Күні:________________2016ж
Жасы: ___________
Тақырыбы: Флористика гүлдердің екінші өмірі.
Мақсаты:
Білімділік мақсаты: Оқушылардың оқу қабілеттерін, білім-білік, таным ерекшеліктерін арттыру.
Дамытушылық мақсаты: Дүние танымын дамыту.
Тәрбиелік мақсаты: Мәдениеттілікке тәрбиелеу.
Сабақ көрнекілігі: суреттер, сөзжұмбақтар.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақ әдісі: Түсіндіру, талдау, сұрақ-жауаптар.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
а) Сабаққа қатысып отырған оқушыларды ұйымдастыру.
ә) Оқу-құралдарын түгелдеу, реттеу.
б) Олардың көңіл-күйіне, денсаулығына баса назар аудару.
ІІ. Жаңасабақты түсіндіру әдісі.
Флористика (лат. флора) — Жер шарындағы және оның жеке аймақтарындағы флоралар құрамындағы өсімдік түрлері, олардың өзара қатынасы, шығу тегі, ерекшеліктері туралы ғылым; ботаника саласы.
Қазақстан ғалымдары Флористика жөнінде жеке ботаникалық ғылымдар (қ. Геоботаника, Өсімдіктерді жүйелеу, Альгология, т.б.) бойынша зерттеулер жүргізген.
Флористиканы зерттейтін ғалымдарды Флористтер деп атайды.
Гүл – өсімдіктің өлеңі,
Өлең – сөздің гүлі.
Гүл – табиғаттың өсімдік атты тамаша туындысының көз тартып, көңіл қуантып, жан жадыратар жайдары жастық шағы. Гүл – жаратылыстың әсем сәні шалқыған, иісі жұпар аңқыған, сымбатты сұлу қыз дәурені.
Есте жоқ ерте кезде халқымыз Сарайшық, Сауран, Сығанақ, Сайрам, Баласағұн, Яссы, Шығу, Алмалық, Отырар сияқты қалалар салып, отырықты дәурен сүргенде баяғы көшпенді кездегі жабайы гүлдерді бау-бақшаларына отырғызып, будандастырып, жаңа гүл түрлерін де шығарып, оларға да лайықты аттар қойған.
Ендігі бір аумалы-төкпелі замандарда дамыған елдердің дайынына ие болғысы келетін басқыншылардың жан-жақтан үздіксіз жасаған, жүздеген жылдарға созылған шапқыншылығына еріксіз тап болады. Оларды бір тойтарып, бір шегініп жүріп, қалалары күйреп, сүлдерін сүйреп, шұбырындыға ұрынады. Сөйтіп, тау-тасты паналап, қайтадан көшпенділікке еріксіз иек сүйеуге мәжбүр болған. Ел болып, жұрт болып көшпенділіктің өзін көркейтіп, кең-байтақ жерде, сай-салада төрт түлігін түлетіп өсіріп, ынтымақ, береке-бірліктің, шексіз еркіндіктің арқасында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күн кешіп жатқан елді басқыншы жау тағы да тыныш қоймай бірінен-бірі бұрынырақ жаулап алуға тырысып, ақыры бодан етті. Тәуелді болып еркінен, мал-мүлкі тәркіленіп, күн көрісінен айырылған ел Кеңес өкіметі тұсында амалсыз колхоз, совхозға ұйымдасып отырықшыға айналды. Орыс тілін білмесе өмір сүре алмастай орта қалыптастырылды. Өз тілін ұмытуға бой ұрғандар гүлдің аттарын да орыс тілінде атауға көшті. Соның нәтижесінде роза гүлінің қазақша аты раушан, гвоздиканың қалампыр екенін мүлде ұмытты. Бұрынғы әдет бойынша қыздарына кейде Раушан, Қалампыр деп ат қойса да, оның қазақша гүл аттары екенінен хабарсыз болды.
Сондай мүлде ұмытудың ертеректегі бір-екі мысалын келтірейік. «Алпамыс батыр» жырынан көпшілігіміздің дерегіміз бар. Алпамыстың сүйген жарының Гүлбаршын екенін де білеміз. Бұл жыр VІІ ғасырдағы Қорқытата шығармаларында кездеседі. Демек, бабаларымыз сол кездің өзінде-ақ қыздарына гүлдің атын қойған екен. Гүлбаршын атының түбірі гүл. Ендеше, баршын деген атау сол гүлдің аты ғой. Баршын деген гүлдің қай гүл екенін кім біледі? Иә, қазіргілердің көбі білмейтіні анық. Ал, бұдан 1300 жыл бұрын ата-бабаларымыз оның гладиолус гүлі екенін білген. Сол сияқты Шыңғысханның қазақ әйелінің аты Бөрте. Бұл атау заттың түсін білдіреді, яғни сын есім. Бұл аттың толық түрі Бөртегүл болуы әбден мүмкін. Бұл да бір қазір ұмытылған гүлдің аты шығар. Түсі көбінше бөрте болып келетін сирень гүлін осылай атасақ па деген ұсынысымыз бар.
Тіпті, кейбір гүлдердің аттарын орыстар бұрын бізден алғандығы жай көздің өзіне-ақ көрініп тұр. Мәселен, канатниктің қанатгүл, бархатцы гүлінің барқытгүл екенін дәлелдеп жатудың қажеті болмас. Сол сияқты бір нәрсеге ұқсатып өздерінше ат қойған колокольчик гүлін қоңыраугүл, печерицаны үңгіргүл деп өз тілімізге аударып қолдансақ кім қой дейді?!
Көктемде қар кетер-кетпесте шығатын гүлдерді біз қазір бір-екі атпен жауқазын немесе бәйшешек деп атап жүрміз. Бұлардың осы айтылғандардан басқа қарғалдақ, аязгүл, сәуіргүл, наурызгүл, қызғалдақ, сарғалдақ, мамыргүл, т.б. түрлері бар. Бұлардың осындай жеке аттарға ие болуы өз ерекшеліктеріне, өмірлерінің ұзын-қысқалығына байланысты.
«Жауқазын (крокус) көктемде ерте шыққанымен, сонау күздің ортасы қазан айына дейін гүлдейді. Осы бір ғана гүлдің 21 түрі бар», – дейді гүл маманы ғалым Д.Г.Хессайон «Бәрі де гүл туралы» атты кітабында. (Мәскеу, 2004).
Абайдың 1897 жылы жазған өлеңінің жоғарыдағы ғылыми анықтамаға дәлме-дәл келетіндігіне қалай таңғалмасқа. Қане, оқып көрейік:
«Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын,
Қайдан білсін өмірдің көбін-азын.
Бәйтеректі күндейді жетемін деп,
Жылы күнге мас болып көрсе жазын.
Күз келген соң тамырын үсік шалып,
Бетегеге жете алмай болар жазым».
Көктемде қылтиып шығып, жаздан еркін өтіп, күзге жетіп, тамырын үсік шалған соң ғана амалсыз жазым болады екен. Демек қарды түртіп шығып, бірер апта ғана өмір сүретін ақшыл гүлді жауқазын деуімізге тіпті болмайды, Абайдан ұят. Бәйшешек дейміз бе? Олай дейін десек тағы да Абай «Жаз» атты өлеңінде:
«Жазды күн шілде болғанда,
Көкорай шалғын бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда» – деген жолдар бар.
Байыптап қарасақ, Абай гүлдің бір ғана түрін емес, көктемнен бастап өсіп «жаздың шілде айында толатын» күзге дейін болатын, барлық гүл атаулыны топтап бір-ақ айтып тұрған сияқты. Көктемде бірінші болып қар астынан шығып, санаулы күн ғана өмір сүретін гүлді орыстар подснежник дейді. Біз қарғалдақ десек үйлесіп-ақ тұр. Ойдан шығарған жоқпыз. Төркіні қызғалдақ, сарғалдақ деген гүлдердің атында жатыр. «Ғалдақ» сөзі гүл деген мағынаны беретін ескі атау.
Бағзы заманда қазақ даласын аралаған Еуропа саяхатшылары ұрығын ала барған қызғалдақ гүлі Нидерланды корольдігінің ұлттық экономикасының шарықтап өсуіне игі әсерін тигізген. Осыдан кейін бұл қызғалдақ гүлінің қайдан шыққаны зерттеле бастағанда, алғашында парсылардан ХІ, түріктерден ХІІІ ғасырға жататын жазба деректер табылып, бұл гүлдің отаны сол елдер делініп, жаңсақ аталып келді. Қазақстан дербестікке ие болғаннан кейін ғана жеке елдермен еркін қарым-қатынасы жиілеп, гүлдің әр түрі, сонымен бірге, қызғалдақ та атам заманнан бері қазақ даласында өсетіндігіне зерттеушілердің өз көздері жетті. Оның үстіне археологиялық қазбаларда Қазақстан жеріндегі Теңдік қорғанынан табылған алтын бұйымдардағы қызғалдақ бейнелері, тіпті, біздің эрамызға дейінгі ІІ-ІІІ ғасырға жататындығы анықталып, қызғалдақтың отаны Қазақстан екені даусыз шындыққа айналды. Сөйтіп, Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік өнер музейі, Қазақстан Республикасындағы Нидерланды корольдігінің елшісі, Қазақстан Республикасындағы Түрік Республикасының елшілігі бірлесіп ұйымдастырған «Адам және қызғалдақ» халықаралық фестивалі 2001 жылы Алматыда өтіп, қызғалдақтың отаны Қазақстан екені ресми түрде расталды. Бұл жайында Қазақстанға жасаған ресми сапарында Нидерланды Ханшайымы Беатрикс ханым біздің Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевпен сұхбатында былай деген еді: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ, Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Қазақстанның даласы мен тауларында жайқалып өсетін бұл гүл біздегі саудада ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі нидерландылықтарға барынша танылған экспорттық тауар ретінде бағаланады. Ол біздің ұлттық символымыз іспетті. Қызғалдақ – ең үлкен сыйлық. Сол үшін біз сіздің елге қарыздармыз. Қызғалдақ екі мемлекеттің арасындағы қатынастарды гүлдендіретін дәнекер ретінде жайнап өсе берсін!» («Қос елді қауыштырған қызғалдақ». «Егемен Қазақстан», 3 желтоқсан, 2002).
Қызғалдақ туралы ІІ фестиваль 2008 жылы Алматыдағы Гөзәл Құлжабаева шығаратын гүл жайындағы бірден бір журнал «Гүлстанның» ұйымдастыруымен өтті. Биылғы ІІІ фестиваль «Қазақстан – қызғалдақтар отаны» деп аталып өрісін кеңейте түсті.
Қазақстанда ежелден қызғалдақтардың 35 түрі жабайы өседі. Кезінде Қазақстаннан гүлдің ұрығын тегін алған Нидерланды бастаған шетелдіктер бұл гүлді будандастыру арқылы 300 түрге жеткізді. Қазір өз гүлдерімізді өзіміз шетелден қымбат бағаға сатып алудамыз.
Адам өмірінің қуаныш-сүйініштеріне, тіпті, күйініштеріне де гүлдің араласпайтын кездері жоқ. Сенің туылуың, шілдеханаң, әрбір туған күнің, тұсаукесерің, сүндет тойың, мектепке баруың, үйленуің, т.б. бәрі-бәрі гүлге бөленумен болады.
ІІІ. Қорытынды.
Күнәсіз пенделердің бақида рухы рахатқа кенелер пейіш, жұмақ, жәннат деп аталатын құтты орындар тек алуан түсті хош иісті гүлмен тұнып тұратындығы діни кітаптардан аян. Ендеше, осы фәни дүниемізді де неге гүлмен безендіріп жұмаққа жуықтатпасқа. Аула, бау-бақшаларыңызға гүл егіңіздер! Бір-біріңізге гүл сыйлаңыздар! Гүлдей жайнап жарастықты өмір сүріңіздер! Ең бастысы, гүлдердің қазақша атын біліп, тілдеріңізді байытыңыздар! Мәселен: еңлік, шұғынық, қарғалдақ, қызғалдақ, қырмызы, шашыратқы, қалампыр, көкемарал, баршынгүл, бөртегүл, тұңғиық, ақшешек, қазтамақ, ләйлі, қоңыраугүл, сырғагүл, үлпет, сорғыш, шыртылдақ, көбелекгүл, ақшамгүл т. б. Осы жолдардың иесі 400-ге тарта гүлдердің қазақша атын анықтады. Гүл аттарының саны бұнымен ғана шектелмек емес. Гүлдердің әрқайсысына, ерекшелік қасиеттеріне қарай өлең арнап, гүл туралы аңыздарды жинап, әр гүлдің тарихына тоқталып, «Гүлдер әлемі» атты кітап дайындады. Баспалардың бірінен жарық көріп қалар.
Тексерілді:____________
Достарыңызбен бөлісу: |