4. Қаржылық механизмнің мәні мен құрылымы.
Қаржылық саясат нақты шаруашылық өмірде қаржылық механизм арқылы іске асырылады. Қаржылық механизм - экономикалық және әлеуметтік даму үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында қоғам қолданатын қаржылық қатынастарды ұйымдастыру нысандарының, қаржылық ресурстарын қалыптастырып пайдалану әдістерінің жиынтығы. Ол қаржылық қатынастарды ұйымдастырудың түрлерін, нысандарын және әдістерін, оларды сан жағынан анықтаудың амалдарын кіріктіреді. Айрықшалықты бөлгіштік категория ретінде қаржы әр түрлі мақсатты ақшалай қорларды жасау мен пайдалану арқылы жасалған өнімді бөлуге және қайта бөлуге қатысады. Сондықтан бұл үдерісте қолданылатын механизм - бұл ақшалай табыстар мен қорларды қалыптастырумен және пайдаланумен байланысты болатын қаржылық қатынастар көрінісінің түрлері, нысандары және әдістері. Тап осы ұғымдар - қатынастарды іске асырудың түрлері, нысандары және әдістері - экономикалық өмірде тетік, тиісті үдерістерді басқару механизмі ретінде болады.
Қаржылық механизм мемлекет белгілеген қаржылық шарапарды, атаулы, нақты нәтижелерде - барлық деңгейлер де және қоғамдық-экономикалық сфераларда қоғамдық өнімнің, материалдық емес игіліктердің, қызметтердің және құндылықтардың барлық толып жатқан элементтері құнының құрамына кіретін қаржылық ресурстардың ұдайы жаңғыртылуында іске асырады. Ұдайы жаңғыртудың әр алуандылығы және ажырағысыз бөлігі қаржылық механизм болып табылатын экономикалық (шаруашылық) механизмнің нысандары мен әдістерінің тиісті әр алуандығын тудырады.
Сөйтіп, қоғамдық формацияның экономикалық заңдарымен, белгілі бір өндірістік қатынастардың және тиісті категориялардың болуымен анықталатын өндірістік үдеріс шаруашылық механизммен іс-қимылда нақтылы түрде көрсетілетін экономикалық саясатпен реттегенде тұйық айналма заңдылық байқалады; шаруашылық механизмі өз кезегінде тиісті сандық және сапалық тұлғаланудағы ұдайы өндірістің нақты нәтижелерін жаңғыртуға мүмкіндік туғызады. Бұл диалектикалық заңдылық диалектикалық шиыршық түрінде (ұдайы ендірістін қалыпты жағдайларында) өспелі қағидат бойынша іс-әрекет етеді.
Қаржы шаруашылық жүргізудің барлық жүйесімен және оның жоспарлау, болжау, экономикалық көтермелеу, ұйымдастыру және басқару сияқты құрамды бөліктерімен етене байланысты. Оның үстіне қаржы қоғамдық қатынастар жүйесінің динамикасын анықтайтын неғұрлым ортақ ұғым ретіндегі әлеуметтік механизмнің ұқсас құрамды бөліктерімен де өзара іс-әрекет етеді.
Қаржылық механизмнің экономика мен әлеуметтік сфераға іс-әрекеті былайша жүзеге асырылады:
қаржылық механизмнің құрылымы мен оның әр түрлі бөліктерінің нақтылы міндеттерді шешуге және нақты нәтижеге жетуге нысаналығы арқылы;
мемлекетте және шаруашылық жүргізуші субъектілерде қалыптасатын және қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталатын қаржылық ресурстардың мөлшері арқылы.
Жалпы шаруашылық механизмі сияқты қаржылық механизмнің әр түрлі тұрғыдан қарастыруға болатын оған тән ішкі құрылымы бар.
Қоғамдық шаруашылықтың жеке бөлімдерінің ерекшеліктеріне қарай және қаржылық қатынастардың сфералары мен буындары бөлінуінің негізінде қаржылық механизм мемлекет қаржысының механизмі, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық механизмі, сақтық механизмі болып бөлінеді. Өз кезегінде, бұл сфералардың әрқайсысы жеке құрылымдық буындарды қамтиды. Мысалы, мемлекет қаржысынын механизмі бюджеттік механизм, бюджеттен тыс қорлар механизмі, мемлекеттік кредит механизмі болып бөлінеді. Бюджеттік механизм республикалық бюджеттің механизмі мен жергілікті бюджеттердің механизмінен тұрады. Қаржылық механизмнің, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық механизмінің құрылымына: қаржы әдістері, қаржылық тұтқалар, құқықтық, нормативтік және ақпараттық қамтамасыз ету кіреді. Аумақтық бөлініске сәйкес республиканың, биліктің жергілікті органдарының қаржылық механизмі деп бөлуге болады.
Қаржылық механизмнің құрылымында мынадай функциялық буындарды бөледі.
қаржылық ресурстарды жұмылдыру;
қаржыландыру;
реттеу;
ынталандыру.
Қаржылық механизмді ұйымдық - басқару аспектіде де қарауға болады. Бұл үшін оның буындары ретінде анықталатын жүйелі талдаудың қосалқы жүйесі, блогы, элементі сияқты ұғымдарын пайдаланған орынды.
Қаржылық механизмнің қосалқы жүйесі (бөлігі) оның неғұрлым маңызды қозғаушы күші болып табылады, олар: қаржылық жоспарлау, қаржылық тұтқалар мен ынталандырмалар, ұйымдық құрылым және қаржы жүйесінің құқықтық режімі, қаржыны ұйымдастыру.
Қаржылық механизмнің блогы (буыны) - бұл жалпы мақсатты бағыттылық белгісі бойынша біріккен біркелкі өзара байланысты элементтердің жиынтығы.
Қаржылық механизмнің элементі - бұл қарапайым шаруашылық нысан, ол арқылы қоғамдық өндіріске қатысушылардың мүдделері айрықшалықты түрде білінеді.
Әрбір элемент бірыңғай қаржылық механизмнің құрамды бөлігі болып табылады, бірақ өзінше жұмыс істейді және барлық элементтер келісуді талап етеді.
Қаржылық механизм элементтерінің - қаржылық қатынастарды ұйымдастыру нысандарының, түрлерінің, әдістерінің үйлесуі қаржылық механизмнің «конструкциясын» құрайды, ол механизмнің әрбір элементінің сандық параметрлерін белгілеу жолымен, яғни алудың мөлшерлемелері мен нормаларын, қорлардың көлемін, шығындардың деңгейін және басқаларды анықтау арқылы қозғалысқа келтіріледі. Сандық параметрлер мен оларды анықтаудың сан алуан әдістері қаржылық механизмнің ең шамдағай бөлігі болып табылады. Олар түзетулерге жиі ұшырайды, өндіріс жағдайлары мен қоғам алдында тұрған міндеттердің өзгерісін сергек сезіп отырады. Мысалы, табысты (пайданы) бөлудің әдістері және кәсіпорын мен мемлекет арасында оның бөлінуінің арақатысы әлденеше рет өзгереді, салықтардың мөлшерлемелері түзетіледі және т.б.
Қоғамдық өмірде қаржының диалектикасы тұлғалану нысандары мен іс-әрекет әдістерінің өзара іс-қимылы арқылы білінеді.
Нақты өмірде, шаруашылық және қаржылық механизмдерде абстрактты экономикалық (құндық) категориялар нақтылынады және нақтылы нысандар ретінде болады.
Шаруашылық және каржылық механизмдерде қаржылық-экономикалық нормативтер мен лимиттер пайдаланылады. Нормативтер - шығындардың немесе ресурстарды бөлудің есептік түрде негізделген мөлшерлері, лимиттер - ресурстарды пайдаланудың шекті мөлшерлері (көлемдері) қаржылық жоспарлауда пайдаланылады. Олардың көмегімен жалпы мемлекеттік, ұжымдық және жеке мүдделердің бөлгіштік қатынастарындағы оңтайлы үйлестіру, экономикалық және әлеуметтік дамудың перспективалық және ағымдағы жоспарларының тапсырмаларын іске асыру үшін мемлекеттің, өңірдің, басқарудың салалық және ведомстволық органдарының, шаруашылық құрылымдарының ресурстарға қажеттіліктерінің теңгерімділігі қамтамасыз етіледі.
Қаржылық құқық қаржылық саясатты қалыптастыру мен жүргізудің құралы болып табылады және экономикалық саясатқа әсер етеді.
Бұл байланыстарды дәйекті түрде былай көрсетуге болады:
Қаржыны бұл категорияның мүмкіндіктерін танып білу арқылы пайдалану.
Қаржылық саясатты құқықтық ресімдеу.
Есептерді шешудің тәсілдері мен әдістерін дамыту және іске асыру.
Қаржылық құқық қаржылық қатынастарды регламенттеуді жүзеге асырады.
Қаржылық механизмнің сипатты ерекшелігі оның серпінділігі, тұрақты жетілдіріп отырылуы, шаруашылық механизмінің барлық буындарымен тығыз өзара байланысы болып табылады.
Шаруашылык механизмін құратын жеке механизмдер, оларға сәйкес келетін катынастар ретінде, тыгыз өзара байланыста іс-әрекет етеді.
Баға, қаржылық, кредиттік механизмдердің кез келгенінің жаман жұмыс істейтін элементі жалпы шаруашылық механизмінің де басқа элементерінің, буындарының жұмысын оқшаулатады. Сондықтан қаржылық механизмнің құрамдас бөліктерінің іс-әрекетін қоғамның, бастапқы шаруашылық есептегі буынның, жекелеген жұмыскерлердің мүдделерінің үйлесуін есепке ала отырып нақтылы жағдайда олардың өзара іс-әрекеті кезіндегі басқа экономикалық механизмдердің түйіндес құрамды бөліктерімен қарастыру қажет.
Қаржылық механизмнің, оның буындарының, тұтқаларының, элементтерінің күрделі жүйесі қоғамның, оның өндірістік қатынастарының немесе ұлттық шаруашылық сферасының, сапасының дамуымен байланысты бұл қатынастар бөлігінің, дамуының белгілі бір кезеңінің ұсынылатын және шешілетін міндеттеріне сәйкес өнбойы өзгерісте, өзара іс-қимылда болады.
Елдегі жүргізіліп жатқан реформаларға сәйкес мемлекеттің қаржылық саясаты мен қаржы жүйесінің қызметі рынок жағдайларында қажетті қаржылық ресурстарды жұмылдыруға, оларды бюджетке толық және дер кезінде түсіріп отыруға, әлеуметтік-экономикалық дамудың мемлекеттік бағдарламаларында қаралған шараларды үздіксіз қаржыландыруға және материалдық, еңбек және ақшалай ресурстарды мақсатты әрі ұтымды пайдалануға бақылауды күшейтуге бағытталған. Бұл мақсаттар Қазақстан Республикасының әлеуметтік және экономикалық дамуының, қоғамдық өмірдің барлық салаларын қайта құрудың стратегиясын қаржылық қамтамасыз ету қажеттігінен туындайды.
Қоғамдық дамудың белгілі бір кезеңінің объективтік заңдылықтарының негізінде жасап шығарылған қаржылық саясат оны іске асыру үшін қаражаттарды, яғни қаржылық механизмнің, соның ішінде тұтқалардың да жекелеген құрамдастарын жасауда, жетілдіруді немесе жоққа шығаруды қарастырады. Экономиканың экономикалық мүдделердің нақты қарама-қайшылықтарын айқындай отырып, қоғам пайда болған келеңсіз үдерістерді жоюға және әлеуметтік-экономикалық дамуға жәрдемдесуге арналған тұтқалар ретінде басқаруда пайдаланылатын нақтылы қаржылық нысандарды жасайды