Мазмұндамалар жинағы 5 11 сынып Қарағанды қаласы, 2014ж. Дауенова М. А. Ергалиева А. Ж. Макажанова М. Т



Дата25.01.2017
өлшемі416,24 Kb.
#7903
түріМазмұндама
Оқу орыс тілінде жүретін мектептердегі қазақ тілі мұғалімдері үшін

Жалпы білім беретін орта мектептердің мұғалімдеріне арналған оқу – әдістемелік құрал

мазмұндамалар жинағы 5 – 11 сынып

Қарағанды қаласы, 2014ж.

Дауенова М.А.

Ергалиева А.Ж.

Макажанова М.Т.

Академик Е.А.Букетов атындағы №52 ЖББОМ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері

Жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне арналған оқу - әдістемелік құрал

Мазмұндамалар жинағы

Бұл құрал оқыту орыс тілінде жүретін мектептердің мұғалімдеріне арналған.Ол қазақ әдебиеті пәнінің күнтізбелік тақырыптық жоспарына сәйкестендіріліп құрылған.

Кіріспе сөз

Мазмұндаманы бағалауға қойылатын талаптар келесідей:



  • тақырыптың ашылуы;

  • тақырып бойынша ой жүйесі;

  • стилі;

  • емлелік қателері;

  • тыныс белгілердің дұрыс қойылуы;

  • мазмұндаманың өзіндік ерекшелігі.

Мазмұндама

Мазмұндама – тіл дамытудың өте маңызды әдісі.Әдетте мазмұндама оқыған мәтіннің мазмұнын ауызша әңгімелеуден басталады да, жазбаша мазмұндамаға ауысады.Бұл оқушының сөйлеу тілі мен жазбаша тілін дамытады.Мәтін бойынша мазмұндама жазу үшін, мәтінді оқығанда, ынтамен тыңдайды, есте сақтауға, түсінуге тырысады.Оқушы өзінің іс-әрекетін мәтінді түсініп, есте сақтауға бағыттайды.Бұл оқушының зейінін, ойын дамытады, іс-әрекетке ұйымдастырады.



1.Мазмұндама негізінен оқушының жазбаша тілін дамытуда ойын мәтінге сүйеніп, өзінше жазбаша түрде білдіруге үйретеді.Бірақ мазмұнаманы оқушының жазбаша тілді қаншалықты меңгергенін тексеру үшін де қолдануға болады. Мазмұндама жазу алдында мұғалім ол туралы әңгіме өткізеді.Мұғалім оқушының ойын, назарын ұйымдастыру үшін мәтін туралы оларға қысқаша түсінік береді, мәтіннің мазмұнын түсінуге дайындайды.Бұл кіріспе әңгіменің мазмұндаманың сапасына әсері болады. 2.Мұғалім мәтінді асықпай, жағымды дауыспен, салмақпен оқиды.Оқушыларға түсініксіз сөздерді сөздік дәптеріне жазғызады, түсініксіз сөз тіркестерін түсіндіреді.Кейбір қиын жаңа сөздерді тақтаға жазып қоюға да болады. 3.Мұғалім оқушылардың мәтіннің мазмұнын түсінген-түсінбегенін анықтауы қажет.Оқушылар мәтін мазмұнын түсінбесе, түсіндіру керек. 4.Оқушыларға мазмұндаманың жоспарын жасату керек.Кейбір сыныптарда жоспарды мұғалім өзі ұсынады, кейін мұғалім көмегімен оқушы жоспарды жасап, одан соң оқушылардың өздеріне жасау керек. 5.Мұғалім мәтінді екінші рет өзі оқиды, не өте жақсы оқитын оқушыға оқытады.Бұдан соң жеңіл мәтін болса – бір оқушыға, қиын мәтінді 2-3 оқушыға жоспар бойынша әңгімелетеді.Оқушылар мәтіннің мазмұнын айтуда қате жіберсе, оны түзеткен соң, оқушылар мазмұндама жазуға кіріседі.

Мазмұндама жазғызуда мұғалім оқушының назарын мәтіндегі мәселеге аударуды көздейді.Мұнда, мәтіндегі негізгі мәселені жақсы түсініп, ал ол туралы толық баяндау көзделеді.Мұғалім мәтіндегі бір мәселенің мазмұнын байланысты түрде жүйелі баяндауды талап етеді. Шығармаға жақын мазмұндама оқушының шығармашылық ойын дамытуды, ойын өз сөзімен білдіру дағдысын қалыптастырады. Мазмұндамада оқушы мәтіннің мазмұнын өзінше жалғастырып жазады, кейде мәтіннің басына өзінше үзінді қосады, мәтіннің арасында мәтінге байланысты уақиға туралы өзінше әңгіме қосады.Басқаша айтқанда, мәтінді кеңітіп, мәтінге өзгеріс жасайды. Бұл оқушының өзіндік жұмысына жатады.Ол оқушы тілінің байлығын, тілдік тұлғаларды еркін қолданатын тәжірибесін керек етеді.



Мазмұндама және шығарма жұмыстарының көлемі мен бағалау өлшемдері.

Мазмұндама - оқушының мемлекеттік тілден алған білімін тексерудің негізгі нысандарының бірі.Мазмұндама арқылы оқушының өз ойын жүйелі баяндай алу қабілеті мен байлығы, сауаттылық деңгейі айқын көрінеді.




Сыныптар

Сөйлем саны

5

4 немесе 5 сөйлем

6

5 немесе 6 сөйлем

7

6 немесе 7 сөйлем

8

7 немесе 8 сөйлем

9

8 немесе 9 сөйлем

10

9 немесе 10 сөйлем

11

10 немесе 11 сөйлем



Мазмұндама мен шығармаға екі баға қойылады:

1-шісі: жұмысының мазмұны мен көркемдік сапасы, тіл байлығы үшін;

2-шісі: грамматикалық сауаттылығы үшін.
Қателіктердің шартты белгілері (таңба)

Шартты таңба Нені білдіреді



[] Артық (алу керек)

> Кеңейту керек

1 √2 Қалып қойған (сөз жазу керек)



# Негізгі ойға сәйкес емес

Α Сабақтастығы жоқ

z Абзац

Z Абзац керек емес

sjsS Сөз қайталаушылық

A Сәтсіз алынған сөз, тіркес

E Есімдіктің орынсыз қолданылуы

1,2,3 Сөздің дұрыс қолданылмауы, ретті

пайдаланылмауы



C Сөйлемнің сәтсіз құрылуы

Мазмұндамалар

5-сынып


Төрт түліктің пайдасы

Қазақ халқы үшін төрт түлік мал өте маңызды болған.

Қой - төрт түлік малдың ішіндегі момыны. Қойдың еті, сүті, майы, терісі пайдалы. Жүнінен киіз басады, киім-кешек, алаша, кілем тоқылады.
Сиырдың еті, сүті пайдалы. Сүтінен айран, қаймақ, құрт, ірімшік жасалады.
Жылқының сүті қымыз денсаулыққа өте пайдалы.
Түйенің еті - тамақ, шұбаты - сусын, жүні - киім. Түйе – таптырмас көлік.
(«Балдырған» журналынан)

Жоспар:

1.Қойдың пайдасы.

2. Сиырдың сүті.

3. Қымыз.

4. Таптырмас көлік.

Бұлақ басындағы оқиға

  Біз жазда малды ауылда жайлауда болдық. Бір күні әкем,сіңілім Жанар үшеуіміз үлкен бұлаққа бардық... Кенет ешкінің бақылдағаны естілді, дыбысы аянышты шығады... Байқасақ,бір лақ батпаққа батып,тұра алмай талпынып жатыр.Әкем екеуіміз лақты ұйықтан шығарып алдық.Оны бұлақтың суымен жуып тазарттық.Біз Жанар екеуіміз лақты өлімнен құтқарғанымызға қатты қуандық.  

  Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: бұлақ, аянышты, батпаққа бату, талпынып жатыр,ұйықтан шығарып алдық.

(Ертегіден үзінді)



Жоспар:

1.Әкем, Жанар және мен.

2.Ешкінің бақылдаған дауысы.

4.Бақпаққа батқан ешкі.

5.Лақты құтқару.
Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш


Әкесі он жасар баласымен келе жатты.Әкесі баласынан :

– Балам, анау өрмекшiнi көресің бе, ол не iстеп жүр?- деп сұрады.

– Көремiн,әке, ол өрмек тоқып жүр.

– Анау құмырсқаны көресің бе, ол не істеп жүр?

– Көремiн, аузында бiр тал бидай бар, жүгiрiп бара жатыр.

– Жоғары қарашы, көкте нені көресің?

– Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр. Аузында шөбi бар.

Сонда әкесі:

–Дүниеде барлық жәндіктер еңбек етеді.Кішкентай құмырсқа да өзіне қысқа азық дайындайды.Өрмекші,шыбын ұстау үшін тұзақ,өрмек құрып жүр.Жұмыссыз ешбір жан жоқ.Бәрі жұмыс істеп жүр.Сен де жұмыс істеуге үйрен.Еңбек ет! – деді.

(Ы. Алтынсарин)



Жоспар:

1. Әкесінің сұрақтары.

2. Баласының жауаптары.

3.Әкесінің баласына айтқан ақылы.


Арыстан мен түлкі
Арыстан қартайды. Өзі үңгірге жатты да:

–Аурумын, жүруге әлім жоқ, - деп, барлық андарға хабар таратты.

Аңдар бір-бірлеп арыстанның халін білуге келеді.Бәрі де арыстанға жем болды. Бір күні түлкі келді.

–Халіңіз қалай, тақсыр? – деп, көңілін сұрады.

–Халім нашар. Неге жақынырақ келмейсің? Бері кел, түлкіжан, біраз сөйлесейік, - деді арыстан.

Түлкі:


–Мен саған жақын барар едім-ау, бірақ саған кірген із бар да, шыққан із жоқ! – деп, жүріп кетіпті.

(Ертегіден үзінді)


Жоспар:

1. Күші кеткен арыстан.

2. Арыстанның ойлап тапқан айласы.

3. Түлкінің құлығы.


Әже мен немере
Белі бүгіліп, бойындағы бар күшін тауысқан қарт әже еңкейе басып жүріп келеді. Мұны көріп, алдынан жүгіріп шыққан немересі:

  • Әже, әже, айтшы, не іздеп жүрсіз, бір нәрсе жоғалтып алдыңыз ба? – депті.

–Иә, балам, жастығымды жоғалтып алып, соны іздеп жүрмін, - деп әжесі жерге еңкейе түсті. Сонда немересі қарсы алдына келіп тұра қалды:

Жоғалтқаныңыз алдыңызда тұр ғой, әже! –О, құлыным!... Менің жастық шағым сен екенсің ғой, - деп мейірлене бетінен сүйді әжесі.


(«Қазақ балалар әдебиеті» хрестоматиясынан)

Жоспар:

1.Қарт әже.

2. Немересінің сұрағы.

3. Әжесінің сөзі.









Нан қадірі
Әжем екеуіміз көшеде келе жатып, жерде жатқан жарты күлше нанды көрдік. Әжем еңкейіп нанды алды да, оң қолының саусағын алдымен нанға бір тигізді, сонан соң маңдайына бір тигізді.

  • Қазір кейбір балалар тоқшылықтың қадірін білмейді,- деді әжем ренжіп.

- Нанды кез келген жерге лақтырып тастайды.

  • Сосын әжем нанды алып, қол орамалына орады.Үйге келді де,әлгі нанды қайда қоярын білмей, сәл ойланып тұрды да:

  • Таптым! Ең болмаса торғайлар жесін,- деп әжем нанды үгітіп, тақтайға салды да, терезенің сыртына қойды.

(«Балдырған» журналынан)
  Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: жарты күлше, еңкею, тоқшылықтың қадірі.




Жоспар:

1.Жерде жатқан нан.

2. Әжемнің реніші.

3. Тапқан ақыл.










Наурыз




Жұрт наурыз мерекесін қарсы алуға дайындалып жатыр...

Ел жылдың басын ақ жарқын көңілмен осылай қарсы алады... Қыдырып, бір – біріне жақсы тілектер айтады. Келген қонақтар наурыз көжені салт бойынша түгелдей тауысып ішуі керек.

Ол күні алтыбақан құрылады. Халық ойындары ойналады. Үлкендер әңгіме айтады,жастар ән салады.

(Б.Момышұлының әңгімесінен үзінді)



Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері: жұрт, ақ жарқын көңіл, түгелдей.

Жоспар:


  1. Нурызды қарсы алған жұрт.

  2. Елдің жарқын көңілі.

  3. Наурыздағы ойын-сауықтар.

6 - сынып







Жаман жолдас
Екі дос келе жатты. Достардың бірі әлсіз, ауру еді, екіншісі мықты, сау жігіт болатын. Кенет алдарынан аю шықты.Дені сау жігіт ауру жолдасын тастап, бір үлкен ағаштың басына шығып кетті. Ауру жігіттің ағашқа шығуға күші жоқ, жерге құлады да, өлген кісі болып жатты. Естуі бар еді, аю өлген кісіге тимейді деп. Аю бұл жатқан кісінің қасына келіп, иіскелеп тұрды да, кетіп қалды. Біраздан кейін ағаштың басынан түсіп, жолдасы қасына келді.

- Достым, аю құлағыңа не сыбырлап кетті? – деп сұрады.

Ауру жолдасы:

- Аю құлағыма ақыл сыбырлады, екінші рет тар жерде жолдасын тастап қашатын адаммен жолдас болма деді,- дейді.

(Ы.Алтынсарин)

Түсіндірілетін сөздер мен сөз тіркестері:әлсіз,иіскелеп тұрды,сыбырлау.
Жоспар:
1.Екі достың денсаулығы.

2. Аюдың кездесуі.

3. Жігіттердің әрекеттері.

4. Аюдың қылығы.

5. Жолдастардың әңгімесі.

Жолда

    Бұзауымды өріске айдап,үйге қайтып келе жаттым.Жолдың жиегінен қыбырлап кетіп бара жатқан тышқанның баласын көрдім.Ол шөптің арасына кіріп кетті.Аяғымды дыбыссыз басып қарасам, жапырақтың арасында бұғып,көзі жылт-жылт етіп жатыр.Бұл-менен жасырынған түрі. Шыбын-жанын қоярға жер таба алмай дір-дір етіп,ажалды күтіп жатқан тышқан баласының мүшкіл халі маған өте аянышты көрініп кетті.Таптап тастамақ болып көтере берген аяғымды кейін тартып алдым да,бұрылып жүре бердім.Кетіп бара жатып артыма қарасам,

тышқанның баласы да жасырынған жерінен шығып,әрі қарай жорғалап барады екен.

 («Балдырған» журналынан)

  Түсіндірілетін сөзер мен  сөз тіркестері: жолдың жиегі,жан сауғалап,шыбын-жанын,мүшкіл халі,таптап.

Жоспар:

1.Өріске бұзау айдап баруы.

2.Қайтып келе жатып,тышқанның баласын көруі.

3.Тышқанның аянышты халі.

4.Таптап тастамақ болған аяғын қайтып алуы.
Миуалы ағаш
Мен бұл ағашты көрмегелі он шақты жылдай болыпты.


  • Жаяу барайық. Қасиетті ағаш қой,- деді Жамбыл ата.

Ағашқа жақындағанда шошып қалды. Біреу балтамен ағашты ұрып жатыр.

  • - Ей, тоқта! Сен өзі дені сау адамбысың? Ағашқа неге балта шабасың?

  • Жамбыл ата екенсіз ғой! Кешіріңіз. Мен бір қу бұтағын кесіп жатырмын,- деді жігіт.

Жамбыл ата:

  • Ал, жігітім,жөніңді айтшы?Бұл Сүйінбай атаңның еккен ағашы екенін білемісің? – деді.

  • Білемін, ата. Біз ауылымызбен бұл ағашты қасиеттейміз.Қураған бұтағын кесіп тастаймыз. Күн ыстықта осы ағаштың көлеңкесінде демаламыз,- деді жігіт.

  • Иә, балаларым, жердің көркі – ағаш та адам сияқты. Мына бұтақ қисық мінезді, жаман адамдай.Ол тәрбиеге көнбеді, мерт болды,- деді.

(М.Етекбаев)

Түсіндірілетін сөздер мен  сөз тіркестері:  қасиетті ағаш,шошып қалды, қу бұтақ, мерт болу.

 

Жоспар:

1. Жамбыл атаның сөзі.

2. Жігіттің жауабы.

3. Атаның мінез туралы айтқаны.
Қыранның серігі - сұңқар
(Мысал)
Бір Қыран өзіне сенімді серік іздеп, әлемге жар салыпты. Құс атаулы жиылып, қыранның алдына келіпті.

Қыран:


  • Кімнің бойында қандай қасиет бар? – деп сұрапты.

Мақтанған құстар аз болмапты. Сонда Қыран анадай жерде тұрған Сұңқарға:

  • Сен неге үндемейсің? Кәне , қасиетіңді айтшы, - депті. Сұңқар: - Менде әр алуан қасиет те жоқ. Бір ғана қасиетім бар, өзіңіз сияқты талмай самғау, -депті.

Қыран:

  • Өз басыңа осы қасиет те жетеді. Ендігі жерде сен ғана менің серігім боласың, - депті.

(Н.Қажыбаев)


Түсіндірілетін сөздер мен  сөз тіркестері: серік, жар салыпты,сыпайылық сақтау,талмай самғау, қалықтайтын болыпты.
Жоспар:

  1. Қыранның әлемге жар салуы.

  2. Құстардың қасиеттері.

  3. Сұңқардың қасиеті.


Қасқыр қысты қалай өткізеді?
Көлдер мен өзендерде мұз қатқан. Аяз бен боран жан- жануарлардың бәрін де үйіне, қорасына қуып тыққан. Далада тұрақсыз қаңғырып, қарны ашып,бұлардан сұр қасқыр жүр.

Бір жерге жатқызбай, тоғайларды, кездіріп жүрген – аштық. Сорлыға күндіз де, түнде де дамыл жоқ, тамақ іздеп жүргені...

Көптеген аңдар ұзақ ұйқыға кетеді.

Жалғыз сорлы қасқырдың басына ғана қиындық орнаған, мұның бір ғана үміті –бекітусіз қора, күзетсіз жылқы.

(М.Дулатов)
Түсіндірілетін сөздер мен  сөз тіркестері: тұрақсыз қаңғырып, аштық, қайғы,шаттықта. 

Жоспар:


  1. Қыстың суығы.

  2. Қыстағы қасқырдың жағдайы.

  3. Қасқырдың үміті.

Ауылда
Біздің ауылдың қыстауы Есіл өзенінің оң жақ жағалауында орналасты.

Қыстау үш кішірек ауылдан тұратын және «Алыпқаш» деп аталатын.

Алыпқаш ертеде жоңғарлармен болған шайқаста көзге түскен ержүрек бабаларымыздың бірі екен. Евней екеуміз «Мешітте» ауылында дүниеге келіппіз...

Өзеннің келесі жағалауында орыс ауылы орналасқан. Ол ауылдан қыста мұз үстімен орыс шаруалары келіп - кетіп жүретін. Орыстар әкемізді жер өңдеуге үйретті.

Евней әжесінің баласы болды. Бірақ еркелігі аз болып өсті. Оның бір қылығы аттың үстіндегі адамның алдына міну болды.
(Қ.Бөкетов)

Түсіндірілетін сөздер мен  сөз тіркестері: қыстау, шайқас,өңдеу,қылық.
Жоспар:

1.Біздің қыстау.

2. Алыпқаш бабамыз.

3. «Мешітте» ауылы.

4. Әжесінің баласы - Евней.


Шығарма
Күн жексенбі болатын. Болат ұйқыдан жай оянды. Далаға шықты. Түнде қыстың алғашқы қары түсіпті,айнала аппақ қар.Ол «Сырғанақтөбеге» келгенде, балалар да жиналып қалыпты. Болат та өз достарына барып қосылды. Қараңғылық түсе бастағанда үйіне қарай кетті...

Үйге келгенде оның есіне мұғалімнің тапсырмасы түсті. Ертеңінде қыс туралы шығарма жазып, бестік баға алды.

(Ғ. Мүсіреповтің әңгімесінен үзінді)
Түсіндірілетін сөздер мен  сөз тіркестері:лақтырысу,көңілі шат,қараңғылық.
Жоспар:


  1. Қыстың алғашқы қары.

  2. Сырғанақтөбедегі қызықтар.

  3. Болаттың ауылға қайтуы.

  4. Қыс туралы шығарма


7- сынып
Қайыңның көз жасы
Қапан әдемі өсіп тұрған қайыңның бұтағын сындырып алды. Сосын «атына» мінді де ауыл шетіне «шаба» жөнелді. Мұны көрші қария көріп отырды.

Қапан кешке бұтағы сынған қайыңнан су тамшылағанын байқады. Ол қарияға:



  • Ата, айтыңызшы. Неге су ағып тұр? – деді.

  • Су емес.Қайыңның көз жасы ол. Біреу бұтағын сындырған. Сондықтан жылап тұр.

Ұялған Қапан қызарып кетті.

(«Балдырған» журналынан үзінді)


Түсіндірілетін сөздер мен  сөз тіркестері:көз жасы, «атына мінді», тамшылады, табиғат перзенті.

Жоспар:


  1. Қапанның әрекеті.

  2. Қайыңның көз жасы.

  3. Ұялған Қапан.


Бәйге

Біздің тайымыз бар. Оның аты – Тұлпар, ол өте әдемі. Тайға ағам Алдияр және інім Хайдар мінеді. Бір күні мынадай оқиға болды. Ағам мініп шауып келе жатқанда, қалың қардың астынан сояудай темір тайдың тұяғының бір шетін опырып түсіпті. Аяғы қатты қанады. Ағам сырт қиімінің ішіндегі күртешесін шешіп, тайдың аяғына байлайды.

Үйге келген соң мал дәрігері Елемес ағайды шақыртып, терісін тіктіртеді. Күнде ағам тайдың аяғына дәрі жағады, қайта байлайды. Тайымыздың аяғы кішкене жазылайын деді, бірақ әлі де қан ағады. Мейрам жақындады.

Менің ағам тайымызды бәйгеге дайындады...Біз қатты қорықтық, себебі Тұлпардың аяғы ауырды ғой. Мейрам күні ағам жарысқа тайымен қатысты. Жарыста біздің Тұлпар бірінші болып келді,үй – ішімізбен қатты қуандық.


(«Балдырған» журналынан үзінді)

Жоспар:

1. Тайдың жаралануы.

2. Тайды емдеу.

3. Тайды бәйгеге дайындау.

4. Жеңіс.


Жексеннің желімі
Жексенді сыныптастары «Тәртіпсіз Жексен» деп атайды. Шынында да солай. Сабақта тыныш отырмайды.

Еңбек сабағы болатын. Оқушылар қағаз қиып, гүл жасауға кірісті. Тек Жексен бостан – бос отыр.

Ол тақтаға шыққан оқушының орындығына желім төгіп қойды. Күлкілі болсын деп. Сол желімге байқамай өзі отыра қалды.

Шалбары орындыққа жабысып қалыпты...


(«Балдырған» журналынан. )


Жоспар:

1. Жексеннің қылықтары.

2. Еңбек сабағы.

3. Желім төгу.

4. Жексеннің жазасы.

Жақсы мен жаман
Адам ауылға бір түп гүл отырғызды. Гүл күннен – күнге құлпырып өсе берді..

Бір күні қараса, төменде бір ұсқынсыз шөп басын көтерген екен.

Гүлдің көңілі бұзылып, сарғайып бара жатты. Қасындағы үлкендеу гүл оны аяп:


  • Ол арамшөп , одан құтылуға болады,- деді

«Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, бір күні адам келіп, арамшөпті жұлып тастады.

Өмірде жамандар да, жақсылар да бар екен.


(Б.Әділов)
Жоспар:

1. Адам және гүл.

2. Арам шөп.

3. Гүлдің көңіл күйі.

4. Жақсы сөз
Аңқау түйеші
Баяғыда үлкен атанға мініп алып Құдияр деген бала түске таман түйелерін түгендепті. Әрі санайды, бері санайды, бір түйесі кем боп шығады. Түйесін іздеп бармаған, араламаған жері қалмайды. Ақырында көрші ауылдың түйешісіне барып ақыл сұрайды.


  • Ен – таңбасы, түр – түсі қандай еді? – деп сұрайды түйеші.

  • Оң құлағының сыртында темір сырғасы бар, мұрны жырық.

Түйеші Құдиярдың мініп тұрған түйесі екенін айтқанда:

  • Таптым, таптым, - деп қуанғанынан аулына қарай шаба жөнеледі. Сөйтсе, астындағы мініп жүрген түйесін есептемепті.

(«Балдырған» журналынан.)


Жоспар:

1. Құдиярдың түйелерін санауы.

2. Түйесін іздеуі.

3. Көрші ауылдың түйешісі.

4. Баланың қуанышы.
Қырғауыл
Қайрат жазғы демалыста ауылға барды. Атасына шөп шабуға көмектесіп жүрді. Бір күні оның алдынан пыр етіп қырғауыл ұшты да, қайта қонды. Ол қуалап жүріп ұстап алды.

Атасы қырғауылды қолына алып қарады, аяғы сынған екен.Қалтасынан қол орамалын алып жыртты да, қырғауылдың аяғын танып, ұшырып жіберді.

Қырғауыл ақсандай басып барады. Соңында балапандары шұбырып жүр.
(«Балдырған» журналынан.)


Жоспар:
1.Қайраттың қырғауылды ұстап алуы.

2. Ақсандаған қырғауыл.




8 - сынып

«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры

«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры қазақ лиро- эпостарының ішіндегі ең көнесі. Бұл жырдың ондаған нұсқасы бар. Ең көп зерттелген жыр. Алғашқы зерттеушілерінің бірі - Шоқан Уәлиханов. Белгілі түрколог В.В. Радлов неміс тіліне аударып бастырған. А.С.Пушкин де «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырын жазып алған.

«Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жыры қазақ халқының ертедегі өмірін, тұрмысын, салт -дәстүрін суреттейтін шығарма. Халық «Қозы мен Баянды ғашықтықтың биік үлгісі» деп білген. Шығармада екі жастың махаббаты өліммен аяқталады. («Қазақ ауыз әдебиеті» кітабынан)



Жоспар:

  1. «Қозы Көрпеш Баян сұлу» - көне эпос

  2. Жырдың нұсқалары

  3. Жырды зерттеушілер

  4. Ғашықтықтың биік үлгісі

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы 11шілдеде Семей облысы, Шыңғыс тауы баурайында дүниеге келген.Ол әйгілі ағартушы Абайдың ағасы Құдайбердінің ұлы.Жастайынан тұрмыс тауқыметін тыс, қиыншылық көрмей ерке өсті.Абайдың ерекше қамқорлық көрсетуі арқасында Шәкәрім жақсы тәрбие көрді.Бұл жас ақынның санасына терең әсер етіп, болашақта ойшыл болуына ықпал жасады.Шәкәрімде ерекше қабілеттер де бар еді.Осының арқасында бірнеше тілді игеріп, парсы, араб тілдеріндегі шығыс әдебиетімен танысады.Одан соң орыс тілінде меңгеріп,классикалық әдеби қазынаны ақтара бастайды. Л.Толстой және А. Пушкин шығармаларын оқыды. Олардың шығармаларын қазақ тіліне аударған.

(«Қазақстан мектебі» журналынан)

Жоспар :



  1. Шәкәрім- ағартушы

  2. Абайдың қамқорлығы

  3. Бірнеше тілді игеруі

  4. Шәкәрім аудармашы

Он тоғызыншы сөз

Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, тауып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды -дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерін ескерсе,жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады.

Мұндай сөзді есіткенде жайқақтап,шалғыртанып не салбырап, салғырттанып есітсе,не есіткен жерін қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде расына көз жетсе де ,шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп- есітпей не керек?

(Абай)


Сәкеннің поэмалары

Сәкен - эпик ақын. Оның көптеген поэмалары бар. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары жазған поэмаларының тақырыбы - Қазақ төңкерісі, одан кейінгі кезең.

Ал «Көкшетау» поэмасының тақырыбы - XVIII ғасырдағы жаугершілік заман шындығы.

Сәкеннің лирикалық поэмаларының бірі - «Аққудың айырылуы». Шығармада ақын сұлулықты, шынайы сезімді, адалдықты қос аққу арқылы танытуды мақсат еткен. Ол аққуды атқан мергенді қатыгез деп айыптайды. Аққу махаббаттың, сұлулықтың символы ретінде жырлайды.

( «Аңыз адам» журналынан)

Жоспар:


  1. Сәкен - ақын

  2. Поэмаларының тақырыбы

  3. «Аққудың айырылуы» поэмасы



Ана

Әйел ана барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе?Оның сүюі таусыла ма, бүкіл дүние соның емшегін еміп,ер жеткен емес пе?Адамда не қасиет болса,бәрі күннің көзі мен ананың сүтінен алынған қасиет.Ананың құрметі әлі жеткен жоқ!

Күнсіз гүл өспейді. Сүюсіз бақыт жоқ, әйелсіз сүю жоқ. Анасыз ақын да болмайды, батыр да болмайды!

Бса иейік те, құрметейік те ұлы адамды тапқан ананы!

Аристотельді де, Фирдоусиді де, ана тапты. Ескендір мен соқыр Гомер де ананың баласы. Бәрін де дүниеге жетектеп әкелген - ана!

Ананың орны қашан да өзінікі!

(« Ғаламтор» жүйесінен)

Жоспар:


  1. Ана- сарқылмайтын күш

  2. Ана бақыты

  3. Ана туған ғұламалар

Сәкеннің ән мұрасы

Қазақ әдебиетінің классигі ,қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин жаңашыл ақын ғана емес, композитор еді. Сәкенннің мұрасына келсек, әндері Сарыарқаны шарлап кеткен.

Оның әсем әуезді «Біздің жақта», «Тау ішінде», «Көкшетау», «Сырсандық» деген әндері бар. Ең алғаш әні «Біздің жақта» 1919 жылы жазылған.Елінен жырақта жүргенде сағынышын осы ән арқылы жеткізген.Туған жерінің әсем табиғатын «Жазғы түнде», «Көкшетау» әндерінде суреттеген.Лирикалық әндеріне « Сырсандық», «Қамыққан көңіл», «Тұрмыс толқынында» әндері жатады.Бұл әндер ақынның сыршылдығын көрсетеді.

( «Сәкен Сейфуллин» кітабынан)



Жоспар:

  1. Сәкен - композитор

  2. Сәкеннің алғашқы әні

  3. Лирикалық әндері

Әженің ақылы

Абай Қарқаралыдан қайтып келген соң, күндіз- түні кітап оқыды. Оқыған кітаптарынан көп асыл бұйымдар тапты. Абай тарихи кітаптар мен Шығыстың дастан, хикаяларын бас алмай оқыды.Кешкі шайдан соң, Абай кейбір оқып шыққан кітаптарын үй ішінде әңгімелеп айтатын.Зере Абайдың кітапқа ықыласын байқап:

- Қарағым, осының ақыл. Осы ала қағазыңнан айырылма. Басқа балаларға ұқсама, -деді.

Абай әжесінің сөзіне разы болып, күн сайын бір тамаша әңгіме айтатын болды.

(М.Әуезов)

Жоспар:


  1. Абайдың оралуы

  2. Абай және кітап

  3. Абайдың әңгімесі

  4. Әжесінің батасы

Татьянаның қырдағы әні

М.Әуезов шығармашылығында А.Құнанбаев мұрасы тақырыбына көп орын берілген.Жазушыны ұлы ақын өмірі қызықтырады.Сондықтан Абайды көркем деңгейде жеткізу үшін көп күш жігер жұмсады.

1937 жылы жазылған «Татьянаның қырдағы әні» үзіндісі болашақ романының тарауы еді.Роман автор ойынша үш кітаптан тұратын. Бірақ жұмыс үрдісі кезінде шеңбері кеңейе береді. «Абай» романын екі кітап етіп жазды. Ал оның жалғасы «Абай жолы» да екі кітап етіп шығарылды.

«Абай жолы» роман эпопеясы - XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамын кең суреттеген шығарма.

( «Қазақ әдебиеті» кітабынан)

Жоспар:


  1. Мұхтардың Абай өміріне қызығуы

  2. «Татьянаның қырдағы әні» үзіндісі

  3. «Абай жолының» дүниеге келуі

Мұқағали Мақатаев

Мұқағали Мақатаев - қазақ халқының сүйікті ақыны. Оның өлеңдерін білмейтін қазақ жоқ. Оның өлеңдерінде адам өмірінің мәні,әсемдік, тазалық, сұлулық, ерлік, елдік , туған жер терең жырланған.Ақынның шеберлігі -өмірден өзін, өзінен өмірді көре білуі.Оның өлеңдеріне Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев, А.Қоразбаев сияқты сазгерлер ән жазды..Мұқағалидың адамзат ғұмыры мен әлем сырын жыр еткен лирикасы қазақ әдебиетіне үлкен мұра боп қалды.Ол Шекспир, Р.Бернс, Н.Тихонов, Е.Евтушенко сияқты ақындар өлеңдерін аударған.. Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында ескерткіш орнатылған. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы мен «Ғасыр ақыны» атағы берілді.

( «Қазақ тілі» оқулығынан)

Жоспар :


  1. Мұқағали - сүйікті ақын.

  2. Өлеңдерінің тақырыбы

  3. Жыр жинақтары

  4. Мұқағали аудармасы

Әнші Әміре

Әміренің өнер саласында алатын орны жеке дара. Себебі Әміре арқылы қазақтың әншілік өнері танылды. Орыстың, батыстың ұлы мәдениет қайраткерлері оның даусына тамсанды.

Бүкіл әлемге аты жайылған қазақ елінің асқар тауы тәрізді Әмірені ұрпағы ешқашан ұмытпайды. Бүкіл қазақ халқы мақтан тұтады.

Қазақта өлең атасы - Абай, күй атасы- Құрманғазы, ән атасы- Әміре деп кесіп айтуға болады. Әміре сынды топтан озған тұлпардың аты қазақ халқының жүрегінде мәңгі cақталады.

(Мұқатай Тоқжігітов)

Жоспар:


  1. Әміре және өнер

  2. Оның әншілік өнері

  3. Ән атасы - Әміре

9 - сынып

Қорқыт туралы аңыз

Қазақ фольклорында халықтың данасы, философы Қорқыт туралы аңыз кең тараған.Осы аңыздарда ерте заманда адамдар болашағын болжап айтатын бір дана өмір сүрген. Оны Қорқытдеп атаған. Ол жер бетін шарлап, көпті көріп-білген адам. Жақсыны да, жаманды да көріп, барлығын ойға түйіп, салмақтап, шешімін табуға тырысқан.Оны әсіресе, өлім туралы ой мазалаған.Жасы келген сайын көп ойлағаны сонша, өлім түсіне еніпті.Түсінде көр қазып жатқан адамдардан:

- Бұл кімге арналған? – деп сұрайды.

- Қорқыт бабамызға, - деп жауап береді.

Бұл жауаптан секем алып,ел безіп кетеді. Бірақ өлім болмайтын жер таба алмай, өз жеріне оралады. Тек қобызынан медеу табады.

( «Аңыз адам» журналынан)



Жоспар:

  1. Қорқыт - халық данасы

  2. Жер бетін аралауы

  3. Өлім туралы ой

  4. Қорқыт пен қобыз

Айтыс

Айтыс - қазақтың халық ауыз әдебиетінің үлкен бір саласы.Ол- суырып салма ақындық өнердің жемісі. Айтыстың бірнеше түрі бар: жұмбақ айтыс, қыз бен жігіт айтысы.Ақындар айтысы жұрт бас қосқан ойын- сауық, үлкен жиындарда өткен. Жиылған халық, ақсақалдар сайысқа түскен екі ақынның сөзін сарапқа салып, әділ төрелік айтқан.

Айтыстың ерекшеліктерін алғаш рет Шоқан Уәлиханов ашқан.Кейін зерттегендер: М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Қаратаев болды.

(«Қазақстан мектебі» журналынан)



Жоспар :

1.Айтыс - ауыз әдебиетінің саласы

2. Айтыс түрлері

3. Айтыстың зерттелуі



Асан Қайғы

Асан Қайғы атанып кеткен Хасан Сәбитұлы Еділ бойында туса керек. Асан Алтын Орда ханы Ұлұғ Мұхмедтің билерінің бірі болған.

Асан Қайғы көшпелі халық тұрмысына жұт, табиғи апаттар көп нұқсан келтіретінін жете сезеді. Осыған орай жанға жайлы өмір сүретін жерұйық, адамдардың теңдігі мен бақытының мекені болатын жер болуы тиіс деп ойлайды. Желмаясына мініп, жерұйық іздеген жырауды Асан Қайғы деп атап кеткен.

Тұла бойы ізгілікке толы,халқын сүйген жырауды Ш.уәлиханов «көшпенділер философы» деп атайды.

Асан Қайғы қазақ әдебиетінде тұңғыш рет моральдық, этикалық қағидаларды, оның іінде шындық, ойшылдық сияқты қылықтарды айқындайды.

( «Қазақ әдебиеті» оқулығынан)



Жоспар:

  1. Асан Қайғы - би

  2. Жерұйық іздеуі

  3. Көшпенділер философы

Бұқар жырау

Жырау- қазақтың көне қоғамының өкілдері. Жыраулық поэзияның соңғы өкілі- Бұқар жырау. Тәуке хан тұсында ықпалды билердің бірі болған.Бұқар тек жырау, ақылшы ғана емес, мемлекеттік істерге ықпал еткен би,өз заманынң ұраншысы болған. Ол араб, парсы, қытай, жоңғар сияқты бірнеше елдің тілдерін білген.

Бұқар жырау Абылайдың бас кеңесшісі болып, оның дана, ақылды басшы ретінде қолдап, қажет болса ханды сынаудан тайынбаған.

Ақынның шығармалары философиялық және дидактикалық өсиет ретінде жарыққа шыққан,сондықтан көп өлеңдері афоризмге айналған.



( «Қазақ әдебиеті» кітабынан)

Жоспар:

  1. Жыраулықтың соңғы өкілі.

  2. Абылайдың бас кеңесшісі.

  3. Жырау шығармалары

Махамбет Өтемісұлы

Қазіргі Орал облысының Орда ауданында туған. Әкесі Ішкі Орданың ауқатты адамның бірі болған.

Махамбет орысшаға жетік болған.Исатай Таймановпен бірігіп шаруалар көтерілісін ұйымдастырған. Ол көтерілісте басшы ғана емес, ұраншысы да бола білген.Жеңіліске ұшыраса да , ұранын тастамаған.

Махамбет- қазақ әдебиетінде ең алғаш болып хан сұлтандарға қарсы қаймықпай өз ойын өлең арқылы айтқан адам.Өзінің азғана өмірінде туған жерге деген сүйіспеншілігін жырлаған. Жырларын елінің тәуелсіздігі мен бостандығына арнаған. ( «Аңыз адам» журналынан)



Жоспар:

  1. Туған жері

  2. Исатаймен бірігіп көтеріліс жасауы

  3. Туған жерге деген сүйіспеншілігі

Нысанбай жырау

М.Әуезов «өте ірі және көреген ақын»деп бағалаған. Нысанбай жыраудың өмірбаяны туралы дерек жоқ. Сыр бойында дүниеге келген. Ол Кенесары Қасымов бастаған ұлт азаттық көтеріліске қатысып, оны жырға қосқан адам.

«Кенесары - Наурызбай» атты шығармасы 1912 жылы Қазан қаласында жарық көрген.Оны кейін 1923 жылы Ташкентте жеке кітап етіп шығарды. Кеңестік дәуірде Кенесары хан туралы айтуға тыйым салынды. Сол кезде осы туындыны оқуға да тыйым салынды. Еліміз тәуелсіздігін алған соң, бұл шығармада еркіндікке шықты.

( «Аңыз адам» журналынан)



Жоспар:

1.М.Әуезовтің бағалауы.

2.Ұлт –азаттық көтеріліс.

3. «Кенесары-Наурызбай» шығармасы



Жәнібек батыр

Жәнібек батыр бала күнінде ақыл білім үйрену үшін Қаракерей Соқыр абыз дегенді іздеп келеді. Сәлем беріп кіріп келсе,қарттықтан екі жағын жібектен таңып отырған кісі екен.

- Сен қай ұлсың?

-Қошқар ұлымын, деді

-Қошқардың адам иісті бір ұлы бардеп еді, сол боларсың?- деді.

-Болармыз.

-Балам не жұмысың бар, бұл жақта неғып жүрсің?- деді.

-Осы жақта қарт атамыз бар дегенге, қолын алып, ақыл білім алайын деп жүрмін,- деді.

- Ел бастап, жұрт алайын деген ұл екенсің, сөз бастап,би болайын деген ұл екенсің,алдыңа келсе, әділдігіңді аяма, аймағың кетпес алдынан. Қол бастап, жол алайын деген ұл екенсің: жолдастың мыңын алма, бірін ал, мың кісіге бір кісі олжа салатұғын,ол жаңды аямасаң жолдасың қалмас жаныңнан,- деп батасын берген екен. (« Қазақ әдебиеті» кітабынан)

Жоспар:


  1. Жәнібектің абызды іздеп келуі

  2. Абыздың сұрағы

  3. Жәнібектің жауабы

  4. Абыздың батасы

Шоқан саяхатшы

Шоқанның 1858-59 жылдардағы Қашқарияға саяхаты оны жаңа белеске көтерді.Қашқария географиясы осы уақытқа дейін Еуропа ғалымдарына жұмбақ болып келді. Қашқария билеушісі зерттеуге барған неміс ғалымының басын кескен болатын. Қашқардың өсімдігі мен жануарлар дүниесін, табиғаты мен климатын тұңғыш рет Шоқан сипаттап берген.Ол алты ай тұрғанда оның Алтышаһар қаласын зерттеген. Қаланың өткені мен бүгінін, сирек кездесетін шығыс қолжазбалары сияқты деректер әкелген.Осы деректер кейін орыс және неміс тілдерінде жарық көреді.

Шоқан «Жоңғария очерктері», «Алтышаһардың жай күйі « деген еңбектері бар. ( «Аңыз адам» журналынан)

Жоспар:


  1. Шоқанның Қашқарияға саяхаты

  2. Қашқарияны зерттеуі

  3. Әкелген деректері

  4. Шоқанның еңбектері



Мағжан Жұмабаевтың поэмалары

Мағжан шығармашылық өмірінің он- он бес жылында «Ертегі» «Қорқыт» «Оқжетпестің қиясында» «Батыр Баян» «Жүсіп хан» «Өтірік ертек» «Толғау» «Қойлыбайдың қобызы» сияқты поэмалар туғызды. Поэмаларының негізі аңызға құрыла отырып, өз ұлтының тағдырын толғайды. Ең алғаш жазылғаны - «Ертегі» поэмасы. «Оқжетпестің қиясы» поэмасының басты кейіпкері - Кенесары хан.

Батырлардың бейнесін жасау, тарихтан үлгі іздеу Мағжан шығармашылығына шабыт қосты.

«Батыр Баян» - Мағжанның ақындық талантын танытқан поэма.Поэма кейіпкерлері өмірде болған адамдар. «Батыр Баян» реалистік арнада жазылған шығарма. ( «Қазақ әдебиеті» кітабынан)



Жоспар:

  1. Мағжан поэмалары

  2. Алғашқы поэмасы

  3. «Батыр Баян» поэмасы - реалистік шығарма

Шоқан Уәлиханов - этнограф

Шоқан Уәлиханов - қазақ халқының ғалымы, жазушысы, ағартушысы, этнографы. Оның осындай көзқарастарының қалыптасуына Г.Н.Потанинмен, А.Бекетовпен, Ф.М. Достаевскиймен достық қарым-қатынас жасауы ықпал етті.Ш.Уәлиханов Орта Азия мен Шығыс халықтарының тарихы мен мәдениетімен айналысты.Олар туралы өте көп деректер жинаған.

Шоқан қазақ ауыз әдебиетіндегі салт- дәстүрлер мен әдет- ғұрыптарды жинақтаған.Оның «Қырғыздың шежіресі» , «Қырғыздар туралы жазбалар», Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары» деген еңбектерінен көруге болады.Ол қазақтың «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жырын жазып алған. Ал атақты қырғыздың «Манас» жырының біраз бөлігін орысшаға аударған. Шоқан өзінің қысқа өмірінде тек қазақ пен қырғыз ғана емес, өзбек, түркімен, ұйғыр сияқты елдердің ауыз әдебиетін зерттеген.

. ( «Аңыз адам» журналынан)



Жоспар:

1.Шоқан - ғалым

2. Шоқанның орыс достары

3. Шоқан еңбектері

4. «Манас» жыры

Әл- Фараби мен Қорқыт

Әл- Фараби туған жерінен келген шәкірттеріне өзінің шығарған ән күйлерін жазып береді.Өзінің қолынан жасаған музыкалық аспаптарын сыйлады.Қолына қобызды ұстаған кезде әл Фарабидің ойына Қорқыт түсті. - Мен де оны ұғамын. Дыбыстың керемет күшіне мен де сенемін.Желмаямен жаһан кезіп, қобыз алып, күй тартқан Қорқыт осы үннен ажалға айла іздеген екен.Мынау музыка туралы еңбекті соған апарып беріңдер. Осы еңбек те, оның күйі де мәңгі жасайтын болады.Ажалға сол айла болар,- деді Әл Фараби.

Әл Фараби - өз заманында асқан музыкант, тамаша орындаушы, музыкалық аспапатр жасаушы шебер,музыка тарихын, теориясын,орындау әдістерін білген адам.Оның жасаған «канун», «қыпшақ» атты аспаптары болған.

( «Аңыз адам» журналынан)



Жоспар:

  1. Әл Фараби мен күй

  2. Музыка туралы еңбек

  3. Музыкалық аспап жасаушы

10 - сынып
Дулат Бабатайұлы

Ол 1802 жылы Семей өңірі,Аягөз маңында дүниеге келген.Ауыл молдасынан оқып, хат танып, мұсылманша сауатын ашады. Дулат халықтық шығармаларды, ұлттық поэзия үлгілерін жаттап өскен, көне түркі поэзиясынан тағылым алған.Бұқар және Ақтамберді жырауларды ұстаз тұтқан.. Дулат – қазақ әдебиеті тарихында ұлттық санасы алғаш оянған жаңашыл ақын. Дулат туындыларының ішінде арнау өлеңдер, нақыл - өсиет ретінде айтылатын дидактикалық жырлар, ертегі-аңыз сюжетіне жазылған толғаулар, мысал сөздер, т.б.бар. Шығармаларының идеялық мазмұны да әр алуан.Олар, негізінен, қазақ қоғамындағы белгілі бір кезеңнің тарихи шындықтарын сөз етеді.Дулат – қазақ елінің патша үкіметіне тәуелді болғанына наразы ақын.Қазақтың өз алдына бөлек хандық құрып, дербес өмір сүруін көксейді,хан басқарған феодалдық тұрмысты жақтайды.Қоғамды, дүниені өзгертпесе, қазақтың бағы ашылмайды деген үлкен қорытындылар жасайды. Өнер жолына ерте түскен, өмірінің соңғы күндеріне дейін ел ықыласына бөленген Дулат 1871 жылы қайтыс болады.

(«Қазақ әдебиеті» оқулығынан)

Жоспар:

1.Молдадан хат тануы. 2. Жырауларды ұстаз тұтуы.

3. Дулат – жаңашыл ақын.

4. Дулат шығармалары.


Шортанбай Қанайұлы
Ақын 1818 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістан ауданының Қаратау бойында туып, Арқадағы Қарқаралы өңірінде 1881 жылы қайтыс болған. Ақын өлеңдерін тұңғыш жариялаған академик В.Радловтан кейін Қазан қаласында оның өлеңдер жинағы басылып жарық көрсе, кешегі Кеңес өкіметі тұсында шығармалары әр алуан жинақтарда басылып келді. Мұның бәрі ақынның өлең, жырларының ел жүрегінен өшпестей орын тепкенінің айқын куәсі болып табылады. Шортанбай ақын әдебиетіміздегі «Зар заман» деп аталатын әйгілі кезеңнің ірі өкілдерінің бірі. Ақын белгілі бір ортаның немесе аймақтың ғана емес, барша халықтың мұң-мұқтажын толғады, көптің жоқтаушысы болды. Толғауларының ішіндегі көпшілікке кеңінен тараған туындысы «Келер заман сипаты» атты шығармасы. Өзіне дейінгі Бұқар, Тәтіқара, Ақтамберді жыраулар мен Шал ақынның мол мұраларымен жақсы таныс болған. Шортанбай сонымен қатар айтыс ақыны ретінде Шөже, Орынбай, Асан ақындармен сөз сайысына түскен. Шортанбай мұраларын зерттеу ісіне М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншәлиев, М.Мағауин, С.Қирабаев, Ы.Дүйсенбаев, Т.Нұртазин, Ғ.Мұсабаевтар көп еңбек сіңірді. Ақын шығармаларының қолжазбасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Ұлттық ғылыми кітапханасында сақтаулы.

(Қанат Мәметқазыұлы)


Жоспар:

1. Ақынның туған жері 2. «Зар заман» ақыны.

3.Шортанбайдың айтысы.

Сүйінбай – айтыс өнерінің алтын діңгегі

Сүйінбай Аронұлы – ХIХ ғасырдағы Жетісудың ірі ақыны.Ол жасөспірім кезінен-ақ ақындық өнерді машық ете бастаған.Аңыз-ертегілер, қисса-жырларды жаттап өскен. Қазақ, қырғыз еліне ақындығымен, айтыскерлігімен, туысқандық пен достықтың жыршысы ретінде көрінген азамат ақын.Оның атасы Күсеп те үлкен ақын екен. Сүйінбай - айтыскер, тарихи батырларды жырлаушы ғана емес, сыншыл ақын.Ол ақындық өнерін айтыстан бастап, өзімен замандас талай-талай ақынмен кездесіп, сан рет айтысқан ақын.Сондықтан одан қалған әдеби мұраның біразы –айтыс өлеңдері. Халық арасында көп тараған айтысы – Тезек төремен айтысы (Жетісудың төресі). Халықтың айтуына қарағанда Тезек төре ақын болыпты. Сүйінбай - сөз құдіретін тереңінен түсінетін, ешкімге дес бермеген, жеңіліп көрмеген айтыс өнерінің асқан шебері.

(«Қазақ әдебиеті» оқулығынан)

Жоспар: 1.Жетісу ақыны. 2. Сүйінбай - айтыскер,сыншыл ақын.

Мұрат Мөңкеұлы

Мұрат Мөңкеұлы 1843 жылы қазіргі Атырау облысының Қызылқоға аталатын жердегі Қарабау елінде дүниеге келген.Әкесі Мөңке – өз еліне аты мәлім болған дәулетті адам, көпке белгілі кісі.Мұрат әкеден ерте жетім қалып, ағасы Матайдың тәрбиесінде өседі.Мұрат жас кезінен жиын – тойдан қалмай, ел ішінде «шешен бала», «тапқыр бала» атанады.Мұрат ақын Махамбеттің өлең – толғауларын жаттап өскен.Ауыл молдасынан білім алған.Мұрат өзінің ақын екенін жеті жасында-ақ байқатады. Мұраттың «Үш қиян», «Сарыарқа», «Қазтуған» тәрізді толғаулары ескілікті дәріптеуге арналған.Мұрат айтыста да сөзге бөгелмей, тапқырлық таныта білген. Мұрат шығармаларының көлемдісі – «Қарасай - Қаси» жыры.Мұнда қос батырдың ерлігі баяндалады. Мұрат Мөңкеұлы 1906 жылы қайтыс болған.

(«Қазақ әдебиеті» оқулығынан)

Жоспар: 1.Дүниеге келген жері. 2. Мұрат пен Махамбет

3.Мұрат ақынның толғаулары



Аққулы көлде

Жаз....Жер жүзі көгеріп,жасыл ала жібекке оранып құлпырады. Аққулы көлдің жағасында тізіле қонып алты ауыл отыр. Көк мөлдір сулы аққулы көлдің жасыл ала қамыстары көк жібекке тіккен жасыл ала өрнекті кесте сияқты. Көл ортасында қалың жасыл ала қамыстың айналасы – айнадай жылтыраған кең жайқын.Сол жайқында аппақ болып шаңқиып екі аққу сыланып, ақырын әсем жүзіп көлбеңдейді.Екі аққу ұзын, сұлу мойындарын иіп, көл ортасында сыңқылдап, аппақ денесін күміс суға төсеп, әсем жүзіп, күміс судың айнадай мөлдірін шымырлатып сызады.Екі аққудың нәзік сұлу үнмен сыңқылдап жүзген күміс сызығынан сылдырлап, меруерт, гауһар моншақ тізіледі. Қап – қара жүнді, сыңқылдаған дауысты, ақ маңдайлы қасқалдақтар қырқылдап, ойнаған қоңыр үйректер. Көлді айнала қорыған қара ала қанатты, әдемі айдарды, шаршамайтын, сақ құлақ қызғыштар.Көкке шығып, зыр қағып безектеп сұңқылдаған ұзын аяқ, бізтұмсық тауқұдіреттер, тағы да толып жатқан неше түрлі құстар көл басын сұлу күйді думан қып жатты.

(С.Сейфуллин)

Жоспар: 1.Жаздың суреті. 2.Көлдің суреті. 3.Көлдегі аққулар. 4.Қасқалдақтар, тағы басқа құстар. 5.Сақ құлақ қызғыштар. 6. Бізтұмсық тауқұдіреттер. 7.Көл басындағы дума.

Шәкәрім – аудармашы

Шәкәрім шығармашылығындағы басқа халықтар әдебиетімен байланыстылық – көркем аударма саласындағы туындыларында көрініс тапқан.Араб, парсы, түрік, татар, орыс тілдерін жетік меңгерген ақын көптеген халықтардың ғасырлар бойы жинаған асыл қазыналарын оқып білуінің нәтижесінде біраз туындыларға аударма жасап, оны қазақ халқына табыстады.Шәкәрім Шығыс классиктерінің, атап айқанда, «Ләйлі - Мәжнүн» поэмасының Физули жырлаған нұсқасын, Хафиздің бірнеше өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Шығыс ақындарының шығармалары ертеден-ақ нәзиралық жолмен аударылып, қазақ арасына кең тараған. Қазақ ақын – жыраулары олардың сюжетін өлеңге айналдырып, талай дастандар жасаған.Осындай үлгімен Шәкәрім де Физулидің «Ләйлі – Мәжнүнін» 1907 жылы қазақша жырлаған. Шәкәрімнің қаламы арқылы Шығыс пен Батыстың бірқатар туындылары қазақ жұртына мәлім болды. А.С.Пушкиннің «Дубровский» романын, «Боран» повесін Шәкәрім қазақ тіліне өлеңмен аударуы оның шығармашылығында ғана емес, қазақ әдебиеті және мәдениеті тарихында елеулі оқиға болды.Сол шығармалардың түпнұсқасы мен қазақша өлеңмен аударылған нұсқасын салыстырғанда айтарлықтай алшақтық жоқ. Шындығында, Шәкәрімнің Пушкин мұрасы- «Дубровский» мен «Боранды» таңдап, қазақ тіліне өлеңмен аударуының да өзіндік сыры бар.Шәкәрім орыс ғалымдарының еңбектерін өзінің тарихи-философиялық, эстетикалық ой-тұжырымдарын қалыптастыруда пайдаланды.Қазақ жастарын білім-ғылымға, мәдениетке үндегенде оларды үлгі ретінде ұсынады.

(«Қазақ әдебиеті» оқулығынан)

Жоспар: 1.Шәкәрім және Шығыс классиктері. 2.Шәкәрім мен Пушкин

3.Шәкәрімнің философиялық ой -тұжырымдары



11-сынып

Ақан сері Қорамсаұлы

ХIХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ халқының дарынды перзенті, ақын, әнші, сазгер Ақан (Ақжігіт) сері Қорамсаұлы 1843 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының Қоскөл деген жерінде дүниеге келген. Ақынның өмірі, балалық, жастық шағы Көкшетау өңірінде өтеді.Жалғыз ұлының болашағынан зор үміт күткен әкесі Ақанды қаршадай кезінен-ақ ауыл молдасынан дәріс алуға береді. Өлең жырға ерте әуестеніп, замандас-құрдастарына арнап өлең де шығаратын болады.Ойын-тойда ән салып, жұрт көзіне түсе бастайды.Он үш жасқа толғанда елінен ұзап, Қызылжарға келеді.Онда Уәли ахун деген кісінің медресесіне түсіп, үш жыл оқиды.Мұсылманша өте сауатты Ақан қалада жүріп, орыс тілін де біршама үйреніп алады. Он алты жасында еліне оралған Ақан ит жүгіртіп, құс салып, аңшылық, әншілік, серілік өнерінің соңына түседі.Әкесі Қорамса да ұлының жолына бөгет болмайды.Ақанның жүрген жерінде оның сырлы да сазды көркем үні ел назарын өзіне аударады.Ақынын аялай білетін қазақ халқы оған енді «сері» деген атақ беріп, сый-құрметке бөлейді.

(«Қазақ әдебиеті» оқулығынан)

Жоспар: 1.Туған жері. 2.Жұрт көзіне түсуі. 3.Өнердің соңына түсуі.

Торғай

Бақша арасындағы жолмен аңнан келемін.Итім алдымда жүгіріп бара жатқан.Ол кенет жүрісін тежеп, құстың иісін сезгендей-ақ төрт тағандап бұға бастады. Мен жол бойына қарадым.Торғайдың сары жағал,ақ үрпек балапанын көрдім.Ол ұясынан құлап түсіпті. Балапан жаға ғана өсіп келе жатқан сүйрік қанатын дәрменсіз жайып, қимылсыз отыр. Ит балапанға ептеп жақындай бергенде, кенет қара тамақ үлкен торғай ағаш басынан зу етіп иттің дәл қасына кеп қонды.Байғұстың зәресі ұшып, түсі бұзылып кеткен, жүнін үрпитіп пырылдап жүр.Иттің ақсиған тістері мен арандай аузына қарай бір-екі рет тап берді. Ол жан ұшырып, өзінің балапаны үшін ажалға қарсы ұмтылды.Ол бал бөбегі балапанын өз денесімен бүркемек болды.Титтей денесі қорыққанынан дірілдеп, даусы шыр – шыр етеді.Ол балапаны үшін өзін – өзі құрбан еткелі безектеп жүр. Бірақ балапаны отқа түскенде, ол бас сауғалап бұтақта отырып қала алмады.Оны өз ықтиярынан, өз еркінен басым бір күш жерге ұшырып түсірді. Менің итім төбеге ұрғандай тоқтап, кейін шегінді.Ол да әлгі күшті мойындаған тәрізді. (И.Тургенев)



Жоспар: 1.Тоғай ішіндегі көрініс. 2.Торғайдың балапаны. 3.Балапанын қорғау. 4.Иттің әрекеті.

Бақытсыз Жамал

. ... Жайлауға жаңа көшіп қонған ауыл. Саумалкөл маңына жағалай тігілген киіз үйлер. Үй жағалап қымыз ішкен жастар... Абыр-сабыр басталады. Ауыл сыртына үй тігіледі.... Дәл осындай абыр-сабыр сәтте ауыл қазағы Сәрсенбайдын әйелі босанып, дүниеге қыз бала келгені туралы қуанышты хабар жетеді. Дүниеге келген бұл сәби романның бас кейіпкері Жамал болатын. Табиғатынан зерек жаратылған Жамал молдадан ескіше, жаңаша оқып, хат таниды. Жамал он бес жасқа келді. Ел ішінде тілді бозбалалардың көзі түсе бастап, шет елдерге де "Сәрсенбайда бек көркем бір ақын қыз бар" деген лақап жайыла бастады. Көркіне ақылы сай болып бойжеткен Жамалды Байжан деген бай баласы Жұманға айттырады. Бірақ бай баласы топас, нашар болады. Жамал оны менсінбейді. Сөйтіп жүргенде бір тойда оқыған, мәдениетті, жаңаша киінген, сыпайы, әдепті Ғали деген жігітпен танысын, көңілдері жарасады. Арада біраз уақыт өтіп, қыздың Жұманға ұзатылар шағы туғанда, Жамал Ғалимен қол ұстасып қашып кетеді. Жастарды қудалау басталады. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан Ғали ауырып қайтыс болады. Қайғыға батқан Жамал көп ұзамай Жұманға ұзатылады. Көрмеген қорлықты көреді. Ақыр аяғында бір боранды күні Ғалидың қабірінің басына барып, жылап жатып қайтыс болады.

(«Ғаламтор» желісінен)

Жоспар: 1.Ауыл көрінісі. 2. Бозбалалардың көзіне түсуі. 3.Жамалдың ұзатылуы

Балуан Шолақ

... Балуан түскен ауылдың адамдары осы ауылға келген қонақтардан Көбекең деген ақсақалға ерекше құрмет көрсетті.Қасына ере келген адамдар осы Көбекеңнен: - Егер рұқсат етсеңіз, мәжілісімізді көріктендіруге Кененді алдырсақ қайтеді? – деп өтінді. –Алдырсаңдар, алдырыңдар! – деді Көбекбай. Бар, тап та, шақырып кел! – деп жұмсаған жігіт кеткеннен кейін, бұл ауылға жиналған қалың жұрттың аузында Кенекеңнің кім екендігі сөз болды.... –Үлгіні кімнен алды екен бұл? -Балуан Шолақтан!.. Не дейсің? Жолығып па екен Балуан Шолаққа?! Арқадан Жетісуға келе жатқан Балуан Шолақ Сати – Боти елін аралап жүріп, Долаңқара тауына келгенде, қой жайылып жүрген тас арасынан әдемі ән естіледі.Айтушыны Балуан Шолақ таптырып алса, он бестер шамасындағы қойшы бала екен дейді... Қасқарауда ол Ноғайбай дейтін байдың үйіне түссе керек.Әнін мақтаған Қасқарауға Балуан: «Менен де зор әнші өздеріңнің араларыңда жүр, бірақ ән айтып жүрген жоқ, қой бағып жүр» деп Кененді өлердей мақтап: «Нанбасаңдар, көріңдер» деп әдейі ат жібертіп алдырса керек.Балуанның айтқаны расқа шыққан соң, қалың Қасқарау Кененді басына көтеріп әкетсе керек.....

(С.Мұқанов)
Жоспар:


  1. Ауылға келген қонақтар

  2. Қонақтың әңгімесі

  3. Балуан Шолақтың әні


Абай сөзі
Ауылымыз Абай ауылымен қысы – жазы қатар отырады. Олардың өрісте қойы, ауылда адамдары ағайын – туыстай араласып кеткен.

Мұхтар ес білгелі Абайдың есті балаларынан үлкен тәрбие,үлгі -өнеге алды.

Атам Әуез – оқыған, хат танитын адам.Ол бізге Абай өлеңін,қарасөзін үйрететін.


  • Балаларым, - деді атам бізге, - Абайдың қара сөзімен танысасыңдар.Мұны да кешқұрым жатқа айтып беріп отырасыңдар.

  • Жарайды.

  • Ал, Мұхтар, сен жазып ал,- деп, атам сөйлеп кетті.

«Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар. Әуелі – көкірегі байлаулы, берік болмақ керек.Екінші – сол нәрсені естігенде, я көргенде көңілденіп, ынтамен ұғу керек.

Үшінші – сол нәрсені ішінен қайталап, ойланып,көңілге бекіту керек.

Төртінші – кеселді ойлардан қашық болу керек».

(А. Әуезов)



Түсіндірілетін сөздер мен  сөз тіркестері: өріс,есті,көкірегі байлаулы,ынта,кеселді ойлар.
Жоспар:

1. Біздің ауыл.

2. Үлгі – өнеге.

3. Атам Әуез.



4. Абайдың қарасөзі.



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет