ЖЕР – АНАНЫҢ ТОЛҒАУЫ
Жер - ана едім кеудесін құшқан жалын,
Жазирамнан аққу боп ұшты арманым.
Қасірет пен қайғыны аз шеккем жоқ,
Білем тағдыр сілкілеп күш салғаның.
Ашаршылық тартқызып тауқыметін,
Өлексеге толтырған жердің бетін.
Бір үзім нан таба алмай көзін жұмған,
Анасынан айырылды қанша жетім.
Кеше ғана төсімде сайраңдаған,
Мылтық кезеп тұр бүгін Адамға Адам.
Сыяды ғой барлығы құшағыма,
Не жетпейді, япырау, қайран қалам.
Сұм соғыстан өртенсе орман, тауы,
Лаулап жанса шөлдегі қалың қауы.
Құрт-құмырсқа, аң-құсы ғайып болса,
Жер-ананың мүмкін бе толғанбауы.
Жүрегімнің жөргегі құндақтаған,
Жанды, жансыз әр затым қымбат маған.
Жарып шыққан өзекті перзенттерім,
Тіршіліктің лебізін тыңдат маған.
Қысқа өмірдің әр таңы сынаққа бай,
Мұрат гүлін бүр жарған құлатпағай.
Бір-біріңе жанашыр, дос болсаңшы,
Ар-ұжданның аулынан жырақтамай.
Айдын көлім, бұлағым мөлдіресін,
Алтын күнім аспаннан елжіресін.
Айдарынан жел есіп алты алаштың,
Бейбітшілік байрағы желбіресін!!!
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ӨРЕНІ
Алтай менен Алатауды жайлаған,
Қымыз ішіп, құлын-бие байлаған.
Қаншама жау сойқан соғыс ашса да,
Атажұрттан тапжылмаған, таймаған.
Түбі-түркі, тегі-хуннан тараған,
Топта - шешен, аузына жұрт қараған.
Текті елдің нартәуекел ұлдары
Құл болудан ажалды артық санаған.
Жауынгерлік көшпелі елдің салтымен,
Тарихқа енген қаһармандық даңқымен.
Теңдік үшін арпалысқан сан ғасыр,
Тілін сүйген, дінін сүйген халқым ең.
Айы туып, әділеттің оты өріп,
Ақ тілектің көсегесі көгеріп.
Арманыңа жетті бүгін қазағым,
Тәуелсіздік туын көкке көтеріп.
Бостандықтың бесіктегі бөпесі,
Ер жетіпті еріп күдік көбесі.
Көрініп тұр Астанадан әлемге,
Ен дәулеттің, ырыс-құттың төбесі.
Ұлы Дала жанарында нұр ойнап,
Бұғауды үзіп, еркіндікті жүр тойлап.
Алып - Ер Тұңға, Күлтегін мен Абылай,
Кенесары жатқан шығар бір аунап.
Зұлмат заман таптап ұлттың құқтарын,
Құлатты атып жүрегінде түк барын.
Құрбан болған Сәкен,Мағжан,Тұрардың,
О жаратқан, асқақтатшы рухтарын!
Асау Ертіс толқыныңдай үкілі,
Ақорданың түзу шыққай түтіні.
Керек бізге сақтау үшін Теңдікті
Тұлпарлардың тұяғының бүтіні.
Ай мен күндей келешегі ғаламат,
Арай төккен Азаттықтың таңы абат.
Бабалардан қалған мұра - туған жер,
Ей, жас өрен, өздеріңе аманат!..
Достарыңызбен бөлісу: |