§2. Типтік ситуациялар мен болжаулар және тергеудің алғашқы қезеңі
Жол-көлік оқиғасының тергеу тәжірибесін талдап жалпылау оның типтік тергеу ситуацияларын толық қалыптастыруға, сондай-ақ солардың негізінде жол-көлік оқиғасының тергеу жоспарын ұтымды түрде пайдалану үшін қажетті жедел-іздестіру шараларын және алғашқы тергеу әрекеттерінің жиынтығы мен типтік тергеу болжауларын құруға мүмкіндіктер береді.
Берілген санаттағы іс бойынша типтік тергеу ситуациялары мен болжаулар қатарына келесілер жатады:
жол-көлік оқиғасын қалыптастыратын динамикалық өзгерістердің тоқтау сәтіндегі жағдай өзгеріссіз оқиға болған жердегі барлық тиісті заттармен бекітілген. Бұл ерекше ситуациялық жағдайлардағы тергеу болжауларына: а) оқиғаның болу себебі – жүргізушінің жол қозғалысы қауіпсіздік ережелерін қылмыстық бұзу салдарынан; ә) бұл оқиға жол қозғалысы ережелерін жәбірленуші тұлғалардың (жаяу жүрген адамдардың немесе жолаушылардың) бұзуы нәтижесінде пайда болған; б) оқиғаның болуы өкілетті тұлғалардың көлік құралдарын жолға заңсыз түрде шығаруынан немесе көлік құралдарының күтпеген жерден техникалық ақаулықтарға ұшырауынан;
оқиғаға қатысушылармен жол-көлік оқиғасының нәтижесін нақты сипттайтын жағдайлардың өзгертілуі. Мұндай ситуацияларда жоғарыда көрсетілген болжаулармен қатар, осы немесе басқа да оқиғаларға қатысты тұлғалардың кінәсін әшкерелеп көрсететіндей жекеленген іздердің көзін жою мақсатында жол қозғалысына, болмаса қозғалыс қауіпсіздігіне өзгерістер енгізілуі мүмкін деген болжаулар құрылуы қажет. Сонымен қатар міндетті түрде бұл іздерді жою ниеті туралы болжаулар құрылуы тиіс;
жол-көлік оқиғасының барлық фактілік белгілері сақталған, бірақ көлік жүргізуші оқиға болған орыннан қашып кеткен ситуация. Мұндай ситуацияларда тергеуші алдымен болған оқиғаға нақты қандай көлік құралдарының қатысқандығын және оны кім жүргізгендігі жөнінде болжаулар құруы керек. Сонымен қатар міндетті түрде жоғарыда көрсетілген бірінші ситуациядағыдай болжаулар құрылуы қажет;
жол қозғалысы аймағынан қылмыстық фактілер көрініс табатын жағдайлар (мысалы, көшенің немесе жолдың бойынан, болмаса жиегінен, шетінен мәйіт табылған, бірақ жол-көлік оқиғасы болғандығын нақтылайтын белгілердің болмауы). Мұндай ситуацияларда келесідей болжаулар құрылуы тиіс: а) басқа қылмыстың ізін жасыру үшін жол-көлік оқиғасы болды деп инсценировка жасау; ә) нақты оқиға болған жерді жасыру, бұл ситуацияларда жалпы тергеу болжауларымен қатар жол-көлік оқиғасының болған жері, оның сипаты мен нақты жағдайы, оны жасау орны мен жолдың бойы, жиегі, шеті және т.б. жерлерде мәйіттің пайда болу жағдайы туралы жеке болжаулар жасалуы тиіс;
жол қозғалыс ағымы шекарасынан тыс жерлерден (орманнан, парктен, сай-жыралардан) мәйіт табылған, бірақ оның денесі мен киімдеріндегі жарақат, зақымдардың көлік құралдарынан болғандығын сипаттайтын белгілер (дөңгелек протектрлерінің іздері; фар шыныларының, болмаса автокөліктің терезесінің ұсақ үгінділері; мәйітті сүйрету іздері) болған жағдайлар. Мұндай ситуацияларда тергеуші жол-көлік оқиғасына қатысты емес болжауларды жасаумен қатар жол-көлік оқиғасында қандай жағдайлар болғандығы туралы жалпы болжаулар құрып алып, содан кейін басқа қылмыс болғандығы жөнінде инсценировка жасалғандығы туралы болжаулар құрады.
Жол-көлік оқиғасын тергеуді дер кезінде жоспарлау бұл қылмыс түрінің объективті әрі нәтижелі тергелуіне белгілі бір дәрежеде маңызды әсер етеді. Ол алғашқы алынған фактілік мәліметтерге сәйкес жүзеге асырылады. Жол-көлік оқиғасының жоспарын құру кезінде тергеуші ситуацияға байланысты және құрылған болжаулар бойынша тергеу әрекеттерін жүргізудің тиімді кезектілігін, сондай-ақ қажет болған жағдайларда жол-көлік оқиғасы болған орыннан кетіп қалған көлік құралдары мен жүргізушілерді іздеп табуға бағытталған жедел-іздестіру шараларын жүргізуді анықтауы тиіс.
Жоспарда бірінші орынға оқиғаны көзімен көрушілерді анықтау мәселелері қойылады, содан кейін куәлерден, жәбірленушілерден жол-көлік оқиғасының болуына кінәлі көлік құралының жүргізушісінен жауап алу; сот медициналық сараптама тағайындау; жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізушілер оқиға болған кезде алкогольдік мас күйінде болған немесе болмағандығын тексеру мақсатында куәландыру әрекеттерін жүргізу мәселелері қарастырылады. Жол-көлік оқиғасын тергеу жоспарында әсіресе автотехникалық-сараптама тағайындау мен жургізу маңызды орын алады. Автотехникалық-сарапшының қорытындысы көп жағдайларда қылмыстық істің кейінгі тағдырын анықтайды. Жол-көлік оқиғасының жоспарында, сонымен қатар белгіленген шараларды жүзеге асыру мерзімі мен олардың нақты орындаушылары қарастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |