§5. Хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адамдар және жеке басы анықталынбаған мәйіттерді тіркеу
Бұл тіркеудің орталықтанған-жергілікті түрі белгілі бір тұлғаның жоғалып кету себебіне және жеке басы анықталынбаған мәйіттерді анықтау мақсатымен жүргізіледі. Өзара байланысатын екі картотека түрінде жүзеге асырылады, біреуінде – хабар-ошарсыз жоғалып кеткен тұлғалар, ал екіншісінде – жеке басы анықталынбаған мәйіттер тіркеледі.
Хабар-ошарсыз жоғалып кеткен тұлғаларды тіркеу карточкасы тергеуші немесе жедел қызметкерімен жоғалған тұлғаның жоғалу уақыты мен жағдайлары, тұрмыс қалпы, қарым-қатынасы, әдет-дағдысы және өзге де сипаттаушы мәліметтері анықталынғаннан кейін екі данада толтырылады. Карточкада, сонымен қатар, жоғалған тұлғаның демографиялық мәліметтері бекітіліп, жоғалған тұста көрген куәлардың көрсетпелері бойынша сыртқы бейне белгілері мен үстіндегі киім, аяқ киім белгілері сипатталады. Карточкаға қосымша: мүмкіндігіне қарай жоғалу уақытысына жақын аралықта түсірілген фотосуреттері, егер бұрын дактилокөшірмелер жасалынса, солардың дактокарталарының фоторепродукциясы және де жоғалып кеткен тұлғаның ұстаған заттарынан табылған қол іздерінің фототүсірілімдері тіркеледі.
Карточкалар ең алдымен жынысының қатыстылығына қарай, одан кейін жасы және бойы бойынша жүйеленеді.
Жеке басы анықталынбаған мәйіттердің табылуына байланысты карточка екі данада толтырылады. Онда: мәйіттің табылу орыны, уақыты, жынысы, бойы, сонымен қатар өзге де сыртқы белгілері, соның ішінде: тіс аппаратының ерекшелігі, көзге түсетін (айрықша) белгілері, киімінің, аяқ, бас киімінің белгілері көрсетіледі. Осыған қоса сот-медицина сараптамасымен анықталатын мәселелер: өлім уақытысы мен себебі, қан тобы мен түрі, бұрын ауырған науқастары (сырқаттары); әйел мәйітінде – қыз абыройының, екі қабаттылығының, зорлау және түсіктің болу-болмауы көрсетіледі. Табылған мәйіттің танытуға көрсету фотосуреттері, қол саусақтарының көшірмелері және киім матасының үлгілері карточкаға қоса тіркеледі.
Хабар-ошарсыз жоғалып кеткен тұлғалардың карточкасы жеке басы анықталынбаған мәйіттердің карточкалары арқылы тексеріледі және керісінше де жүзеге асырылады.
§6. Ұрланған, жоғалған, алынған, өз еркімен тапсырылған иір оқпанды атыс қаруларын, сонымен қатар ашылмаған қылмыстар жасалынған жерден табылған оқтарды, гильзаларды және патрондарды тіркеу
Бұл тіркеудің түрі арқылы ұрланған және жоғалған атыс қаруларын іздестіру шараларын жүргізуге, сонымен қатар атыс қаруын қолданып жасалынған қылмыстарды ашу мен тергеуге мүмкіндік туғызады. Тіркеу келесідей картотекалар түрінде жүргізіледі: а) ұрланған және жоғалған ату қарулары бойынша; б) табылған, алынған және өз еркімен тапсырылған атыс қарулары бойынша жеке оқ-гильза картотекасы жүргізіледі.
Қару-жарақ тіркеуге қойылмас бұрын оқ-гильза картотекасы бойынша тексерістен өтеді. Оқ-гильзалардың ішінде осы қарудан атылғандары бар ма, яғни ашылмаған қылмыстар бойынша осы қарудың қолданған-қолданбағандығы анықталады.
Тіркеу карточкасында қару-жарақтың түрі, жүйесі, моделі, шығарылу жылы, нөмері, сыртқы бейнесінің белгілері, құрылысының ерекшеліктері бекітіледі. Картотекадағы карточкалар ең алдымен қару-жарақтың түрі бойынша, содан соң жүйесі, моделі, нөмері және өзге де белгілері бойынша орналастырылады. Оқтар, гильзалар, патрондар калибрі бойынша іріктелініп, содан соң іздер қалдырған қару-жарақтың түрі, жүйесі және моделі бойынша тіркеледі.
Коллекцияда сонымен бірге оқ, гильза, патрондардан көрініс тапқан қару-жарақ бөліктері ерекшеліктерінің үлкейтілген фотосуреттері сақталынады.
Достарыңызбен бөлісу: |