Байланысты: Ұлы Дала ойшылдарының әлеуметтік көзқарастары 6апта
Ұлы Дала ойшылдарының әлеуметтік көзқарастары Ұлы дала ойшылдары туралы айтар болсақ,ең алдымен әлемдік деңгейдегі ғұлама ғалым, тарихи ұлы тұлға – Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін айрықша атап айтамыз. Ол өзінің ғылыми еңбектерінде парасаттылық туралы ой толғап, адам деген ардақты атты алып жүруді үлкен бақыт деп есептеп, үлкендердің кішілерге, жастарға беретін тәрбиесін «Үлкендер ұлағаттылығы» деп атаған. Ғалым тәрбиенің мәнін түсіндіруде оның қоғам дамуындағы алатын орнына, ең алдымен адамгершілік тәрбиесіне және жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына байланыстылығын дәлелдеген. Ұлы ойшыл ғалым «ғылым»-«білім»-«тәрбие» деген үш ұғымды философиялық, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан дәйектей отырып, олардың тұлға қалыптастырушылық мәнін айқындаған.«Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды.
Ұлы даланың төсінде есімі ел есінде мәңгілікке сақталып қалған тұлғалардың бірі – Ахмед Йүгінеки. Адамгершілік тәрбиесінің руханилық қуатын ойшыл ғұламаның «адамгершілікке тәрбиелеу кодексі» деп бағаланған «Ақиқат сыйы» атты еңбегінен көреміз. А. Йүгінеки бұл философиялық-этикалық еңбегінде адамдарды жомарттық, кішіпейілділікке, мейірімділікке шақырып, адамгершілік құндылықтардың әлеуметтік мәнін айқындаған. Ол жомарттық болған жерде алынбайтын асу, жылымайтын жүрек жоқ екенін айтып кеткен. Сонымен қатар А. Йүгінеки адамдардың мінез-құлқын жақсарту арқылы ғана өмірді өзгертуге болатынын айтып, халық тілегімен санасатын көпшіл, қоғамшыл, мәдениетті, адамгершілігі мол тұлға өсіруді ата-ананың басты міндеті деп есептеген. Төл тарихымыздың тағы бір терең тамырын XII ғасырда өмір сүрген ірі тұлға – Қожа Ахмет Яссауидің еңбектерінен табамыз. Ол «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») атты еңбегінде рухани байлықты қоғамдық өмірдің дамуымен байланыстыра отырып, адам тәрбиесі туралы ережелерді қорытындылаған. Ойшыл ақын сабырлылық, ұстамдылық, қанағатшылдық, тәубешілік сияқты қасиеттер жан дүниесі таза, кемелденген адамға тән екенін айтқан. Қожа Ахмет Яссауи шығармасындағы сөз бен істе шыдамды, төзімді болу, жақсы мен жаманды айыра білу, надандық, сараңдық, дүниеқұмарлық, жалған сөйлеп, имансыз болудан сақтану сияқты келелі мәселелер қазіргі жастар тәрбиесінде аса маңызды деп танылады.
Қазақ халқының рухани мәдениетінде, дүниетанымдық көзқарастарында, адамгершілік туралы ой-пікірлерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ойшылдардың бірі – Асан Қайғының толғау, терме, афоризмдерінде тұрмыстіршіліктің түйінді мәселелері тілге тиек етіледі. Оның руханилығының негізі өмірде толып жатқан қайғы атаулыны, соның ішінде адам қасіретін терең сезінуімен ерекшеленеді. Асан Қайғының пайымында адам өмір жағдайына қарамастан шынайы әрі әділетті болуы керек, ғайбат сөзден қорқуы керек. Ол халықтың санасында адам баласына тек жақсылық әкелетін жайлы мекен іздеген, мәңгілік бақ қонған «Жерұйықты» іздеуші атымен танылды. Сол сияқты Асан Қайғының адамды жақсы қасиеттерге, ізгі істерге жетелейтін тәрбиелік мәні бар.
Ұлы Дала тарихында адамгершілік идеяларымен танымал болған тұлғалардың қатарында еліміздің бірлігінің, әділдік пен даналықтың, биік абырой мен адамилықтың қайталанбас нышанына айналған Төле би, Қазыбек би және Әйтеке бидің өнегеге толы өмір өрнектерін атап айту әбден орынды. Үш жүздің басын біріктіріп, халқының қамын ойлаған үш бидің арман тілектері болашақ ұрпағының адалдықта, жақсылықта, бейбіт заманда өмір сүруі десек, олардың бұл мақсаттары көбінесе туындаған дау-дамайды халықтың игілігіне шешуімен айқындалды.
Қорыта айтқанда, Ұлы дала ойшылдарының еңбектерінде айтылған кемеңгерлік ой-пікірлердің өнегелік сипаты, рухани-адамгершілік тереңдігі қазіргі замандағы жоғары оқу орындарында білімденуші студент жастардың тәрбиесіне негіз болатын құндылықтар екендігі сөзсіз. Студент жастардың рухани мәдениеттің жаңғыруын ұлттық әдеби мұраларға деген қызығушылық пен құрмет тұрғысында түсінуі олардың бойында өз халқына деген мақтаныш сезімдерін ұялатады. Жастардың өмірге бейімделуінде, өзінің болашағын болжай алуында, тұлғалық қалыптасуында өзінің құндылығын жоймай келе жатқан Ұлы дала ойшылдарының тағылымы терең тәрбиелік мәнді туындыларының орны ерекше болуы да осыдан.