3 – БӨЛІМ. КРИМИНАЛИСТИКАЛЫҚ ТАКТИКАНЫҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕРІ
I-ТАРАУ.
КРИМИНАЛИСТИКАЛЫҚ ТАКТИКА
Қылмыстық істерді тергеу заңда көрсетілген тергеу әрекеттерін жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Бірақ, қылмысты дер кезінде ашып, керекті дәлелдемелерді кідіртпей жинап алу үшін тергеуші заңда көрсетілген тергеу әрекеттерін жүргізу ережелерімен шектелмейді. Қай тергеу әрекетін жүргізгенде де ол осы арқылы неғүрлым көп және құнды дәлелдемелер жинап алу үшін осы сәтте қолайлы, ұтымды тергеу әрекетінің нәтижелілігін арттыруға бағытталып, заңға қайшы келмейтін әдістер мен тәсілдерді қолданады.
Мұндай әдістерді қолданудың негізгі мақсаты, ол қылмыскердің қылмыстың ашылуына кедергі жасау үшін қолданып отырған айла - әрекеттерін әшкерелеп, іс бойынша объективті дәлелдемелер жинау.
Криминалистика ғылымының осындай тергеу үстінде әрқилы ситуациялық жағдайларға байланысты қолайлы әдістер мен тәсілдерді қолдану және тергеуді ұйымдасқан түрде, жоспарлы жүргізу жөніндегі қағидаларды оқытатын негізгі бір бөлімін криминалистикалық тактика дейді.
Сонымен, криминалистикалық тактика дегеніміз – тергеу әрекеттерінің тиімділігін, нәтижелілігін арттырып, іс бойынша керекті дәлелдемелерді дер кезінде жинауға, мұнымен қатар тергеуді ұйымды және жоспарлы түрде жүргізуге бағытталған, заң шеңберінде қолданылатын тиімді де, қолайлы тәсілдер жөніндегі ғылыми ережелердің жиынтығы. Ескерту 1
Криминалистикалық тактиканың осы келтірілген жалпы ережелерін және түсінігін тұжырымдап, нақтылайтын болсақ, оны қамтитын тергеушінің тергеу әрекеттерін жүргізу үстінде осы сәтте туындаған тергеу ситуациясына байланысты дұрыс, ықшамды позиция ұстауы, осы ситуацияға байланысты нәтижелі және тиімді тәсілдерді қолдану, тергеуді ұтымды жүргізу үшін өз жұмысын дұрыс жоспарлау.
Кейбір оқулықтарда криминалистиканың бұл бөлімін тергеу тактикасы деп те атайды. Бірақ тактикалық тәсілдердің қолданылуы алдын ала тергеумен шектелмейді. Тактикалық әдістердің көбі сот мәжілісінде де қолданылады. Сондықтан тергеу тактикасы деген ұғым бұл әдістердің қолдану жүйесін толық қамтымағандықтан, бұл бөлімді криминалистикалық тактика деп атау өте орынды.
Криминалистикалық тактика криминалистиканың басқа да бөлімдерімен тығыз байланысты. Айталық, криминалистикалық құрал-саймандарды тергеу үстінде қолданып, пайдалану ерекшеліктері әр тергеу әрекетін жүргізгенде қолданылатын тактикалық тәсілдермен тығыз байланысты. Жаңа криминалистикалық құрал-саймандар пайда болса, оларды тергеу әрекеттерін жүргізгенде қолдану әдістері криминалистикалық тактикада қаралады. Сонымен қатар, тергеу әрекеттерін жүргізу үстінде қолданылатын тәсілдер тергеліп жатқан қылмыстың түріне байланысты. Жалпы тактикалық тәсілдер әр қылмыстың тергеу әдістемесінің ерекшелігіне байланысты өзгертіліп, осы қылмысты ашуға, тергеуге бейімделіп қолданылады. Мысалы, оқиға болған жерді қарау тактикасы – тактикалық тәсілдерді пайдалану ерекшелігіне, жасалған қылмыстың түріне байланысты. Айталық, жол-көлік оқиғасы болған жерді қарағанда бір тактикалық әдіс қолданылса, керісінше, басқа тактикалық әдістер ұрлық болған жерді қарау үстінде қолданылады. Сондықтан әр тергеу әрекеттерінің тактикалық тәсілдері жеке қылмыстарды тергеу әдістемесі арқылы қылмысты ашу әдісі есебінде жүзеге асады.
Криминалистикалық тактика бөліміне әр тергеу әрекетін жүргізгенде қолданылатын тәсілдермен бірге, тергеуді жоспарлау, тергеу үстінде тергеуші мен жедел-іздестіру органдарының арасында қалыптасатын қарым-қатынастардың түрлері, тактикалық операция, тергеу ситуациясы деген сұрақтар да кіреді.
Криминалистикалық тактиканың ең бір негізгі, түйінді сұрақтарының бірі – ол тактикалық әдіс.
Жоғарыда айтқандай, тергеушінің тергеу әрекеттерін жүргізгенде алдына қоятын негізгі мақсаты – осы тергеу әрекетін жүргізу арқылы неғұрлым көп және құнды дәлелдемелер жинау, осы айтылғанмен тергеу әрекетінің нәтижелілігін арттыру. Ал енді осы мақсатқа жету үшін әр тергеу әрекетін жүргізгенде тергеуші нақтылы туындап тұрған тергеу ситуациясына орай қолайлы, тиімді әдістер, заңға сыйымды айла-әрекеттер қолдану арқылы объективті және толық дәлелдемелер алуға тырысуы керек. Міне, осындай тергеу әрекетін жүргізгенде қолданылатын әдіс-айланы тактикалық әдіс дейміз. Әрине, ақылға салмай, кез келген әдістерді қолдана беруге болмайды. Сондықтан қолданатын тактикалық әдістер белгілі бір талаптарға сай болуы керек. Тактикалық әдістерге қойылатын негізгі талап – оның заңға қайшы келмеуі, жеке адамның не заң тұлғаларының құқын бұзбауы және жалпы моральдық, этикалық қағидаларға сай болуы.
Мұнымен қатар тактикалық әдіске қойылатын талаптардың тағы бірі – тактикалық әдістің объективтігінің ғылыми тұрғыдан дәлелденгендігі, оның ғылымның бір саласына, айтайық логика, психология, педагогика т. б. ғылымдардың белгілі бір қағидаларына негізделуі (тактикалық әдістің ғылымилық қағидасы). Осы айтылғанды тұжырымдайтын болсақ, тактикалық әдіс дегеніміз ол заңға, этикалық талаптарға қайшы келмейтін, белгілі ситуациялық жағдайда, тергеу әрекетінің нәтижелілігін арттыру үшін тергеушінің қолданатын арнайы айла-әдістері. Осы бір тергеу әрекетінің шеңберінде қолданылатын тактикалық әдістердің бірнеше түрі болады. Тергеу әрекетін жүргізу үстінде туындаған ситуациялық жағдайға байланысты осы ситуацияға тиімді және ыңғайлы әдіс қолданылады. Кей жағдайда бір тергеу әрекетін жүргізгенде, бір сұрақты анықтауға тактикалық тәсілдердің бірнеше түрі бірдей, арнайы бір кезекпен қолданылады. Мұны криминалистикада тергеу әрекетін жүргізу үстінде қолданылатын тактикалық комбинация дейді.
Тактикалык әдістердің, олардың комбинациясының қолданылуы тергеу ситуациясына байланысты екендігі жоғарыда айтылды. Сондықтан тергеу ситуациясы деген криминалистикалық санаттың ұғымына, түсінігіне тоқталайық. Тергеу ситуациясы дегеніміз – ол тергеудің белгілі бір кезеңінде айғақты мәліметтердің, дәлелдемелердің көлеміне және ерекшелігіне, істің мән-жайын анықтау мүмкіңдігіне байланысты қалыптасатын жағдай. Тергеу әрекеттерін жүргізудің кейбір ережелері қылмысты істер жүргізу заңында көрсетілген, сондықтан оларды тактикалық әдістер деп санауға болмайды. Осыған байланысты айта кететін бір жағдай, ол заңда көрсетілген ережелердің көбі тергеу тәжірибесінде пайда болып, алғашқыда тактикалық әдіс есебінде қолданылғандығы. Тіпті, кейбір тергеу әрекеттерінің өзі де басында тергеу үстінде тактикалық әдіс есебінде пайдаланылған. Атап айтқанда, объектілерді тану үшін көрсету, айғақтарды оқиға болған жерде тексеру мен нақтылау деген тергеу әрекеттері алғашқыда тергеу тәжірибесінде жауап алудың тактикалық әдіс есебінде пайдаланылған. Кейіннен ғана заң жүзінде бекітіліп, тергеу әрекеті есебінде жүргізілетін болды. Міне, осыған байланысты қазіргі жағдайда тергеу тәсілі есебінде қолданылып жүрген кейбір тәсілдер кейінгі мезгілде, заң жүзінде бекітілген жағдайда, олар заң талабы, процесуалдық ереже есебінде қолданылуы мүмкін. Әр тактикалық әдістің мағынасын талдасақ, оның түсінігі, табиғи негізі осы тәсілді қай ғылымның түріне, қандай ғылыми қағидаға негізделгендігімен сипатталады. Айталық, тергеу әрекеттерін жүргізу үстінде қолданылатын тәсілдердің көбі логика, психология, педагогика, еңбекті ғылыми жолмен ұйымдастыру және басқа да ғылымдардың қағидаларына негізделеді. Осы айтылған ғылыми салалардың қағидалары тергеуге, атап айтқанда, тергеу әрекетін жүргізуге бейімделіп, модификацияланған. Бірақ, негізінде белгілі бір ғылымның қағидалары пайдаланылғандықтан, бұл әдістер – логикалық, психологиялық, педагогикалық тактикалық әдістер деп аталады. Өзінің шешетін тактикалық міндетіне байланысты тактикалық тәсілдер: танымдық, басқарушы, ұйымдық-техникалық деп үш түрге бөлінеді.
Тергеп жатқан қылмысты ашуға керекті, былайша айтқанда, криминалистикалық, дәлелдемелі ақпараттарды алуға бағытталған және осы үшін қолданылатын әдіс-айлаларды танымдық тактикалық әдістер дейміз.
Тергеу әрекетін жүргізу барысын дұрыс басқарып отыруға, оның нәтижелілігін арттыру үшін тиімді әдістерді қолдануға бағытталған тәсілдерді басқарушы тактикалық әдістер дейді. Мысалы, беттестіріп жауап алғанда, беттестіріп отырған адамдар айтысып, сөз жарыстырып, тергеу әрекетін жанжалға айналдырып жібермеу үшін, беттестіріп отырған адамдарды белгілі бір кезекпен сөйлетіп, жауап алу тактикасы қолданылады. Атап айтқанда, бірінші кезекте іске керекті фактіні қолдап, дәлелдеп отырған адамнан жауап алынса, екінші кезекте осы айтып отырған фактының, оқиғаның болуын, керісінше, жоққа шығарып, айтылғанды қолдамай отырған адамнан жауап алынады.
Кейбір тактикалық әдістер тергеудің ұтымды түрде жүргізіліп, тергеудің нәтижелі болуына мейлінше қолайлы жағдай туғызуға бағытталады.
Тергеудің бастапқы, кей жағдайда соңғы кезеңдерінде туындаған ситуациялық жағдайларға байланысты тергеу және жедел-іздестіру әрекеттерін белгілі бір ретті кезекпен жүргізу тактикалық жағынан алып қарағанда тиімді. Сондықтан тергеу жоспары жасалғанда тергеудің ұтымдылығын қамтамасыз ететін осындай тактикалық әдістер негізге алынады.
Қылмыстық істерді тергегенде тергеу әрекеттерімен қатар жедел-іздестіру шаралары және басқа да дайындық, ұйымдастыру жүмыстары жүргізіледі. Тергеудің нәтижелі табысқа жетуі, қылмыстың дер кезінде ашылуы, іске керекті дәлелдемелерді толық жинап алу тергеу барысында жүргізілетін тергеу әрекеттерін және жедел-іздестіру жұмыстарын кешіктірмей белгілі бір дұрыс кезекпен жүргізуге тікелей байланысты. Мұнымен қатар тергеу әрекеттерін жүргізгенде, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу үстінде алынған мәліметтерді орынды және белгілі бір әдіспен пайдалану да тергеудің нәтижелілігін арттырады. Осыған байланысты айтылған жұмыстардың бәрін бірі мен бірі жалғасып жатқан бір бүтін процесс деп есептеп, осы жұмыстардың жиынтығын тұжырымдап, оны бір ұғыммен тактикалық комбинация (операция) деп атаймыз. Кейбір оқулықтарда бұл ұғымды тактикалық комбинация деп атайды да, ал басқа біреулерінде оны тактикалық операция дейді. Бірінші айтылған оқулықтың авторлары тактикалық комбинация деген ұғымды жабайы және күрделі деген екі топқа бөледі. Жабайы тактикалық комбинация деп бір тергеу әрекетінің шеңберінде бірнеше тактикалық әдістердің қолданылуын айтады да, ал күрделі тактикалық комбинация деп тергеу үстінде белгілі бір кезекпен жүргізілетін барлық жұмыстардың кешенін атайды. Ал кейінгі айтылғанды кейбір авторлар тактикалық не криминалистикалық операция дейді. Былайша қарағанда, осы екі ұғымда да қолданылатын сөздер бірі мен бірі тепе-тең де емес, біріне-бірі қайшы да келмейді. Комбинация дегеніміз қиыстыру, қисындастыру, былайша айтқанда, қиыстырудың айласы. Операция дегеніміз ол бір күрделі әрекет. Біздің айтқан тергеу үстінде жүргізілетін жұмыстарға келетін болсақ, оларды белгілі бір айламен қиыстырып жүргізу керек. Сондықтан бұл жұмыстардың бәрін тұжырымдап, оған толық сипат беретін болсақ, оны тактикалық комбинациялық операция деп атағанымыз дұрыс болар еді. Сонымен тактикалық комбинациялық операция дегеніміз ол тергеу үстінде тергеу ситуациясына байланысты қылмыстың мән-жайын анықтау үшін жүргізілетін тергеу әрекеттерінің, жедел-іздестіру және басқа да ұйымдық жұмыстардың жиынтығы және оларды белгілі бір кезекпен, тактикалық айламен қисындастырып жүргізу әдісі.
Тактикалық комбинациялық операцияның түсінігін анықтап, айқындайтын болсақ, ол негізінен екі түрлі жұмыстардың жүргізілуімен сипатталады – тергеу әрекеттері және жедел-іздестіру жұмыстары. Сондықтан тергеу үстінде жүргізілетін мұндай операцияның табысты және нәтижелі өткізілуі осы операцияны жүзеге асырушы мен тергеу және анықтама жүргізуші органдардың арасында қалыптасатын қарым-қатынастардың
іскерлігіне тікелей байланысты. Ескерту 2
Қылмысты істер жүргізу кодексінің талабы бойынша тергеуші заңда көрсетілген тергеу әрекеттерін өткізу арқылы әр қозғалған іс бойынша қылмыстың мән-жайын аныктап, жасалған қылмысты дер кезінде ашуға тиіс. Бірақ тергеуші тек заңда көрсетілген әрекеттерді жүргізу арқылы, өзінің күшімен ғана бұл заңда көрсетілген міндетті орындай алмайды. Сондықтан тергеушінің жедел-іздестіру жұмыстарын орындайтын, анықтама жүргізетін органдардың қызметкерлерін көмекке алуға, оларға тергеу үстінде жасалған қылмыстың кейбір мән-жайларын анықтау жөнінде бұл органдардың қызметкерлеріне арнайы нұсқаулар беру жайындағы өкілеттігі заңда көрсетіліп, бекітілген. Тек жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу үстінде анықталған мәліметтерді және осы органның басқа да мүмкіншіліктерін толық пайдаланған жағдайда ғана тергеуші тергеп отырған қылмысты дер кезінде аша алады. Тергеуші мен жедел-іздестіру органдарының бірлесіп істеуі арқылы қылмысты тез арада ашуға, қылмыскерді дер кезінде ұстауға, керекті айғақтарды толық жинап алуға болады. Қандай қылмысты тергегенде болсын бұл екі органның алдында тұрған тағы бір міндет – ол қылмысты алдын алу, қылмысқа әкелетін себептер мен жағдайларды анықтап, оларды жоюға арнайы жедел шаралар қолдану. Осындай ортақ міндеттері бар екі органның бір тергеу комитетінде шоғырлануы, атап айтқанда, бір мекеме шеңберінде болуы олардың қылмысқа қарсы күрес саласындағы ұйымдық тактикалық жұмыстарын, әрине сөзсіз арттырады.
Достарыңызбен бөлісу: |