Мамандығына арналған «Қазақстан республикасының азаматтық ҚҰҚЫҒЫ»



бет6/13
Дата25.12.2016
өлшемі2,9 Mb.
#5261
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

МЕНШІК ЖӘНЕ МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫ
1.Меншік – экономикалық санат ретінде.

  1. Меншік құқығы ұғымы.

  2. Меншік құқығының мазмұны.

  3. Меншік құқығының формалары мен түрлері

Дәрістің мақсаты мен міндеті: Меншік құқығы туралы түсінік және оның мазмұнын ашу. Меншік иесінің құқықтары және мінездемесі. Иелену, пайдалану және билік ету құқықтары. Мүлікті ұстау ауыртпалығын анықтау.

Меншік нысаны. Жеке меншік және мемлекеттік меншік. Мемлекеттік меншік және жекешелендіру. Жеке меншік және оның түрлерін сипаттау.



Әдебиеттер мен нормативтік актілер:

  1. ҚР Азаматтық Кодексі. 2007.

  2. Суханов ЕА. Лекции о праве собственности.-М.,1991.

1. Меншік - экономикалық санат ретінде. Меншіктің экономикалық санатын ұғынудың негізі тіптен ХІХ ғасырдағы ғылыми жұмыстарда кездеседі. Ондағы ой меншік қоғамда, тек мемлекет ұйымдастырған қоғамда ғана болады дегенге тіреледі. Меншік, бұл- зат та емес, мүлік те емес. «Бұл- белгілі бір экономикалық қатынас».

Меншік дегеніміз тарихи қалыптасқан, белгілі бір қоғамдық қатынас, ол адамдар арасында затқа байланысты туындайды. Меншік ұғымы әрқашанда ұйымдасқан адамдар қоғамына тән. Адамзаттың алғашқы даму кезеңінің соңына қарай меншіктің туындауы мемлекеттің пайда болуына және қоғамның ары қарай екпінді дамуына әкеп соқты. Меншік қатынасы қоғамдық құрылыстың әлеуметтік- экономикалық мәнін білдіреді. Сондықтан да меншік мәселесі қоғам өміріндегі негізгі мәселе болып табылады. Қоғамның қалай ұйымдасатындығы және адамдар тұрмысы оның қалай тұрғызылғанына байланысты. Меншік пен өндірістік қатынастардың негізгі формалары қоғамның құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік сияқты типтерін тарихи анықтап берді. Сонымен қатар, меншікке дейінгі кезеңді- алғашқы қоғамдық және ғылыми жобаланған, бірақ толық іске аспай қалған социалистік кезеңді бөліп алуға мүмкіндік берді.

Меншік қатынастарының өзгеруі- қоғамның негізгі қозғаушы күші және барлық әлеуметтік сілкіністердің себебі. Ал, меншік қатынастарының өзгеруі қоғамды прогреске де, регреске де әкелуі мүмкін. Өзгерістердің тиімділігін анықтау қиын емес, ол үшін тиісті кезеңдердегі мемлекет пен азаматтың экономикалық және әлеуметтік дамуының статистикалық мәліметтерін салыстырса жеткілікті.

«Меншік» термині әртүрлі мағынада пайдаланылады. Күнделікті өмірде меншік, көбіне, мүлікпен немесе құқықпен теңестіріледі. Бірінші жағдайда «мынау менің (оның) меншігім (меншігі)» деуге болады. Екінші жағдайда- «меншік иемдендім (бердім)» дейді. Құқық тұрғысынан алғанда мұның екеуі де дәл емес. Меншікті меншік құқығынан айыру қажет. Меншік- экономикалық, ал меншік құқығы- заңдық санат. Біз келтірген бұл ұғымдарда меншіктің заңдық мәнін азаматтар меншіктің экономикалық санаты арқылы дұрыс білдірмейді. Сонымен қатар меншік нысанмен (мысалы, орындықпен, машинамен) теңестірілуге тиіс емес. «Мына зат маған меншік құқығы бойынша тиесілі» немесе «Ол сатып алу- сату шарты бойынша пәтерге меншік құқығын иемденді». Экономикалық және құқықтық санаттарды шатастырмау керек. Сонымен бірге меншік құқығы меншіктің экономикалық қатынастарының сипаты әрі көрінісі екенін білу керек. Сондықтан да меншік құқығын зерттеу меншіктің экономикалық санатымен танысудан басталады.

Ресейдің заң әдебиеттерінде «меншік, адамдар арасындағы мемлекеттік қатынастардан гөрі (қатынастардың бұл аспектісі көбіне міндетті құқық нормаларымен реттеледі), адамның заттарға өзінікі, өз меншігі ретіндегі қатынасы болып табылады» деген пікір айтылған. Бұл қағида қате. Ешқандай құбылыс тек өзі арқылы түсіндірілмейді. Адам өзіне ұнаған басқаның мүлкіне өз меншігіндей қарағанмен, егер заңды титулы болмаса ол оның меншік иесі бола алмайды (яғни оны иемдене алмайды). Олай болған жағдайда қолына зат ұстағанның бәрі меншік иесі болар еді.

2. Меншік құқығы ұғымы. Меншік құқығы дегеніміз субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және билік ету құқығы.

Меншіктің экономикалық қатынастарына қарағанда меншіктің құқықтық қатынастары адамның еркі бойынша қалыптасады, оған қатысушылардың санасынан және ырқынан пайда болады. Адамдар бұл қатынастарға құқықтар мен міндеттердің иесі ретінде кіреді, ол құқықпен реттеледі және қорғалады. Меншіктің құқықтық қатынастары меншіктің экономикалық қатынастарының мәнін сипаттағанмен, олар қондырманың кез келген құбылысы ретінде өзінше дербес болады.

Меншік қатынастарын реттеуді әртүрлі құқықтық тәсілдермен жүзеге асыруға болады. Соған байланысты, сондай-ақ проблеманы зерттеу тұрғысынан алғанда меншік құқығы ұғымы көп мағыналы. Оны түсінудің екі қырына тоқталайық. Құқықтық институт ретінде меншік құқығы құқық нормаларының жиынтығы болып табылады, ол материалдық игіліктің белгілі бір адамға тиесілік жағдайын бекітеді, реттейді және қорғайды. Бұл жерде әңгіме объективтік мәндегі меншік құқығы туралы болып отыр. Заңдық биліктің белгілі бір мөлшерін меншік иесіне бекітіп беру субъективтік мәндегі меншік құқығы туралы айтуға мүмкіндік береді. Меншік құқығы мүліктік, абсолюттік, заттық құқық болып заңға сәйкес белгіленеді, ол затқа тікелей ықпал ету мүмкіндігімен және иемдену, пайдалану және билік ету құқығының болуымен сипатталады. Қолдану және артықшылық құқығы меншік құқығына ілесе жүреді.

Меншік құқығы- негізгі заттық құқық. Заттық құқық құқықтың басқа да типтерімен тұрақты байланыста болады. Заттық құқық иесі, әдетте, міндеттемелік қатынастарға, оның ішінде өзінің меншік объектілерімен қатынасқа кіреді. Бұл жағдайда құқықтың екі түрі қатар жүреді, олар, негізінен, әртүрлі субъектілік байланыстармен анықталады. Мысалы, меншік иесі өзінің ғимаратын жалға берсе, онда оны жалдаушымен міндеттемелік қатынас байланыстырады. Ал, барлық қалған үшінші жаққа қатысты ол- тиісті қорғану тәсілі бар заттық құқық иесі. Сондықтан да әртүрлі құқықтарды немесе олардың бірлестігін аралас сипаттағы жаңа кешенді құқықпен араластыру жайында сөз болмауға тиіс. Біздің жағдайымызда әңгіме заттық және міндеттемелік құқықтан сапа жағынан өзгеше, жаңа құқық туындамайды, туындауы да мүмкін емес.

Меншік құқығының міндеттемелі нышандарының бірі- оны заңмен белгілеу қажеттігі. Бұл нышан меншік құқығының АК-ның 188-бабында келтірілген «заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын» элементтер бойынша байқалады.

Меншік құқығы мемлекет танитын шекте ғана болады. Бұл дегеніміз меншіктің абсолюттік құқығы заң құжаттарымен шектелуі мүмкін деген сөз. Бірқатар жағдайларда меншік құқығын шектеуде арнаулы сипат болады, ол меншіктегі мүліктің ерекше құқықтық режимімен байланысты. Мысалы, азаматтық құқықтың кейбір нысандары азаматтық айналымнан толықтай немесе ішінара алынып тасталуымүмкін, оны мұндай мүлікке (мысалы, жерге, орманға, радиоактивтік заттарға. т.б.) құқыты шектеу бар екендігімен түсіндіруге болады. Шетелдік құқықтық меншік құқығын мойындауы мүмкін. Бұл жағдайда халықаралық жеке құқық нормалары қолданылады, және қазақстандық заңнама юрисдикциясы шегінде меншік құқығы жоқ жағдайлар да болуы мүмкін. Меншік құқығын қорғаушылық нысаны оны азаматтық-құқықтық тәсілдермен қорғау мүмкіндігін білдіреді.

Меншік құқығы- неғұрлым толық құқық. Бұл меншік иесінен жоғары тек заң ырқы мен оның қоғамдық міндеттерінің ғана болатындығынан туындайды. Меншік иесі иемдену, пайдалану және билік ету өкілеттігін тек өз қалауы бойынша жүзеге асырады. Сондықтан меншік құқығы ең «күшті» заттық құқық. Сонымен қатар, меншік иесі шарт бойынша өзінің меншіктік өкілеттігін өзі шектей алады. АК-ның 188-бабының 3-тармағы «өз қалауы бойынша» әрекетке жуықтау анықтама береді. Мысалы, меншік иесі өзіне тиесілі мүлікке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекет жасай алады, яғни ол мүлікті басқа адамның меншігіне береді, меншік иесі бола тұрып өзінің мүлікті иемдену, пайдалану және оған билік ету өкілеттігін береді, мүлікті кепілге береді және оған басқа тәсілдермен ауыртпалық түсіреді, оған басқадай түрде билік жасайды.

Меншік иесінің өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы басқа адамдар мен мемлекеттің құқықтары мен заң қорғайтын мүдделерін бұзбауы тиіс. Құқықтар мен заңды мүдделерді бұзу басқа формалармен қатар меншік иесінің өзінің монополиялық және өзге де басымдық жағдайын пайдаланып қиянат жасауынан көрінуі мүмкін (АК-ның 188-бабы 4-тармағының 1-бөлігі). Монополиялық жағдаймен қиянат жасау фактісін анықтауға мүмкіндік беретін критерийлер монополияға қарсы заңнама рыноктағы басымдық жағдайға бақылау жүргізетін органдарды және монополияға қарсы заңнаманы бұзушыларға қолданылатын санкцияларды анықтайды.

Сонымен, меншіккер құқығына заң пәс міндет артқан. Жоғарыда айтылғаннан басқа «меншік иесі өз құқықтарын жүзеге асырған кезде азаматтардың денсаулығы мен айналадағы ортаға келтірілуі мүмкін зардаптарға жол бермеу шараларын қолдануға міндетті» (АК-ның 188-бабы 4-тармағының 2-бөлігі). Меншік иесінің қоршаған ортаға зиян келтірмеу үшін қолданатын шаралары табиғат қорғау заңнамасында анықталған. Онда, сондай-ақ табиғат қорғау заңнамасының бұзылғандық критерийлері, оның сақталуына бақылау жүргізетін органдар, табиғат қорғау заңнамасын қамтамасыз ететін басқа да құқықтық тетіктер көзделген.

ҚР Конституциясы 6-бабының 2-тармағына сәйкес «меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс». Келтірілген баптардың барлығын нақтылау заңнамада бекімін таппауы да мүмкін. Сондықтан, меншік иесі өз әрекеттерінде заңнамамен, құқықтармен және басқа адамдар мемлекеттің қорғалатын мүдделерімен, қоғам игілігіне қызмет етумен, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтірмеумен шектелген деп қорытынды жасауға болады.

Жалпы алғанда шектеу қандай да бір шамада кез келген меншік құқығына ілесіп жүреді. Оны басқаша да айтуға болады: меншік құқығы өзі үшін белгіленген шектеулер шегінде ғана болады. Оларға байланыссыз-ақ меншік құқығы кейде өз шектерінің ішінде жатқан әртүрлі негідемелер бойынша шектеледі, ол негіздемелер не меншік құқығының кейбір субъектілерінің жеке басына немесе субъектінің жеке басынан тысқары жатқан мән-жайларға байланысты болуы мүмкін. Шектеу меншік құқығының құрамдық бөлігінің әрқайсысына- иемденуге, пайдалануға және билік жасауға қатысты болуы мүмкін, бұл ретте ол меншік құқығынығ құрамдық бөлігінің тек біреуіне ғана, немесе басқаларына да таралуы мүмкін.

Меншік құқығының өзін шектеуді меншік иесі жасай алатын әрекеттер ауқымын шектеуден ажырату керек. Атап айтқанда, меншік иесінің бірқатар әрекеттеріне тыйым өртке қарсы, санитарлық, ветеринарлық, эпидемиологиялық және басқа ережелерден туындайды. Мысалы, азық-түлік тауарларымен сауда жасайтын меншік иесі тиісті медициналық тексеруден өтуі тиіс, оның жұмыс орны арнайы осы үшін жабдықталған аумақта орналасады және т.б.

Заң құжаттарында көзделген реттерде, жағдайлар мен шектерде меншік иесіөз мүлкін басқа адамдардың шектеулі пайдалануына жол беруге тиіс (АК-ның 188-бабының 6-тармағы). Меншік иесінің мүлкін үшінші адамдардың мұндай пайдалануын сервитут деп атайды.

Тар мағынадағы мүлік- заттар, қолма-қол ақша және құжатталған бағалы қағаздар меншік құқығының нысаны болып табылады. Бұлар- бұйым түріндегі сезілетін заттар. Тиісінше, электрондық ақша қаражаты, құжатталынбаған бағалы қағаздар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер, шығармашылық интеллекетуалдық қызметтің нысандалған нәтижелері, фирмалық атаулар, тауар белгілері және бұйымдарды жекелеудің басқа құралдары, мүліктік құқық және бірқатар басқа мүлік меншік нысаны болып табылмайды және олар АК-ның «Меншік құқығы және басқа заттық құқық» бөлімінің 2-тарауының баптарында көрсетілмейді.

Қазақстандық тұжырымдамаға сәйкес меншік құқығы мерзімсіз болып саналады (АК-ның 188-бабының 5-тармағы). Мерзімсіздік принципі меншік құқығының оның уақытша туындай алмайтындығын, яғни уақытша меншік иесі болмайтындығын білдіреді.

Егер заң құжаттарында немесе шарттарда басқадай көзделмеген болса меншік иесі өзіне тиесілі мүлікті ұстаудың ауыртпалығын көтереді және ол біржақты тәртіпте ондай ауыртпалықты үшінші жаққа жүктей алмайды (АК-ның 189-бабының 1-тармағы). Мүлікті ұстап тұрудың ауыртпалығы дегеніміз меншік иесінің мүлікті заңнамада талап етілген параметрлер бойынша тиісті күйде сақтап тұру міндетті. Мысалы, үйдің меншік иесіне салықтарды төлеу, күрделі және жеңіл жөндеу жүргізу, сақтандыру, тіркеу, күзету, үшінші жақтың құқықтарын сақтаумен байланысты мүлік бойынша шығындары және басқалар жөніндегі міндеттер жүктелген. Мүлікті ұстау ауыртпашылығы үшінші жаққа тек шарт бойынша ғана берілуі мүмкін.

Егер мүлік үшінші жақта заңды түрде болса, онда оның бөтеннің мүлкін ұстауға шығарған шығындарын, егер шартта басқадай көзделмесе, меншік иесі көтереді (АК-ның 189-бабы 2-тармағының 1-бөлігі). Мүліктің үшінші жақта заңды түрде болуы азаматтық-құққтық шарт (мысалы, жалдау шарты, қайтарымсыз пайдалану шарты, т.б.), олжа, қамқоршылық немесе мүлікті сенімгерлік басқару нәтижесінде орын алуы мүмкін. Шығындарды өтеу негіздері немесе олардың мөлшері мен формасы жайында меншік иесі мен үшінші жақ арасында келіспеушілік болса дау сот тәртібінде шешіледі. Затты заңсыз және қараужолмен иемденген адамға мүлікті ұстауға қатысты шығындар өтелмейді (АК-ның 189, 263-баптары).

3. Меншік құқығының мазмұны. Меншік иесіне өз мүлкіне иемдену, пайдалану және оған билік ету құқығы берілген (АК-ның 188-бабы 2-тармағының 1-бөлігі). Бұл құқықтар меншік құқығының мазмұнын анықтайды. Алғаш рет аталып отырған триада жеке құқығының орта ғасырлық коментаторларының еңбектерінде пайдаланылған, ал рим жеке құқығының өзі меншік иесі өкілеттіктерінің толық тізбесін білмеген. Ресей заңнамасында ол алғаш 1832 жылы пайда болды.

Иемдену құқығы мүлікті іс жүзінде иеленуді жүзеге асыруды заңмен қамтамасыз ету мүмкіндігін білдіреді. (АК-ның 188-бабы 2-тармағының 2-бөлігі). Дағдылы түсінікте бұл өкілеттікке «ұстау» ұғымы басқалардан гөрі сәйкестеу келеді. Бұған қарағанда, дау туған жағдайда мүлік ұстаушы басқадай белгіленгенге дейін титулдық (заңды) меншіккер болып табылады. Бірақ, мынаны білу керек: меншік құқығы иемденумен де, тіптен сол кеездегі иелікпен де қатты байланысты емес. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін заң шығарушы иемдену құқығының құқықтық мәндік нышандарын таба алмады. Сондықтан, іс жүзінде «алып тастау принципіне» сүйенуге тура келеді- пайдалану және билік ету құқықтары қаитымайтындар иемдену құқығы болып табылады. Сонымен қатар иемденуде маңыздылық бар, сондықтан да ол қалған басқа құқықтардан (әсіресе міндеттемелік құқықтан) өзгеше. Басқа заттық құқықтықтарда иемдену өкілеттігі жалпы ереже бойынша да болмауы да мүмкін, ал меншік құқығында бұл, әдетте, міндетті элемент.

ҚР АК-сына қарағанда Ресей АК-сында иемденуге анықтама берілмеген. Сондықтан да Ресей Федерациясында иемдену құқығын түсінуде бірпікірлік жоқ. Мысалы, Ю.К.Толстой былай дейді: «иемденуге құқық беру- меншік иесінің мүлікке шаруашылық үстемдігін заңмен қамтамасыз ету. Әңгіме бұл жерде затқа шаруашылық үстемдік ету жайында, ол меншік иесінің затпен тікелей жанасуын қажет етпейді. Мысалы, ұзақ іссапарға кетсе де меншік иесі өзінің пәтеріндегі заттардың иесі болып қалады». Бұл Герман Азаматтық заңдар жинағының ұстанымына сәйкес келеді. 854-баптың 1-тармағында сәйкес затқа үстемдіктің арқасында затты иемдену шындыққа айналады. Бірақ бұл ұстаным «үстемдік» терминін ашып бермейді.

Құқықтың континентальдық жүйесінің басқа елдерінің заңнамасы арқылы бұл проблемаға көз жүгіртсек, мүмкін қазақстандық заңнамада иелік етудің меншіктік өкілеттігі түсініктілеу болар. Мысалы, құқықтың роман-герман жүйесінің әртүрлі елдерінде иемденуді, шартты түрде «өзінікі» және «өзінік емес» деп бөледі. Францияда, мысалы, иемдену (possession) (detention precare) болып бөлінеді. Иемденуді «өзі үшін және меншік иесі ретінде» иемдену деп, ал уақытша ұстауды- «басқа үшін иемдену» деп түсінеді. Германияда дербес және дербес емес (тікелей және тікелей емес) иемдену болып бөлінеді. Қалай десек те, өнеркәсібі дамыған батыс елдерінде иемдену институты мүлікке титул белгілеу және мүлікті титулы жоқ адамдардың озбырлығынан қорғау құралын қамтамасыз ету функциясын орындайды.

Сонымен қатар, құқықтың ағылшын-американ жүйесінде иемденуге құқық институты бар (the right to possess). Иемденуге құқық меншік иесіне («иемденуге құқықғы бар» адамға) тиесілі заттың қандай да бір негіздер бойынша басқа адамның иелігінде болу жағдайын білдіреді. Иемденудің бұл формасы тәуелді ұстау (bailment) институтымен байланысты, ол құқықтық қатынастардың кең ауқымын қамтиды. Жылжитын мүліктің меншік иесі бір адам болады («затты басқаға берген»- bailor), ал мүлікті иемдену құқығын басқа адам иеленеді («тәуелді ұстаушы»- bailee), оған бұл мүлікті меншік иесі белгілі бір мақсат үшін береді. Сонымен, иемденуді түсінуге және оны меншік құқықтары жүйесінде іске асыруға көптеген жол бар деп айтуға болады.



Иемдену құқығы дегеніміз мүліктен оның пайдалы табиғи қасиеттерін алудың, сондай-ақ одан пайда түсірудің заңмен қамтамасыз етілген мүмкіндігі. Пайда табыс, өнім, төл өндіру түрінде және басқа формада болуы мүмкін (АК-ның 188-бабы 2-тармағының 3-бөлігі). Мысалға велосипедті алайық. Егер меншік иесі оған мініп жүрсе, онда ол оның пайдалы табиғи қасиеттерін пайдаланады. Бірінші постулат, әрине, ешкімде күдік тудырмайды. Ал енді құқық тұрғысынан алғанда күрделі әрекетті қарастырайық- меншік иесі велосипедпен шеге қағады. Бұл онша қолайлы емес шығар, бірақ одан меншік иесі пайда алады. Жоғарыда берілген анықтамаға сәйкес бұл пайдалану құқығын жүзеге асыру деп бағаланады. Ал, егер меншік иесі велосипедті сырласа немесе бір бөлмеден бір бөлмеге апарып қойса ше? Біздің ойымызша бұл әрекеттер иемдену құқығын жүзеге асыруға жатады. Яғни, заттың пайдалы табиғи қасиеттерін пайдалану, оған билік жасау болып табылмайтын және тікелей пайда әкелмейтін әрекет иемдену құқығы аясына жатқызылады. Маңызды мәселенің бірі- меншік құқығында пайдалану құқығы иемдену құқығынсыз бола ала ма? Біздің ойымызша – бола алмайды. Және де, бұл сұрақтың жауабы иемдену деп нені ұғынатынымызға да байланысты. Жалпы ереже бойынша біз баяндаған тұжырымдамада пайдалану құқығы нақты қолда ұстауды қарастырады. Яғни, мысалы машина уақытын жалға беру, шарт бойынша оны пайдалану кезінде компьютерді иемдену құқықығынығ пайда болуын білдіреді.

Билік ету құқығы дегеніміз мүліктің заң жүзінде тағдырын белгілеудің заңмен қамтамасыз етілуі. (АК-ның 188-бабы 2-тармағының 4-бөлігі). Мүліктің заңдық тағдыры көбіне мәмілемен белгіленеді. Сонымен қатар мүлікке басқадай заңдық факторлар арқылы билік ету дағдылы жағдайға айналған. АК-ның 188-бабының 3-тармағына сәйкес меншік иесі өзіне тиесілі мүлікке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға, соның ішінде бұл мүлікті басқа адамдардың меншігіне беріп, иелігінен шығаруға, өзі меншік иесі болып қала отырып, оларға мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету жөніндегі өз құқығын тапсыруға, мүлікті кепілге беруге және оған басқа да әдістермен ауыртпалық түсіруге, оларға өзгеше түрде билік етуге құқылы.

Меншік иесі өз мүлкіне толықтай билік етуге құқылы. Басқа құқықтар меншік құқығына туындайды, оған тәуелді және көлемі жағынан бастапқы құқықтан кең болуы мүмкін емес. Егер заңнама талаптары, сондай-ақ басқа адамдардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделері бұзылмайтын болса меншік иесі өз мүлкін тіптен жойып жіберуге құқылы.

Меншік құқығы оның нысанының ерекшелігіне қарай тоқтауы мүмкін, мысалы, пайдалану және билік ету өкілеттіктері біріккенде. Әдетте бұл тұтыну заттарын тұтынғанда болады, мысалы тағамды жеп қою. Бұл ретте пайдалану құқығын жүзеге асыру процесі билік ету өкілеттігін іске асыруға, соның нәтижесінде меншік құқығының тоқтауына әкеп соғады. Ю.К.Толстойдың пікірі басқаша. Оның ойынша, «егер меншік құқығы затты бір рет пайдаланғаннан кейін тоқтаса да (мысалы, алманы жеу немесе отынды пешке жағу), бәрі бір меншік иесінің мақсаты өзінің меншікке деген құқығын тоқтату емес, қайта заттың пайдалы қасиеттерін алу болып табылады. Сондықтан да бұл көрсетілген жағдайда затқа билік ету емес, оны пайдалану құқығының ғана жүзеге асуы орын алып отыр». Бұл пікір Ресейлік заңнамада билік ету құқығын затқа қатысты заң актілерін жасау жолымен сол заттардың тағдырын анықтаудағы заңдық мүмкіндік деп ұғынумен байланысты. Қазақстан заңнамасы өз тарапынан «заңдық тағдырды анықтау мүмкіндігі», яғни топтастыру міндетті емес кез келген әрекеттерді жасау ұғымын мәміле ретінде түсіндіреді. Алғашында бір түрлі көрінгенмен, заттай құқықтың иесі болып табылатын меншік иесінің әрекетін топтастыруға оның өзінің ниеті ықпал етеді. Мысалы, меншік иесіне зат керек емес, ол оны лақтырып тастады. Меншік иесі өзінің билік ету құқығын жүзеге асырды. Оған меншік құқығы тек шартты түрде тоқтады. De jure меншік құқығы тоқтайды, егер оған деген меншік құқығы АК-ның «Олжа» деп аталатын 245-бабына сәйкес оны тауып алған адамда туындаса. Бұл жағдайды ары қарай дамытып көрейік. Егер меншік иесі ертесіне өз ойын өзгертіп, тастаған затын қайта алғысы келсе, онда оның затты лақтырып тастаған әрекеті иемдену құқығын жүзеге асырғандықболып саналады. Меншік иесі бірден иемдену, пайдалану және билік ету құқықтарынан заңды негізде айырылатын жағдайлар да болады (мысалы, мүлікке тиым салғанда немесе меншік иесі шарт бойынша барлық үш құқық өкілеттігін де басқаға бергенде). Мұндай жағдайда да меншік иесі меншік құқығын жоғалтпайды. Бұл дегеніміз- МК-ның 188-бабында аталған үш заттық құқық өкілеттіктерінен басқа меншік иесінде титулдық құқық болады деген сөз, одан тек өз еркімен меншік меншік құқығын шарт бойынша жоғалтқан жағдайда ғана не меншік құқығын АК-да көзделген негіздер бойынша мәжбүрлеп тоқтатуға байланысты алған жағдайда ғана айыруға болады.

Батыс елдеріндегі ғылымиой құқық өкілеттіктерінің бұл ауқымын біршама кеңейтуді көздейді. Мұндай, негізгі өкілеттіктердің үш-төртеуімен емес, он бір «лементін» қамтитын, «толық» меншік құқығының әрбір элементінде осы құқық нысандарының міндетін нақты анықтауға байланысты көптеген нұсқалар болуы мүмкін.



Нақты бар меншік құқықтары туралы айтуға болатындай бір де бір элемент соншалықты қажет болып табылмайды. Бір объектіге мұндай құқықтар бір уақытта бірнеше адамға берілуі мүмкін. Ол құқықтардың әрқайсысы аталған элементтердің біреуін немесе бірнешеуін қамтуы міндетті емес.

Классикалық триада көбіне басқару мен бақылаудың жаңа құқық өкілеттіктерімен толықтырылады. Бұл көптеген зерттеушілердің басқаруды меншіктен бөлудің объективтік экономикалық процестерін тіркеуі фактісінен туындайды. Бірақ мұндай ұстаным дүние жүзінде еш жерде қолдау таппады. Бұл дұрыс, себебі кез келген жасанды жаңа құқық өкілеттігі, не құқықтық кеңістіктен басқаға (әдетте, экономикалық немесе басқарушылыққа) өтуді, не сол бар өкілеттікке басқадай тұрғыдан қарауды білдіреді.

Сонымен қатар айта кететін бір жай- меншік иесінің батыс елдеріндегі арнайы әдебиеттерде пайдаланылатын ауқымды өкілеттіктері заң жүзінде бекімін таппаған. Бірақ, «иемдену», «пайдалану», «билік ету» және «бақылау» терминдері жекелеген құқықтық нормаларда кездеседі. Сондай-ақ, меншік құқығы ұғымы социалистік бағдар алған бұрынғы елдерден тысқары жерлерде- Батыс Еуропа елдерінде және олардың құқықтық жүйесін қабылдаған елдерде ғана заң жүзінде толық ашылған. Ал, олардың диапазоны меншік иесінің бостандық дәрежесіне қарай анықталады. Ең консервативтік ұстаным Франйияның АК-де баяндалған, онда меншікке «заттарды заңдарда, регламенттерде тиым салынбағандай дәрежеде, мүмкіндігінше толық пайдалану және оларға билік жасау құқығы» деп анықтама берген (244-бап). Дегенмен, дамыған елдердің соңғы ғасырдағы жалпы үрдісі меншік иесінің құқықтарын басқа азаматтар мен мемлекеттің мүдделері арқылы біртіндеп шектеуге бағытталған. Сондықтан, жеке меншікке мемлекеттің басып кіруі дағдыға айналады. Бұл тұрғыда қазақстандық заңнама жеке меншікті қорғауда және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдай тудыруда қатаңырақ позиция ұстауда. Көп жағдайларда меншік иесі емес мүлікке қатысты иемдену, пайдалану және билік ету құқықтарын меншік иесімен қатар жүзеге асырады. Мысал ретінде шаруашылық жүргізу құқығы мен оперативтік басқару құқығын келтіруге болады. Бұдан мынадай қорытынды жасалады: бір құқық өкілеттігін екі субъект бірдей пайдалануы немесе меншіктік өкілеттік меншік иесі мен заттық құқықтың өзге субъектісі арасында бөлінуі мүмкін. Мұндай жағдайдан шығудың жолы меншік құқықығын ерекше заттық құқық деп санау керектігінде, ол барлық үш өкілеттік болмағанда да көрініс табуы тиіс. Бұл, әрине, шартты схема, себебі заңнама барлық жағдайларда да, жұмыстың қалыпты режимінде меншік иесіне тым болмағанда бір өкілеттік немесе оның бір бөлігін қалдырады. Бірақ заң құжаттарында немесе меншік иесінің қалауымен барлық үш өкілеттікті, меншік иесінің титулын сақтай отырып, заттық құқықтың басқа иесіне беру көзделуі мүмкін. Қазіргі ең көп таралған жағдай- шаруашылық жүргізу құқығы үшін мемлекеттік кәсіпорынның мүлкіне билік ету құқығын мемлекет пен кәсіпорын арасында бөлуді айтса да жеткілікті. Пайдалану құқығы кәсіпорынға тиесілі, ал иемдену құқығы- заттық құқықтың қай тұжырымдамасын негізге алғанымызға қарай мемлекетке немесе кәсіпорынға тесілі.

4. Меншік құқығының формалары мен түрлері. ҚР Конституциясының 6-бабының 1-тармағына сәйкес «ҚР-да мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады». Бұл меншіктің формалары. Әртүрлі әлеуметтік мақсат пен құқықтық режим оларды бөліп алуға негіздеме болады. Меншікті екі формаға бөлу Конституциясында олардың меншік құқығының субъектісі ретінде мемлекетке қатынасының нышандары бойынша жүргізіледі. Жеке меншікке жататындықты заң өте оңай анықтайды- мемлекетке тиесілі еместің барлығы солар. Яғни барлық мемлекеттік емес меншіктер жеке меншік болып табылады. Ресей Федерациясында меншік формаларының тізбесі жабылған жоқ. Жеке және мемлекеттіктен басқа оларда муниципалдық және басқа формалар бар. Меншік формаларына меншік құқығы формалары сәйкес келеді. Өз кезегінде формалар да түрлерге бөлінеді. Форма меншіктің арналған мақсаты мен әлеуметтік бағыттылығына қарай оның сапалық ерекшелігін бейнелейді, ал түр- меншік формалары ішіндегі субъективтік айырмашылық. Кез келген азамат немесе заңды тұлға, сондай-ақ мемлекет меншік құқығының субъектісі бола алады. Азаматтың әрекет қабілеттігі шектулі болған немесе тіптен, ол болмаған жағдайда оның мүддесін заң немесе шарт бойынша өкіл қорғайды. Мемлекеттің меншік құқығының субъектісі ретіндегі ерекшелігі сол- оның құқығы уәкілетті мемлекетті органдар немесе мемлекеттік заңды тұрғалар арқылы, ал, заң құжаттарында көзделген жағдайларда- мемлекеттік емес заңды тұлғалар және азаматтар арқылы жүзеге асырылады.

Конституцияға бағдар алып АК меншік формасы ретінде жеке (191-бап)және мемлекеттік (192-бап) меншікті бөліп қарастырады. Сонымен қатар қазақстандық заң шығарушы, ресейлікке қарағанда, топтастыру кезінде «форма» терминін пайдаланбады. Оған саналы түрде барды, себебі «форма» және «түр» ұғымдары өз мәндері жағынан көп мағыналы және меншік құқығына қатысты қолдануға онша келмейді. Бұл ұстаным дұрыс та шығар. Дегенмен, бұл мәселеге қатысты екі көзқарасты атап өткен жөн. Біріншісі бойынша меншік құқығы біртұтас және біртекті. Ол нарықтық экономиканың жалпы ережесіне бағындырылған. Бірақ мемлекеттік меншік құқығын бұған жатқызуға болмайды, ол мемлекеттік функциясын қолдау және жеке меншік құқығының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуде шектеулі ауқымда болады. Яғни, жеке меншік түрлік емес, меншік ұғымына келетін тектік ұғым.

Екінші көзқараста меншік құқығы тектік ұғым, ал жеке және мемлекеттік меншік құқығы- түрлік ұғым. Мүліктің жеке және мемлекеттікменшік үшін заңнамада белгіленген әртүрлі құқықтық режимі оған негіздеме болады. Бұл мемлекет функциясының айрықша сипатынан туындайды және субъектінің ерекшелігіне байланысты.

Заңды тұлғалар қатысатын қатынастардағы сияқты мемлекет өкілдері қатысатын қатынастарда абстрактылы субъектілердің- ҚР-сының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністердің бар екендігі ескеріледі. Олардың атынан азаматтық айналымда құқық берілген тұлғалар- заңды немесе жеке тұлғалар қатысады. Әдетте заңды тұлғалар мекеме мәртебесі берілген мемлекеттік органдар болады. Бұл жағдайларда да мұндай мемлекеттік мекеменің қашан өз атынан, қашан мемлдекет немесе әкімшілік- аумақтық бөлініс атынан мүдде қорғайтынын білген дұрыс. Қай жағдайда болса да мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністің мемлекеттік заңды тұлға балансында бекітілмеген мемлекеттік мүлікке тікелей тікелей билік жасайтынын білу керек. Басқа жағынан алғанда, мемлекеттік меншікке құқығын мемлекеттік заңды тұлғалар (кәсіпорындар мен мекемелер) өздерінің шаруашылық жүргізуіндегі немесе роалымды басқаруындағы мүлікке қатысты жүзеге асырады.

АК-ның 191-бабында жеке меншіктің екі түрі белгіленген, олар- азаматтар меншігі және мемлекетті емес заңды тұлғалар мен олардың бірлестіктерінің меншігі. Өз кезегінде АК-ның 192-бабы мемлекеттік меншіктің екі түрін белгілейді, олар-республикалық және коммуналдық меншіктер. ҚР-ға қарағанда Ресей Федерациясында муниципалдық (коммуналдық) меншік мемлекеттік болып табылмайды, сондықтан ол оның құрамына кірмейді.

Мынадай сұрақ туындауы мүмкін: шетел азаматтары мен заңды тұлғаларының меншік құқығын қалай топтастыруға болады? Жалпы ереже бойынша мүлікке деген меншік құқығы осы мүлік тұрған елдің құқығы бойынша анықталады. Сондықтан да, ҚР-ның аумағында шетел азаматтары үшін ҚР-ның азаматтары мен заңды тұлғаларының меншікқұқығы туралы заңнама қолданылады.

Меншіктің кейбір объектілері меншіктің белгілі бір формалары мен түрлеріне ғана тән. Жер және оның қойнауы, су, өсімдік және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар меншіктің ерекше объектісі болып табылады. ҚР Конституциясының 6-бабының 3-тармағына сәйкес олар мемлекет меншігінде болады. Бірақ жер заңда белгіленген негіздерде, жағдайларда және шекте жеке меншікте де болуы мүмкін. Жерге қарағанда қойнаудың жеке меншікте болуы мүмкін емес, себебі жоғарыға шығарылған жыныс қойнау болудан қалады, яғни ол жеке меншік объектісі бола алады. Басқа объектілердің тиесілілігін анықтағанда әңгіме жалпы су, өсімдік және жануарлар әлемі жайында екенін ескеру қажет. Олар тек мемлекет меншігінде ғана болады. Ал, нақты бір ағашты немесе жануарды бөліп алсақ, олар ҚР-ныңзаңнамасына сәйкес жеке меншік объектісі бола алады.

Жеке және мемлекеттік меншіктің сандық арақатынасы бастапқы кеде мемлекеттік меншікті жекешелендіру қарқынымен анықталады. Бұл процесс ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда Қазақстанда белсенді жүргізілді, ондағы мақсат мемлекеттік меншікті ең төменгі қажетті деңгейге жеткізу еді. Қазір бұл арақатынас мемлекеттік мүдделер бойынша анықталуда.

Талқылау сұрақтары:

1.Меншік – экономикалық санат ретінде.

2.Меншік құқығы ұғымы.

3.Меншік құқығының мазмұны.

4.Меншік құқығының формалары мен түрлері



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет