Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханның мемлекет құрылысына және демократиялық құндылықтарға көзқарастары «Мемлекет халықтың әл-ауқатының деңгейін арттыру үшін қаншалықты күш-жігер жұмсаса да, егер әрбір қа¬зақ¬стандық өз тағдырының еңбек¬сүй¬гіш қожайынына айналмаса, ел¬дегі бар жақсылардың бәрін қадірлеп, оларды одан әрі еселемесе, ол артпайды» (Н.Ә.Назарбаев)
Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы – Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы. Орта жүз ханы Бөкейдің ұрпағы. Ол 1866 ж. жиырма бесінші наурызда бұрынғы Семей облысының Қарқаралы уезіне қарасты Тоқырауын болысының жетінші ауылында туған. 1894 ж. Санкт-Петербургтегі Орман институтын бітіргеннен кейін, Омбыдағы орман шаруашылығы училищесіне математика пәнінен оқытушы болып орналасты. 1896 – 1903 ж. Щербина экспедициясы жұмысына қатысты. 1905 ж. «Халық бостандығы» (конституциялық-демократиялық) партиясының мүшелігіне, ал 1906 ж. оның Орталық комитеті құрамына енді. 1906 ж. Бөкейханов Бірінші Мемлекеттік думаға Семей облысы қазақтары атынан депутат болып сайланды. 1906 ж. Омбыда шығатын кадеттік «Голос степи», «Омиш» және «Иртыш» газеттерінде, 1908 ж. Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. Сол жылы Самараға жер аударылып, 1909 –17 ж. Дон егіншілік банкі бөлімшесінде жұмыс істеді. 1912 – 17 ж. «Қазақ» газетін ұйымдастырып, оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне Бөкейханов зор еңбек сіңірді. 1917 ж. жиырмасыншы наурызда Уақытша үкіметтің Торғай облысы комиссары және Түркістан комитетінің мүшесі қызметіне тағайындалды. Оның жетекшілігімен 1917 ж. шілдеде Бірінші жалпықазақ съезі өткізіліп, «Алаш» партиясы құрылды. 1917 ж. бесінші – он үшінші желтоқсан күндері Орынборда жалпы қазақ съезі болып, қазақ облыстарын бүліншіліктен сақтау мақсатында уақытша «Ұлт Кеңесін» құрып, оның аты «Алашорда» болсын деген шешім қабылданды. Жиырма бес орыннан тұрған бұл үкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Бөкейханов сайланды. Азамат соғысы басталып кеткеннен кейінгі кезеңде Бөкейханов бастаған Алашорда өкіметі кеңес билігіне қарсы күресіп, ақ казактар мен патша генералдарының жағында болды. Кеңес өкіметі Алаш қозғалысына қатысқандарға жариялаған кешірімнен кейін ол 1920 – 27 ж. Қазақ АКСР Егіншілік халық комиссариаты коллегиясының мүшесі, ұлттар істері жөніндегі Халық комиссариаты жанындағы Орталық баспаның (Мәскеу) ғылыми қызметкері, Ресей Ғылым академиясының ғылыми қызметкері болды. 1927 жылдың бірінші қазанынан бастап Мәскеуде, ОГПУ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) орындарының бақылауында болды. 1937 ж. КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша ату жазасына кесіліп, сол жылы жиырма жетінші қыркүйекте Мәскеу қаласында қаза тапты.
Бөкейханов қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, шаруашылығын, төрт түлік малын, жер-суын жан-жақты зерттеген санаулы ғалымдардың бірі. Ол қазақ мемлекетінің пайда болуының тарихи кезеңдерін, даму заңдылықтарын терең зерттеген және халықтың ауыз әдебиеті мұраларынан үлгі алмай ұлттық әдебиеттің өркендеуі мүмкін емес деп түсінген. Ол ауыз әдебиеті туындыларын жинауға көп күш салды. Сондай-ақ Бөкейханов тұңғыш абайтанушы ретінде Абайдың өлеңдері мен нақыл сөздерін жинақтауға ат салысты. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің тұңғыш жинағын редакциялап, жинақтың 1909 ж. Санкт-Петербургте басылып шығуына ат салысты. Бөкейхановтың кейінгі ұрпаққа қалдырған әдеби мұрасының ең көлемдісі – көркем аударма. Ол қазақ және орыс тілдерінде қатар жазған публицист. Оның қаламынан шыққан мақалалар Санкт-Петербургтің «Сибирские вопросы», «Биржевые ведомости», «Новая жизнь» секілді басылымдарынан жиі көрініп тұрған. Бөкейхановтың атқарған ісі, кейінгі ұрпаққа қалдырған аманат-мұрасы әлі де жан-жақты талданып, зерттелуде.
1903 жылы Петербургте жалпы атауы «Ресей. Өлкеміздің жалпы географиялық сипаттамасы» болған еңбектің 18-томы шығады. Қазақстанға арналған осы томның авторларының бірі Бөкейханов болды. Ол «Қырғыз (яғни қазақ) халқының аумақта тарауы, оның этнографиялық құрамы, тұрмысы және мәдениеті» тарауын жазған болатын. Бұл тарауда ол «халық әдебиетінің» материалдарын мысалға ала отырып, әсіресе, «ҚозыКөрпеш және Баян сұлу» поэмасын талдап,қазақ халқының мәдениетіне жалпы сипаттама береді. Ол Абайды қазақ поэзиясының «жаңа ағымының өкілі» ретінде жоғары бағалайды. Бөкейханов бұдан кейін де орыс оқырманын Абаймен таныстыруға тырысты және де бұл кездейсоқтық емес, себебі ХХ ғ. басындағы қазақ елінің өзін-өзі билеуі үшін күрескен қазақ зиялыларыөз ой-пікірлерінің Абайдың идеясына жақындығын айрықша баса айтып, ұлттық сана-сезімді оятып, арттыру үшін өткен уақыттың мәдени мұрасын кеңінен меңгеруге ынталанды.
1905 жылы Әлихан Бөкейханов Ресейдің земство және қала кайраткерлерінің Мәскеуде өткен съезіне делегат болып қатысты. Сол съездің биік мінберінен сөз сөйлеген ол өз халқының мүддесін, соның ішінде қазақ тілінің мәртебесін қорғап, былай деп мәлімдеді: «Мен Оралдан Алтайға, Сібір темір жолы желісінен Омбыға дейін... созылып жатқан орасан зор аумақта тұратын қырғыз деген халықтың өкілімін... Бізде... қырғыз тілінде оқытатын мектептерге қысым жасалады... шаруалар бастықтары (олардың басым көпшілігі бұрынғы ротмистрлер) әкімшілік және құқықтық істі қарау кезінде қырғыз тілін қолдануға мүлде жол бермейді. Қырғыздар ана тілінің еркін қолданыста болуына өте мұқтаж...» Ә. Бөкейханов халықтың біртуар перзенті, қазақ ұлт-азаттық қозғалысының шын мәніндегі көсеміне айналды. Омбы жандарм басқармасы бастығының мойындағанындай, ол «барлық митингілер мен петициялардың және үкіметке қарсы үгіттердің ұйытқысы, даладағы... қазақтардың барлық мәдени-саяси қозғалысының көшбасшысы және жетекшісі» болды.
1910-1914 жылдары «Жаңа энциклопедиялық сөздікте» («Новый энциклопедический словарь») бірқатар ғылыми мақалалары жарық көріп, «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыс формалары» («Формы национального движения в современных государствах») жинағында «Қазақтар» мақаласын жазады. Қазақтардың ұлттық сана-сезімін оятып, олардың арасында оқыту-ағарту ісін ұйымдастыруда «Қазақ» газетінің дүниеге келуі айрықша рөл атқарды. Бұл іске Ә.Бөкейхановпен қатар А.Байтұрсынов және М.Дулатов ат салысты.
Бұл демократияшыл, отаншыл және прогресшіл қазақ зиялы қауымының туғанын білдірген тамаша үштік болатын. «Қыр баласы» лақап атымен «Қазақ» газетінде Бөкейхановтың «Дума партиялары», «Дума және қазақтар», «Август Бебель» атты мақалалары жарық көрген. 1916 жылы ол бүкілресейлік земстволықсъезінің артта қалған елдер бөлімшесін басқарды. Орталық билікпен қатар қызмет ететін және оны елеулі түрде толықтыратын жергілікті өзін-өзі басқару ретінде земство идеясы Бөкейхановтың саяси бағдарламасының маңызды бөлігі болды. Оның аты «Поляр жұлдызы» Санкт-Петербургтік масондық ложасының есім тізімінде тұр деген мәліметтер бар. Самаралық масондар тобының негізі құрылған уақыт Бөкейханов пен Керенскийдің кездесу уақытымен сәйкес келеді. Сондай-ақ 1917 жылы Ә.Н. Бөкейхановтың Қазақстан бойынша Уақытша өкіметтің комиссары ретінде тағайындалуы сол уақытта билік еткен масондық бауырластықтың еркімен болған деген де пікір бар. 1910 жылы негізі құрылған «Түрен» («Малая медведица») ложасының екінші атауы «Керенский ұйымы» болды. 1905 жылдан кейін Ресейде пайда болған масондық қозғалыс француздық масондықпен тығыз қарым-қатынаста болды. Әдетте, Керенскийдің тұсында жергілікті әкімшілдік масондық байланыстар арқылы тағайындалып, ең алдымен «бауырлар» ұсынылатын болған. Масондық ұйым өзі билік жүргізген буржуазиялық партиялар секілді патшаның шексіз билеушілігін құлатып, саяси билікті қолына алуды мақсат еткен. Ә.Н. Бөкейхан дәл осы масондық арқылы өз мақсаттарына: Ресеймен бірге және оның қолдауымен өз парламенті бар, өзін-өзі басқаратын, яғни қаржыны өзі басқару құқығы және өзінің заңнамасы бар, сондай-ақ дербес мемлекеттің басқа бірқатар артықшылықтары бар Қазақстан автономиясына қол жеткізбекші болады.
Ұстанатын бағытын анықтап алған соң, Ә.Н. Бөкейхан «Алаш» ұлттық саяси партиясын құрады, оның идеялық алғышарттарына 1913 жылдан бері басылып келе жатқан «Қазақ» газеті негіз болады. 1917 жылдың желтоқсанында Ә. Бөкейханның бастамасымен Бүкілқазақтық құрылтайда «Алашорда», яғни қазақтардың автономиясы жарияланады. Ол Томск қаласында Сібір автономистері съезінің жұмыстарына қатысып, онда Сібір республикасының құрамында қазақтарға автономияберу туралы шешім қабылданады.
1913 жылы Ә. Бөкейханов ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілері А. Байтұрсынов және М. Дулатовтармен бірге тұңғыш жалпыұлттық баспасөз ұйымы — «Қазақ» газетін ұйымдастырды. Газет беттерінде халыққа білім беру, ұлттық сана-сезімді ояту хақында көптеген құнды дүниелер жарық көрді. Ә. Бөкейханов ғылыми жұмыспен де белсене айналысты. Мәселен, ол Орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің жұмысына қатысты. Ол екі тілге бірдей жетік еді, қазақша да, орысша да еркін жазды. Оның қаламынан көптеген тарихи және этнографиялық туындылар, атап айтқанда, «Қырғыздар» («қазақтар» - авт.), «Сұлтан Кенесары Қасымовтың тарихына қатысты материалдар», «Қарқаралы уезіндегі қырғыздардың рулық құрылымы», Абай қазасына арналған «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» атты қазанамалық мақаласы, тағы басқа зерттеулері жарық көрді.
1913—1918 жылдары «Қазақ» газетінде редактор болып, халық өмірінің көкейтесті мәселелерін көтереді, елді өнер-білімге үндейді. А. Байтұрсынов Алаш қозғалысы тұсында күрестің алғы шебінде болады. Кеңес өкіметі кезінде ол қазақ халқының сауатын ашып, ағарту жолына біржола түседі. Көптеген өлең-жырларында халықтың арман-тілегін, мұң-мұқтажын жырлады, халықты өнер-білімге, мәдениетке шақырды. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын сынады, ел-жұртты миссионерлердің жүгенсіз қылығынан сақтандырды. Оның өмірі өз халқына адал қызмет етудің, ел-жұртының мәдениеті мен әдет-ғұрпына, тарихына деген сүйіспеншіліктің айқын үлгісі. Ол өзінің бір мақаласында былай деп жазды: «Менің мақсат-мұратым - қазақ халқының материалдық жағдайын жақсарту, мүмкін болғанынша мәдениетін көтеру. Мен осы мақсатты қамтамасыз ететін үкіметті қолдауға әрқашан әзірмін».
А.Байтұрсынов
М.Дулатов
Ә.Бөкейханов
Большевиктер бастаған азаматтық соғыста Ә.Н. Бөкейхан мен алашордалықтар 1919 жылдың соңына дейін Сібір билеушілерімен бірге большевиктерге қарсы болды. Сол кезде олар өз жағдайын нығайтып алған жаңа билікке қарсы жалғыз қалады. Алашордалықтар жалғыз қолайлы, бірақ өте ауыр шешім қабылдауға,яғни ұлттық автономияны сақтауға қатысты ресми түрде жасалған уәдеге идеялық және саяси қарсыластарымен келісімге қол қоюға мәжбүр болады. Осы жағдайларда Ә.Н. Бөкейхан саяси және мемлекеттік қызметке белсенді араласудан бас тартуға мәжбүр болады. Ол Ленин мен большевиктердің билікті қарудың күшімен тартып алуын заңсызәрі лаңкестік акция деп санады. Ол 1917 жылы «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Жалпы сібірлік съез» мақаласында оны сөгеді.
Кеңес өкіметі автономия идеясын жоққа шығармағандықтан, Ә. Бөкейхан өзініңмәдениет саласында заңды негізде қызмет атқаруға мүмкіндігі бар деп санады. Марксизм мен экономикалық материализм платформасы пролетарлық интернационализм туралы сөздермен бүркелген, ал шын мәнінде, социализмді мәжбүрлеп және репрессивті түрде орнату әдістерін қамтығанимпериялық, орыстандырғыш ұлттық саясатқа сыни көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Бірақ Ә. Бөкейханның және ұлттық сана-сезімі оянған басқа зиялылардың мәдени қызметінің өзі жай оппозиция немесе басқаша көзқарас емес, «кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық күрес» ретінде бағаланды. Бұл жерді түсіндіре кеткен жөн, себебі «Алаш ордамен» байланыс сталиндік режимнің қазақ елінің зиялыларына қарсы қалыпты айыптарының бірі болды. «Алаш» тарихи термині кейіннен «Қазақ» этнониміне ие болған ежелгі рулардың жалпы атауы болатын. Қазақтың белгілі саяси қайраткері Әлихан Бөкейхановтың бастамасымен құрылған және Ресей аумағындағы автономия деңгейінде қазақтардың тәуелсіздігіне қол жеткізуді мақсат еткен партия осы атаумен аталды. «Алаш» партиясының бағдарламасы негізінде 1918 жылы алғашқы дербес мемлекет жарияланып, бастапқыда большевиктердің империялық саясатының салдарынан олармен қақтығысқа ұшырайды. Большевиктер мен «Алаш орда» арасында жасалған келісімді артынан большевиктер бұзып, «алашордалық — ұлтшыл, халық жауы» ұраны «елдіңқаймағын» құраған адамдарға қарсы жаппай репрессиялардың негізіне айналды.
Ә. Бөкейхановтың саяси мұрасының негізі — ұлттық және мемлекеттік өзін-өзі билеу идеясы, бұл идеяны Бөкейхановтың өзі мен оның жақтастары құрап, оны жүзеге асыруға аямай күш салып, 1917 жылдың желтоқсанында «Алаш Орда» мемлекетін жариялады. Ақыры соңында осы үшін өздерінің өмірлерінен айырылды.
Қазақ зиялылары қазақ халқының империя құрамында өзгелермен тең құқықты болуына қол жеткізу жолында күресті. Олар қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудің әдіс-амалдарын қарастырды, өз халқының отаршылдық езгіден азаттық алу жолындағы күресіне көмектесуге ұмтылды. XX ғасырдың басындағы қазақ зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Тынышбаев, М. Шоқай, X. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ә. Ермеков, Ж. Ақбаев, О. Әлжанов, т.б. танымал тұлғалар ұлтты басқа халықтармен терезесі тең даму жолына бастай білді. Ұлт зиялылары қазақ қоғамының оянуына жәрдемдесіп, халықтың құкықтық, эстетикалық санасы мен өнегелі ой-өрісіне зор ықпал етті. Олар өз үлгі өнегесімен қазақтың болашақ қоғам қайраткерлері М. Жұмабаев, С. Сәдуақасов, Қ. Кемеңгеров, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, А. Сейітов, X. Болғанбаев сияқты көптеген жас ұрпақты тәрбиелеп өсірді.
Қазақ зиялылары өздерінің мақалалары мен шығармаларын Қырым татарларының «Тәржіман», Еділ бойы татарларының «Ихтисад», «Шора», «Уақыт» және «Жұлдыз» сияқты басылымдарында жариялады. Онда патша үкіметі әкімшілігінің қазақтардың ежелгі заманнан бергі ата қонысын тартып алып, оларды жаппай қуып шығу саясатын сынады. Мақала авторлары сонымен қатар қазақ халқына христиан дінін күштеп таңып, оларды шоқындыруға, қазақтардың ана тілін қолданыстан ығыстырып шығаруға тырысқан келеңсіз әрекеттерге қарсы күресті.
Әлихан Бөкейханов 1917 жылдың 21—26 маусымында Орынборда I Бүкілқазақ съезін өткізіп, «Алаш» партиясы атқару комитетінің төрағалығына сайланады. Сол жылы Орынборда өткен «Алаш» партиясының II Бүкілқазақ съезінде «Алашорда» үкіметі құрылып, Ә. Бөкейханов оның төрағасы болып сайланды. Кеңес өкіметі кезінде ол бірыңғай ғылыми, әдеби, аудармашылық қызметпен айналысады. Жазықсыз қуғынға ұшырап, 1937 жылы ату жазасына кесіледі. 1989 жылы ақталды.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов бүкіл саналы ғұмырын өз халқын отаршылдық езгіден азат етуге, тәуелсіз мемлекет құруға, ел-жұртына білім беріп, оны гүлдендіруге арнады.
Ә. Бөкейхановтың сенімді серіктерінің және ұлт-азаттық қозғалысына белсенді қатысушылардың бірі Міржақып Дулатов (1885— 1935) болды. Ол Торғай облысы Торғай уезінің Қызылбел атырабында дүниеге келген. Алғашқы білімді ауыл мектебінен алған. Торғайдағы екі сыныптық мектепте оқыған. 1904 жылы Омбыға барып, онда Ә. Бөкейханов және А. Байтұрсыновпен кездеседі, саяси қызметке белсене араласа бастайды. Патша отаршылдығына ашық қарсы шығып, жер мәселесін көтереді. Қазақтардан жерді тартып алуға, мұсылмандықты қудалауға тыйым салуды талап етеді.
1909 жылы «Оян, қазақ!» атты жыр жинағы жарық көреді. М. Дулатовтың бұл кітабын замандастары «Ұлттық манифест» деп атады. Автор қазақ халқының ауыр жағдайын поэтикалық түрде суреттей келіп, одан қалай шығудың жолын ұсынады. Ол қазақ даласында жаппай мешіттер мен медреселер ашуды, жастарға ислам рухында тәрбие беруді жақтады. Семей округтық сотының прокуроры былай деп жазды: «Оян, қазақ!» кітапшасы өзінің мазмұны жағынан қырғыз (қазақ. — авт.) жастарына арналған үндеумен тең, ол мемлекеттің қазіргі қоғамдық құрылысын құлатуға шақырады».
Халықтың саяси және әлеуметтік еркіндікке жетуі үшін отаршылдыққа қарсы аянбай күресу керектігін айтып, оның қуатты құралын оқу-білімнен көрді. Халықтың мүддесін қорғайтын саяси партия құру қажеттігін түсінді. Сипаты жағынан ұлттық-демократиялық бағыттағы «Алаш» партиясының құрылуына, оның күресінің түпкі мақсаттар мен күрес жолдарын анықтаған бағдарламасын дайындап қабылдануына белсене араласты. Құрылтай съезін (1917ж. 21-26 шілде) ұйымдастыруға қатысты. Ұлт мәселесін жер проблемасымен ұштастырып, қазақтарға тартып алынған құнарлы жерлер қайтарылуы тиістігін дәлелдеді.
Съезде талқыланған мәселелер бойынша А.Байтұрсыновтың ұстанымдары қазақ қоғамы үшін саяси маңызы зор, әлеуметтік мәні үлкен шешімдер қабылдауға ықпал етті. Съезде ол ұлттық-демократиялық сипаттағы қазақтың тәуелсіз мемлекетін орнату идеясын ұсынды. Бұл қазақ қоғамын дамытуда өркениетті елдердің даму тәжірибесіне негізделіп, эволюциялық өркендеуді басшылыққа алған балама жол болатын. Оның мақсаты казақ халқының өзін-өзі билеуге, әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени проблемаларды, тағы басқа мәселелерді өзінің шешуіне қол жеткізу еді. Алайда, Ә. Бөкейхановтың Ресей құрамында автономиялық мемлекет құру жөніндегі пікірі съезд шешіміне негіз болды. Бұл шешім «Алаш» партиясының бағдарламасының бірінші тарауында былайша тұжырымдалды: "Россия демократиялық республика болады. Демократия мағынасы - халықтық өкімет билігі; федерация мағынасы - тең мемлекеттер одағы. Федеративтік республикада әр мемлекет автономды, бірдей құқық пен мүддеде басқарылады»1. «Алаш» партиясының бағдарламасында Ахмет Байтұрсыновтың да әлеуметтанымдық көзқарасын айқындайтынтұжырымдамалар жарияланды. Онда: «Земство басқармалары мен милицияда қызмет істейтіндер туралы мәселелерді халық шешеді. Партия халық үшін игілік пен мәдениет орнатуға тырысады... Партия кедейлерге - жолдас, қанаушыларға - жау деп қарайды... Дін мемлекеттенбөлінуі қажет. Салық байлықтың дәрежесімен жалпы мүліктік жағдайғасәйкес алынуы тиіс: бай көп мөлшерде, кедей аз мөлшерде төлейді. Халыққа білім беру - баршаның игілігі болуы керек. Барлық оқу орындарында оқыту тегін жүргізіледі»2, — деген биік мақсаттар белгіленіп қойылды.
1896-1901 жылдары қазақ сахарасының Семей, Ақмола облыстары 12 уезінің жерді пайдалану тәсілдерін зерделеп, қазақ даласына орыс шаруаларының пәрменді түрде қоныс аударуына қажет ғылыми негіз жасап беруге тиіс болған Ф. А. Щербина бастаған экспедиция ұйымдастырылып, Ә. Бөкейханов бастапқыда статист қызметін атқарады, оның зерттеу тобына кейін жетекшілік жасайды.
Экспедиция барысында алуан түрлі деректі материалдар жинады. Үй санын, қора, мал санын есепке алды. Экспедиция өзіне жүктелген міндеттерді біршама орындап шыққаннан соң сонда жиналған құнды материалдарды Ә. Бөкейханов топтастыруға, өңдеуге, оның ғылыми нәтижесін жазуға атсалысады. Есеп беру құжатын дайындауға қатысады. Жер мен өзен-көлдерді қартаға түсіреді. Қазақтардың тіршілік-тынысының негізгі тәсілі болған шаруашылық формаларына жан-жақты сипаттама береді. Бай мәліметтерге жүгіне отырып, ол Омбы, Қарқаралы, Семей, Павлодар өңірлеріндегі тарихи жерлерді картаға белгілейді. Шаруашылық түріне орай қалыптасқан қазақ қауымдастығын зерделей келіп, этностық қалыптасу процесін, тарихи шежіресін, ата қонысын анықтап жазады.
Экспедициядағы жұмыс Ә. Бөкейхановтың географиялық жағдайы әр түрлі аймақта тұратын қазақтардың әлеуметтік жағдайын жан-жақты, жете білуіне мүмкіндік жасап, патша үкіметінің бұл өлкеде жүргізіп отырған саясатының қазақ халқының мүддесіне сай еместігін әшкерелетеді, сөйтіп ол орыстың қоныстандыру саясатына табанды түрде қарсы тұрады.
1910 жылы Санкт-Петербордан шыққан "Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыстардың түрлері" деген жинақта "Қазақтар" деп аталатынкөлемді еңбегі жарияланды. Бұл еңбегінде казақ қоғамында қалыптасқансаяси-әлеуметтік жағдайдын себептері мен салдарларын, патша өкіметінің ұстаған отаршылдық, қоныс аудару саясатына қазақ халқыныңкөзқарасын, олардың қоныс аударутпы қара шекпенділермен арақатынасын, Алаш қозғалысының алға қойған мұрат-міндеттерін, т.б. маңызды мәселелерді талдап, сипатын, мазмұнын ашады.
Ә. Бөкейханов өзінің шығармаларында қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуының заңдылықтары мен тарихи кезеңдерін маңызды әлеуметтік-саяси процесс ретінде қарастырып, қазақтың үш жүзінің патшалық Ресейдің құрамына енуінің мотивтеріне назар аударады. Хан Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының түпкі мақсатын, оның әлеуметтік-саяси маңызын, жеңілу себептерін қарастырып, одан тағылым алады. Кенесары хан көтерілісінің сәтсіздігі Әлиханды өз халқын еркіндік пен тендікке жеткізетін күрестің жаңа жолдарын, әдіс-тәсілдерін іздестіруге септігін тигізді. Нәтижесінде ол күрестің екі жолын анықтайды: оның біріншісі - саяси күрестің бейбіт жолы саналатын парламенттік күрес әдісі еді. Екіншісі- дамыған халықтардың мәдениетін қабылдау жолы. Соның негізінде қазақ халқының өнері мен білімін дамыту, ұлттық жоне саяси санасын қалыптастыру еді. "Қазақтың ұлт болып еркениетті ел қатарлы өмір сүруі үшін, - дейді ол, - ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай тудыру керек, қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін өрістету керек. Өз әдебиетін қалыптастыруда табысқа жеткен халық қана азат өмір сүре алады2.
Осы жаңа стратегиялық бағыт Алаш қозғалысының лидері Ә.Бөкейхановтың және де басқа да қазақ зиялыларының саяси тәуелсіздікке буржуазиялық-демократиялық деңгейде қол жеткізуге болады деген түсінігін қалыптастырды. Кейін бұл көзқарасты тереңдете келіп, ұлт-азаттық қозғалыс жеңіске жетер болса, онда қазақ қоғамының мемлекеттік-саяси құрылысы батыс елдеріндегідей буржуазиялық-демократиялық құрылыс болады деген қорытынды жасайды.
Қазақ халқының ұлттық және саяси санасын көтерудегі және қоғамдық пікірді қалыптастырудағы баспасөздің рөлін жоғары бағалаған Ә. Бөкейханов ана тілінде газет басып шығару жұмысын ұйымдастырып, соның негізінде «Қазақ» газеті (1913) шықты. Газет өзінің төңірегіне қазақтың зиялыларын біріктіріп, олардың саясат, экономика, әлеуметтік және мәдениет туралы мақалаларын басып отырды. Ә. Бөкейхановтың 250 аса мақалалары, ғылыми зерттеулері осы басылымда жарық көрді1. Еңбектерінде қазақ халқының әлеуметтік жағдайын қарастырумен қатар, патшалық отарлауға қарсы жаңа өрлеу ала бастаған ұлттық қозғалысқа саналылық, ұйымдасқан сипат беру жолдарын қарастырды.
Ә. Бөкейханов Ресейдің заң шығарушы органы I Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланған санаулы ұлт өкілдерінің бірі еді. Ол Дума мінбесін өз халқының түбегейлі мүдделерін қорғайтын орынға айналдыруды мақсат етті. Өйткені Дума қазақтардын маңызды проблемаларын шеше ме деген үмітте болды. Сондықтан Дума сайлануына үлкен мән берді, халыққа арнап оның мазмұнын ашатын еңбектер жазып, ақпарат құралдарында жариялап отырды. Мүның өзі халықтың саяси санасын көтеруде зор рөл атқарды.
Ә. Бөкейханов жер мәселесі төңірегінде жүргізіліп жатқан саясаттың әлеуметтік-экономикалық сырын ашып, қазақ халқына тигізетін оның ауыр салдарларын әшкерелеп отырды. Егіншілікке көшудің қазақтар үшін жағымды жақтарын жоққа шығармады. Бұл процестің эволюциялық жолмен жүруін қолдады. Ол өзінің осы көзқарасын былайша түсіндірді: «біздің ақылымызша, адам баласының шаруасы бірте-бірте қиыншылықпен, көп жылдарға созылады. Мал бағып, шаруа қылып келе жатқан жұрт, патша 15-тен жер берді деп, егінші бола қоймады. Мал шаруасы тымақ емес, төре келе жатыр деп қолға жұлып ашатын. Мал шаруасын тіршілік үшін ұстап жүрген жұрт 15-тен жер алса, үлкен аяққа тар етік киген болады. Біз қазақ-ау, 15-тен жер алмай тұрып жан-жағына қара дейтініміз содан, қазақ 15-ті алып, осы алақандай жерге мал бақпақ, бұған мал бағылмайды»1. Осы ой-пікірі арқылы Ә. Бөкейханов қазақтарға отырықшы норманың өздері үшін тиімсіз екенін ескертеді.
Ә. Бөкейханов К. Маркстің бірнеше еңбектерін оқып, қазақ тіліне аударған еді. Алайда, оның таптар күресі қоғамдық дамудың бірден-бір көзі деген ілімін, ондағы төңкерістің рөлі туралы қағидасын мойындамады. Демократиялық жағы басым болғандықтан Ақпан төңкерісі халқына теңдік әпере ме деген үмітпен уақытша үкіметтін қызметіне зор қызығушылық танытты. Сондықтан ол жаңа биліктің Торғай облысы бойынша комиссары болуға келісімін берді.
Алайда, Ә. Бөкейхановтың Ақпан төңкерісінен күткен үміті ақталмады. Кадет партиясының лидері бұратана халықтарға, соның ішінде қазақтарға автономия бермейтінін, Ресей империясының тұтастығын сақтайтындытын ашық айтты. Осы себептен Ә. Бөкейханов аталмыш партияның қатарынан шығып, қазақтың мүддесін көздейтін өз алдына жеке саяси партия құру қажеттігін түсінді және бұл идеясын жүзеге асыру үшін жер-жерде съездер өткізуді қолға алды. Жалпы қазақ съезі шақырылып, ол "Қазақ саяси партиясын" құру туралы шешім қабылдады. Сол шешімнің негізінде Алаш партиясының жергілікті комитеттерін құру процесі жүрді. Торғай, Ақмола, Семей, Орал және Жетісу облыстық партия комитеттері құрылып, халық арасында саяси жұмыстар жүргізді. Қоғамда қалыптасып отырған объективті жағдайларды ескере келе, Ә. Бөкейханов бастаған қазақ саяси қайраткерлері Орынбор қаласында жалпы қазақ съезін шақырып, онда қазақ мемлекеттігі туралы мәселені қарады. Съездің шешімі бойынша Алашорда деп аталатын «Ұлт кеңесі» құрылып, оның құрамына 15 адам сайланды. Ә. Бөкейханов көпшілік дауыспен осы өкіметтің төрағасы болып сайланды. Съезд қазақтардьщ шығу бір тектілігін және орналасу жағдайын есепке алып, Алаш автономиясының құрамына Бөкей ордасының Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облысының Ферғана, Самарқан облысының Әмудария аймағының, Закаспий облысының қазақтар мекендеген уездерінің, Алтай губерниясының кейбір облыстарының енгенін мәлімдеді2. Съезд мемлекеттік жүйені құруға, оның институттарының атқаратын функцияларына да тоқталды. Өйткені бұл мәселелерді анық шешпейінше өкімет билігін жүзеге асыру мүмкін емес еді. Сондықтан съезд аталмыш мәселеге зор маңыз берді. Мемлекеттік жүйені құруда алдыңғы қатарлы елдерде қалыптасқан мемлекеттік жүйенің озық тәжірибесін ескере отырып, кейбір мәселе бойынша жаңа озық шешім қабылдады. Съезде тек жер мәселесі қаралмады. Бірақ съезд делегаттарына бұл мәселе бойынша Алашорда өкіметінің ұстаған саясаты партия бағдарламасының жобасынан, оның лидерлерінің "Қазақ" газеті бетінде жариялаған мақалаларынан белгілі болатын. Аталмыш құжат пен туындыларда Алашорда өкіметінің жер саясатының мән-мазмұны, оның негізгі бағыттары тұжырымдалған еді:
- қазақ автономиясында жерсіз қазақ бұқарасы жер еншісін алып болғанша қоныс аударушылар тоқтатылуы тиіс. Жер үлесін алдымен патша заманында ата қонысынан ығыстырылған жергілікті халық алуы керек;
- қазаққа жер кесілгенде ауылға, ұлысқа, руға, өздерінің тілегіне қарай бөлінсін. Жерді бірге алған ру, ауыл, болыс өз ішінде тәртіп орнатып, әділеттілікпен пайдалансын;
- жерді сатуға тыйым салынады. Үлестен артылған жер мемлекет қазынасы аталып, оның билігі жұрт мекемесі қолына өтеді;
- Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болып табылады1.
Алайда, Акдан төңкерісінен кейін ел ішіңде қалыптасқан әлеуметтік-саяси жағдайлар Алаш өкіметінің алға қойған міндерін жүзеге асыруға кедергі болды. Тіптен Алашорда өкіметінің өмір сүруін тоқтатуға ықпал етті.
Сайып келгенде, Ә. Бөкейхановтың саяси-әлеуметтік көзқарастары Қазақстанда әлеуметтану ғылымның іргетасын қалауда үлкен рөл атқарды.
Алаштықтардың ұлттық сипатта жүзеге асырмақ болған бағдарламаларын кеңестік дәуірде іске асырмақшы болған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері: Т. Рысқұлов, С.Қожанов, С. Садуақасов, Ж. Мыңбаев, Ы. Мұстамбаев, Н. Нұрмақов, М. Әуезов, т.б. шықты. Бұлардың әлеуметтанулық көзқарастары арнайы қарастыруды қажет етеді.
XIX ғасырда әлеуметтану ғылымын қалыптастырған ойшылдардың тұжырымдамаларын, ой-пікірлерін XX ғасыр әлеуметтанушылары одан әрі дамытып, жаңа теориялар мен ағымдар пайда болды.