Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ұқсас мақала: Қайғының емі: естірту немесе «алтын кімдікі болады?»
Белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, «Қазақстанның Еңбек Ері» – Әбіш Кекілбаевтың дүниеден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын.
Көрнекті жазушы, терең білімді, жаны таза азамат – Әбекең тек қазақ халқының ғана емес, Алты Алаштың әлем алдында бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі еді.
Ол табиғи дарынымен жастай танылды. Мазмұны терең, танымдық мәні зор көркем туындыларымен, қоғамның түйткілдерін тап басатын отты мақалаларымен, философиялық толғамдарымен қаламдас әріптестерінің де, қалың оқырманның да жан жүрегін тез жаулап, мызғымас бедел иесі атанды.
Әбекең өзінің қаламгерлік дарынын ешқашан қоғамның тыныс-тіршілігінен бөлек қойып көрмеп еді. Шығармаларының көпшілігін жауапты және жоғары мемлекеттік қызмет лауазымдарын қатар алып жүріп жазды. Халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Ол үлкен абыроймен атқарған қызметтерінің қатарында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы сияқты лауазымдардың болуының өзі де көп жайды аңғартады деп ойлаймын.
Біз қиын-қыстау жылдарда ел игілігі үшін қатар жүріп қызмет атқардық. Оның талай-талай орынды ақыл-кеңестерінің куәсі болдым, жанашырлық көмегін сезіндім.
Оның есімі мен шығармалары әрдайым туған халқымен бірге жасай береді. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!