Ниет және мақсат – қылмыс құрамының субьективтік жағының өзара тығыз байланысты белгілері болып табылады. Сондықтан заңи әдебиеттерде бұл ғылыми категориялар бірге қарастырылады. Қылмыстық-құқықтық ғылымда ниет деп қылмыс жасауға итермелеген, қажеттіліктер мен мүдделермен қамтамасыз етілген тұлғаның саналы түрде көрініс табатын ішкі сезімдерін айтамыз.
Ал мақсат деп қылмыс жасау нәтижесінде қылмыскердің сыртқы өмірінде болатын өзгерістер туралы тұлғаның ой-пікірін түсінеміз. Ниет әрбір қылмысқа тән және қызғаныш, кек алу, көре алмаушылық, жек көрушілік, бұзақылық немесе пайдакүнемдік сипатта көрініс табуы мүмкін. Мақсат – қылмыс жасауға итермелей отырып, тұлғаның еркін білдіреді. Қылмыстық жүріс-тұрыстың шынайы ниеті мен мақсаттарын білу қылмысты тергеу барысында оның қозғаушы факторларын бекітуге көмектеседі.