ҚЎлпыбаев с



бет78/315
Дата09.11.2023
өлшемі3 Mb.
#190604
түріОқулық
1   ...   74   75   76   77   78   79   80   81   ...   315
Байланысты:
каржы-кулпыбаев-2007

Өзін-өзі өтеушілік – шаруашылық жүргізудің негіз қалаушы қағидаты, ол шаруашылық жүргізуші субъектінің өз өнімін (орындалған жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді) өткізуден түсетін түсім-ақша есебінен оны өндіру және жеткізілім жөніндегі бүкіл шығындарды өтеуді білдіреді. Өзін-өзі өтеушіліктің төменгі шегі – залалсыздық, яғни кірістер мен шығыстардың сандық теңдігі.
Шығындарда өзін-өзі өтеушілікке жету – кәсіпорын өнім өндіруді игеру, шаруашылық үдерістерді күйіне келтіру, рыноктық ортаға бейімделу кезіндегі кәсіпорын қызметінің бастапқы кезеңінің мақсаты. Рыноктық қатынастар жағдайында жақсы даму перспективасы бар немесе басым маңызы бар шаруашылықтар сыртқы қолдауды пайдалана алатындықтан кәсіпорын рентабелді жұмыс істеуі тиіс; бірінші жағдайда олардың кредиттік ресурстарды пайдалану, екіншісінде бюджеттік қаржыландыруды пайдалану мүмкіндігі бар.
Жеткізушілер, банктер, бюджет, әр түрлі кредиторлар тарапынан кәсіп­орынға қойылатын талаптар мен міндеттемелерді кәсіпорынның уақытында қанағаттандыруға төлем қаражаттарының жетіспеуімен байланысты тұрақты қабілетсіздігі кезінде белгілі бір рәсімдерді: санациялауды (сауықтыруды), қайта ұйымдастыруды, тәуелсіз басқаруға беруді, сатуды немесе таратуды қолданумен кәсіпорын заңмен белгіленген тәртіппен банкрот деп жарияланады.
Өзін-өзі қаржыландыру – рыноктық экономика жағдайларында шаруашылық жүргізуші субъектілердің шаруашылық қызметінің табысты болуының міндетті шарты. Бұл қағидат өнім өндіру мен шаруашылық жүргізуші субъектінің өндірістік-техникалық базасын ұлғайту жөніндегі шығындардың толық өтелуіне негізделеді, ол әрбір шаруашылық жүргізуші субъект өзінің ағымдағы және күрделі шығындарын меншікті көздері есебінен жауып отыратындығын білдіреді. Қаражаттардың уақытша жетіспеушілігі кезінде оған деген қажеттілік банктің қысқа мерзімді кредиттері мен коммерциялық кредиттер есебінен (ағымдағы шығындарға пайдаланылады) және ұзақ мерзімді кредиттер есебінен (күрделі жұмсалымға пайдаланылады) қамтамасыз етілуі мүмкін, олар шаруашылық жүргізуші субъектінің қарамағында қалатын пайданың есебінен өтелінеді.
Рыноктық экономика мен жекешелендіру үдерістерінің дамуы жағдайларында өзін-өзі қаржыландыру қағидатын қамтамасыз етуге акционерлік капиталды, бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен пайыздарды, қаржылық операциялардан алынған табысты (пайданы) пайдалану арқылы қол жетеді.
Бюджеттік және салалық қаржы көздері өзінің маңызын жоғалтты және олар негізінен экономиканың құрылымдық қайта құрылуын қаржыландыруға, конверсияға қолданылады.
Өзін-өзі қаржыландыру шаруашылық жүргізуші субъектілердің толық қаржылық дербестігімен және жауапкершілігімен тығыз байланысты. Оларға өздерінің меншікті ресурстарын өз бетінше ұйымдастырып басқаруға, тартылатын және қарыздық қаражаттарды іздестіріп, айналымға салуға құқық берілген. Мемлекет кәсіпорындардың қаржылық ресурстарын қайта бөле алмайды. Қар-жылық қатынастарды мемлекет тарапынан реттеу бюджетке салық алудың, амортизациялық қорды қалыптастырудың, валюталық түсім-ақшаны бөлудің, бағалы қағаздарды өткізудің, шығындарды өзіндік құнға жатқызудың және т.б. жүйесі мен тәртібін белгілеу арқылы жүзеге асырылады.
Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық жауапкершілігі бюджет, қорлар алдында­ғы міндетті орындамағаны үшін заңнамада белгіленген қаржылық санкциялардың жүйесімен анықталған. Бұдан басқа, шаруашылық жүргізуші субъектілер өздерінің міндеттемелері бойынша меншікті мүлкімен жауапты болады.
Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық жауапкершілігі кәсіпкерлік тәуекелді сақтандыру жүйесімен және кәсіпорындардың қаржылық ресурстарында сақтық компанияларынан түсетін сақтық төлемдерінің рөлінің артуымен күшейіп келеді.
Шаруашылық қызметтің нәтижелігіне мүдделілік бірдей дәрежеде кәсіпорындар мен ұйым­дардың ұжымдарына, жеке жұмыскерлерге және жалпы мемлекетке тән нәрсе. Бұл қағидатты іске асыру лайықты еңбек ақы төлеумен, мемлекеттің оңтайлы салық саясатымен, таза табысты (пайданы) тұтыну мен қорланымға бөлуде экономикалық жағынан негізделген үйлесімдерді сақтау­мен қамтамасыз етілуі мүмкін. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің ұжымдарын қаржылық ынталандырудың қуатты тұтқасы олардың өздері тапқан қаражаттары есебінен әлеуметтік-мәдени мақсаттарға жұмсалатын шығындар болып табылады.
Қаржылық жауапкершілік пен мүдделілік – бір үдерістің – шаруашылық жүргізудің тиімділі­гін арттырудың ынталандырмаларын жасау мен іске асыру үдерісінің екі жағы.
Сөйтіп, екі экономикалық категорияның – экономиканың негізгі буыны – шаруашылық жүргізуші субъектілер сферасында қаржы мен коммерциялық есептің өзара байланысы көрінеді.
2. Жоспарлылық қағидаты шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық қызметі өндірістің мақсаттарына, міндеттеріне, оларға жетудің белгіленген әдістеріне жетудің дәйектілігі мен мезгіліне қарай оның параметрлерін есептеу арқылы алдын ала қарастырылатынын білдіреді. Есеп-қисаптар негізінде және белгіленген қаржылық нормативтерді пайдалану арқылы арнаулы құжатта – қаржы жоспарында (болжамында) бейнелеп көрсетілетін қаржылық көрсеткіштер анықталады. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің болжалды қызметі факторларының тұрлаусыздығы жағдайында қаржылық көрсеткіштерді егжей-тегжейлі пысықтаудың – жоспарлаудың орнына болжау қолданылады, яғни қолда бар мәліметтерді зерделеудің, өзгермелі факторларды ғылыми өңдеудің (моделдеудің, экстраполяциялаудың) және қорытындылаудың негізінде шаруашылық жүргізуші субъектінің қаржылық дамуының болжамы жасалады. Болжам шаруашылық жүргізуші субъектілердің шаруашылық қызметінің нұсқалары бойынша бағалау және кейінгі шешімдерді қабылдау үшін қызмет етеді.
Шаруашылық жүргізуші субъектілердің ірірек шаруашылық құрылымға – бірлестік, ассоциация, концерн және т.с.с. кіргенде шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржы жоспарларының көрсеткіштері бұл ұйымдардың жиынтық қаржы жоспарларына біріктіріледі.
3. Шаруашылық жүргізуші субъектілер меншігінің барлық нысандарының теңдігі қағидаты қатынастардың тұрақтылығы мен меншіктің түрлі нысандары – мемлекеттік, жеке меншік, шетел мемлекеттерінің және олардың заңи ұйымдары мен азаматтарының, халықаралық ұйымдардың нысандары дамуының мемлекет кепілдігінде жүзеге асырылады. Меншіктенуші өз білгенінше өзінің мүлкіне иелік жасайды, пайдаланады және басқарып ұйымдастырады, оған қатысты заңға қарсы келмейтін кез келген іс-әрекет жасайды, мүлікті кез келген шаруашылық және заңмен тиым салынбаған өзге де қызмет үшін пайдаланады.
4. Шаруашылық жүргізуші субъектілер қаржысын ұйымдастырудың қажетті қағидаты – басқарудың барлық деңгейлерінде қаржылық резервтердің (резервтік капитал, тәуекел қоры) болуы. Қаржылық резервтер әр түрлі әдістермен өндіріс­тік және әлеуметтік қорлардың мөлшеріне пайызбен, пайда немесе табыстан тұрақты нормативтер бойынша аударымдар арқылы жасалуы мүмкін. Қаржылық резерв уақытша болатын қаржылық қиыншылықтарды жоюға және шаруашылықтар­дың қызметіне қажет қалыпты жағдайларды қамтамасыз етуге, сондай-ақ, әдетте, қаржы жоспарында қаралмайтын өндірістік және әлеуметтік дамумен байланысты шығындарды (ойда болмаған шығындарды) қаржыландыруға арналған.
Рыноктық экономика жағдайларында шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысын ұйымдастыруда елеулі өзгерістер болуда. Әріптес-кәсіпорындардың арасында деңгейлес байланыстар күшейіп келеді, олардың банк жүйесімен өзара іс-қимылы нығайып келеді. Бұл үдерістер салалық құрылымдардан бас тартып, жаңа үлгідегі құрылымдарды – экономикалық мүдделермен, бірыңғай акциялармен және мемлекеттің мүліктегі үлесімен байланысты ұқсастық негіздегі және көпсалалық құрылымдарды жасауда көрінеді, бұл құрылымдар рынок жағдайларында анағұрлым өміршең болып келеді.Мұндай өздігінен дамушы жүйелер шикізатпен, материалдармен, жиынтықтылаушы бұйымдармен өзін-өзі қамтамасыз етеді, бір-бірінің және қаржы рыногының бос ақшалай қаражаттарын тартады, мемлекетті рынок жағдайларында өндірісті басқару және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі оған тән емес міндеттерден босатады. Сонымен бірге өндіріс үдерісі демократияландырылады, өндірірушілердің нақты қаржылық дербестігі жасалады, кәсіпкерлік пен бәсекенің бостандығы жағдайларында шаруашылық жүргізудің түпкілікті нәтижелері үшін олардың жауапкершілігі артады, ұлттық шаруашылықта өндірістің әртараптануы қамтамасыз етіледі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   74   75   76   77   78   79   80   81   ...   315




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет