Қазақстан Жазушылар одағының төралқасының хатшысы – Ә.Тәжібаев», – деп М.Әуезовтің өтінішіне қоса ілеспе хат жолдады.
Сонымен қатар 1939 жылы 13 тамыз күні Ішкі істер комиссариатына:
«1938 жылы 3 тамыз күні №129 қатынаспен жолданған ... Мұхтар Әуезовтің өтінішіне орай беретін жауаптарыңызды тездетуді сұраймыз», – деп сұрау салған.
Бұл жылы да бұл мәселе кейінге ысырылған. Осы жылдары Мұхтар Әуезов пен Әбділда Тәжібаевтің арасындағы түсіністік барынша қалыптанып, бір арнаға тоғысып, «Ақ қайың» атты пьесаны бірігіп жазуға алып келген. Араға төр ай салып барыпғ яғни, 1940 жылы 20 қаңтарда Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі президиумының хатшысы Т.Тәжібаев (мәтінде Ә.Тәжібаев деп қате, сірә, Т.Тәжібаев шығар, өйткені ақын Ә.Тәжібаев ондай лауазымды қызметті атқармаған) ҚазССР ішкі істер халық комиссариатының орынбасары жолд. Чирковқа:
«Қазақстан жазушылар одағы басқармасының президиумынынан жазушы, драматург Мұхтар Әуезовтен «сотталған» деген айыпты алу туралы ұсыныстың келіп түсуіне байланысты біздің сіздерге қарата жолдаған 3/ҮІІ– 38 ж. Жолдаған №129 және 13/ХІІ-39 ж. жолдаған № 273 сұрауымызға әлі ешқандай жауап қайырылмағандықтан да, тездетіп жауап берулеріңізді өтінеміз», – деген қатынас жіберген.
Мемлекеттік биліктің ынта көрсетуі орынды болатын. Өйткені «Абай» спектаклі аса жоғары деңгейде өтті. «Абай» романының бірінші кітабі жазылып бітті. Мұхтар Әуезовтің есімі бүкіл одақ деңгейінде танылып, беделі көтерілді. Ал оны «сотталған» жазушы ретінде таныстыруға ешкіімнің батылы бармайтын. Сондай-ақ тиесілі атақ-абырой да бұйырмайтын, сайлау және сайлану құқы да жоқ, сол тұстағы бір қушыкеш тауып айтқандай, «мүсәпір жазушы» болатын. «Абай» спектакілінің абыройымен қанаттанған Мұхтар Әуезов енді бұрынғыдай» тартыншақтамай, қаламын батыра қайыра өтініш жазды.
«Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің төрағасы ж. Қазақпаевқа
Кеңес жазушылар одағының мүшесі Мұхтар Әуезовтен өтініш
«1930 жылы қыркүйек айында мен ОГПУ мекемесі тарапынан «Қазақ ұлтшылдарының» ісіне байланысты тергеуге тартылып, 1932 жылдың көкек айында тергеу аяқталған соң үш жылға шартты түрде үкім кесіліп, бостандыққа шығарылдым. Бұл үкімнің кесімді уақыты 1933 жылы қыркүйекте аяқталды. Ал мен 1932 жылы Қазақстан кеңестік жазушыларының қатарына өттім.
Міне, 24 жылдан бері драматург, прозашы және әдебиет тарихын зерттеуші ретінде әдебиет майданында еңбек етіп келемін. 1921 жылы жазылған менің «Еңлік – Кебек» атты тарихи пьесам осы күнге дейін барлық қазақ театрларында (академиялық және облыстық театрларда) қойылып келеді. Менің бұрынғы әдеби қығармаларымды былай қойғанда, соңғы тоғыз жылдағы мен атқарған істер партия-кеңес жұртшылығына жақсы мәлім.
1926 жылы Қазақ мемлекеттік драма (қазір академиялық) театры менің «Еңлік – Кебек» пьесаммен өзінің шымылдығын ашты, ал 1934 жылы қазіргі Мемлекеттік опера театры өзінің шымылдығын менің «Айман – Шолпан» атты пьесаммен ашты. Өздері жұмыс істегеннен бері осы театрлар және облыстық театрлар менің тарихи және қазіргі тақырыптарға жазылған көптеген пьесаларымды қойып келеді. Өткен 1940 жылы республиканың жиырма жылдық мерекесін академиялық драма театры Л.Соболевпен бірігіп жазған менің «Абай» атты пьесаммен атап өтті. Осы тоғыз жылдың ішінде мен көптеген әңгімелер мен повестер, оқу құралдарын жаздым. Қазір қазақ әдебиетінің классигі туралы «Абай» атты көлемді роман жазып бітіріп, баспаға ұсынбақшымын. Сонымен қатар мен аударған батысеуропа мен орыс әдебиетінің классиктері Шекспирдің «Отелло», Гоглбдің «Ревизор», қазіргі кеңес жазушылары Погодиннің «Ақсүйектер», Треневтің «Любовь Яровая» т.б. пьесалары Қазақ театрларының репертуарынан орын алған.
Осыларға қоса мен қазақ әдебиетінің тарихы туралы тұрақты түрде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін.
Жоғарыда көрсетілген өзімнің қоғамға пайдалы игі істерімді атап өте келе, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің президиумынан – менің азаматтық арыма түскен қара дақ болған «Сотталған» деген айыпты алып тастауларыңызды өтінемін.
М.Әуезов. 1941 ж., 21 қаңтар.
Ескерту: менен сотталғаным туралы айыпты алып тастау туралы жазушылар одағының бірінші ұсынысы пен мінездемесі және 1932 жылы шартты түрде кесілген үкімнің анықтамасы ҚССР Жоғарғы кеңесінің «Кешірім жасау» бөлімінде жатыр».
Алғашқы өтініштей емес, бұл жолғы арыздың астарында салмақ бар. Сөйлемдері де, дәлелдері де нық. Жоғарғы кеңестің сұратуымен 1941 жылы 19 ақпан күні жазушылар одағы президиумының атынан Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев, А.Тоқмағамбетов, Е.Хасанов қол қойған мінездеме жолданады. Мұнда М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаяны сыни тұрғыдан жинақтала бағаланғандықтан да қысқаша үзінді келтіреміз. Онда:
« Жолд. Мұхтар Әуезов – жазушы драматург, 1933 жылдан Қазақстан кеңестік жазушылар одағының мүшесі. Осы уақытқа дейін жолд. Әуезов қаламынан көптеген шығармалар жазды, соның ішінде ерекше көрінетіндері мыналар:
1. 1916 жылғы көтеріліс туралы жазылған «Түнгі сарын» пьесасы. Мұндай тарихи оқиғаны автор кеңес жазушысының көзқарасымен бейнелейді және оны кемелденген суреткер ретінде үлкен шеберлікпен суреттеген.
2. «Шекарада», пьеса, 1937 жылы шекаралық аудандардың колхоздарындағы қастандық әрекеттерді әшкерелеу тақырыбына арналған. Ол академиялық театрда қойылды, кезінде үлкен табысқұа ие болды.
3. «Абай», пьеса, жолд. Соболевпен бірігіп жазылған. Пьеса тек Қазақстанда ғана емесғ сонымен қатар Москваның камерлік театрында қойылуға дайындалып жатыр. Бұл шығарманы көркемдік құндылығы туралы орталық газеттерде тамаша пікірлер білдірілді («Известия» және «Лит.газета»).
4. «Абай», роман. Бұл романның бірінші кітабі (25 бапа табақ) аяқталып, баспа қабылдап алды. Роман, сөзсіз қазақ әдебиетіндегі, тек қана қазақ әдебиетінің емес, (кеңес әдебиетіндегі) көрнекті құбылыс болып табылады. Қазақтың ұлы ақыны Абай өмір сүріп, шығармаларын жазған ХІХ ғасырдың күрделі оқиғалары романда барлық қайшылығымен терең ашылған. Автор аса мол тарихи материалдарды еркін меңгерген және оқырмандардың назарын аударарлықтай көкейкесті шығарма боп шыққан...», – деп «Абай» романына тұңғыш рет ресми баға берілген.
Бұдан кейін жазушының аударма, драматургия, театр, ғылыми зерттеу, фольклор, абайтану саласындағы еңбектеріне баға беріле келіп:
«Жазушылар одағының тапсырмасымен әр түрлі тақырыпта баяндама жасайды, жас авторларға, әсіресе, драматургтарға кеңес береді. Қазір жолд. Әуезов кеңес интелигенциясы туралы опера театрына арнап либретто жазу үстінде, қазіргі тақырыпқа арнап пьеса жазу үшін 6 айға Балқашқа ісспар сұрап жүр», – деп қорытындылайды.
Бәрі де дұрыс пайымдалған. Бірақ кешірім тағы да жасалмады. Бұл кезде тұлғалардың өзараларына да жарықшақ түсті. Тек Ғабит Мүсірепов қашанғы әдетінше екі жаққа кезек бұрылып қойып, екеуіне де ішін бермеді. Ә.Тәжібаев пен С.Мұқановтың арасынан «қара мысық өткелі» де бір неше жыл болған. Әсіресе, жас ақынның отыз сегізінші жылы «кәдімгі Сәбит Мұқановтың» өзін одақтан да, партиядан да шығарып, жария түрде «орынын басып қалуы» Сәбитті қатты түңілдірген еді. Енді ол Мұхтар Әуезовке ықтап, жазушылар арасында кәдімгідей қақпақыл топ құрды. Жоғарыда айтылған «үштік» іске қосылды.
Өйткені тыныштық – идеологиялық тыныштық кеңес өкіметіне жат болатын. Мұны екі идеологияны ұстаған тұлғалардың арасындағы «пәленше мен түгеншелер» араласқан:
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Әуреге қалма езбеден, –
деп Абай айтқан кәдімгі «езбе әурешілік» әрекет еді.
Жайылып кетпеу үшін өзіміз сөзінің шындығына сенген аяулы адам айтып берген жалғыз-ақ жайға тоқталамыз.
2.
Халқымыздың рухани тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориальдық музей 1940 жылы Семей қаласында құрылды. Сондай-ақ Абайдың туғанына жүз, қайтыс болғанына қырық жыл толуын мемлекеттік дәрежеде атап өту жөнінде Қазақ ССР Халық Комиссарлары советінің арнайы қаулысы шықты. Бұл бұрын-соңды творчество қайраткерлеріне көрсетілмеген құрмет еді. Сол тұстағы Мұхтар Әуезовтің үйдегі, түздегі өміріне, жалпы әдеби ортаның тынысына қанық Қайым Мұхаметхановтың естелігі арқылы жазушының творчестволық толғанысы мен тіршілігінен мағлұматтар ұсынамыз.
Қайым Мұхаметханов: «Әлі есімде, қырқыншы жылы Мұхтар мені Алматыға шақыртып алды. Обкомға сол кездегі СССР Ғылым Академиясының қазақ бөлімшесінің президенті Қаныш Сәтбаевтың атынан телеграмма жолдапты. Бұдан ілгерідегі «құралайдың салқыны» тұсында пединституттың студенттері атынан хат жазып, Сәбит Мұқановтың лекция оқуын өтінгеміз. Ол кісі қашан жағдайы түзелгенше Семейде болды, Мұхтардың сәлем хаты арқылы Әбділда Тәжібаев келген. Егер, менің төрелігіме салса, кейде ағалы-інідей, кейде өкпешіл баладай қарым-қатынаста болған бұл екі адамның өзара байланысын онша түсіне бермейтінмін. Асылығы болса – Әбділданың өзі айтсын. Ақын емес пе, талай-талай қызықты өткердік. Бір күні біздің үйге ұқыпты киінген, бұйра шашты адам келді. Қолында үлкен саквояжы бар. Мені сұрады. Мән-жайды білген соң: «Мен – Әлкей Марғұланмын. Мына қонақ үйден мені алып кет. Міне, Мұхтардың хаты. Іші толған қандала. Екіншіден жұмыс істетпейді. Бар, заттарымды алып кел», – деді. Әлкеймен осылай таныстым. Үш ай бойы архивті ақтарды. Өзгелердей емес, табандап отырып алады. Ешқайда шықпайды. Мен серуендесе екен деймін. «Уақыт жоқ. Көрмеймісің, жұмыс істеп отырмын» деп өзіме ұрсады. Бұл адамдардың барлығымен Мұхтар арқылы таныстым. Әйтпесе, әлі аты белгісіз адамды академия қайтсін. Әдебиет тарихын, оның ішінде Абайды зерттеп жүргенімді біледі.
Ол уақытта поездың жүрісіне сенім аз. Неше тоқтап, неше жүреді. Мұхтарға телефон арқылы хабарластым да, аттанып кеттім. Бірінші Алматының вокзалы мен Алматының арасы елсіз иен. Таңға жуық келіп жеттік. Перронда ешкім жоқ. Ішке кірсем ескі шапкісін көзіне түсіріп Мұхтар қалғып отыр. Мені қарсы алуға шығыпты. Өкімет Күләш пен Шараға бір машина бөліп берген. Бензинді өзі таппаққа уәделесіп, соны сұрапты. Қарсы алуды Есмағабет Ысмайыловқа тапсырыпты. Тәуліктеп кешіккен поездан күдер үзген ол ұйықтап қалып, түнделетіп өзі келген беті екен. Содан әңгіме басталып, үзіліс көрсекші. Сәске әлегінде Сәбит звондады. Сөздері естіліп тұр.
– Әй, Мұхтар сәлеметсің бе? Әлгі Қайым сенің үйіңде ме? Берші трубканы,– деді. Алдым. Бірден дүрсе қоя берді – Менің үйім тұрғанда онда нең бар. Сен маған туыс емессің бе. Нақ ат басын тірейтін отауың. Керей-уақ қашан бөлініп еді. Қалжың ғой. Тез жет. Ет асулы, дайын.
Мен Сәбиттің саңқылдаған дауысын естіп тұрған Мұхтардан ұялдым.
– Қонаққа шақырды ма? Бар. Ұят болады. Бірақ түскен, жатқан үйіңді ұмытпа. Қай уақытта, түн ортасы болса да кел. Қонып жүр, – деді.
Шындығына көшкенде, екі сыйлы адамның қас-қабақтары маған онша ұнамады. Араздыққа, бақ-таластыққа қимадым. Қазақтың қарабайыр қалжыңына жатқыздым. Сәбең құшақ жайып қарсы алды. Арғы-бергі жайдан әңгіме-дүкен құрдық. Талай естеліктер шертілді. Мағжан ақынның өзін тәрбиелегенін, Орынборда шанаға ақ боз ат жегіп, көшірі болғанын, «Алтын мүйіз» ресторанының алдында ұзақ тұратынын, өзінің оған қарыздарлығын айтты. Абайдың тойына дайындыққа Мұхтармен бірлесе күш салғаны қозғалып, іле Мұхтардың өзіне ауысты. Жазушылығын асқақтата мақтап, өздерінің оған ілесе алмайтындығын мойындап: «Ол Абайдың тәлімінен нәр алған. Білім уызын жасынан қанып ішкен» дей келіп, күдікті бір жайды суыртпақтады. Екі алып та қазір жоқ. Алайда қалжыңға сүйесе де Сәбеңнің сол сөзі шындығында да, реніш тудырарлықтай еді. Жастығым – мастығым емес пе: «Сен Мұхтардың өзіне айтшы, ол қуанып қалады. Айта алмай жүр ұялып. Ол – Абайдың бел баласы»,– дегенін малданып, түнгі үште Мұхтардың үйінің есігін қақтым. Өзі ашты. Қуанып:
– Е, бәсе, келер деп күтіп ем және мына тарауды үш рет жазып шығара алмап ем. Жаңа ғана сәті түсіп, қыбын таптым (Ол Абайдың жас өлім туралы күйінетін тұсы). Жүр. Кімге оқырымды білмей отыр едім, – деп кабинетіне бастады.
Сұрағымды таңға қалдырып, романның тарауын тыңдадым. Аяқ алысы кең, сөзі ірі, «Ақ білек» атты ертеде оқыған бір шығарманың жазылу мәнерін еске салады. Содан таңертең дастарқан жайылып, ортаға самауыр қойылды. Ептеп бой жылытып, тершіп алдым. Лекцияға кетуге ыңғайланғанда:
– Мұха, сізде сүйіншіге лайық қуаныш бар екен. Бұрын білмеппін. Сіз Абайдың бел баласы екенсіз ғой, – деп салғаным.
Түтігіп кетті. Өңі қабарып ап, ал кеп сөйледі дейсің. Бір сағаттың ішінде түгімді қалдырмады. Ең соңында:
– Саған мұны Сәбит айтты ғой. Мен сені: біледі, оқыған, мәдениетті, сауатты адам деп жүрсем. Сөйлеме! Ей, Абай қай жылы өлді. Ал, менің әке-шешем ше? Салыстыршы. Қалай дәтің барды,– деп үйден шығып кетті.
Албырттық па, аңғалдық па? Кім білсін. Аярлығым жоғы анық. Дүние қарауытып, үміт үзіліп, бет күйіп, естен тандым. Содан бір полковниктің үйіне барып, он күн жатып алдым. Не істеймін? Әйтеуір көшеге шыққан бір оңтайында іздеткен адамдары мені дедектетіп Мұхтардың үйіне алып барды.
– Е, келдің бе. Сендер кете беріңдер, – деді де маған бұрылды – Ей, ойлашы өзің, кімге кім өкпелеуі керек. Елдің айтқанына ілескен кім? Өкпеледің бе деймін саған? Жатқан үйіңе қонбай, неге қаңғырасың. Семейге Фаяға звандадым. Ол да үрейі ұшып отыр.
– Сізге қоштаспай қалай кетемін. Жүгім де осында.
– Солай ма? Бәсе!, – деді».
Адал жандар ойындағысын жасырмайды. Қайым аға да сондай аяулы адамның бірі. Ең қымбаты – шындық. Сол шындықтың ұшын ұстатқаны үшін де рахмет. 1937-1939 жылдары бір-бірін жат көзден, қырын қабақтан қорғап жүрген Мұхтар мен Сәбиттің арасына, ел-аман, жұрт тынышта сызат түсіпті. Қайым ағаның әңгімесіне қарағанда қырқыншы жылдардың ортасында-ақ екеуінің қырғиқабақ болғаны байқалады. Қалай екенін кім білсін, Сәбең, Сәбит Мұқанов – әйтеуір Мұхтардың тегіне күмән келтіруден тынбаған. Ол пікірін ешкімнен қысылып-қымтырылмай ашық айтып жүрген. Сөз салмағын, астарын білетін салиқалы адамның осынау қылығын түсіну қиын. Сол үшін талай рет «сыбағасын» алса да, бір сәт өзіне өзі тиым салмағаны өкінішті.
Мұны қалай түсіндіруге болады? Оған ешкімде кесімді төрелік айта алмады. Тек екі дегдардың өздеріне ғана мәлім ішкі ерегеске ұласады.
Міне, сол кезде Москвада жүрген Сәбит Мұқанов 1941 жылы 29 мамырда Мұхтарға тағы да хат жолдайды. Он бес беттей бұл ұзақ хатты орыс тілінде жазылған бұл хатты кезінде Сәбиттің шырақшысы болған досымыз Құлбек Ергөбекұлы бізге ұсынып еді. (1934 жылы Мағжан Жұмабаев түрмеден босанып шыққанда оған да орысша хат жолдаған – Т. Ж.) Іштегі бар өкпе-назын жасырмай ашық айтыпты. Біз, екі жазушыны бір-біріне қарама-қарсы қойып, айыптастырудан аулақпыз. Бірақ, шындық – бәрінен жоғары. Сол үшін аталған хаттан үзінді ғана ұсынып, реніштің түп мәнісін ашу мақсатында ғана мысалға жүгінеміз.
Әдетте, кез-келген өкпе, реніш дақпырттан туындап, бірте-бірте ушығады. Хаттағы Сәбит Мұқановтың Мұхтар Әуезовке таққан, «айыптарының» бәрін ақиқат деуге де болмас. Оған қарсы айтылатын Мұхтардың да өз уәжі, пікірі болғаны анық. Бірақ Сәбитке қандай жауап айтқаны бізге бимәлім. Ал арада бір ай өткен соң ұлы отан соғысының басталып кеткенін ескерсек, ол хаттың жауапсыз қалуы да мүмкін. Біз, тек қолда бар дерекке ғана жүгінеміз. Хат тым ұзақ. Сондықтан да қысқа-қысқа үзіндіге қанағат етуге тура келеді. Москвадан жолданған сәлем былай басталады:
«Қадірлі Мұхтар!
Біз, соңғы төрт-бес жылда ғана етене танысып, аралас-құралас болдық: осы уақыттың ішінде бір-бірімізге сен деп сөйлесу әдетімізге айналды. Сондықтан да, менің жолдастық, ашық әрі былай қарағанда қатты-қатты айтылғандай көрінетін осы хатымда саған «сен» деп қарапайым сөйлеуімді көңіліңе алмауыңды өтінемін. Біз бір қалада тұрып, жиі кездессек те, саған осы мазмұндас хат жазсам-ау деген ой баяғыдан мазалап жүр еді. Бұндай тілек саған жат көрінгенмен, маған жат емес. Ашығын айтайын, әр адамның өз кемшілігі болады. Сенің бойыңдағы кемшіліктің бірі сол, сен тым өкпешілсің, кейде түкке тұрғысыз нәрсеге бола шала бүлінесің. Сондықтан өз пікірімді саған ашық айтуға батылым жетпеді, ал хат жазуды ыңғайсыз көрдім».
Сәбит Мұқановтың бұрыннан хат жазбақ болып жүргеніне қарағанда және Қайым Мұхаметхановтың естелігінен байқалғанындай, екеуінің іштей өкпелесуі 40 жылдардың басында-ақ басталған сияқты. Араларындағы түсініспестікке не себеп? Сәбитке «болмашы» көрініп тұрған жай, Қ.Мұхамедхановтың «сүйіншісіне» қатысты емес пе екен? Жоқ, одан да өзге себеп бар екен.
«Егерде Москвадағылар сенің мен туралы пікірлеріңді маған айтпағанда, мен әлі де біраз уақытқа дейін тәуекелге бармас едім. Гослитиздаттағылар маған сенің: «Мұқановтың «Жұмбақ жалауын» біз білеміз, ол нашар шығарма, оны жақсы еткен «Дроздов» деп түсінік бергеніңді айтты. Және сондағылар мынаны жеткізді: Сен «Қазіргі қазақ әдебиеті жинағына» жазған өз мақалаңды оқып шығып, «Сәбит Мұқанов – қазақ әдебиетіндегі жетекші жазушылардың бірі», деген сөзді оқып қатты ашуланыпсың. Сол кезде саған өз қолыңмен жазылған мақаланың қолжазбасын көрсетіпті, сен қызарақтап қысқа ғана: «Мен сызып тастаймын ендеше», – депсің.
Бұл сөздерді естігенде менің төбе шашым тік тұрды. Егер де осы шындық болса, менің тура айтқаныма кешір, онда сенің Құнанбай заманынан қаныңа сіңген тобықтылық қаның ойнап кеткен болу керек. Біз қарама-қарсы топтың қатарында жүргенде де менің сен туралы пікірім жоғары болатын. Мен сені біздің заманымыздың ең ірі таланттарының бірі, тек қазақ жазушыларының арасында ғана емес, сондай-ақ көп ұлтты Одағымыздағы жазушылардың, соның ішінде орыстарды қосқанда да ең мәдениетті адамның бірі деп есептегенмін (қазір де солай ойлаймын). Сенің жоғарыдағы сөздеріңді естігенде, мен: «Мұхтардың да осындайға ебі бар ма еді?», - деп таң қалдым.
Мені жек көрінішті ғып көрсеткеніңе, не менің беделімді төмендетіп, қорлағаныңа ренжігенім жоқ. Мүлде олай емес! Меніңше, жазушы өзін-өзі қорлайды. Жақсы шығарма жазсаң – сен жақсысың, жаман жазсаң – сен жамансың».
Реніштің түп-төркіні енді белгілі болды. Сол баяғы ауыздан ауызға таралған қауесет. Сәбитке Мұхтардың пікірін жеткізген адамдардың ниет-пиғылы қандай еді, бұл сөздердің айтылғаны рас па, өтірік пе? Оны анықтаудың мүмкіндігі енді туа қоймас. Мұхтардың жауап хаты болмағандықтан да, саралап-талдау, дерексіз топшылау – ілтипатқа жатпайды.
Дегенмен де, біздің ойымызша, бұл арада Сәбиттің пікірі де, өкпесі де орынды. «Абай» трагедиясы мен «Абай» романы қанша қанат бітірсе де, қиын күндерде қол үшін берген адамның асыл қасиетін ұмыта қоятындай көп уақыт өте қойған жоқ. Оның үстіне қазақ арасы емес, жат көздің ортасында ақ қарға атандыру – ұлттық шамкөстікті де қоздырады. Демек, Мұхтардың бұл мінезі, С.Мұқанов айтқандай, «өзінің деңгейінен төмен» пендешілік. Замандастары жиі айтатын: «Болмашыға өкпелеп, қара сел жүргізіп, ешкімді бетбақтырмайтын» мінезінің расқа сайғаны. Бұдан кейін Сәбит өзін-өзі ақтауға бет бұрады.
С.Мұқанов (хаттың жалғасы): «Кейде қолдан жасалған бедел болады, оның ғүмыры қысқа. Егер, сен менің «дәрежем» туралы білгің келсе, оны мен өзім-ақ айтамын. Мен – өсіп келе жатқан жазушымын. Бұл сөзім саған түсініксіздеу көрінуі мүмкін. «Сен, қайдағы өсіп келе жатқан жазушысың, жасың қырықтан асты, шашыңа ақ кірді, жиырма жылдан бері жазып келесің», – деуің де мүмкін.
Бәрі де дұрыс. Бірақта мен сенің назарыңды мына нәрселерге аударғым келеді.
Сен екеуіміз әдебиетке әртүрлі жолмен келдік. Сен Европа біліміне сусындап барып қолыңа қалам алдың: ал мен болсам шала сауатты Европа, Россия, Шығыс классикалық әдебиетінен мүлдем мақұрым едім, тіпті қазақ әдебиетінің өзін нашар білетінмін. Маған білім берген совет мектебі. Менің алғашқы білім баспалдағым – Орынбордың Рабфагі болды, онда мен 1922-1926 жылдары оқыдым. Бұл мектептен де мен алуға тиісті білімді толық бойыма сіңірмегенімді мойындаймын. Бар уақытымды қоғамдық-саяси жұмыстарға жұмсадым. Иә, совет адамымын деп есептейтін адамға басқаша істеу мүмкін емес-тін. Буржуазиялық ұлтшылдармен күрес жүріп жатты, өліспей беріспейтін күрес еді ол. Осы ұлы күресте, саналы адам: «Мен әуелі оқу оқиын, содан кейін күреске түсем»,– деп бәрінен шет қалып, қолын қусырып отыра ала ма? Күрестің қандай тең емес жағдайда өршігені сенің есіңде ме? Алашорда жазушыларының білімі бізден жоғары еді, ал біз (мен бұл арада ұлтшылдармен жан аяспай күрескендерді айтып отырмын) совет өкіметінің мықтылығының арқасында оларды жеңе алдық.
Міне, сол бір шешуші айқастың тұсында мен рабфактағы оқуға дұрыстап көңіл бөле алмадым, бар ынтасын оқуға жұмсаған менің сабақтастарыммен (Ғабит, Үміт – т. б.) салыстырғанда олардан мен нашарлау оқыдым. Ол үшін өкінемін де, өкінбеймін де».
Жоғарыдағы хаттың үзіндісінен байқалып қалғанындай, ең бірінші басты мәселе – әдебиетке, оның көркемдік дәрежесіне Сәбиттің – Сәбитше, Мұхтардың – Мұхтарша көзқараспен қарауы еді. Мұхтар «Абай» романын жазып бітіргеніне бір жыл толса да, ол әлі жарық көрмеп еді. Бұл шығарманың баспада ұзақ жатып қалуына (әрине, сол кездің өлшемі бойынша) Сәбиттің де ықпалы болмай қалған жоқ. Ол романды Сәбең де жоғары бағалады, бірақ, таза пролетарлық мәдениет қайраткері ретінде кейде орынды, кейде орынсыз талаптар қойды. Соның біразын қабылдағанымен, біразын Мұхтар қабылдамады. Жарықшақ осы арадан туған болуы мүмкін.
Іле алма кезек міндесу басталып кетті. Соның бірі – осы хат. Сәбит Мұқанов өзінің де кемшілігін мойындайды. Алайда сол кемшілікті – нағыз кемшілік деудің орнына, ол өзінің «таза советтік күрескер» боламын деп оқуға мән бермегенін ақтай сөйлейді. Тіпті, Мұхтардың білімге ерте сусындағанын мін ретінде бетіне басқысы келетін де сыңай танытады.
«Өкінетінім: жалпылама білім беретін пәндерден (физика, химия, жаратылыстану, математика т.б.) мағлұматымның аздығы менің қазіргі әдеби-шығармашылық еңбегіме кедергісін тигізіп келеді, ал өкінбейтінім: менің мектеп пәндерін игеруіме бөгет жасаса да, сол бір шешуші айқаста саяси тұрғыдан шынықтым. Мен оны мақтаныш етемін, өйткені күрестің ауыр күндерінде мен отаныма қаламыммен ғана емес, істікпен де (штыкпен де – Т.Ж.) қызмет еттім.Мектеп пәндерін нашар игеруім менің шығармаларыма да кері әсерін тигізді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы менің жазған өлеңдерім мен әңгімелерім, мақалаларым өзінің атын ақтай ала ма? Әрине, жоқ! Менің өзім де қазір оларды қызара еске аламын. Әрі ренішпен, әрі ризашылықпен қызарамын. Ренжитінім, сауатсыз, орашолақ жазғаным, ризашылығым, сауатсыз жазылса да олар қазақ тілінде жазылған кеңестік жырдың алғашқы әуені еді. Бұл туралы сенен басқа қазақ кеңес жазушыларының бәрі де айтты да, жазды да. Тек сен ғана мардымсып: «Сонда Мұүқанов не жазды?», – деумен келесің. Мені жазушы деп мойындау, не моыйындамау, әрине, сенің өз еркің.
Мен өзімнің «өсіп келе жатырмын» деген сөзіме қайтып оралайын. Менің позиялық шығармаларымның ішінен сенің назарыңды – «Кешегі батырақ, бүгінгі батырақ» (26), «Октябрьге өткел» (27), «Сұлушаш» (28), және «Ақ аю» (35) дастандырна аударғым келеді. Немене, бұл дастандардан ілгерілеу байқалмай ма? Егерде менің прозаларымды алатын болсақ, онда «Ақбөпе» (26) повесімен «Адасқандар» (28), «Жұмбақ жалау» (35), «Балуан Шолақ» (40) романдарының арасында айырмашылық жоқ па?
Бір дерек келтірейін. Осы жолға Москваға сапарымда жолай Жазушылар одағына соқтым. Онда жаңа ғана келген армян жазушыларының арасында Фадеев және бірнеше орыстың үлкен жазушылары тұр екен. Фадеев мені көре салып құшақтап: «Құрметті Мұқанов! Сені «Балуан Шолағыңды» оқығанда қуанғанымды айтсаңшы.Сен тамаша дастан жазғансың!», – деді де жазушыларға қарап дастанның қысқаша сюжетін айтып беріп, менің қолымды тағы да қысты. Ал осы да алға басқандық емес пе?
Айтпақшы, «Жұмбақ жалау» туралы. Мен онда кемшілік жоқ демеймін. Егер мен олай ойласам, онда баспаға дайындаған екінші басылымына өзгерістер енгізбес ем. Бірінші нұсқасына өзгерістер жасау туралы ой маған: романның жақсы жақтарымен қоса кемшіліктерін де көрсеткен мыңдаған оқырмандардың хатын алған соң келді. Мен көпшіліктің бұл тілегін қабылдадым. Қабылдағаным, олар Бейсенбайдың сауатсыз, қыңыр мақаласынан көрі шын жүректен шыққан сөздер еді. Демек, сен: «Мұқановты Дроздов түзетеді», – деп бекерге күйіндірп, сөз таратасың. Әзірше менің әдеби өмірімде мен үшін біреу жазып берген оқиға кездесе қойған жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |