Магистранттың аты-жөні



Дата22.05.2022
өлшемі21,15 Kb.
#144552
Байланысты:
Cайлауова Гүлім ТТДТН лекция


Магистранттың аты-жөні
Сайлауова Г.Д.
017 қазақ тілі мен әдебиеті, 1-курс
Алтай тілдерінің генеалогиялық туыстастығы мәселесіне қатысты ғылыми көзқарастар жүйесі
Түркі, моңғол, тұңғыс маньчжур тілдерінің генеалогиялық тектестігі туралы «Алтай гипотезасы» алтаист ғалымдар арасында алтай тілдерін бір негіз-тілден өрбітетін дәстүрлі алтаистикалық, алтай тілдеріндегі материалдық ортақтықты осы тілдердің көп ғасырлық тығыз қарым-қатынасынан іздестіретін антиалтаистикалық, сондай-ақ алтай тілдерінің өзара генетикалық байланысын жоққа шығармағанымен, Орталық Азия ареалында тарихи қалыптасқан тілдік одақтарды тереңдеп зерттеудің алтай тіл бірлестігі проблематикасына тікелей қатысы бар маңызды мәселе екенін зерттеудің күн тәртібіне қойған неоалтаистикалық көзқарастардың қалыптасуына жетелеген басты теориялық концепция болып саналады.
Г.И. Рамстедт, Н.Н. Поппе, Б.Я. Владимирцов, Е.Д. Поливанов сияқты компаративистикалық дәстүрлі алтайтанудың негізін қалаған ғалымдар және олардың ізбасарлары (Н.А. Баскаков, П. Аалто, О. Прицак, К.Г. Менгес, В.И. Цинциус, В.М. Иллич-Свитыч, М.Р. Федотов, С.А. Старостин т.б.) алтай тілдерінің генетикалық туыстастығы туралы тұжырымдаманы (концепция) алтай тілдік топтарыаралық деңгейде анықталған фонетикалық және морфологиялық сәйкестіктер мен жалпыарғыалтайлық тұлғалардың реконструкциясын жасау бағытындағы этимологиялық зерттеулер негізінде дәйектейді.
Салыстырмалы алтай тіл білімі және моңғолтану салаларының дамуына айрықша үлес қосқан В.И.Котвич түркі, моңғол және тұңғыс тілдерінің фонетикалық, морфологиялық және лексикалық деңгейлерінде орын алатын ұқсастықтар мен сәйкестіктердің жалпы көлемі пайызға шаққанда: түркі-моңғол тілдері тобы мен тұңғысманьчжур тілдері арасында 10% лексикалық, 5% морфологиялық, ал түркі және моңғол тілдері арасында 25% лексикалық, 50% морфологиялық сипатта болып келетінін айта келе, алтай тілдері семьясының негізін генетикалық емес, типологиялық ұқсастықтар құрайды деп біледі.
В.И.Котвичтен басталатын алтай тілдерін типологиялық тұрғыдан зерттеу ─ алтайтанудағы айрықша маңызды бағыттардың бірі. Өйткені типологиялық ұқсас тілдер ретінде алтай тілдері бір ғана тектілге барып саятын генетикалық тілдік бірлестікті құрайды деп санауға болады. Алтай тіл бірлестігін құраушы тілдер арасындағы типологиялық ұқсастықтарға: сингормонизм заңдылығының орын алуы; сөздің басқы шенінде бірнеше дауыссыздардың қатар келмеуі; түбір-негіздің біршама тұрақтылығы; сөздердің аглютинативтік тәсіл арқылы жасалуы және түрленуі; атау септігінің полифункционалдық қызмет атқаруы; род категориясының жоқтығы; тәуелдік категориясының болуы; септік парадигмасының аксиалдық сипатта болып келуі; көптік (жинақтық) мағынаның жекеше тұлғада кездесуі; сұраулық демеуліктің болуы; бағыңқының басыңқының алдында келуі (конструкция); нақты нысанның табыс септігімен көмкерілуі; сан және сын есімдер анықтауыш қызметін атқарғанда өзінен кейінгі сөзбен қиыса байланыспауы; есім, есімше мен көсемшелі конструкциялардың көмегімен жасалатын сөйлемдерде бағыңқы сөйлемдердің аналогтарының кездесуі сияқты тілдік құбылыстарды жатқызуға болады.
Й. Бенцинг, Д.Шинор, Г.Дерфер, А.М.Щербак, Б.А.Серебренников, Г.Д.Санжеев, Л.Лигети, Дж.Клоусон, А.Ронаташ т.б. алтай тілдеріаралық өзара кірмелікті дәстүрлі алтаистикалық концепцияға қарсы қоятын антиалтаистикалық бағыт өкілдері: ‘Түркі, моңғол, тұңғыс-маньчжур және жапон, корей тілдерін жорамал түріндегі алтайлық тектілдің ‘мұрагерлері’ деп санауға болмайды. Олардың арасындағы дәстүрлі алтаистика айқындаған материалдық ортақтықтарды компаративтік тұрғыдан тереңдеп зерттеп, жете тексерген жағдайда ұқсастықтар мен сәйкестіктердің, ортақтықтардың барлығы дерлік бір тілден екінші тілге енген бір жақты кірме, немесе өзара кірме, я болмаса бір тілден келесі бір тілге, немесе керісінше неше мәрте қайталана енген кірме элементтер болып шығады’ деген көзқарасты жақтайды.
Алтайлық ареалда әрқилы тарихи дәуірлерде әртүрлі деңгейде орын алған этнолингвомәдени сипаттағы контактологиялық процестерді кірмелік теориясымен ұштастыратын неоалтаистикалық бағыт өкілдері (В.И. Рассадин, Ж.Қ. Түймебаев, Н.И. Егоров т.б.) жалпыалтайлық негіз тіл туралы постулат өз шешімін табу үшін, ең алдымен көне, өте көне, ерте, өте ерте дәуірлерден келе жатқан кірме элементтерді толық анықтап алу қажеттігін алға тартады.
Сонымен қазіргі заманғы алтайтану саласында алтай тіл бірлестігінің құрамы негізінен түркі, моңғол, тұңғыс-маньчжур және жапон, корей тілдері сияқты бес тілдік топпен шектеліп, салыстырмалы – тарихи зерттеулердің нысанына осы тілдер арасындағы ұқсастықтар мен сәйкестіктер, ортақтықтар алынады. Әйтседе түркі, моңғол және тұңғысманьчжур және жапон-корей тілдерінің материалдық жақындығын о бастағы тектілдік негізден, типологиялық ұқсастықтардан және тілдераралық қарым-қатынастан іздестіретін ғылыми-көзқарастар қайшылығы күні бүгінге дейін толастамай келеді.
Пікір қайшылығы алтайлық 5 тілдік топтың өзара жақындық қатысына, жекелеген тілдік бұтақтараралық өзара байланыстың табиғатына, алтай тілдерінің ата жұртын - төл отанын анықтауға, жалпыалтайлық ортақ тілдің өмір сүрген хронологиялық дәуірін тоқтатуға, жалпы арғы алтайлық формаларды қайта жаңғыртуға, тілдік кірмелік құбылысының екі жақты, үшжақты бағыттарына т.б. мәселелерге байланысты да орын алады.
Қорыта айтқанда, ХҮІІІ ғ. басында ‘алтай гипотезасы’ (кеңірек алғанда орал-алтай) деген атпен белгілі болған түркі, моңғол, тұңғыс-маньчжур және фин-угор, самоед тілдерінің генетикалық туыстастығы туралы идеяның – ғылыми жорамалдың ХХ ғасырдың орта тұсынан бастап түркі, моңғол, тұңғыс-маньчжур және жапон-корей тілдерінің туыстастығын негіздеуді көздеген ‘алтай теориясы’ аталатын ‘әртүрлі деңгейдегі, аса ауқымды лингвистикалық материалдарды қамтыған, ғылыми фактілермен дәйектелген ғылыми білімге айналуының’ нәтижесінде алтайтану ғылыми-теориялық және методологиялық тұғырнамасы жетілген салыстырмалы-тарихи сипаттағы дербес пән деңгейіне көтерілді.


Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Котвич В.И. Исследование по алтайским языкам. М., 1962. С.351
2. Языки мира: Тюркские языки. М., 1996. С.8
3. Кызласов И.Л. Археологический взгляд на проблему первоначального единства алтайских народов//Еуразияшылдық идеясы контексіндегі Қазақстан түркітануы: мәселелері мен болашағы. Астана, 2009.-36-49б. Б.36
4. Түймебаев Ж. Становление и развитие алтайской теории и алтаистики. Туркестан, 2006. С.7-10

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет