§4. Типтік ситуациялар және тергеудің бастапқы кезеңі
Тексеріс әрекеттерінің материалдары (бұлар – рапорттар; азаматтардың арыздары; бейне-басылымдары мен дыбыс жазбаларының кассеталары; ревизия актілері; аудиторлық қорытындылар; ревизия немесе аудит жүргізу барысында алынған құжаттар және т.б. болуы мүмкін) прокурорға немесе тергеу органдарына жіберіледі.
Бұл материалдар мұқият зерттеледі және белгіленген мәліметтер дәлелді болған жағдайларда қылмыстық іс қозғалады.
Бастапқы тергеу кезеңінде шамамен мынандай типтік болжаулар жасалады: құндылықтарды иелену әрекеттері жасалды ма, әлде жасалған жоқ па; бухгалтерлік есеп жүргізу ережелерінің бұзылуынан қылмыстық салақтылық көрініс табады ма, әлде жоқ па; лауазымдылық қызметін пайдалану әрекеттері жасалған қылмыстан орын алады ма, жоқ па және т.б..
Қылмыстық іс келесідей екі ситуацияда қозғалуы мүмкін: бірінші ситуацияда – жабық түрде жүргізілетін тексеріс әрекеттері туралы сезіктілердің ешқандай хабарының болмауы. Екінші типтік ситуацияда – сезіктілердің жүргізілетін тексеріс жөнінде хабардар болуы.
Бірінші ситуацияда міндетті түрде тосыннан (күтпеген жерден) әрекет ету факторын қолдану қажет. Тергеудің кезеңінің мақсаты тек қылмыскерлерді ұстау ғана емес, сонымен қатар, олардың кінәлілігі жөніндегі дәлелдемелерді алу.
Тергеу келесідей тергеу әрекеттерін жүргізуден басталады: қылмыскерді қылмыс үстінде ұстау; оқиға болған жерді қарау; ұсталғандарды (сезіктілерді) тінту; оқиға болған жерден алынған объектілерге зерттеу жұмыстарын жүргізу; сезіктілер мен куәлардан жауап алу; мүліктерді пайдалануға тоқтам салу; құжаттарды тексеру ревизия немесе аудит тағайындау және т.б..
Екінші ситуацияда жүргізілетін тергеу әрекеті сезіктіге мәлім болғандықтан, бұл жерде тергеушінің мақсаты жеткіліксіз дәлелдемелерді алу болып табылады. Мұндай ситуацияда әрекет ету барысы мен кезектілігі мынандай түрде: сезіктілерге қатысты бұлтартпау шараларын қолдану; сезіктілерден жауап алу; беттестіру әрекеттерін; ғимараттарға, үй-жайларға тінту жүргізу; құжаттарды алу және қарау; қаржылық және шаруашылық есептерді, мүліктерді пайдалануға тоқтам салу; қосымша немесе қайтадан ревизия, аудит тағайындау, сараптама тағайындау арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
Тергеудің бастапқы кезеңінде ғимараттардағы ситуацияға байланысты әртүрлі сала мамандарын тергеліп отырған іске қатыстыру қажеттілігіне; тұлғалардың іс бойынша келген азаматтардың жеке басын қорғауды қамтамасыз етуге; сондай-ақ, бұлтарпау және басқа да шараларды ұйымдастыру сипатындағы көптеген мәселелерге байланысты тергеу немесе жедел-тергеу топтарын құру қажеттілігі туындауы мүмкін.
Тергеушілер өзінің ішкі сезім нанымы негізіне сүйене отырып: қылмыстың жасалу механизмі мен жасалу тәсілі жөнінде, оның көлемі (қарқыны) және оған қатысушы тұлғалар туралы; олардың әрқайсысының атқарған рөлдері туралы; қаржыны, мүлікті иелену әрекеттері басқа қандай қылмыстармен ұштасатындығы немесе байланысатындығы жөнінде, сонымен қатар, тергелетін іске қарсылық әрекеттерін кім және қалай жасауы мүмкіндігі жайында байланысты болжаулар жасауы қажет.