Дактилоскопиялық тіркеу – қамауға алынған, бас бостандығынан айыру немесе жер аудару жазасына жазаланған, сонымен қатар қайыр тілеп жүргендігі және босқындығы үшін ұсталған тұлғаларды тіркеуге алудың бір түрі болып табылады. Ол дактилоскопиялық карталар арқылы жүзеге асырылады. Арнайы бояулар көмегімен тіркелетін тұлға қолының әрбір саусағының папиллярлы өрнектері боялып, бланкінің тиісті клеткаларына оның таңбалары түсіріледі. Дактилоскопиялау кезінде келесідей әрекеттерді орындау ұсынылады: егер дактилоскопия жасалатын тұлғаның қолы кір болса, оның қолын сабындап жууын талап ету керек; шыны немесе тегіс металл пластинкасына арнайы бояуды салып оны резеңке білікпен тегістеп жағу қажет; оның үстінен саусақты бір жақтан екінші жаққа қарай айналдыра отырып бедерін бояуға бояп, оны картотеканың тиісті жерінде көшірмесі қалатындай етіп түсіру керек. Барлық саусақтардың (бас бармақтан бастап) іздерін тексеру үшін екі қолдың да саусақ бедерінің іздерін бір уақытта жай ғана басып алу арқылы алынуы тиіс; алынған барлық саусақ таңбалары толық және анық болуы керек.
Мәйіттің қол саусақ таңбаларын дактилоскопиялық картаға түсіру үшін, оның жеке –жеке саусақтарын бөлек қағазға түсіріп алып, содан кейін оның әр саусақтарының іздерін қандай саусақтан алынғанын айта отырып, оң қолының саусақ таңбалары бір бөлек, сол қолының таңбалары бір бөлек әр саусағының аты жазылып қағазға жапсырылады. Егер мәйіттің сіресіп қатып қалуы бірден байқалса дактилоскпияға түсірмес бұрын қолдың сіңірін кесу жұмыстары сот–медициналық маманына жүктеледі. Сондай –ақ ұзақ уақыт суда жатып қалған немесе мумификацияланған (кеуіп қалған) мәйіттерді дактилоскопиялау сот –медициналық мамандарына тапсырылады.
Дактилокарталар белгілі бір тәртіппен реттеледі: он саусақ, бес саусақ және бір саусақ (монодактилоскопиялық) жүйесі бойынша. Дактилокарталарда осы аталған саусақтар бойынша бәрінің немесе әрқайсысының жеке –жеке белгілері туралы мәліметтер тіркеледі.
Он саусақ жүйесі бойынша айыпкерлер, ұсталған тұлғалар, сотталушылар тіркеуге алынады.
Дактилокарталарды жүйелеу қол саусақтарының папиллярлы өрнектерін топтастыруға негізделеді. Папиллярлы өрнектер үш түрге бөлінеді: 1) доға тәріздес; 2) ілмек тәріздес; 3) шеңбер тәріздес (шеңберлі).