деген құштарлығы бала көзінен-ақ айқын байқалғандығы жайлы Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаев тебірене еске алады. М. Әуезов өзінің «Еңлік-Кебек» пьесасын 20 жасында жазған. Әйгілі суретші Қ. П. Брюллов тоғыз жасында Сурет академиясына оқуға түскен. Ал А. С. Пушкин сегіз жасында-ақ өлең жаза бастаған. Алайда, мынадай жағдайды да естен шығармаған абзал. Егер белгілі бір іс-әрекет барысында жоғарыда келтірілген мысалдардағыдай жетістіктер адамның балалық шағынан байқалмаса, ондай балада қабілет жоқ деп айтуға болмайды. Мысалы, аса көрнекті математик Н. Н. Лузин, биолог Қ. Линией, жазушылар В. Скотт, С. Т. Аксаков, И. А. Гончаров т.б. өздерінің қабілеттілігін әлдеқайда кешірек танытқан.
3. Қабілеттің даралық айырмашылығы
Адамдардың қабілетінде жеке адамға тән айырмашылықтар да болады, яғни іс-әрекет нәтижесі әр адамда әр түрлі. Біреудің ісі сапалы, екіншісінікі сапасыз. Дәлірек айтқанда, адам қабілетіндегі айырмашылық істің нәтижесінен, яғни оның сәтті не сәтсіздігінен байқалады. Қызығушылық адамда объектіні жан-жақты танып білуге ұмтылудан туындайды. Ал бейімділік — нақты іс-әрекетті орындауға талпыну. Қызығушылық пен бейімділік сапаларының үнемі өзара үйлесін тауып, бір бағытта тоғысып отыруы мүмкін емес. Оған түрлі жағ-дайлар да себепші болады. Мысалы, адамның бейнелеу, көркеменер туындыларын тамашалауы ықтимал, бірақ ол осы салалардағы өнер түрлерімен шұғылдануға бейімсіз болуы мүмкін. Дегенмен, белгілі бір іс-әрекет түріне қабілеті бар адамдардың қызығушылығы мен бейімділігі бір-бірімен үйлесім тауып, кабыса алады.
Іс-әрекетпен айналысқанда адамның жетістікке жетуі үшін қабілет, қызығушылық, бейімділіктен тыс оның мінез-құлқында мынадай сапалық көріністер болуы қажет: ең алдымен, еңбексүйгіштік, табандылық, батылдық. Осындай ерекше қабілеттілігі бар адамның өзі де айтарлықтай табысқа қол жеткізе бермейді. Негізі, адам өзінін, іс-әрекетіне, жеке басына сын көзімен қарап, бойындағы жетістік, кемістігін икемі мен күш-қуатын, мен өзінің, ұнамды, ұнамсыз сапаларын айқын ажырата аларлық деңгейде болуы керек.
Адам қабілетінің даралық ерекшеліктеріне талант, дарындылық, данышпандық сияқты қасиеттер де жатады. Дарындылық — адамның белгілі бір іске деген айрықша қабілеттілігі, өмірдің қандай да бір саласында өзін ерекше қырынан көрсетуі. Мұны мынадан айқынырақ түсінуге болады: қазақ даласында өздерінің ақындық, әншілік, серілік қасиеттерімен танылған Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Әсет, Мәди тәрізді басқа да таланттардың есімдері осы көзге дейін ел есінде.
Қабілеттің жоғары деңгейде дамуы талант деп аталады. Талант — адамның нақты бір істі нәтижелі орындаудағы қабілетінің біршама жағымды қасиеттерінің өзара байланысты түрде үндесуі. Талантты адам өмірде белгілі бір пайдалы әрекетпен шұғылданады, сол бағытта ірі жетістіктерге де жетеді. Соның арқасында оның іс-әрекеті өзгелерге өнеге болады, жемісті нәтижелер береді.
Адам қабілетіндегі дарындылык, пен талант одан әрі дамып, данышпандық қасиетін тудырады. Бұл — адамның ақыл-ойы мен іс-әрекетінің ең жоғары дәрежеге көтерілуі. Данышпандық қасиет — адамның жалпы және арнаулы қабілеттерінің жинақталып, ерекше нәтижелерге қол жеткізуі. Данышпан адамның іс-әрекет нәтижелері адамның әлеуметтік өмірі мен қоғамдық тіршілігінің жақсаруына елеулі үлес қосып, мәдени-рухани, саяси-экономикалық т. б. салалардың өркендеуіне әсер етеді, қоғамның тарихи дамуында өшпес із қалдырады. Сондай адамдар қатарына Аристотель, Платон, Әбу Нә-сір әл-Фараби, Ұлықбек сынды ғұламалар, қазақтың Абылай хан, Бүқар жырау, Төле би, Қазыбек би, Әйте-ке би, Майқы би Мәнұлы, Абай тәрізді біртуар перзенттерін жатқызуға болады.
Қабілетке қатысты мәселелерді қорыта айтсақ, қабілет—адамның даралық психологиялық қасиеті. Мұндай өзіндік қасиеттер жеке адамның тұлғасын, кісілік сипатын, іс-әрекетінің нәтижелерін жалпы қауымның игілігіне айналдырады. Психология ғылымында соңғы 1—1,5 ғасыр бойында адам қабілетінің даму деңгейі және оның қалыптасуы тәжірибелік зерттеулер арқылы анықтала бастады. Бір сөзбен айтқанда, адам қабілеттілігі мен оның түрлі деңгейде дамып өрістеуінің негізгі факторы — еңбек..