Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ. Алаш жұртының алыбы Міне, үш күн болды азалы Алаш жұрты, қамыққан қазақ елі, күллі қазақстандықтар бірінің көз жасын бірі сүртіп, алыс-жақын, таныс-бейтаныс демей, бірі-біріне көңіл айтып, сабырға шақыруда…
Өмірден Әбіш Кекілбаев өтті… Халқымыз сирек туар ұлы перзентінен, қадірлі қимасынан, қанаты талмас сұңқарынан, аламанның алдын бермес тұлпарынан, көз талар биігінен, сөз жетпес тереңінен айырылды.
Ұлт руханиятының алып бәйтерегі құлады.
Ардақтысын әспеттеп, аяулысын қадірлей білер, тамырын тереңнен тартар тағылымы мол ұлы жұртымыз ұлы тұлғалары мен біртуарларын соңғы сапарға қалай шығарып салғанының сан куәсі болып едік… Десек те, бүгінгі ауыр қазаның қазақ үшін жөні бөлек…
Қаршадай кезімізде, 1961 жылы Мұхтар Омарханұлы Әуезовті қалың елі күңіреніп, дәл осылай бақи дүниеге аттандырғанының куәсі болып едік… Елдің күрсінгені, халықтың қамығып, жасқа булығып, замана заңғарымен қимай қоштасқаны жадымызда қалыпты… Бүгін де сондай бір хәлді бастан кешіп отырмыз. Елбасымыз айтатын «Мәңгілік Елдің» жаңа ғасыр төріне бет алған ұлы жұрты ғажайып ықыласпен өз қайғысын өзі жеңілдетіп, отбасына, өзіне-өзі көңіл айтып отыр. Ұлтын ұлындай сүйіп, қызындай мәпелеп, әкесіндей сыйлап, анасындай қадірлеп, жарындай аялаған алып жүректі алып махаббаттың иесі өткенін жан жүрегімізбен сезінудеміз.
Иә…
Әбіш Кекілбаев өткен ғасыр өрісін кеңейткен алпысыншы жылдары әдебиет босағасын Құбылыс болып аттап еді.
Жалпақ жұрттың назарын жалт қаратқан көзі тұнық, сөзі мірдің оғындай өткір қанатты тұлғаны тұғырына қондырған алыптарымыз да, аға буын да жаңылған жоқ. Әбекең де сол құбылыс болып жұрт жадында бекіген, ұлы биігін аласартпай, қанатын кең жайып, ұлт руханиятына олжадан олжа қосумен болды.
Қай тұста да, қандай кезеңде де жүрісінен сүрінбеді. Әдебиетіміздің ары мен абыройын асқақтар классикалық туындыларды жаратты, көркемсөзімізді әлемдік биікке бастар жаңа соқпақтарға салды. Азамат ретінде замандастарына, ғаламдастарына, қаламдастарына, достарына деген адалдығына селкеу түсірмей, өмірлік ұстанымдарының әдібін бұзбай, әдептен озбай… Міне… 76 жасында арамыздан кетіп барады!.. Артына ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет етудің, ұлтты аялау мен ұлтты асқақтатудың ұрпаққа үлгі болар үлгі-өнегесін аманаттап өтіп барады.
Кешегі Алаш арыстары мен алыптарының сөзі мен ісін жаңа – жиырма бірінші ғасырға жеткізу жолында – тәуелсіздік жолында алғашқы қазақ Президентінің қасында жүріп, елдік міндеттерді аянбай атқарған хас суреткерді, көрнекті мемлекет қайраткерін соңғы сапарға аттандырып тұрып, ойға аларымыз көп. Соның бірі – дәуір дейтін ұғым. Әдебиетте Абай дәуірі, Махамбет дәуірі, Жамбыл дәуірі, Әуезов дәуірі дейтін шартты ұғымдар бар… Енді, заңғарымызды аттандырып тұрып, тіл ұшына Әбіш Кекілбаев дәуірі дейтін ұғымның оралары шүбәсіз… Көркем әдебиетімізде Кекілбаев дәуірінің басталғаны анық. Сол дәуірмен қоштасып тұрып, айтулы ұғымның ұлт санасын байытар ұлы кеңістікке айналарына сенеміз.
Қазақта «екі дүние» дейтін киелі ұғым бар. Бірі – қызық-қуанышына адам баласы тоймас мына жарық дүние болса, екіншісі – рух атаулының мекені – ғарыш дүниесі! Рухтың дүниесі! Ұлтымыздың нысаналы перзенті ретінде Жаратушы Әбіш Кекілбаевтың маңдайына екі дүние қызығын қатар бұйыртқан болуы тиіс. Оның аты – Мәңгілік! Ұлтымен мәңгі болу бақыты. Оңдыда туып, әулиелер мекені атанған Маңғыстауда қанаттанған, қасиетті Алатау бөктерінде атақ пен абыройға бөленіп, Сарыарқа төрінде еліне абыз атанып, ел құрметіне кенелген, қазақтың әдебиетін кең өрістерге алып шығып, жаңа қоғамның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан адал жүрек, ақиық тұлғаға ұлты да, жұрты да риза!
Кекілбаев өнегесі – өрісті мектеп!
Әдебиетті Кекілбаевша жасау, өмірді Кекілбаевша сүру, қоғамға Кекілбаевша қызмет ету, заманға Кекілбаевша баға беру, қазақты Кекілбаевша еміреніп сүю дейтін жаңа дәуір басталып отыр.
Бақұл болыңыз, ардақты Әбеке!
Сіздің Рухыңыз жиі-жиі оралып, ұлтымыздың тұтасуына, елдік қасиеттеріміздің бекіген үстіне беки түсуіне Мәңгілік қызмет ететініне сенеміз!
Жаныңыз жәннат төрінен болсын, қазақ көркемсөзінің хас шебері!
Хош, аяулы аға!
Хош, Алаш жұртының алыбы!
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы.