Математика біздің айналамызда Ағымдағы жылдың 24-29 қаңтар аралығында Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Математика біздің айналамызда» атты математикалық сауаттылық апталығы өткізілді. Апталығымыздың мақсаты-математикалық мәдениетті қалыптастыру, математикалық сауаттылықты дамыту, ашық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу арқылы педагогтармен оқушылардың кәсіби шеберлігін жетілдіру.
Шет ауданы білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының барлығы арнайы жоспар бойынша жұмыстар атқарды. Соның ішінде «Ю. А. Гагарин атындағы мектеп-лицейі» КММ-де бастауыш, 5-11 сынып оқушыларының қатысуымен түрлі форматта іс-шаралар өткізілді. Мәселен, апталығымыздың алғашқы күні «Сандарды қалай дұрыс қолдану керек» тақырыбында сынып сағаттар өткізілді.
Оқушылардың ойлау қабілетін,сөздік қорын жақсарту мақсатында бастауыш сыныптар арасында ребустар сайысы өткізілді. Ал орта буындар арасында «Мен және менің отбасым» атты жобалар байқауы ұйымдастырылды. Оқушылар математиканы ас үймен , ауыл шаруашылығымен, спортпен және электр энергиясын үнемді пайдаланумен байланыстырды. Ал жоғары сыныптар арасында «Математикасыз бір күн» атты эссе байқауы өткізілді. Апталығымыздың үшінші күнінде 5-9 сыныптар арасында «Өнегелі өмір» жобасы аясында мектебіміздің математика пәнінің мұғалімі педагог-зерттеуші, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Г.К.Сартаевамен кездесу онлайн форматта жүзеге асырылды. Сонымен қатар, «Бір саны қайдан пайда болды?», «Математика және өркениеттің гүлденуі» атты сандар мен олардың мағыналары туралы фильмдер көрумен апталығымыз өз жалғасын тапты. Соңғы күні 2-11 сынып оқушылары арасында әр түрлі іскерлік, танымдық квест ойындары ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, 6 сыныптар арасында таза ауада математикамен салауатты өмір салтын ұштастыра отырып, «Ұшқыр ойлы топ» атты квест ойыны өткізілді.
Үш кезеңнен тұратын ойын шарты: арнайы құрылған ватсап желісіндегі топқа көмекші суреттер арқылы жасырылған бөтелкелерді тауып, ішіндегі математикалық сауаттылыққа құрылған логикалық есептердің шешімін табу.Жеңімпаз топқа ақшалай сыйлық табысталды. Ойын соңында оқушылар осындай ойындардың жиі ұйымдастырылып тұруына өз ниеттерін білдірді. Сенбі күні «Математика әлемі балалар көзімен» суреттер көрмесіне арнап салынған оқушылар туындылары мектеп фойесіндегі стендке ілінді. Жұмыс аяғына қарай оқушылардың апта бойы жасаған жұмыстарына қорытынды жасалып, марапаттау рәсімі өткізілді. «Білімдінің күні жарық» демекші, әрдайым білім жолында талмай еңбектенетін оқушылардың болашағы жарқын боларына біз кәміл сенеміз.
А.Е.Мұқұш
Ә.Ж. Төлеуқадыр
Б.Е.Тоқмади
Математика пәні мұғалімдері
«Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейі» КММ