Семантикалық өріс түрлері Қазіргі тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі – тілдер жүйесінің жұмыс механизмін зерттеу. Сондықтан лингвистиканың қазіргі күйі функционалды-семантикалық аспектіде жүргізіліп жатқан зерттеулердің белсенділігімен сипатталады. Мысалы, орыс тілі материалында жете зерттеліп, дамытылып келе жатқан функционалды-семантикалық өріс теориясын А. В. Бондарко зерттеуде. Автордың пікірінше, функционалды-семантикалық өріс – тілдің грамматикалық тәсілдерімен, сонымен қоса сөз жасаушы элементтері бар лексикалық, лексика-грамматикалық және сөзжасамдық элементтері бар бір семантикалық аймаққа жататын екі жақты (мазмұнды- формалды) бірлік [16].
Функционалды-семантикалық өрісті зерттеу – белгілі өрісті көрсету формасын ғана суреттеп қоймай, өрістің құрылымын анықтауға, оның компоненттерінің иеарархиясын, олардың байланысын айқындауға да жете көңіл бөледі. Функционалды-семантикалық өрісте әр деңгейдегі айтылу тәсілдерін біріктіру белгілі бір ұғым категориясына (мысалы, уақыт, кеңістік, салыстыру, теріске шығару, сандық және т.б.) негізделеді, ал олардың әрқайсысы нақтылы тілдік аспектіде грамматикалық категория немесе грамматикалық формамен беріледі.
Е. В. Гулыга мен Е. И. Шендельс лексика-грамматикалық өрісті зерттеп, оның негізгі белгілері ретінде мыналарды атайды:
1) өріс жүйелі қатынастар арқылы бір-бірімен байланысқан әр түрлі тіл деңгейлік құралдардың жиынтығы болып табылады;
2) бұл құралдардың ортақ мағыналары болады;
3) өріс бір-біріне қарама-қарсы ең кемінде екі мағынадан тұрады;
4) өріс көлденең және тік кесінді түрінде көрсетуге болатын күрделі құрылымға ие. Өрістің көлденең кесіндісі бойында оның семантикалық түрлері - микроөрістер, ал тік кесіндісі бойында оны құрайтын тілдік құралдар орналасады [17].
Өріс теориясы лингвистикада тек қана сөздерді зерттеуде ғана қолданылмайды, сонымен бірге соңғы кездері тілдің фразеологиялық құрамын зерттеуде де кеңінен қолданылып жүр. Егер лексикада әр түрлі лексика-семантикалық өріс зерттелсе, фразеологияда лексика-фразеологиялық өріске көңіл бөлінеді (ЛФӨ). Алғашқы рет лексика-фразеологиялық өрісті теориялық жағынан негіздеген Е. А. Ножин болатын [18]. Оның пікірінше, лексика мен фразеологияның семантикалық топтары «қатар өмір сүреді» және ортақ ұғымдардың басым көпшілігі лексиканың, сол сияқты фразеологияның белгілі бір шеңберлерінің ара қатынысында болады. Сондықтан да автор лексика-фразеологиялық семантикалық өріс құруды қолдайды.
Лексика-фразеологиялық өріс – құрамына ортақ семантикалық компонентпен біріккен толық мағыналы сөздер мен тұрақты сөз тіркестері кіретін жүйе. Сөз бен фразеологизмнің арасындағы айырмашылық пен ұқсастықтарды анықтау – зерттеуші лингвисттердің лексика-фразеологиялық өріске баруының басты себебі болды. Лексика-фразеологиялық өріс сөздер мен тұрақты сөз тіркестерінің жай ғана жиынтығы емес, кейбір ерекше байланыстар мен қатынастардың болуы оның құрылымы мен өзгешелігін анықтайды. Лексика-фразеологиялық өрісті зерттеудің негізгі мақсаттарының бірі- өріс бірліктерінің арасындағы жүйелік байланыстарды анықтау.
Өріс термині қазіргі тіл біліміне лексикалық топтарға немесе парадигмаларға қатысты қолданылып жүр. Өріске арналған ғылыми еңбектерде оның бірнеше қолданысын байқаймыз: парадигмалық өріс (Трир, Косериу), синтаксистік өріс (Порциг, Вайсгербер), грамматикалық өріс (Адмони), лексика грамматикалық өріс (Е. В. Гулыга, Б. И. Шендельс,), функционалды семантикалық өріс (А. В. Бондарко, З. Қ. Ахметжанова), сөзжасамдық өріс (Р. С. Мурясова, Н. И. Букетова), лексика-фразеологиялық өріс (Е. А. Ножин, В. П. Жуков) және т.б.
Осы күнге дейін тіл білімінде өрістің бір ауыздан қолданылып жүрген нақты ережесінің, анықтамасының және лексика- семантикалық өріс терминінің қолданылуында бірізділік жоқ. Бұл термин сөздердің әр түрлі жиынтығына қатысты қолдана береді. Мысалы, кейбір еңбектерде лексика-семантикалық өріс кең ұғымды қамтыса, ал енді бір зерттеулерде тар ұғымды білдіреді. Бұл ерекшеліктерді өрісті зерттеушілердің алдына қойған мақсатымен және зерттеу әдістерімен байланыстыруға болады.
Өріс мәнін анықтауда ғалымдардың көзқарасының әртүрлілігі өрістің жете зерттелмегендігінен және өріске ортақ теорияның жоқтығынан емес, барлық тілдік бірліктердің семантикалық қызметі қамтылған зерттеу объектісінің күрделілігінде [19, 89 б.]. Л. А. Новиковтің айтуынша, семантикалық өрістер элементтерінің түсініктік біртектілігімен сипатталады, сондықтан оның бірліктері көп мағыналы сөздер мен бір мағыналы сөздердің лесика-семантикалық варианттары (ЛСВ) болып табылады. Семантикалық өрістерде тілдік бірліктердің жүйелік қатынастарын семасиология зерттейді, өйткені суреттеу сөзден ұғымға апарады. Егер сөз ішкі байланыстар жағынан қарастырылса және суреттеу ұғымнан сөзге бағытталса, онда бұл ономасиологияның зерттеу аймағы.
О. С. Ахманованың сөздігінде семантикалық өріске мынадай анықтама берілген: «Семантикалық өріс – тематикалық қатарды түзейтін сөз бен сөз тіркестерінің жиынтығы, сол жиынтық арқылы белгілі бір саланы қамтитын сөздер мен сөз тіркестері [2, 334 б.].
Ғалымдардың өріске анықтама берудегі пікірлеріндегі ортақтық – лексика-семантикалық өрістің мағыналық құрылымындағы ортақ бір семантикалық компоненттің негізінде біріккен қандай да бір тақырыпты қамтитын сөздердің жиынтығынан тұруы.
И. М. Кобозева «семантикалық өріс деп айқындалатын құбылыстың ұғымдық, заттық және қызметтік ұқсастықтары мен мазмұнының жалпы болуымен біріктірілген тілдік бірліктер жиынтығын» айтады. Автордың пікірінше семантикалық өріс төмендегі қасиеттерге ие:
1) сөздердің белгілі бір семантикалық қатынастарға түсуі;
2) осы қатынастардың жүйелілігі;
3) лексикалық бірліктердің өзара байланыстылығы мен өзара тәуелділігі;
4) өрістің дербестігі;
5) өрістің ұғымдық сипатын таңбалаудың тұрақтылығы;
6) семантикалық өрістің бүкіл лексикалық жүйедегі өзара байланыстылығы [20, 99 б.].
Тілдік өрісті кейбір ғалымдар (Л. Вейсгербер, Г. Ипсен, А. А. Уфимцева, В .И. Кодухов және тағы басқалары) лексика-семантикалық топ түрінде түсіндіреді, бірақ олардың бәрі өрісті ЛСТ деп атамайды.
Лексика-семантикалық өрістің қасиеттерін толық ашып көрсеткен И. И. Чумак болып табылады. Ол өрістің төмендегідей қасиеттерін ажыратады:
1) Семантикалық өріс ең аз дегенде бір ортақ компоненті (ортақ семантикалық нышаны) бар көптеген мағыналар жиынтығынан жасалады. Бұл компонент негізінен архилексема (гиперлексема), яғни, жалпыланған мағынасы бар лексемамен белгіленеді;
2) Лексика-семантикалық өрісте микроөрістер, семантикалық бірлестіктер бөлініп шығады, олардың мүшелері жалпы (интегралды) нышандармен байланысқан және микроөрістің тірек сөзімен (доминанта) белгіленеді. Микроөрістің сыртқы құрылымын өріс ортасы (өзегі) және өріс ортасына жақын аймақтар құрайды, ал қалғандары микроөрістің шеткері аймағында орналасуы мүмкін;
3) Өрістің ішкі құрылымы семантикалық бірліктерді байланыстыратын корреляциялар жиынтығы ретінде түсіндіріледі;
4) Өріске элементтердің өзара бірін-бірі анықтауы тән, кейде олар бірін-бірі ауыстыруы да мүмкін;
5) Тілдегі әрбір сөз белгілі бір ЛСӨ-ке кіреді, оған қоса, жиі, көп мағыналылығының нәтижесінде бірнеше өріске кіреді.
6) Бір семантикалық өріс өзінен жоғары деңгейдегі екінші бір семантикалық өріске кіруі мүмкін [21].
Лексика-семантикалық өріс бір тектік мағынамен біріккен белгілі бір сөздер тобы (сөз тіркестері) болып табылады. ЛСӨ құрамы мағынасы жағынан өріс ортасынан (өзегінен) әр түрлі «қашықтықта» (орталыққа жақын және шеткері аймақтар) орналасқан бірліктерден тұрады.
Сонымен, өріс – мағына ортақтығының негізінде біріккен және білдіріп отырған құбылыстарының ұғымдық, заттық немесе қызметтерінің ұқсастығын бейнелейтін тілдік бірліктердің жиынтығы.