Маңғыстау - тұнған дария
Не замандар өтсе-дағы бұлағай,
Көк түріктің туы қалды құламай.
Маңғыстауым – тұнып тұрған тарихым,
Ашық аспан астындағы мұражай, - демекші, кең байтақ қазақ даласында осы бір қасиетті өлкенің тарихы ерекше. Тарихының тамыры тереңге тартқан Маңғыстау жері талайларды тамсандырған. Табиғаты таңғажайып, тау-тасы түртіп қалсаң сөйлеп кеткелі тұрған ғажап өлке.
Ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын қазақтың кең байтақ даласына не жетсін!
Маңғыстау жері – көне мәдениеттің куәгері. Өлкеде археологиялық қорықтар, 11 мыңға жуық аспан астындағы тарихи ескерткіштер, мыңнан астам тасқа қаланған жазбалы суреттер бар. Қасиетті мекен 362 әулиесімен танымал: Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей, Кавказ, Иран, Түркия елдерінен келіп, зиярат етушілердің орталығы.
Маңғыстау... Бұл атауды естігенде соңғы кездері көп адамдардың санасында ашылып, игеріліп жатқан мұнай мен газ кен орындары ғана тұрады. Ал, осынау ежелгі мекен тек пайдалы қазбаларға ғана емес, сонымен қатар осы аумақта өмір сүрген Кіші жүз қазақтарының тарихына да бай.
Маңғыстаудың табиғаты мен тарихын жария еткен, өлкемізден шыққан тұңғыш журналист Маршал Әбдіхалықовтың ерен еңбектері туралы тоқталып өтсем деймін.
“Өткендерін еске алған – өскендіктің белгісі; өткендерін ұмытқан –өшкендіктің белгісі”, – деп халық даналығы айтқандай, барын базарлай білуі, мақтан тұтып, қадіріне жету- өсетін елдің қасиеті, жақсылық нышаны. “Көркем әдебиетті тек ұлы ақын-жазушылар жасамайды. Оның ұлылы-кішілі, ірілі-уақты өкілдері болады. Әдебиет тарихы әр кезеңде әдебиетке атсалысқан, оған өзінше аз да болса үлесін қосқан ақын-жазушыны ұмытпайды, ұмытуға тиісті де емес” – деген Т. Кәкішевтің пікірі Маршал Әміржанұлы Әбдіхалықовтың да әдебиеттегі еңбегіне арналғаны сөзсіз. Ердің жасы елудің үстінде, нағыз шығармашылық кемелдену кезеңіне келгенде бақилық болған талантты жазушы өзінен кейін өз алдына жеке зерттеуге лайық қомақты әдеби мұра қалдырды.
Таланттың өнер және өмір жолдарына тоқталсам, ол 1936 жылы 26 шілдеде Маңғыстау облысының бұрынғы Сығынды ауыл советінің Ақшұқыр жерінде дүниеге келген. Әкесі Әміржан 1942 жылы соғысқа аттанып, 1943 жылдан бастап хабар болмайды. Сөйтіп, бала Маршал шешесі Балипанның тәрбиесінде болады.
Маршал 1943-1953 жылдары Форт-Шевченко қаласындағы С.М.Киров (қазіргі Е.Өмірбаев) атындағы орта мектепте оқи жүріп, тырнақалды туындыларын қабырға газеттеріне жариялай бастайды. М. Әбдіхалықовтың мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әдебиетке құштарлығы байқалады. Ол әдеби кітаптарды үзбей оқып, оқыған кітаптарының аты-жөнін, жазушының, кітаптағы басты кейіпкерлердің аттарын өзінің жеке дәптеріне жазып жүретін болған. Оның қолы мен қолтығынан ешқашан да әдеби кітаптар түспейтін, орыс тілін жетік меңгергендіктен оны сыныптастары “қасқа бас тілмәш” атаған.
10 сынып оқып жүргенде «Пионерская правда» газетіне тұңғыш мақаласы шыққан. Мектепті 1954 жылы бітіріп Астраханда 1 жылдай оқып, 1955 жылы Алматыдағы Қазақ Ұлттық Университетінде филология факультетіне оқуға түскен. Университет қабырғасында оқып жүріп «Нәрсіз гүл» атты алғашқы әңгімелер жинағы «Әдебиет және искусство» журналында жарияланды. Сондай-ақ ең алғаш қазақша күнтізбені жазып шығарған. Мұхтар Әуезовтың шәкірті болған. Университеттің 4-курсын тәмәмдап, Москвадағы Гек инстутына ауысқан. Гек институты кино саласында оқытатын өнер ошағы болған. Университет қабырғасында жүріп «Лениншіл жас» газетінде тілші болып жасаған. Ол кезде «Лениншіл жас» газетіне тілші болу екінің бірінің қолынан келмейтін еді. Студент кезінде «Алданыш» деген әңгімесін жазды. Ол әңгіме жанрынан бастап күрделі жанр романға дейін жазған адам. Жалпы проза жанрында қалам тартқан. Қазақ Ұлттық Университетін бітіргесін, Форт-Шевченко қаласындағы Киров мектебінде жұмыс жасады. Ауылға келіп ұстаздық қызмет атқарды. Аудандық «Колхоз жолы» газетінде қызмет атқарып, Тарас Шевченко атындағы музейде басшылық қызметінде жасайды. Сосын «Колхоз жолы» атты аудандық газетте жұмыс жасайды. 1970 жылы Қазақфильм киностудиясында дубляж бөлімін басқарған. Маршал Әбдіхалықов мақаланы көп жазды. Маңғыстаудағы мұнай тақырыбын алғаш Маршал Әбдіхалықов жазып бастаған. «Жұлдыз» журналында Маңғыстау туралы көп жазған осы Маршал Әбдіхалықов болатын. Жаңа Өзеннің қалай ашылғаны, не салынып жатыр, не ашылып жатыр соның бәрін қамтыды. Маңғыстаудың салты-дәстүрі, мәдениеті, тарихы тұлғалары туралы очерктерін 1960 жылдары жаза бастады. Өте еңбекқор адам болған. Кезіндегі халық жауы атанған, Адай ревкомының басшысы болған, Тобанияз Әлниязұлы туралы «Қара төбе келісімі» деп аталатын очеркті ең алғаш болып жазды. Бірақ өзінің бала кезгі арманы жазушы болу еді. Сол мақсатын орындау үшін Алматы қаласына 1963 жылы көшкен.
1961 жылы Жетібайда алғаш мұнай фонтаны атқылады, оған дейінде өндіріс тақырыбы кенже дамыған тақырып. Сол тақырыпты Қазақ әдебиетіне әкелген алғашқылардың бірі. 1965 жылдардан бастап публицистикалық очерктері жарық көре бастады. Төлейсін Әлиев туралы да Маршал Әбдіхалықов жазған. Оның очерктерінің негізгі тақырыбы өндіріс тақырыбында және замандастар бейнесінде болды. Замандастар бейнесі дегеніміз - сол кезеңдегі құрылысшылар, мұнайшылар, еңбек адамдары, балықшылар, операторлар. Сонымен қоса тіл мәселесі, салт- дәстүр мәселелерін түгел қамтыған. Әбіш Кекілбаевтың «Туған елдің түлегі» деген көлемді мақаласы жарық көрді. Себебі олар бірге жұмыс істеген және жас жағынан замандас болған. Ол екеуі Маңғыстаудан шыққан алғашқы прозариктер. Бірге Қазақфильм киностудиясында қызмет атқарған. Аударма саласында көптеген еңбектері бар. Маңғыстаудың ат бегілері туралы «Бәйге» деген әңгімесі бар. Мектеп бағдарламасында факультатив сабақ ретінде Маңғыстау әдебиетінде «Жердің асты жеті қат» романының үзіндісі берілген.
Ол өмірінің 30 жылын Алматыда өткізген. Соған қарамастан оның шығармаларының басым бөлігі Маңғыстау тақырыбында болған. Маңғыстаудың табиғаты, тарихы, өндірісі, батырлары жазушының шығармаларының негізі болды. Әбіш ағамыздың айтуы бойынша: Маңғыстау өлкесі туралы жиын болса, сол жерде Маршалда табыла кететін.Маңғыстауда өндіріс тақырыбы сол кезеңдерде қиын тақырыптардың бірі болды. Өндіріс тақырыбына жаңа дем беріп, оны өркендетуге Маршалдың қосқан үлесі зор болды. Өндіріс туралы толық мәліметерді газет бетіне жариялады.Өндіріс тақырыбынан бөлек, өлкеміздің тарихында жазды. Маңғыстаудан шыққан ұлы тұлғалар туралы да қаламынан сыр шертті.
Адамды заман билейді... Бұл туралы кім де болса ойланатын шығар. Тіпті ойланбағандар болса да, осы сөзді ара-тұра естігенде ақиқат сипаты мол ұғымды іштей мақұлдайды. М. Әбдіхалықовтың «Сүйінғара» романын жазу барысында осы ойлардың қамауында болғаны көрініп тұр. Сүйінғара алғаш рет «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Роман тақырыбы өте күрделі. Жері кең болғанмен, адамы сиректеу, аңқаулау көрінетін Маңғыстау түбегіне көз тіккен Ресей, Англия, Хиуа мемлекеттері саясатының шиеленiсе бастаған уақыты. Ағылшындар Хиуа ханы арқылы қазақ жеріне, сол арқылы Кавказ елдеріне көз тігіп отырса, орыстар Маңғыстау арқылы Орта Азияға, одан Индия, Қытай байлықтарына дәмелі. Осы алпауыттар арбасуының аясына айналған қазақ елінің жай-күйі, бостандық, азаттық туралы арман, әрекеттері суреттеледі. Роман жарық көрген жылдар - Кеңес үкіметінің ұлт-азаттық идеялардан қатты үрейленетін кезі. Мұның барлығын М. Әбдіхалықов өте жақсы білді. Қаламгер шығармашылығының үлкен бір белесі - «Сүйінғара» романы осындай ахуалды уақыттағы ойларды қозғайды. Бұл-– қаламгердің көп үміт күтіп, бар қабілет, қайратын салып жазған үкілі еңбегі. Бірақ жиған-тергеннен тапқан табысын, олжасын шығармашылық толғаныстар үстінде бойын билеген сезімдер мен ой ағыстарын жеткізе алды ма? Тiптi романдық көркем мазмұн астарындағы емеурiндi сездiрдi ме? Өнері, оқуы, білімі бар орысқа сенуге бола ма? Бұлардың қазіргі көздеп отырғаны Маңғыстау түбегі емес, алайда мойынға құрық ілудің басы осы болып жүрмесе?Алайда романның осы нұсқасынан алысты көздейтін астары бар жұмбақ жүйесінің құлашы кең, кесек жоспарланған шығарма екені көрініп-ақ тұр.Романда бас қаһарманның бірі болуға тиісті Өмірзақ мына біз оқыған нұсқада әлі балаң ойлардан аса алмаған қалыпта. Әрекет түгіл, ірі ойларға да бара алған жоқ. Бірақ болашақта қолынан көп нәрсе келетіні байқалады. Роман соңындағы беліне қылыш байлап, әке-шеше, туыстарының кегін аламын деп жүргені де - өткелдерінде шыңдалмаған жастың балаң тірлігі ғана емес. Жазықсыз өлген туғандарының кегін аламын деп жасақталып жатқан қолды іздеп келіп тұр, арғы ойларында дәйек аз болса да, рух беріктігі аян. Осы бейнеге байланысты М. Әбдіхалықов ойларында шапқыншылық, ел қорғау, жауға шабу, кек қайыру туралы жаңа бір ұстанымның ұшы көрінетін тәрізді. 18 ғасырдың аяғы 19 ғасырдың басында Маңғыстау жерінде шапқыншылықтар болды. Сол кезеңдегі Маңғыстаудың баһадүрі атанған, батыры, абызы Сүйінғара Үргенішбайұлы еді. Романда сол кісінің өмірі, Маңғыстау үшін жасаған әрекеті, тарихи оқиғаларды суреттеген. Романы 3 бөлімнен тұрады: Тұнық теңіз, Шапқыншылық, Соңғы ұмтылыс. Романда эпитет теңеулер, пролог, манологтар көп кездеседі. Тарихи тұлғалардыңда бейнесі суреттелген: Мая, Мәмбетнияз батыр, Әліп, Өмірзақ суреттеледі.Сүйінғара Маңғыстау өлкесіне келген саяхатшы не болмаса басқада жолаушылардан салықтар жинап отырған. Шығармада Маңғыстауға өңмеңдей ұмтылған орыс саясатынан гөрі, заңсыз пітір-садақа жинаған Хиуа ханымен қазақ елінің қырғиқабақ қарым- қатынасына көбірек көңіл бөлінеді. Сүйінғара, Мая тәрізді қазақ елін билеушілер жолсыз зорлыққа бейім Хиуаға пітір, зекет бергеннен гөрі өнері мен оқуы бар, қуатты Ресейге алым-салық төлеп, соның боданы болғысы келеді. Елімізді, ішкі шаруаларды өзімізге билетсе, сыртқы жаудан қорған болса несі бар, - деген ойда.Тұрпаевты қауіп-қатері бар белгісіз өлкеге айдап әкеліп отырған – сауда, ақша. Бастықтармен қарым-қатынаста да тәжірибесін, өзіндік айла-амалын қолданады, берік ұстанатын саясаты байқалады. Роман жанры туралы қалыптасқан пікірлерге қарағанда (М. Бахтин) бұл жанр – уақыт пен кеңістік өлшемдерінің бір бөлігіндегі адам баласын ойландырған уақиға, болмаса ол тап болған хикая, тарихтың, көбіне авторды тебіренткен бір үзігі ғана. Жазушы осы эстетикалық объектіні өзі тұрған биіктен, өзі көрген деңгейден ғана бейнелейді. Шығарманың көркем мазмұны осыған ғана тәуелді болмақ. Оның аяқталған тарих, уақиға болуы тіпті де шарт емес.
Демек, заман тынысын сезіну түрлі халықтарда түрлі деңгейде кездескенмен, бәріне ортақ арқау - оның маңыздылығын аңғару бар. Романда ағылшын саудагерлерін (барлаушыларын) ордаларында ұстап, олардың саясатын өз пайдалары үшін қолдануға тырысып отырған Хиуа ханының мақсаты, тірлігінен де біраз көрініс суреттеледі.«Екі нар сүйкенсе, арасында шыбын өледі» деген. Сол шыбыны осы Маңғыстау елі болса керек.
Маршал Әбдіхалықовтың мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген жүздеген мақалалары мен очерктері, суреттемелері мен көсемсөздері, әңгімелерінің сыртында «Алыстағы Маңғыстауда», «Ильич тапсырмасымен», «Маңғыстау аңыздары», «Үлкен вахта», «Мұнайшылар қаласы», «Желаяқ бала», «Қара тасқын», «Жеті қат жер астында» секілді деректі хикаялары мен Маңғыстау атырабының тыныс тіршілігін жете зерттей отырып, жазылған повестері мен романдары жеке кітап болып басылған. Қазақ елінің сол кездердегі Ресей және Азия хандықтары мен арадағы қатынастары аясында шынайы бейнеленгендігімен құнды. Әбдіхалықов ондаған көркем фильмдерді қазақ тіліне аударған.
Бұлардың ішінде әсіресе «Қара тасқын», «Жеті қат жер астында» романдары өз кезеңінде қазақтың ұлттық жұмысшы табы өкілдері мен инженер кадрларының өсу, кемелдену жолын нанымды көрсете білгендігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ бұл тарапта ол алғашқылардың бірі болып сол тұстағы мемлекет қайраткерлерінің бейнесін жасауда сәтті қадамдар жасағандығымен де ерекшеленеді.
Автордың «Отыз мыңыншы» деп аталатын алғашқы кітапшасы «Қайнар» баспасынан (1965), «Маңғыстау хикаялары» деген кітабы (1967) «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. «Сүйінқара» атты тарихи романы «Жұлдыз» журналында (1981) жарияланды.
Маршал Әбдіхалықов Алматы қаласында қайтыс болды.Мүрдесін туған өлкесіне алып келді. Мүрдесі Маңғыстаудағы «Қошқар Ата» қойылымына жерленген. Форт-Шевченко қаласының бір көшесі М. Әбдіхалықов атына берілген. 1981 жылы «Асыл жандар» атты пьесасын Атырау облыстық музыкалы драма театры сахналады. 1943 жылы Ақшұқырда бастауыш мектеп ашылды. 1957 жылы Шәбден Ералиев атындағы сегізжылдық мектеп болып өзгертілді. 1965 жылы Шәбден Ералиев атындағы орта мектеп болып өзгертілді. ҚР Министрлер Кабинетінің 12 мамыр 1993 жылы №383 Қаулысымен Маңғыстау облысы Форт- Шевченко қаласындағы Ақшұқыр селосындағы орта мектепке белгілі жазушы, драматург, аудармашы - Маршал Әбдіхалықов есімі берілді.
Жазушы Маршал Әбдіхалықов мұражайы 2000 жылы жаңа мектеп ғимаратының бөлмесінен шығармаларымен, өміріне арналған суреттермен, фотосуреттермен ашылды. Осы жылы жолдасы Саханова Гүлсім мұражайды көріп, жазушының жеке заттарын: кітап сөрелерін кітаптарымен, шкафын, жазу үстелін, төсенген түкті кілемін, портфелін, әр кезеңін бейнелейтін фото суреттерін, жеке құжаттарын (паспорты, ата- анасының паспорттары, мектеп бітіргендігі туралы куәлігі, жазушылар одағының куәлігі, әкесінің майданнан жазған хаты) әкеліп тапсырған. 2007 жылы мұражай кәзіргі заманға сай үлгіде қайтадан жасақталып, экспонаттар шөлмектелген витринаға орналастырылды. Алғашқы рет мұражайдың лентасын қиған Қазақстан спорт ардагері Маршал жолдасы Әмин Тұяқов болатын.
Мұражайға үнемі сынып оқушылары танымдық саяхат ұйымдастырып, мектеп шәкірттерін аталарының өмірі мен шығармашылығымен жете таныстырады. Мұражайға А.Тұяқов, ҚР Білім және ғылым министрі Б.С Айтымова, ҚР экономика министрі Ж. Құлекеев келіп, қолтаңба тілектерін естелікке қалдырды.
Жазушы Маршал Әбдіхалықов аудармашы болған, ондаған көркем фильмдерді қазақ тіліне аударған тәржімашы. Бірге істеген жұмыстастарының айтуы бойынша, ол тез аударған. Оның аудармалары өте тиянақты болатын. Орыс тілінде таза сөйлеген. Сонымен қатар дос жарандарының тойларында асаба болған. Ол өте қарапайым ақкөңіл адам болған. Жазушы қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен наградталған. Маршал Әбдіхалықов орны бөлек тұлға, есімі де бөлек болу керек. Қорытындылай келе тұңғыш журналисімізді насихаттап, оның шығармаларымен өскелең ұрпаққа тәрбие беру керек!
Ұсыныс:
Жастарды тіл байлығын дамыту мақсатында М. Әбдіхалықовтың атына журналистика мектебі ашылса;
Маңғыстау облыстық мұрағаттан арнайы бұрыш арналса;
Пайдаланылған әдебиеттер
Маңғыстау энциклопедиясы
Интернет материалдары
«Жұлдыз» журналы (1981)
Маңғыстау газеті (11 шілде 2000 жыл)
Маңғыстау газеті (30 маусым 2007 жыл)
Маңғыстау газеті (1 шілде 2006 жыл)
Үш қиян газеті ( 21 шілде 2007 жыл)
Достарыңызбен бөлісу: |