Студеттердің өзін - өзі бақылауы үшін сұрақтар:
1. Математиканы оқыту әдістемесі не туралы ілім?
2. Математиканы оқыту әдістемесінің тарихына шолу жасаңыз.
3. Математиканы оқыту әдістемесінің жалпы тарауында қандай мәселелер қарастырылады?
4. Математиканы оқыту әдістемесінің дербес тарауында қандай мәселелер қарастырылады?
5. Математиканы оқыту әдістемесінің мазмұны қандай?
6. Математиканы оқыту әдістемесі ғылымының басқа ғылымдармен байланысы туралы ойыңыз?
7. Дидактикалық ұстанымдар дегенді қалай түсінесің ?
Оқытудың ұстанымдарын ата.
2 – МОДУЛЬ. Математика жалпы білім беретін мектептегі оқу пәні ретінде
2-Дәріс. «Математиканы оқыту әдістемесі» оқу пәні ретінде
Дәріс мақсаты: Математиканы оқытудың мақсаттарын талдап, математика сабақтарында оқыту мақсаттарын жоспарлап, жүзеге асыру жолдарын көрсету.
Дәріс жоспары:
1. Мектеп математика курсының жалпы білім беру жүйесіндегі мәні мен маңызы. Математиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері.
2. Мектеп математика курсының базалық мазмұнына сипаттама. Математиканы оқытудағы пәнаралық, пәнішілік және сабақтастық байланыстар.
1-4 сыныптардағы жалпы бастауыш математикалық дайындық. 5-6 сыныптардағы пропедевтикалық математикалық дайындық. Математиканың 7-9 сыныптардағы жүйелі курсы. 10-11 сыныптардағы математика курсы. Жалпы білім беретін мектептердің бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру деңгейлеріне арналған математика бағдарламаларын талдау. Оқытудың әр жылы соңындағы оқушылардың математикалық білім, білік және дағдыларына қойылатын бағдарламалық талаптар. Математикалық білімдерді бағалаудың нормалары.
1. Мектеп математика курсының жалпы білім беру жүйесіндегі мәні мен маңызы. Математиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері.
Орта мектепте математиканы оқытудың негізгі мақсаттарына: жалпы білім беру, дамыту, тәрбиелеу (тәрбиелік), теориялық білімдерді практикада қолдана білу (практикалық) мақсаттары жатады.
Математиканы оқытудың жалпы білімділік мақсаттары:
- математикалық ұғымдарды қалыптастыру,
- нақты дәлелдерді, құбылыстарды, тәжірибелерді ұғындыру,
- формулаларды дәлелдей білуді үйрену,
- ұғымдардың анықтамасын, заңдарын, оқылуын, теорияның негізін оқыту,
- оқушыларды ғылым негізімен таныстыру,
- оқушыларды нақты өмірді ұғынудың математикалық әдістерін меңгеруге үйрету,
- оқушыларды математикалық тілде сөйлеу және жазу мәдениетіне үйрету;
Дамыту мақсаттары:
- оқушылардың математикалық қабілеттіліктерін дамыту, - математикалық ақпаратты қабылдау,
- оқушылардың сандық және кеңістік қатынастар сферасында логикалық ойлау қабілеті,
- оқушылардың математикалық нысандарды, қатынастарды, амалдарды тез және кеңінен қорытындылай білу қабілеті,
- математикалық талдаулар процесін және оларға сәйкес амалдар жүйесін қайталап жүргізу және қайталанатын құрылыммен ойлау қабілеті,
- оқушылардың жұмыс процесіндегі математикалық ойлауға икемділігі,
- оқушылардың ойлау процесінің бағытын тез және еркін өзгерте білу қабілеттілігі,
- шешімнің айқындығына, қарапайымдылығына, үнемділігіне және тиімділігіне жетуге тырысу, - математикалық есте сақтау қабілеттілігі,
- ақыл-ойдың математикалық бағыты,
- оқушылардың математикаға ықыласын дамыту,
- оқушылардың өз бетімен нәтижелі ойлау интеллектісін дамыту, - ізденушілік қабілеттіліктерін дамыту.
Тәрбиелік мақсаттары:
- математиканың қоғамда алатын орыны туралы және оның қоғамның, техниканың, ғылымның басқа салаларының дамуына байланысты дамитыны туралы мәліметтерді оқушылардың бойында қалыптастыру,
- оқышылардың диалектикалық-материалистік көзқарастарын қалыптастыру,
- оқушыларды қоғамдағы құбылыстарды дұрыс талдауға бағыттау,
-оқушыларды төзімділікке, шыдамдылыққа, еңбекке, жауапкершілікке, әсемдікке тәрбиелеу,
- оқушыларды математика ғылымына, математик ғалымдардың қызметіне сүйіспеншіліктерін тәрбиелеу.
Практикалық мақсаттары:
- оқушыларды алған теориялық білімдерін есептер шығаруға және басқа пәндерді оқып-үйренгенде қолдана білуге бейімдеу,
- оқушыларды алған білімдерін өз бетінше толықтыруға бейімдеу,
- оқушыларды математикалық құрал-жабдықтарды қолдана білуге бейімдеу,
- оқушыларды оқулықтармен және ғылыми әдебиеттермен өз бетінше жұмыс істеуге бейімдеу,
- оқушыларды математиканы оқып-үйренгенде ғылыми-зерттеу әдістерін қолдана білуге бейімдеу.
Орта мектепте математиканы оқытудың міндеттері қойылған мақсаттарды іске асыру үшін орындалатын шаралармен анықталады:
- математикалық білім мазмұнын іріктегенде әлеуметтік тиімділікті ескеру,
- математикалық білім мазмұнын іріктегенде ақпараттық сиымдылықты ескеру,
- оқушылардың математикалық іс-әрекетін толыққанды ұйымдастыру үшін барынша мүмкіндік туғызу (интеллектуалдық сиымдылық),
- дамытылған түрдегі деңгейлік және бейімдік даралау жағдайында барлық оқушылардың бағдарламалық білімді игеруін жүзеге асыруға болатын және сыртқы факторлардың жиынтығына орай оқыту уақыты мөлшерінің шектелгендігін (даралау арқылы жүзеге асырушылық, бейіндік оқыту) ескеру,
- оқытудың әрбір кезеңінде математиканы оқып-үйренуге қызығушылықты қалыптастыруға, дем беруге, және дамытуға мейлінше мүмкіншілік жасауды (танымдық сиымдылық, танымдық ізденімпаздық) іске асыру,
- мектептегі математикадан басқа пәндерді соларға сәйкес ғылымның қазіргі кезендегі даму деңгейінде оқып-үйрену мүмкнішілігін (пәнаралық байланыстар) іске асыру.
- оқушылардың отандық және шет елдік басқа мектеп оқушыларымен араласуына, сабақтарға қатысуына жағдай жасау және олардың қозғалысқа бейімділігін (мобильділік) қалыптастыру.
- оқушылардың дамуын бақылау портфолиосын жасау (портфолио),
- оқушылардың ата-аналарымен интерактивті байланыс орнату (бірлескен тәрбие),
- оқушыларды адамгершілікке, отанын сүюге, ұлттық дәстүрлерді, ана тілін қадірлеуге, шет тілдерін үйренуге және еңбекқорлыққа, әдемілікке тәрбиелеу (адамгершілік тәрбиесі).
2. Мектеп математика курсының базалық мазмұнына сипаттама. Математиканы оқытудағы пәнаралық, пәнішілік және сабақтастық байланыстар.
Математика ғылымының дамуы мен оның өрістеуіне сәйкес математикалық білімнің нақты мазмұны ұдайы өзгеріп тұрады. Сондықтан математика программасының өзгеруі заңды құбылыс.Осыған орай математиканы оқыту әдістемесі де өзгеріп, жаңарып, жаңа идеялармен байи түседі.
Мектептегі математиканы оқыту бағдарламасы білім туралы заң мен мемлекеттік стандартқа сай, базистік оқу жоспары негізінде жасалды. Оқушылардың алатын білімінің міндетті, мөлшері мен деңгейі көрсетілді. Бағдарламада математикалық білімінің мазмұны; тақырыпты жоспарлау үлгісі (оқу сағаттарына бөлу), оқушылардың математикалық дайындығына қойылатын талаптар қарастырылды.
Сонымен бірге, бағдарлама мазмұнына сәйкес оқушылардың біліміне, икемдігіне қойылатын талаптар, оларды бағалау нормалары дәйектелген, математиканы оқыту әдістемесі бойынша нақты ұсыныстар берілген.
Оқыту мазмұнында мектепте оқытылуға міндетті материалдың көлемі мен тізімі беріледі. Оқыту мазмұны праграмадағы өзара байланысты тақырыптардың мазмұны бағыттарын біріктіру ролін атқарады. Сонымен бірге, бағдарламада пәнаралық байланыстарды орнату, оқушылардың білімдері мен іскерліктерін бағалау жөнінде нақты ұсыныстар беріліп, мұғалімдерге арналған әдебиет тізімі келтіріледі.
Орта мектептерде пәндердің ғылыми негіздері Ү сыныптан бастап оқытылатыны мәлім. Ү сыныптан басталып, әр түрлі кезеңдерге бөлінеді. Ү-ҮІ сыныптарда математика пәні, ҮІІ-ІХ сыныптарында алгебра және геометрия, Х-ХІ сыныптарында алгебра және анализ бастамалары мен геометрия.
Ү-ҮІ сыныптарында математика курсының мақсаты- сан ұғымын жүйелі дамыту, сандарға арифметикалық амалдарды ауызша және жазбаша орындау іскерліктерін шыңдау, практикалық есептерді математика тіліне аудару және оқушыларды алгебра мен геометрияның жүйелі курсын оқып-үйренуге даярлау.
ҮІІ-ІХ сыныптарға алгебра курсында оқытудың теориялық деңгейі жоғарылап, теориялық жалпылау мен дедуктивтік қорытындылардың ролі күшейе түседі. Геометрияда логикалық дәйектілік пен көрнекілік одан әрі үйлесе түседі. Оқытылатын теориялық материялдардың практикалық мәні ұлғаяды. Курстың ішкі логикалық байланыстары кеңейіп, дедукцияның ролі жоғарлайды. Мұның өзі оқушылардың теоремаларды оқып үйренгенде және есеп шығарғанда аналитикалық-синтетикалық тәсілдерді игеруіне жол ашады.
Х-ХІ сыныптарға алгебра және анализ бастамалары курсы негізінен анализ бастамаларына қатысты ұғымдардың және әдістердің мазмұнын анықтайды, олардың практикалық мәнін ашып көрсетеді. Курстың өзіне тән ерекшеліктері оқушылардың алгебрадан алған білімін жүйелеуге және одан әрі дамытуға бағытталады.
Математикалық білімді тереңдету мен кеңейтуде факультативтік сабақтардың ролі айрықша. Сондықтан факультативтік сабақтар мазмұнын программалық материялдармен ұштастырып отыру керек. Програмалық материалдарды өркендеу олардың тәрбиелік мүмкіндіктерін үнемі назарда ұстаған жөн. Математиканың өмірбаяны мен еңбектерін оқып үйрену интернационалдық және патриоттық тәрбие беру ісіне елеулі үлес қосады.
Программада көрсетілген материалдарды оқыту, ұсыныстарды іске асыру, талаптарды бұлжытпай орындау әр мұғалімнің міндеті.
Достарыңызбен бөлісу: |