МАХМҰТ ҚАШҚАРИ
«ДИУАНИ ЛҰFАТ-ИТ-ТҮРК» (XI ғ.)
Бисмиллаһир Рәхмәнир Рахим!
Аса қамқор, ерекше мейірімді Аманың атымен бастаймын!
Күллі мадақ - мақтау кемел ақыл-ой иесі, барша қасиет - құдірет, даңқ пен аса келісті санат иесі бір Тәңірге тән. Заманның ең саламат сандықтарының ділі кесел, қызыл тілдің асқан шешендері кекеш болып қалған шақта, адал мен арам істер анық та толық баяндалған Құранды Алла Жәбірейіл арқылы Мұхаммедке түсірді. Сөйтіп тура жолды көрсетіп, бағыт сілтеуші белгіге құл абыз қойып берді.
Мұхаммедке уа оның баршаға жанашыр болған ұрық - кәріптеріне Тәңірімнің рахымы түссін, барлығына есендік берсін.
Енді, Мұхаммед ұлы Құсайынның перзенті Махмұттың сөзін аңғарғайсыз:
Мен Тәңірінің дәулет ұясын түріктер бұжысында жаратқандығын және ғарышты солардың заманы үстінде айналдырғанын көрдім. Тәңірі оларды «Түрік» деп атады және оларды мемлекетке еге қылды; Заманымыздың хандарын түріктерден шығарып, дәуір, халықтың ақыл - ерік тізгінін солардың қолдарына ұстатты; оларды адамдарға бас қылды; хақ істерде соларды қолдады; олармен бірге күрескендерді әзіз қылды әрі түріктер ішінен оларды барша тілектеріне жеткізіп, жамандардан, зұлымдардан қорғады. Түріктердің оқтарынан сақтану үшін, олардың жолын берік түту әрбір ақыл иесіне лайықты уа парыз іске айналды. Өз дертін айту уа түріктерге жақын болу, жағу үшін, оларға түрік тілінде сөйлесуден пайдалы жол қалмады. Кім оз дұшпандарынан ажырап, түріктерге сағынып, мұңайып келсе, оларды түріктер қанатының астына алып, қауіптен құтқарады; олармен бірге басқалар да қамқорлық, пана табады.
Бір бұқаралық ғалым мен Нисапурлық басқа бір ғалымның тәңір әзіз керген Пайғамбарымыздан дәлел келтіріп айтқан төмендегі сөздерін анық естіген едім: Пайғамбарымыз қиямет белгілері, ақырзаман және оғыз түріктерінің жорыққа шыққандығы туралы айтқанда: «Түрік тілін үйреніңіздер, сонда олардың егелігі ұзақ дәуірлі болмақ,»—деген екен.
Бұл хадисін (қағида сөздің) дұрыс - бұрыстығына сол айтушы кісілердің өздері жауапкер. Бұл сөз шын болса, түрік тілін үйрену уәжіп, білген абзал, шын болмаған жағдайда, түрік тілін үйренудің зияндылығын ақыл ажыратар.
Сонымен, мен сол түріктердің қызыл тілге ең шешендерінен, ең әдемі әңгімешілерінен, ең бір зеректерінен, ең білгірлерінен, ежелгі асыл тайпаларынан уа соғыс ісінде мықты найзагерлерінен болғандығымнан, олардың шаһарлары мен сахарасын бастан-аяқ аралап шықтым. Түрік, түркмен, оғыз, шығып, йағма, қырғыздардың сөздерін және (сөздерінің) қасиет, құпияларын анықтап шықтым, оларды пайдаландым. Мен бұл істерді осы тілдердегі әрбір кішігірім айырмашылықтарды парықтап білу үшін істедім. Сонымен олардың әрқайсысының тілі менің көңілімде ұялап, берік сақталып қалды. Мен оларды мұқият реттеп, әбден тәртіпке келтіріп, жүйелеп шықтым.
Бұл бір мәңгілік жәдігерлік уа таусылмас - түгесілмес, азып - тозбас бір байлық болсын деп, бір Тәңірге сыйынып, осы кітапты түзіп шықтым да, оған «Диуани лұғат – ит - түрік — Түрік тілдерінің диуаны», — деген ат бердім.
Бұл кітапты пайғамбарымыздың мәртебелі орнында отырған, Қасым ұрпағынан уа Аббастар әулетінен көшбасшы болған иеміз, ұлығымыз, әпендіміз, момындардың (мұсылмандардың) әмірі уа Тәңірінің қалпесі Мұхаммед ұлы Әбілқасым, Абдолла Мұқтади би Әміролла құзыретіне арнадым. Тәңірі мәртебесін өсірсін, бақытты - ырысты ұзақ ғұмыр берсін! Оның ұлылықта теңдесі жоқ салтанат мәртебесінің дәрежесі мызғымасын; оның пәрмен, құзыреті кеңейсін һәм дәуірлей түссін; адам балалары оның сансыз көп шарапатынан жұлдыздардай жоғары құтқа жетіссін; Тәңір қаһар - қорлыққа ұшыраған дұшпандарының залалынан сақтасын; оның саясын, көркін, құдіретін, парасатын және улылығын мұсылмандар басынан алыс - татпасын. Мен бұл кітапты хикмет сөздер, серілер, мақал-мәтелдер, өлең-жырлар, режез (көркем қарасөз — А. Е.) секілді әдеби сөздермен безендіріп, мақсұт әліппесі ретімен түзіп шықтым. Үйренушілер мен қызығушылар керекті сөздерді тез, оңай табуы үшін көп жылдар бейнет шегіп, сездерді орын - орындарына қойдым. Көмескілерін аштым, жарық еттім, қателерін жұмсарттым, түзеттім. Ақыры, бұл тіл кітабын (сөздікті) мынадай сегіз бөлікке жіктедім: Бірінші: Хамза кітабы. Тәңірі кітабының жөнімен бұл кітабымды Хамзамен бастадым.
Екінші: Сәлім кітабы.
Үшінші: Мұзаф кітабы.
Төртінші: Мисал кітабы.
Бесінші: Үш әріпті сездер кітабы.
Алтыншы: Төрт әріпті сөздер кітабы. Жетінші: Ғұнналылар кітабы.
Сегізінші: Күндік, екі үндес қатар келген сөздер кітабы*.
Әрбір бөлімді атаулар (есімдер) мен етістіктер секілді екіге ажыраттым. Алдымен атауларды (есім сөздерді), содан кейін етістіктерді келтірдім де, әрқайсысын өз орнына қарай бөлімдерге бөлдім. Алдында келетіндерді — алдына, кейін келетіндерді кейін қойдым. Түсінікті, айқын болу үшін кітаптар мен бөлімдерде арабша атауларды (терминдерді) қолдандым.
Түрік тілінің араб тілімен бәйгеге түскен екі атқа ұқсап кен шауып бара жатқандығын анық көрсету үшін Халел ибн Ахмедтің «Китабул айн» деген еңбегінде ұстанған тәртіптегідей, қолданылмайтын сөздерді де кітапқа енгізе беру ойы менде де болған еді. Олай істегенде де, дұрыс тәртіпте болар еді. Әйтсе де, мен сөздерді анық табуды және кісілердің қызығып пайдалануын есте ұстағандықтан, ықшамдастырдым да, қолданылып жүрген сөздерді алдым, қолданудан шыққандарды тастадым. Менің ұстанған бұл жолым тура жол. (Халел ибн Ахмед өз заманында кенінен танылған ғалым, санаткер. Бұл кітабы араб әліпбиіндегі «айн» әрпімен басталғандықтан «Китабул айн» деп аталған. А. Е.)
Түрік тілінде қолданылатын сөздер мен қолданылмайтын сөздерді таныту үшін төмендегі ернектерді (кестені) көрсетемін. «Қадам ізі біреудің жүргендігін білдіреді» дегендей, осы кесте бойынша басқа сөздерді қиыстырып салыстыруға болады. Тұрмыста қолданылатын, қолданылмайтын үш, торт әріптен иә одан да көп әріптен түзілген сөздер көп-ақ.
Мен істі оңайлату әрі кітапты ықшамдау үшін, менен бұрын ешкім түзбеген уа ешкім ешкімге мәлім болмаған өзгеше бір тәртіпте түзіп шықтым. Бүл жазған еңбегім талапқа сай болсын, пайдаланушыларға анық, қолдануға қолайлы болсын деген ниетпен бірқатар қағидаларды түзіп, өлшем үлгілерді жасадым. Әрбір тайпаның тілінен сөз жасауға негіз болған түбір сездерді алдым. Сондықтан, сөздің қысқасы жақсы, ілгері кеткендерге тура нышан көрсетіп, кең жол ашып беру үшін, өрлеп - өсу ниетіндегілерге саты қойып беру үшін осыларды істедім. Түрік халықтарының көрген-білгендерін толғайтын ақын мен жыраулардан, қайғылы уа қуанышты күндерде шыққан мағынасы терең мақал-мәтелдерден мысалдар келтірдім, мұны пайдаланғандар кейінгілерге, олар езінен кейінгілерге жеткізсін. Сонымен бірге және бірталай сөздерді кіргіздім. Көңілім қалаған бұл ісімде Тәңіріден жәрдем тілеймін. Барлық күш-қуат ұлық уа мейірімді Тәңірге лайық, Тәңір біздің тілекшіміз әрі ең ізгі иеміз!
Достарыңызбен бөлісу: |