Шеңберлі өрнекте - өрнектің орталық оң және сол жақ бөлігінде дельта болып, арасында концентрлік шеңбер, сопақша, спираль, дөңгеленіп келген (егіз-қос сызықтар) ілмек түріндегі суреттер орналасады. Шеңберлі өрнекте екі (кейде үш, төрт) дельта кездеседі.
Нақты картотекада көрсетілген саусақтың папиллярлы өрнегінің ерекшеліктері ескеріле отырып толтырылатын арнайы формуланың көмегімен дактилоскопиялық карталарды жүйелеуге мүмкін болады. Тіркеу жүйесінің екі бөлек формулалары бар: негізгі, қосымша. Олар картаның беткі бетінің оң жақ жоғарғы бұрышына жазылады.
Негізгі формула шеңберлі өрнекті жұп санды саусақтардың шартты сандық белгілердің қосындысына бір санын қосудан тұрады. Ал бөлімі, керісінше, шеңберлі өрнекті тақ санды саусақтардың сандық белгілердің қосындысына бір санын қосудан тұрады. Саусақтың тақ, жұп екені бас бармақтан шынашаққа қарай оң қолдан сол қолға өту арқылы кезектесіп анықталады.
Саусақтың тиісті сандық белгісін анықтау үшін ең алдымен саусақтарды жұптарға бөлеміз. Сәйкес жұптарға келесідей сандық анықтамалар беріледі: оң қолдың бас бармағы мен сұқ саусағы – 16; оң қолдың ортаңғы мен төртінші саусағы – 8; оң қолдың шынашағы мен сол қолдың бас бармағы – 4; сол қолдың сұқ саусағы мен ортаңғы саусағы – 2; сол қолдың төртінші саусағы мен шынашағы – 1;
Формуланың негізгі бөлігін шығаруға мысал келтірейік: оң қолдың сұқ саусағы мен шынашағы және де сол қолдың бас бармағы мен ортаңғы саусақтары шеңберлі өрнекті болсын. Сонда келесі формуланы есептеп шығарамыз:
16+0+4+2+0+1=23
0+0+4+0+0+1=5
Қосымша формуланың алымында оң қолдың барлық өрнектеріне сәйкес тиісті сандық белгілері, ал бөлімінде сол қолдың сандық белгілері (оларды бір-біріне қоспай, кезектесе орналастырамыз) көрсетіледі. Қосымша формуланы қосымша бөлігін шығару үшін папиллярлы өрнектердің түріне, типіне байланысты тиісті әртүрлі сандық белгілері беріледі.
Доға тәріздес өрнектер – 1; радиалды ілмек тәріздес өрнектер – 2; ульнарлы ілмек тәріздес өрнекте, егер дельтаның тармақтарының екі жаққа бөлінуі мен өрнектің ортасы арасындағы сызықтар саны 1-ден 9-ға дейін болса – 3; сызықтар саны 10-нан 13-ке дейін болса – 4; 14-тен 16-ға дейін болса – 5; 17-ден жоғары болса – 6; шеңберлі өрнекте дельталардың ішкі орналасуы (сол дельтаның төменгі тармақшасы оң дельтаның төменгі тармақшасынан жоғары орналасып, арасында екеуден көбірек сызықтары болады) кезінде – 7; дельталардың орташа орналасуы (дельталардың төменгі тармақшалары бір сызықтың бойында жатса немесе екеуінің арасында бір немесе екі сызық орналасса) кезінде – 8; дельталардың сыртқы орналасуы (сол дельтаның төменгі тармақшасы оң дельтаның төменгі тармақшасынан төменірек орналасып, арасында екеуден көбірек сызықтары болады) кезінде – 9; Қосымша формуланы есептеп шығаруға мысал келтірсек: оң қолдағы бас бармақтың өрнегі – доға тәріздес (1); сұқ қол – сызықтар саны 15 ульнарлы ілмек тәріздес өрнек (5); ортаңғы саусақ – дельталары сыртқы орналасқан шеңберлі өрнек (9); төртінші саусақ – радиалды ілмек тәріздес өрнек (2); шынашағында – сызықтар саны 19 ульнарлы ілмек тәріздес өрнек (6). Сонда бөлшектің алымы 15926 сандарынан тұрады. Осындай жолмен сол қол бойынша бөлшектің бөлімін есептеп шығарамыз.
Дактилоскопиялық формула әр адамға тиесілі жеке түрде болмай, тек қана карталар арасынан белгілі бір карталар тобын бөліп алуға мүмкіндік береді. Осы топ ішінен тексерілетін адамның өрнектерін салыстыра отырып табуға болады.