I-2. Қылмыс құрамы қылмысты саралаудың заңи негіздемесі
Қылмыстық құық теориясында қылмыстық заңды дұрыс қолдану үшін өте маңызды және әмбебап қылмыс құрамы туралы ілім бар. Бұл ілім тек заң ғылымдарының жетістігі негізінде ғана пайда болған жоқ. Онда философияның ұғымдары (объекті, себепті байланыс мәселелері). Медицина ұғымдары (есі дұрыс еместік ұғымын анықтаумен байланысты мәселелер) психологиялық ұғымдар (қылмыстық жауаптылық басталатын ең төменгі жас мөлшерін анықтау кінә, пиғыл ұғымдары) пайдаланылады. Аталған ілімнің әмбебаптағы бұл ілімді әртүрлі сипаттағы қылмыстық заңдарға қолдануға болады. Қылмыстық құқылық норма және жасалған іс-әрекеттің оқиғалық мән-жайы қылмысты саралау процессінде біріктірілетін құбылыстардың екі өрісі болып табылады. Аталған біріктіру осы құбылыстар үшін ортақ болып табылатын белгілерді табу жолымен жүзеге асырылады. Саралау барысында қылмыстық-құқылық норма тұтастай және жасалған нақты қылмыстың белгілерінің барлық жиынтығы толығынан пайдаланылмайды. «Жасалған іс-әрекетті саралау үшін қажетті болып табылатын белгілердің бөлшегі қылмыс құрамы деген ұғыммен қамтылады»./14 /
Қылмыс құрамының атқаратын қызметін дұрыс ұғыну үшін ең алдымен оның белгілі бір қылмыс түрі үшін жауапкершілікті қарастыратын қылмыстық-құқылық нормамен ара қатынасын айқындап алу қажет болады. Норма-бұл заң бабының мәтінімен әрдайым сәйкес келе бермейтін жүріс-тұрыс ережесі болып табылады. Қылмыстың белгілі бір түрі үшін (мысалы, ұрлық үшін) жауаптылықты қарастыратын қылмыстық-құқылық норма тиісті іс-әрекетті жасауға тиым салуды ғана білдірмейді (норманың диспозициясы) және оны жасағаны үшін қолданылатын санкцияны және оны қолдану үшін шарттарды қарастырады (норманың гипотезасы).
Егер қылмыс құрамын; «қылмыстың қылмыстық заңда бекітілген белгілерін көрсететін қылмыс туралы заңнамалық ұғым-деп санайтын болсақ онда құрам ұғымының көлемі бойынша да, мазмұны бойынша да қылмыстық-құқылық норма ұғымымен салыстырғанда тар көлемде екендігіне көз жеткізуге болады.
Біріншіден, норманың санкциясы құрам шеңберінің сыртында қалады. Екіншіден, құрам норманың диспозициясымен толық сәйкестікте бола бермейді. Н.Д. Дурмановтың айтуынша «қылмыстық құқықтың нормасы жағымсыз іс-әрекеттерді жасамау туралы нақты бұйрықты білдіреді. Қылмыс құрамы болса қылмыс белгілерін сипаттап жазудан тұрады. Қылмыс құрамы өздігінен бұйыруды білдірмейді./ 15/
Қылмыс құрамының және қылмыстық-құқылық норманың гипотезасының арақатынасы туралы мәселе онша айқын емес: бұл өз кезегінде қылмыстық құқықтығы гипотезаның рөлі туралы бірегей пікірдің болмауымен түсіндіріледі. Егер қылмыстық-құқылық нормада гипотеза мен диспозиция бірігіп кетеді деп есептейтін пікірді басшылыққа алатын болсақ онда құрам түсінігі барынша тар ұғым болып шығады. Себебі оның қылмыстық жауаптылықтың кейбір шарттарын қамтымайтындығы айқын. Егерде біз гипотезаны қылмыстық-құқылық норманың дербес бөлшегі ретінде ажырататын болсақ онда гипотезасыз құрам өзінің мазмұны жағынан норманың диспозициясына өте жақын келеді. Қылмыстық-құқылық норманың элементі ретінде құрамға заңшығарушымен тек өзінің жиынтығында берілген түрдегі қылмыстың мәнісін сипаттайтын оның болғандығын, сипатын және жалпы түрдегі оның қоғамдық қауіптілігін білдіретін белгілердің ғана кірістірілетіндігі туралы құқықтық әдебиеттерде бірнеше рет көрсетілгген. /16/
Я. М. Брайнин бұл тұжырымды кеңейте түскен. Ол «қылмыс құрамы рөлін тек іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілік сипатына ғана жатқызу оның маңызын төмендетеді»- деп дұрыс айтқан./17/ Шындығында құрам белгілері іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілігін ғана емес тұлғаның кінәсін де сипаттайды. Осы тұрғыдан алғанда құрамды «қоғамдық қауіпті іс-әрекетті қылмыстық заңнамаға сәйкес қылмыс және қылмыстық жазалануға жататын ретінде айқындайтын белгілер жиынтығы»-деп бағалайтын анықтама барынша дұрысырақ сияқты./18/
Әлдеқандай қылмыс құрамын сипаттайтын белгілерге бірдей шамада осы қылмыс туралы түсінікте кіреді. «Ұрлық құрамы» немесе «ұрлық түсінігі» дейтін болсақ өзіміз қолданған сөздердің айырмашылығына қарамастан тиісті қылмысты сипаттайтын қылмыстық-құқылық белгілерді білдіреміз. Ендеше бұл құрам және белгілі бір түрдегі қылмыс түсінігі арасында айырмашылқ болмайды дегенді білдіреме? Жоқ білдірмейді. Қылмыс құрамында белгілер қылмыстың белгілі бір элементтеріне телінген, олар топтастырылған және айта қаларлықтай қатаң кезектілікпен бекітіледі ал қылмыс түсінігі үшін бұл міндетті болып табылмайды. Басқаша айтқанда қылмыстың құрамы және түсінігі олардың ішкі құрылымы бойынша, біртектес белгілердің тәртіпке келтірілу дәрежесі бойынша ажыратылады.
Құрам қылмыс белгілерінің жиынтығы ғана емес, олардың қатаң жүйесі болып табылады. Құрам қылмыс үшін сипатты болып табылатын оны құрайтын элементтердің ішкі байланысын көрсетеді. «Барлық қылмыстардың бірегей ортақ құрылымын табу және осы негізде қылмыстың объектісін, субъектісін, объективтік және субъективтік жақтарын сипаттайтын белгілердің негізгі төрт тобынан әрбір қылмыстың құрамын құрастыру қылмыстық құқық ғылымының үлкен жетістігі болып табылады»./19/ Қылмыс құрамының құрылымдық сипаты саралау үшін қағидалық маңызға ие болады, себебі оның кейбір ортақ принциптерін саралауға мүмкіндік береді.
Қылмыс құрамы тұлғаны берілген қылмысты жасаған деп тану үшін қажетті және жеткілікті болатын белгілердің жүйесі болып табылады. Олардың қажеттілігі мынада: құрамның барлық белгілерінің жиынтығынсыз тұлға қылмыс жасаған деп айыптала алмайды ендеше ол қылмыстық жауаптылыққа да тартыла алмайды. Олар жеткілікті болып табылады себебі тиісті тұлғаға қылмыс жасағандығы туралы айып тағуға негіз болуы үшін әлдеқандай қосымша мәліметтерді анықтаудың қажеттілігі болмайды. Құрамды қылмыстың берілген түрінің қылмыстық заңда бекітілген ақпараттық нұсқасы деп айтуға болады. Бұл нұсқа өз кезегінде берілген түрдегі барлық қылмыстардың белгілерін қортындылау негізінде құралады. Нәтижесінде біз олардың негізгі ерекшеліктерінің үнемді, қысқа және жеткілікті түрдегі айқын сипаттамасына ие боламыз. Ақпараттық нұсқа заңгердің практикалық қызметінде екі жақты рөл атқарады. Біріншіден ол заңгерге заңның талаптары туралы мағұлмат береді. Мысалы, біз ҚР-сы ҚК-нің 175 бабында қарастырылған ұрлық құрамы бұл қылмыстың мынадай белгілерін біріктіреді деп айтамыз. Екінші жағынан бұл нұсқа бізге жасалған нақты іс-әрекеттің өзіндік белгілері туралы ақпарат береді. Бірінші және екінші топтағы ақпараттың біріктірілуі, сәйкестендірілуі қылмысты саралау барысында жүзеге асырылады.
Құрамның екі жақты ақпараттық қызметіне байланысты терминология туралы мәселе туындайды. Құқықтық әдебиеттерде кей реттерде қылмыстың «заңдық» және «фактілік» құрамдары ұғымы пайдаланылады. А.А. Пионтковский «заңгерлер қылмыс құрамы ұғымын қылмыстық заңнама бойынша белгілі бір қылмысты сипаттайтын белгілердің жиынтығын білгілеу үшін және осы белгілерге сәйкес келетін нақты іс-әрекетті белгілеу үшін қолданады»-деп тұжырымдаған./20/ Алайда В.Н. Кудрявцев бұл пікірге қосылмай, қылмыстық-құқылық нормадағы белгілер жалпылама негізде тұжырымдалып, жеке құбылыс болып табылатын нақты қылмыс белгілерімен салыстырғанда дерексіздіктің (абстракция) жоғарғы деңгейіне жатқызылатындағын атап көрсеткен./21/ Нақты қылмыстың белгілері құқық нормасында бар белгілердің тиісті сыныбына кіретіндігіне байланысты ғана олардың сәйкестігі туралы айтуға болады. Сондықтан дейді В.Н. Кудрявцев қылмыс құрамы түсінігін тек ғана нормативтік ұғымында қолдану керек.
Қылмыс құрамының жоғарыда атап көрсетілген ерекшеліктері оның құқықтық маңызын айқындайды. Ең алдымен ол құрамның қылмыс жасаған тұлғаны қылмыстық жауаптылыққа тартуға заңды негіз қызметін атқаратындығынан көрінеді. Егер нақты қылмыстың әрбір белгісі құрамның жалпы қортындыланған белгілерінің қатарына кіретін болса және оған дербес нәрсе ретінде нәрселердің тиісті сыныбына қатысты болса біз ол тұлғаның әрекеттерінде қылмыс құрамы бар деп айтамыз. Бір де болса белгінің сәйкес келмеуі қылмыстық жауаптылықтың туындауы үшін негіздің болмауына алып келеді. Аталған жағдайда қылмыстық қуғындау қозғала алмайды, ал қозғалға іс іс-әрекетте қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс жүргізудің кез келген сатысында қысқартылыуы тиіс. Жауаптылық қылмыстық заңнаманың Ерекше бөлімінің нақты бабы бойынша туындайды. Нақты осы түсінігінде қылмыс құрамын қылмыстық жауаптылықтың қажетті және бірден-бір негізі ретінде санау қажет, сондықтанда қылмыс құрамы қылмысты саралаудың заңды негізі болып табылады.
Қылмыс құрамының жоғарыда көрсетілген өзіндік ерекшеліктері әр түрлі санаттағы қылмыстарды ажыратуды да қамтамасыз етеді. Абсолютті түрде бірдей қылмыс құрамының болмайтындағы түсінікті қылмыстардың барлық құрамдары өзара бір белгісімен болсада өзгешелікке ие болады. Құрамдар арасында айырмашылықтардың болмауы аралас құрамды қылмыстарды ажыратуға мүмкіндік бермес еді.
Қылмыс құрамының ажыратушылық функциясы практикалық жағынан да өте маңызды, себебі әртүрлі қылмыстардың қоғамдық қауіптілігіне тәуелді түрде жауаптылықты дербестендіруге қылмыстың берілген түрімен күресу үшін заң шығарушы барынша тиімді деп санайтын құқықтық салдарды таңдап алуға мүмкіндік береді.
Қылмыс құрамында ажыратушылық рөл атқармайтын белгілер болмайды. Олардың әрқайсысы қылмыстың берілген түрін басқа түрлерінен бөлектейді немесе қылмысты өзге құқықбұзушылықтардан ия қоғамдық қауіпті іс-әрекеттерден ажыратады.
Құрамның ажыратушылық функциясын талдай отырып оның белгілерінің басым көпшілігі жоғарыда аталған бірінші қызметті ал кейде бір уақытта екеуінде орындайтынын байқауға болады. Мысалы, «жасырын» (талан-тараж) ұғымы ұрлық құрамында ұрлықты тонаудан ажыратуға мүмкіндік береді. Аталған құрамдардың барлық қалған белгілері ұқсас болады бірақ ұрлық пен тонауды қылмыстардың өзге түрінен ажыратуға мүмкіндік береді. «Талан-тараж» түсінігі ұрлық пен тонауды меншікке қарсы қылмыстардың кейбір түрлерінен (мысалы, мүлікті құрту) айырып ғана қоймайды және оларды азаматтық деликтерден де ажыратады.
Қазіргі уақытта қылмыс құрамы ұғымының мазмұнына кірістірілетін белгілер жинағында бір қылмысты өзгесінен ажырату рөлін атқармайтын тек бір белгі бар сияқты. Бұл-заңи көзқарас тұрғысынан барлық қылмыстар үшін бірдей болып табылатын есі дұрыстық./22/
Егер қылмыстық-құқылық нормада гипотезаны барлық қылмыстар үшін бірдей олардың жасалуының шарттарының жиынтығы ретінде бөліп қарасақ онда есі дұрыстықты гипотезаға жатқызуға болады. Есі дұрыстықтың қылмыс субъектісінің белгісі ретіндегі тұлғаның өзінің жүріс-тұрысына психикалық қатынасының нысандарымен тығыз байланысты болуы ондай ғылыми көзқарасқа кедергі келтіреді. Одан басқа есі дұрыстық қылмысты қылмыстық жауаптылықты туындатпайтын қоғамдық қауіпті жағдайда тиісті ескертпелер жасай отырып құрам белгісі ретінде қарастыратын боламыз.
Құрамның дерексіздігі, оның жалпыламалық мәнісі белгілі бір жағымсыздыққа ие болады. Ол заңның тек белгілі бір белгілердің жиынтығының барысында ғана қылмыстық жауапкершілікті қарастыратындығынан және көптеген мән-жайларды есепке алмайтындығынан көрініс табады. Кез-келген құқықтың әртүрлі адамдарға бірдей көлемді қолдану болып табылатындығы белгілі.
Алайда құрамның дерексіздігі және жоғарыда атап өтілген заң нормасының формализмі шешуді талап ететін жағымсыз жақтарға ғана ие емес аталған кемшіліктердің орнын толтырарлықтай жағымды қасиеттерге де ие болады.
Олар неден көрініс табады? Бірінші кезекте заңмен азаматтардың барлығына қойылатын талаптардың бірлігі мен айқындығы. Олардың барлығы ұлттық, әлеуметтік, діни және басқа да айырмашылықтарына қарамастан заң алдында тең. Ол қылмыстық заңнаманың және құқықтың өзге салаларының барлық тұлғаларға бірдей талаптар қоюынан көрініс табады. Ұрлық құрамы оны кімнің жасағанына қарамай барлығы үшін бірдей және бұл алдын алу мен тәрбиелеуде үлкен маңызға ие болады.
Қылмыстық-құқылық норманы дұрыс құрастыру құрам дерексіздігінің жағымсыз жақтарын жоюдың негізгі шарты болып табылады. Норма заңшығарушы қарастыруға және тиым салуға тырысатын қоғамдық қауіпті іс-әрекеттерді ғана барынша дәлдік және толықтықпен көрсетуі тиіс. Бұл өз кезегінде заңшығарушыдан өте жоғарғы деңгейдегі заң техникасын меңгеруді талап ететіндігі айқын. Осы тұрғыдан алғанда біздің әліде болса кемшін соғып жатқан тұстарымыздың басым екендігі жасырын емес
Алайда заңның барынша жетілдірілген мәтінінің барысында да норманың абстрактивті талабы мен өмірдегі ситуациялардың нақты ерекшеліктерінің арасында қайшылықтар пайда болуы мүмкін. Осындай жағдайларда бұлар қылмыстық жауаптылықты болдырмайтын ерекше мән-жайларды қарастыратын ҚК-тің Жалпы және Ерекше бөлімдерінің нормалары арқылы шешіледі. Қылмыс құрамы белгілі бір құрылымға ие болғандықтан оған оны құрайтын белгілер арасындағы байланыстардың түрін, сипатын білдіретін белгілі бір конструкция тиісті болады. Құрамның белгілері әртүрлі болғандықтан және өзара комбинациялардан тұрады бұл өз кезегінде қылмыс құрамдарының әралуандығына алып келеді.
Көптеген жағдайларда құрамдардың бірнеше белгілері бір негізде топтастырылады, басқаша айтқанда қылмыс құрамының жекелеген бөліктерін құрастырудың типтік үлгілері бар. Мысалы, ұрлықтың және тонаудың тиісінше адам өлтірудің және денсаулыққа жеңіл зардап келтірудің құрамдары бірдей конструкцияға ие.
Екінші жағынан көптеген құрамдар өзара конструкциясы бойынша айырмашылыққа ие болады. Мысалы жәбірленушінің қайтыс болуына алып келген денсаулыққа қасақана ауыр зардап келтіру (103б.) адам өлтіру құрамынан тек объекті, объективтік және субъективтік жақтарының белгілерімен ғана емес өзінің құрлысының ерекшеліктерімен айырмашылықтарға ие болады: онда зиянды салдардың екі түрі (денсаулыққа ауыр залал келтіру және өлім) қарастырылған және кінәнің екі нысаны бар. Оның есесіне кісі өлтіру құрамы үшін ауырлататын мән-жайлардың күрделі құрылымы тән болады.
Бұл мысалдан байқайтынымыз құрамдар құрлысындағы айырмашылықтар жекелеген белгілердің мазмұнымен емес, қылмыстың белгілі бір элементтерін сипаттайтын белгілердің тобымен анықталатындығы. Суреттей айтқанда егер қылмыс құрамы ірі типтік блоктарда тұратын ғимарат дейтін болсақ, онда конструкция осындай блоктардың жиынтығымен анықталады. Я.М. Брайниннің пікірінше «Қылмыс құрамының құрылымдық негізін оның элементтерінің жүйесі құрайды: объект, объективтік жағы; субъекті және субъективтік жағы құрайды». /23/
В.Н. Кудрявцевтің ойынша: мәнісі бойынша дұрыс болып табылатын бұл пікір термонологиялық жағынан тиянақтауды қажет етеді. Ол жаңылысу болмау үшін «элемент» терминімен қылмыстың тек төрт бөлігін білдіруді ұсынады, ал құрам мазмұнына қатысты «белгі» немесе «белгілер тобы» сөзін пайдалануды ұсынады. Аталған көзқарас тұрғысынан құрам қылмыстың тиісті төрт элементін сипаттайтын белгілердің төрт тобына ие болады және бұл оның құрылымдық негізі болып табылады.
Алайда тек аталғандармен шектелу жеткіліксіз болады. Құрамның конструкциясын оның белгілерінің барынша ұсақ топтары да құрайды. Осындай топтар барлық немесе көптеген қылмыстарға тән болатын құрамдардың жекелеген белгілерінің қортындыланған сипаттамасы болып табылады. Бұлар мазмұндық белгілердің өзі емес олардың санаттары немесе сыныптары болып табылады. Мысалы, қылмыстың объективтік жағына әрекет немесе әрекетсіздік, зиянды салдар және т.б. кірістіріледі «Әрекет» (немесе «әрекетсіздік») жүріс-тұрыстың әртүрлі нысандарын кірістіретін санат болып табылады. Субъектіні сипаттайтын белгілердің кейбір санаттары туралы біз осыған дейінде айтқан болатынбыз (ақыл-асі дұрыстық, жас мөлшері)
Жоғарыда аталған белгілер санатының болуы құрамды толық сипаттама жасауға жеткіліксіз болады, себебі санаттар белгілердің тектік тиістілігін көрсетеді және қажетті нақтылыққа ие бола алмайды: әлдеқандай құрамды суреттеу үшін оған не кіретінін көсетіп ғана қоймай осы қортындыланған белгінің мазмұнында ашу қажет болады, яғни әңгіме мүлікті жасырын талан-таражға салу немесе эпидемиялармен күресу ережелерін бұзу туралы жөнінде болып отырғанын анықтау керек. Ендеше құрамға кіретін белгілердің санаттарын атап шығу оның мазмұнын ашпайды бірақ, оның конструкциясына сілтеме жасайды. Сонымен бірге құрам белгілерінің әлдеқандай ресми сыныптамасының жоқ екендігін және аталған мәселе бойынша ғалымдар пікірінің толық бірдей емес екендігін естен шығармаған дұрыс.
Жоғарыда көрсетілген қылмыстық құқық ғылымындағы қылмыс құрамы мен оның атқаратын қызметі және оның қылмысты саралаудағы маңызы туралы пікірталастарды осымен қоя тұрып, қазіргі кездегі оқулықтардағы бекітілген көзқарастарды талдап көрейік.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы ҚК-ін дұрыс қолдану аталған ілімсіз мүмкін болмайды. Мысалы құқық қорғау органдарына белгілі бір тұлғаның бұзақылық іс-әрекеттерді жасағаны туралы хабар келіп түсті. Әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға жататын ұсақ бұзақылық па немесе қылмыстық жауаптылықты туындататын бұзақылық іс-әрекеттер болып табылама дұрыс шешу үшін Қ.Р. ҚК-нің 257 бабында қарастырылған (бұзақылық) қылмыс құрамының белгілерін білу қажет. Одан кейін жасалған іс-әрекеттің мән-жайлары мен сипатын, кінәліні сипаттайтын белгілерді анықтап оларды бұзақылық құрамымен салыстыру қажет. Егер жасалған іс-әрекетте қылмыстық тәртіппен жауапқа тартылатын бұзақылықтың белгілері бар болса, кінәлі адам ҚК-тің 15 бабында көрсетілген қылмыстық жауаптылыққа тартылатын жасқа толса онда бұл жағдайда ҚК-тің 257 бабында қарастырылған қылмыстың жасалғандағы туралы қортынды жасауға болады.
Ендеше қылмыс құрамы туралы ілімсіз қылмыстық заңды дұрыс қолдану негізінен алғанда мүмкін болмайды. Қылмыс құрамы туралы ілімнің маңыздылығы мен мәнділігі осында.
Жасалған іс-әрекетті саралау негізделетін және ескерілетін қылмыс құрамы туралы мәселені қозғаудан бұрын құрам ұғымына не кіретіні және оның бөлшектеріне ненің жатқызылатынын дұрыс анықтап алу керек. Құқықтың әдебиетте тиісті терминология қолданылды. Бірақ кей кездерде «элемент», «белгі», «тарап», «жүйе бөлшегі», «жүйе» терминдері бір мәнде, бір мағынада білдіреді, қылмыс құрамы және қылмыс деген аталымдар біріктіріліп жіберіледі.
Жалпы алғанда ғылыми терминология мәселесі оңай емес және ойлап табылған емес қылмысты саралауға тікелей қатысты болып табылады. Дегенмен біз осы мәселе төңірегіндегі ғылыми пікірталастарды өз жұмысымыздың мазмұнына кірістіруді қажет деп таппадық.
Енді қылмыс құрамы оның қылмыстық әділ соттылықты жүзеге асырудағы, қылмысты дұрыс саралаудағы маңызы туралы, құқықтық әдебиеттерде қылмыс құрамына көптеген анықтамалар берілген. Олардың көпшілігі бойынша қылмыс құрамы дегеніміз іс-әрекетті нақты қылмыс ретінде бағалауға мүмкіндік беретін объективтік және субъективтік ерекшеліктерге ие заңи белгілерінің жиынтығы болып табылады. Адамның іс-әрекетінде қылмыс құрамының болуы қылмыстық жауап кершілікке тартудың бірден-бір негізі болып табылады. Қылмыстық-құқықтық норманың диспозициясында қылмыстың атауы немесе қылмыс белгілері сипатталады. Құрылымдық техникасы және қылмыс белгілерін сипаттау әдісі бойынша диспозицияларды жай, сипаттамалы бланкеттік және сілтемелі қылып бөлеміз.
Мысалы заңшығарушы жалпылай белгілі терминмен қылмыстық іс-әрекетті атап, оның белгілерін ашып көрсетпеген жай диспозицияда немесе қылмыс құрамының барлық белгілері айқындалмаған және оларды анықтау үшін өзге нормативтік актіге жүгінуді қажет ететін бланкеттік диспозицияларда іс-әрекеттерді қалай саралау қажет? Сонымен қатар қылмыстық заңның Ерекше бөлімінде қылмыстың объектісі мен субъектісі оның субъективтік жақтары көрсетілмеген баптар бар. Әдетте қылмыстық құқықтық норманың дспозициясында қылмыс құрамының тек объективтік жағының белгілері ғана көрсетіледі және олда толық күйінде емес. Мысалы ҚК-тің 96 бабында іс-әрекетті оның нәтижесімен байланыстыратын себепті байланыс туралы аталмаған. Осыдан шығатын қортынды қылмыс құрамы терең мазмұнға ие және заң диспозициясы мәтінінен айыптарлықтай кең, көлемдірек болады. Сондықтан іс-әрекетті саралау барысында ҚК-тің жалпы бөлімінің нормаларына оларды құзіретті органдардың түсіндірулеріне жүгіну қажет болады.
Қылмыс құрамын қылмыстық-құқықтық норманың диспозициясын яғни ҚК-тің Ерекше бөлімінің баптарын қарастыру барысында заң шығарушы қоғамдық қауіпті іс-әрекетті сипаттайтын белгілердің ішінен барынша маңыздыларын ғана іріктеп алады. Өзінің жиынтығында олар жеке тұлғаға, қоғам мен мемлекетке қауіп төндіреді.
Қылмыс құрамы нақтылыққа ие, алайда оның нақтылығы жалпы сипатта болады. Онда іс-әрекет сипатталып жазылмайды, анықталған қол сұғушылықтың жеке ерекшеліктері және белгілері болмайды. Жалпы айтқанда қылмыс құрамы іс-әрекетке сәйкес келмейді. Сондықтан жалпы қалыптасқан түсінікпен сәйкеспейтін белгілі бір жағдайда үйреншікті емес нақты жағдай қалыптасады яғни қылмыс құрамы әрқашан нақты, бірақ өзі ақылға қонымды жалпылама қортындылаудың нәтижесі болып табылады. Қылмыс құрамы туралы жалпы ілімде, нақты құрамдардың барлық белгілерін негізгі және қосымша қылып бөлу қалыптасқан. Барлық нақты қылмыстарға тиісті белгілер жалпы белгілер болып табылады. Осыған сәйкес әрбір құрамда нақты объект, іс-әрекет, кінә, есі дұрыстық және қылмыс субъекетісінің заңда көрсетілген жасқа толуы анықталуы тиіс. Қосымша белгілер заң шығарушымен жеке қылмысты немесе қылмыс топтарын сипаттау барысында қолданылады.
Қылмыстық құқық теориясында қылмысты саралауды құрам элементтері объекті, объективтік жағы, субъект және субъективті жағы бойынша жүргізу қабылданған. Сондықтан жасалған іс-әрекеттің белгілері олардың анықталуы бойынша, заңның тиісті нормасымен салыстыру және талдау үшін тиісінше топтастырылады.
Тергеу және сот органдарының қылмысты саралаудағы қызметінің мәні мынада: жасалған іс-әрекет белгілері мен ҚК-тің Ерекше белгілерінде қарастырылған қылмыс белгілерін салыстыру және сәйкестігін табу сол арқылы жасалған іс-әрекетке қылмыстық-құқықлық баға беру. Сонымен қылмысты саралау басқаларымен салыстырғанда тұрақты түрде әрекет ететін, дербес қылмыстық құқық институты ретінде негізінен қылмыс құрамы туралы теоретикалық ілімдерге сонымен қатар дәлелдеу теориясының жалпы негіздеріне негізделді. Дәлелдеу фактілерін, қылмыстық істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттемейінше жасалған іс-әрекетін саралауды оның жасалуының мәністерін есепке алу және талдау арқылы ҚК-тің ауырырақ немесе жеңілдеу жауапкершілік көзделген бабына ауыстыруы мүмкін. Сотта жағдай өзгеше: 1) сотталушыға тағылған айыпты тани отырып, сот алайда қылмысты саралауды ҚК-тің жеңілдеу жауапкершілік көздеген бабына өзгерту қажет деп санауы мүмкін, ондай реттерде сот қылмысты саралауды ҚК-тің бір бабынан өзгесіне ауыстырудың қажеттілігін үкімде көрсетуі тиіс. 2) егер сот әрекетті саралауды ауырырақ жауапкершілік қарастырылған бапқа ауыстыру турасында айтатын болса істі КІЖК-нің 303 бабына сай қайта тергеуге жіберуге міндетті. Жалпы айтқанда соттың сотталушыға тағылған айыпты жеңілдетуі мүмкін, алайда бұрын тағылмаған жаңа айыппен толықтырып басқамен ауыстыруға құқығы жоқ.
Бұл өз кезегінде анықтама және алдын ала тергеу органдарын қылмысты саралауды барынша мұқият, сауатты, кәсіби деңгейде жүргізуге міндеттейді, олай болмаған жағдайда жіберілген қателіктер анықтама немесе алдын ала тергеу жұмыстарына белгілі процессуалист М.С. Строговичтің айтуынша: «қылмыс құрамы... қылмыстық құқық нормаларымен берілген қылмыс түрін қарастыратын ҚК-тің тиісті бабымен анықталады. Қылмыс құрамын жеке жағдайда, әрбір іс бойынша анықтау қылмыстық іс жүргізу кодексінің дәлірек айтқанда КІЖК-нің тиісті тергеу және сот әрекеттерін қарастыратын баптарымен анықталатын іс жолымен жасақталады. (айыпталушыдан және куәлерден жауап алу, басқа да дәлелдемелерді жинау)». Осы айтылғанмен келісу қажет себебі қылмыстық құқықпен қылмыстық процестің өзара байланысы – бұл екі философиялық ұғым «форманың» және «мазмұнның» диалектикалық байланысы. Сондықтан аталған материалдық және процессуалдық құқық салаларын кейде юриспруденцияда «материалдық және процессуалдық қылмыстық құқық» деп те айтады.
ІІ-тарау Қылмыс құрамының жекелеген элементтері бойынша қылмысты саралау
ІІ-1 Қылмыс объектісінің түсінігі және оның қылмысты саралаудағы рөлі
Қылмыс қарсы бағытталған қоғамдық қатынастар қылмыс объектісі деп аталады.
Заңнамада, сот практикасында және құқықтық әдебиеттерде «қылмыс» ұғымымен қатар бір мәндес ретінде «қылмыстық қол сұғушылық» ұғымы да жиі қолданылады. Бұл кездейсоқ емес адамның белгілі бір жүріс-тұрысы бір нәрсеге қол сұққандықтан ғана қылмыстық ретінде танылады, қоғамдық қатынастарға залал келтіреді немесе залал келтіру қауіпін тудырады.
Қылмыстың субъектісі әрбір қол сұғушылықтың жасалуындағы ажырамас элементі болып табылады. Сонымен қатар кез-келген қоғамдық қатынастар емес, тек әрекет ететін қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастар ғана қылмыс объектісі ретінде бағаланады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 2 бабында оның міндеттері: адам мен азаматтың құқықтарын , бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншікті, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін , қоғадық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасның конституциялық құрлысы мен аумақтық тұтастағын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қылмыстық қол сұғушылықпен қорғау, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігін қорғау болып табылатындығы бекітілген. Қылмыстық қол сұғушылықтың объектісін дұрыс түсінудің үлкен практикалық маңызы бар. Ол қылмыстық әрекеттерді қылмыстық емес әрекеттерден ажыратуға мүмкіндік жасайды, себебі қылмыстық-құқылық қорғаудың объектісі болып барынша маңызды қоғамдық қатынастар танылады.
Біз жұмысымыздың алдынғы тарауында қылмыстық құқық теориясында қылмысты саралауды құрам элементтері объекті, объективтік жағы, субъект және субъективтік жағы бойынша жүргізу қабылданғанын айқындап айтқан болатынбыз. Қылмысты объектісі бойынша саралауды әңгіме етуден бұрын және саралау процессінің өзіне өтудің алдында тек төмендегі жағдайлардың орындалысының барысында ғана жетістіктерге қол жеткізу мүмкін екендігін ескеру қажет.
А) Жасалған қоғамдық қауіпті әрекеттің фактілік мән-жайлары, қылмыстың жалпы құрамының төрт элементі объект, объективтік жағы, субъект, субъективтік жағы бойынша жүйеленеді және топтасырылады яғни аталған құрам, нақты қылмыстық құрамдарды танудың, олардың мазмұнын ашу үшін теоретикалық негіз қызметін атқарады.
Б) Жасалған іс-әрекетпен барынша ұқсас болып табылатын нақты құрамның заңды белгілері ҚК-тің Ерекше бөлімінің баптары да аталған төрт элемент бойынша жіктеледі.
Тек логикалық заңдарын, оның категорияларын және тәсілдерін пайдалана отырып жүзеге асыру және дұрыс жасау мүмкін болады, себебі қылмысты саралау адамның ой еңбегінің, күрделі танымдық процесстің ой қорытудың жемісі болып табылады.
Қылмыстық заңнама өзінің нормаларымен қоғамдық қатынастарды қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғайды. Кез-келген қылмыс қоғамдық қатынастарға қол сұққандықтан қоғамға тұтастай қауіп төндіреді. Сонымен қатар қоғамдық қатынастар дегеніміз адамдар арасындағы қатынастар және адам аталған қатынастардың қатысушысы болып табылады. Сондықтан адамның жеке басына, меншікке, қоршаған ортаға қол сұға отырып қылмыскер осы құндылықтармен байланысты қоғамдық қатынастарға да қол сұғады. Қылмыстық құықтың көптеген теоректиктерінің пікірінше қол сұққаны үшін ҚК-те Жауапкершілік қарастырылаған қоғамдық қатынастар қылмыстың объектісі болып табылады.
Басқаша айтқанда қылмыскер неге қол сұқса, не нәрсе қылмыстық заңмен қорғалса неге залал келсе немесе залал келуі мүмкін болса қылмыс объектісі дегеніміз сол болады. А.Н. Трайниннің айтуынша «Еш нәрсеге қол сұқпайтын қылмыстың табиғатта болуы мүмкін емес». Бұл аксиома – дәлелдеуді қажет етпейтін айқын шындық.
Қылмыстық-құқылық теорияда қылмыс объектісінің үш мүшелік жіктелуі қабылданған (жалпы, топтық, тікелей)
Уақыт өте келе бұл пікір Б.С. Никифоров, Е.А. Фролов және М.И. Федоровтармен сынға ұшырады. Олардың алғашқы екеуі оқулық және ғылыми әдебиеттерде тікелей объект топтық объектімен қосылып кетеді деп негізді түрде санады. М.И. Федоров керісінше – объектілерді сыныптау барысында олардың санын азайтуды жақтады. Оның ойынша қылмыстың жалпы объектісі ұғымынан тіптен бас тарту қажет себебі ол ешқандай мазмұны жоқ қоғамдық өмірдің құбылысы болып ғана табылады. Сондықтан криминалистер үшін жалпы объект ешнәрсе бермейді және қылмыстық юстицияда ешқандай маңызға ие болмайды.
Объектілерді сыныптау мәселесінде Н.И. Коржанскийдің ұстанған позициясы назар аударарлық жай. Ол Б.С. Никифоров пен Е.А. Фороловтың объектілерді сыныптаудың үш мүшелік жүйесімен келіспей оны жарамсыз деп санайды және объектілерді сыныптаудағы өз үлгісін ұсынады.
Атап айтқанда Н.И: Коржанский жазған «қылмыс объектілерін вертикал бойынша сыныптау төрт сатыға ие болады: 1) жалпы объект (...құқық тәртібі – қоғамдық қатынастардың бүкіл жиынтығы); 2) топтық объект (қоғамдық өмірдің бір өрісін құрайтын біртектес қоғамдық қатынастардың жеке тобы – меншік, жеке адам); 3) түрлік объект (бір түрдегі қоғамдық қатынастар – өмір, жеке меншік); 4) тікелей объект (нақты қоғадық қатынас – И.И. Ивановтың өмірі, Е.Е. Егоровтың жеке меншігі т.б)»./24/
Бұдан байқайтынымыз жалпы, топтық және тікелей объектілер сыныптаудың үшмүшелік үлгісіндегіге ұқсас. Алайда қылмыстың жаңа объектісі түрлік объект енгізілген.
Қылмысты объектісі бойынша саралау басқа элементтері бойынша саралау сияқты, бірінші кезекте аталған элементке кіретін белгілерді анықтау қажет, олар іс-әрекетті саралауға қалай ықпал етеді және қандай маңызға ие, яғни әрбір қылмыстық әрекет объективтік және субъективтік ерекшеліктері бар әртүрлі белгілерге ие болады, алайда олардың барлығы бірдей қылмыс құрамының тиісті белгісі болып табылмайды және қылмысты саралау үшін маңызға ие болмайды.
Қылмыстық-құқықтық саралауды жүргізу процессінде қол сұғудың жалпы объектісін анықтау жасалған құқыққа қарсы әрекет құқық бұзушылықтың қай тобына жататындығын анықтауға бағыттылған.
Қылмысты саралау барысында қол сұғушылықтың топтық объектісін анықтаудың маңызы жоғары. Ондай жағдайда нақты тұлғаға жасаған іс-әрекеті үшін қолдануға қажетті ҚК-тің нормасын Қылмыстық кодекстің өн бойынан іздеуге тура келмейді.
Топтық объектіні анықтау ҚК-тің Ерекше бөлімінің ішінен ұқсастықты табу қажеттілігін, теңдестіруді білдіреді. Кейбір құрамдарда топтық және тікелей объектілер ұқсастыққа ие болады. Мысалы ұрлықта олар меншік, бұзақылықта қоғамдық тәртіп болып табылады.
Қылмыс объектісінің маңызы мынада, оның көмегі арқылы басқа жағынан ұқсастығы бар іс-әрекеттерді ажырату мүмкін болады. Мысалы судьяны қорлау әділсот органдарының қалыпты қызметіне қол сұғу ретінде ҚК-тің 342 бабы арқылы жауаптылықты туындатса, ал өкімет өкілін қорлау басқару тәртібіне қол сұғу ретінде 320 бап бойынша жауапқа тартылады. Келтірілген мысалдан топтық объектіні анықтау барысында қылмыстан жәбірленуші тұлғаның кім болғаныныңда маңызға ие екендігін байқауға болады.
Қылмыстық қол сұғушылықтың топтық объектісін анықтауда қылмыс субъектісінің белгілері де аз рөл атқармайды. Мысалы, денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру ҚК-тің 104 бабы бойынша жауаптылыққа тартылады. Бұл жағдайда қылмыстың топтық объектісі болып жеке тұлға табылады. Бір әскери қызметшінің екіншісіне қатысты жасаған нақ сол әрекеттері ҚК-тің 370 бабы бойынша жауаптылықты туындатады, аталған жағдайда әскери қызметті өтеу тәртібіне қол сұғу орын алады. Ендеше өзара ұқсастығы бар көрсетілген қылмыс құрамдары топтық және тікелей объектілері бойынша айырмашылықтарға ие болады. ҚК-тің Ерекше бөлімінде осындай ұқсас құрамды қылмыстар аз емес.
Тікелей объектіге қатысты айтсақ оны анықтау ҚК-тің Ерекше бөлімінің тиісті тарауының ішіндегі қылмыстарды ажыратуға бағындырылып және қызмет атқарады.
Көп жағдайларда әледе қандай қылмыс құрамын сипаттау барысында объекті ретінде қоғамдық қатынастар емес, олардың материалдық көріністері немесе қоғамдық қатынастарға түсушілердің белгілі бір құндылықтары және солар әлде қандай қылмыс құрамының тікелей объектісі болып табылады. Қылмыстың тікелей объектісі қылмыстың нақты құрамын түсіну үшін, бұзылған қоғамдық қатынастардың мәнін, іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін анықтау үшін маңызды мәніске ие болады.
Қылмыстық құқық теориясында қылмыстың тікелей объектісін негізгі, қосымша және факультативтік қылып айырып, бөледі. Бұл өмірдің нақты талабынан туындайды: көптеген криминалды әрекеттер немесе әрекетсіздіктер бір уақытта бірнеше объектіге қол сұғады және олар белгілі бір шамада кейде органикалық түрде өзара байланысты. Мысалы бұзақылықта қоғамдық тәртіпке қол сұғу – негізгі объект, азаматтың денсаулығы ар-намысы факультативті объект, қарақшылықтың барысында – меншік негізгі объект, жәбірленушінің денсаулығы – қосымша объект болып табылады. Бұл жағдайда негізгі тікелей объекті әрекетті ҚК-тің Ерекше бөлімінің тиісті бабымен саралау үшін бірінші кезекті және шешуші маңызға ие болады. Көрсетілген объектіні анықтау қылмыстық заңмен қорғалатын қатынастардан әлеуметтік – мемлекеттік маңыздылығына сай жүргізіледі, қандай қоғамдық қатынастарға залал келетіндігіне тәуелді болады және берілген қылмыстық әрекетпен қоғамдық қатынастардың қай түріне әрқашан залал келтіретіндігі есепке алынады.
Қосымша және факультативтік объектілердің арасындағы айырмашылық мынада: қосымша объект екі объектілі (көп объектілі) қылмыс құрамдарында болады, ал факультативтік объекті (бірақ әрдайым емес) жай құрамды қылмыстарды жасау барысында болады. Мысалы әрбір бұзақылық әрекеттің барысында жеке адамға, меншікке қол сұғу бола бермейді.
Қол сұғушылықтың факультативтік объектісі жасалған іс-әрекетті саралауға ықпал етпейді бірақ оның қауіптілігін арттырады және осы қылмыс үшін жауапкершілікті қарастыратын ҚК-тің Ерекше бөлімінің бабының санкция-шегінде жаза тағайындау барысында сотпен міндетті түрде есепке алынады. Объектінің берілген түрі келтірілген залалдың орнын толтыру туралы мәселені қарағанда да ескеріледі.
Кей кездерде қылмыстың объектісін дұрыс анықтау үшін қылмыстық заты маңызды рөл атқарады. Мысалы, дәріханадан дәрілік құраладар ұрланған кезде ең алдымен қандай дәрілік құралдар ұрланғаны жөнінде сұрақ қойылады: наркотикалық дәрілер ме, әлде басқама? Бірінші жағдайда қылмыстың объектісі халықтың денсаулығы (ҚК 260 б.), ал екіншісінде меншік (ҚК 175 б.) болды. Осындай жолмен ҚК-тің көрсетілген баптарындағы қылмыс құрамдары бір-бірінен ең алдымен қылмыстың заты бойынша ажыратылады.
Қылмыстық құқықтың теоретиктерінің көпшілігі қылмыстың затын құрамның факультативтік белгілеріне жатқызады, себебі кейбір қылмыс түрлерін жасау барысында қылмыстың заты қылмысты саралауға ықпал етпейді. Мысалы, ҚК-тің 258 бабы бойынша тағылық ретінде сараланатын әрекеттердің біреуі көліктегі немесе басқа да қоғамдық орындағы мүлікті қасақана бүлдіру саналады. Кінәліні ҚК-тің көрсетілген нормасы бойынша жауаптылыққа тарту мәселесін шешу барысында қандай мүлік бөлінуге ұшырағаны маңызға ие болмайды. Кейбір қылмыс құрамдарында қылмыстың заты тіптен болмайды. Мысалы адам өлтіру, зорлау, жала жабу, сотты құрметтеу, қашқындық т.б.
Қылмыстың заты объектіге не қылмыс құрамының басқа да элементеріне жатқызылмайды. Ол қылмыс құрамының басқа белгілерінің арасында өзіндік орынға ие болады.
Кінәлі тұлға оған әсер ете отырып жеке адамға, қоғамға, мемлекетке, қоғамдық қатынастардың субъектісінің қызметіне залал келтіретін материалдық дүниенің нәрселерінен құралатын қылмыстын заты қылмысты саралауға ықпал ете алады және қылмыстық жазаны тағайындау барысында есепке алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |