Мазмұны 1 – БӨлім. Криминалистиканың теориялық негіздері


§5. Жеке тергеу әрекеттерінің тактикасы



бет216/233
Дата07.02.2022
өлшемі2,49 Mb.
#83762
түріОқулық
1   ...   212   213   214   215   216   217   218   219   ...   233
Байланысты:
окулык АЙШа
1 мамыр 2019

§5. Жеке тергеу әрекеттерінің тактикасы




Алу және тінту бұл тергеу әрекеттері көп жағдайларда дәлелдемелік мәліметтері бар қаржы-шаруашылық құжаттарды іздестіру мақсатында жүргізіледі.
Қылмыстық істі тергеу кезінде табылған әртүрлі құжаттардың ерекше маңыздылығы бар. Барлық жағдайларда бұл қылмыс немесе басқа да қылмыстық әрекет, сондай-ақ қылмыстық әрекеттермен байланысты қылмыстар осы құжаттардан көрініс табатындығы сөзсіз. Сондықтан да тергеудің алғашқы кезеңінде нақты бір құжаттарды табу және алу үшін төтенше шаралар қолданылуы қажет.
Іздестірудегі құжаттар туралы негізді мәліметтер болған жағдайларда құжаттарды алу әрекеттері мекеме, ұйым, кәсіпорындарда жүргізіледі. Құжаттарды дер кезінде алу қылмыскерлердің қылмыстың ізін жасыруына кедергі жасайды. Іздестірудегі құжаттар хатшылардан, бухгалтерлерден, архивтерден, басшылардан және т.б. алынады. Есептік операция құжаттары есептік көрсеткішке байланысты тиісті банктерден және басқа да қаржылық-несие мекемелерінен алынады. Кейбір құжат түрлері контрагенттерден (шарттардан, тексеру актілерінен), басты мекемеден, көлік агенттігінен, аудиторлық фирмалардан және т.б. алынуы мүмкін.
Бухгалтерлік құжаттарды мақсатқа сәйкес және толықтай алу өте күрделі әрекет болып табылады. Мұнда тергеуші тек қандай құжаттар алынуы қажет екендігін ғана шамамен анықтай алады. Ол құжаттар тізімі төмендегідей болуы мүмкін:

  • мекемелердің тіркемелік құжаттары (құрылтай шарттары);

  • жалпы жиналыс хаттамасы, тіркеу туралы куәлік, жарғы;

  • бухгалтерлік есеп және есептілік құжаттары (бухгалтерлік басты кітап, регистрлер, көрсеткіштер, есептер мен баланстар);

  • бұйрықтар, ұйғарымдар, қызметтік жазбалар, шарттар, арнайы есептік кітапшалар);

  • есептік көрсеткіш бойынша есептік операция құжаттары (төлем талаптары мен тапсырыстар, тұлғалардың қолы қойылған карточка үлгілері және т.б.);

  • кассалық бастапқы құжаттар (кассалық ордер, кассалық кітап);

  • көліктік және қабылдау мен өткізу құжаттары (тауарлы-транспорттық, накладнойлар, фактуралық-есептер); қоймалық есеп құжаттары.

Сонымен қатар, тергеу кезінде – офистік, қоймалық, тауарлық, бухгалтерлік есеп және есептілік туралы іс жүргізу бағдарламасындағы компьютерлік файлдардың үлгілері алынады. Компьютерде сақталынған мәліметтерден мекемелердің қаржы-шаруашылық әрекеттері жасалған шарттар, сату және сатып алу бағалары, бухгалтерлік есеп мәліметтері, қаржылық қорытындылар туралы ақпараттар алынуы мүмкін. Компьютерлерде – шарт мәтіндері, іс жазбалары, бұйрықтар, тапсырыстар, жарлықтар мен оқиғаға қатысты басқа да құжаттар сақталуы ықтимал. Тергеуші қарау әрекеті барысындағы кестелік және компьютерлік ақпараттарды зерттеу үшін мамандардың көмегін пайдаланады.
Алу арқылы барлық уақытта қажетті құжаттар толық алына бермейтіндігін міндетті түрде ескеру керек. Себебі сезікті тұлғалар тексерілетін акт құжаттамаларының мазмұнын білетін болғандықтан құжаттарды жасыруға немесе олардың көзін түпкілікті жоюға байланысты әртүрлі шаралар қолданып тергеуге қарсы әрекеттер жасайды.
Алу әрекеті кейбір ситуациялық жағдайларға байланысты тінту әрекетіне ұласып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайларда тергеуші іздестіру жұмыстарын объектінің өзінде емес, сезіктінің серіктестеріне, мекемелерге, тасымалдаушыларға, сатып алушыларға (келісім-шарт, кіріс және шығыс құжаттарына); банктерге (заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсететін), сезіктінің жеке сейфі болуы мүмкін жерлерге, мемлекеттік мекемелерге – салық комитеттеріне, кеден, әкімшілік, қонақ үйлерге және т.б. (қаржылық есептілік, құрылтай құжаттарына) жүргізуі қажет.
Тергеудің бастапқы сатысында ресми құжаттарды, алғашқы жазбаларды, сондай-ақ сезіктінің қызметімен байланысты: әртүрлі жазбаларды, телефон нөмірлерін, азаматтардың аты-жөндері мен басқа да құжаттарды табу және алу үшін тінту әрекеті жүргізіледі. Алынған мұндай мәлімет қорытындылары барлық жағдайларда нәтижелі бола бермейді. Сондықтан да тінту әрекеттері қажетті құжаттардың нақты табылуы және алынуы мүмкін жерлерге ғана жүргізілуі тиіс.
Тінту орны алу әрекеті жүргізілген ғимарат болуы мүмкін. Тәжірибеде көрсеткендей көбіне тінту әрекетін сезіктінің (басшының, бухгалтердің) гараждарына, сая-жайлары мен қосымша ғимараттарына, автокөліктеріне және басқа да тұрғылықты жерлері бойынша жүргізген тиімдірек болып табылады.
Тінту барысында – бастапқы жазылған жазбалар, ресми емес есептік құжаттамалар, мазмұны түсініксіз, өзгертілген, химиялық өңдеулер арқылы өшіріліп, қырылған, қосып жазылған құжаттар алынады.
Көбінде алынған мұндай мәліметтер, яғни ресми емес есептік құжаттар осы немесе басқа да қаржылық-шаруашылық операциялардың нақты мағынасы мен көлемін анықтауға мүмкіндіктер береді. Бұл құжаттар ресми емес есеп мәліметтерін нақты бухгалтерлік есептілік мәліметтермен салыстыруға мүмкіндік жасайды.
Тінтуді жоспарлау және оны жүргізу кезінде ресми емес есеп құжаттарын міндетті түрде есепке алу қажет. Себебі ол есептілік материалды – жауапты тұлғаның өз бастамасы бойынша бақылау және өзін-өзі тексеру мақсатында жүргізетін барлық құбылыс әрекеттері болып табылады. Ресми емес құжаттарға дәптердегі, парақтар мен қағаздардағы, жазба кітапшаларындағы, үстелдік күнтізбелердегі және т.б. жазбалар жатады.
Бухгалтерлік ресми құжаттардан табылмаған: қызмет көрсету, қоймаға түсірілген тауар, тауарды сату және т.б. туралы мәліметтер ресми емес есеп құжаттарынан көрініс табуы мүмкін.
Белгілі бір уақыт кезеңіндегі қаржылық-шаруашылық операциялар көрініс табатын ресми емес есептік жүйелендірілген және алынған құжаттар арқылы мекеменің қаржылық-шаруашылық әрекеттері жөнінде (ресми құжаттар жоғалып немесе бухгалтерлік есеп мүлдем жүргізілмеген жағдайдың өзінде) дәлелді көрсетпелер алынуы мүмкін. Тергеуші ресми емес құжаттармен жұмыс жасау барысында алдымен, олардың іске тиістілігі мен қатыстылығын анықтап алуы тиіс.
Ресми емес құжаттарда ешқандай реквизит болмайды, олар еш жерде тіркелмейді, құжатта оны толтырған тұлғаның қолы қойылмайды және т.с.с..
Тінту тек мекеме орындарына ғана жүргізілмейді, сонымен қатар, жеке меншік жер учаскілеріне де, тұрғын-жайларға (соның ішінде – саяжай, саябақ, монша, көлік құралдарына және т.б.) жүргізіледі. Тінту жүргізудің мақсаты тек құжаттарды, дискет, диск, компьютерлерді іздестіру ғана емес, сондай-ақ алғашқы жазылған әртүрлі жазбаларды тауып алу.
Құнды мүліктерге тоқтам (арест) салудың маңызы ерекше.
Келтірілген шығындардың орнын толтыру тергеу тәжірибесіндегі негізгі мәселелердің бірі болып табылады.
Қылмыстық әрекеттермен жасалған материалдық шығындардың орны көбінде толықтырылмайды.
Жауап алу - әрекеттері заң бойынша барлық жағдайларда жүргізіледі. Тергеуші қылмыстың экономикалық маңызын міндетті түрде ескере отырып бухгалтерлік есепті психологиялық процесс тұрғысынан қарастыруы керек.
Қылмыстық істі тергеу кезінде құқық бұзу әрекеттері анықталған сәттен бастап мекемеге тексеріс жүргізген тұлғалардан жауап алынады. Бұл тұлғалар ревизорлар мен аудиторлар болуы мүмкін. Олардан жауап алу арқылы қылмыстың жағдайы мен құқық бұзушылықтың мәнін анықтауға болады. Көрсетілген тұлғалардан жауап алу айтарлықтай қиыншылықтарға әкеп соқтырмайды. Олар іске мүдделі емес болғандықтан дұрыс көрсетпелер береді. Жауап алынатын тұлғалардың кәсіби даярлығын ескере отырып, тергеуші жіберілген құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында барынша олармен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысуы қажет.
Жоғарыда аталған тұлғалармен қатар бухалтерлік қызметпен байланысты тікелей шаруашылық есеп және есептілік қызметін атқаратын (кассир, қоймашы, экспедиторлардан, дүкеншілерден, әртүрлі алғашқы құжаттарды толтырушылардан және сол сияқты басқа да) тұлғалардан жауап алынады.
Жауап алынбас бұрын мекеменің бухгалтерлік есеп жүргізудегі есеп беру; тауарлы-материалды құндылықтарды қабылдау, сақтау және өткізу; кассаға түсетін ақшалай түсімдердің орындалу тәртіптері; сондай-ақ ресми емес құжаттардың болуы мүмкін делінген жерлер (орындар) анықталады.
Көбінде бұл куәлардың басым көпшілігі іске мүдделі болмағандықтан дұрыс әрі әділ жауап береді. Бірақ олардың арасындағы кейбір тұлғалар іске мүдделі адамның ықпал етуіне, иландыруына байланысты немесе онымен өзара келісім жасап жеке бір қажетті фактілерді бұрмалаулары мүмкін.
Қажетті мәліметтерді – мекемеде жұмыс істейтін тікелей шаруашылық (өндірістік) қызмет атқаратын немесе оған қатысты басқа да тұлғалардан алуға болады. Олар: хатшылар, жүргізушілер, жүк түсірушілер, күзетші, өндірісшілер мен басқа да тұлғалар. Аталған тұлғалардың көмегімен шаруашылық операция жүргізу жағдайының жалғандығы (өткізілген тауар саны, оны тиеу және түсіру, тасымалдау жағдайы) анықталады; мекемедегі шын мәнінде жүргізіліп жатқан операциялар (тізімге кіргізілмеген тауарлар, шикізаттар өндірістер және т.б. мекеменің қоймасында сақталуы мүмкін) әшкерленеді.
Бұл категориядағы куәларға мүдделі тұлға жағынан қысым көрсетілуі ықтимал. Сондықтан да олардан жауап алу әрекеті тергеудің бастапқы сатысында жүргізілуі тиіс.
Аса қажетті көрсетпелер басқа да куәлардан, нақты айтқанда басқа мекеме, ұйым өкілдерінен немесе шарт жасасушы серіктестіктерден алынуы мүмкін.
Бұл куәлар өзара шартқа отыру, сатып алу, сату туралы, тасымалдау, есеп айырысу және сол сияқты мәліметтер жөнінде басқа да ақпараттар береді. Коммерциямен шұғылданушы басшылар (директор, президент т.б.), экспедиторлар және басқа да тұлғалар іске куә ретінде қатыса алады.
Көрсетілген категориядағы кез-келген куәдан жауап алу барысында оларға құжаттарын көрсетуін талап ету сияқты тактикалық тәсілдерді де қолдануға болады.
Ұзақ мерзім өтіп кетуіне байланысты куәлардың көпшілігі қаржылық-шаруашылық операция ісі бойынша мәліметтерді толықтай естерінде сақтап қалмайды және де жауап алу кезінде тергеушінің қарастырып отырған мәселелерін түпкілікті түсінбейді. Олар тек жүргізілген операция жағдайын ғана айтып берулері мүмкін. Кейбір жағдайларда керісінше тергеушінің өзінің ‘’ұмытшақтық’’ қасиеті жауап алудың нәтижелі жүргізілмеуіне себеп болады.
Құжаттарды көрсетіп, таныстыру арқылы куәлардың еске түсіру мүмкіншіліктерін арттыруға болады. Сонымен қатар, олардан жүргізілген шаруашылық операциялар мен оған қатысты басқа да оқиғалар жайында ақпараттар алынуы мүмкін.
Жауап алу барысында мұндай тәсілдерді сезікті (айыпкер) тұлғаларға да (мекеме басшылары мен орынбасарларына, бас бухгалтерлерге) қолданылған тиімді.
Бұл тұлғалардан жауап алу әрекеттері ревизия қорытындылары, аудиторлық тексерістер жүргізілгеннен және куәлардан жауап алынғаннан кейін ғана жүргізілуі тиіс.
Сезіктілер (айыпкерлер) – жоғары деңгейде білімі бар (экономика, заң, техника салалары бойынша), әлеуметтік мәртебесі биік және оларға көрсетілген дәлелдемені дұрыс дәлелдеп бағалауға қабілетті тұлғалар болып табылады.
Аталған тұлғалардан жауап алу үшін міндетті түрде келесідей дайындық жұмыстары жүргізілуі тиіс: іс материалдарымен танысып қана қоймай, ондағы заңдылықтарды да қарастыру керек; дәлелдемелер алу мақсатында қажетті фактілерді анықтау қажет; қойылатын сұрақтар шеңбері мен кезектілігі анықталуы тиіс; жауап алу кезінде дәлелдемені көрсетудің тактикасын ойластыру керек.
Егер тергеуші сезіктіден жауап алар алдында өзінің білімі, тәжірибесі жағынан кемшіліктердің болуы мүмкіндіктерін сезген жағдайларда мамандармен алдын ала кеңесуі немесе оларды жауап алу әрекетін жүргізуге шақыру қажет.
Тергеушілер көбінде дәлелдемені жауап алу алдында көрсетіп, одан кейін басты мәселеге көшу сияқты кемшіліктер жібереді. Іске қатысты құжаттар – жауап алынатын тұлғаларға олар істің барлық мән-жайы туралы жауап бергеннен соң ғана көрсетілуі тиіс.
Беттестіру. Беттестіру әрекетін жүргізу барысында аса мұқияттылық қажет. Бұрын жауап алынған тұлғалардың берген жауаптарының қарама-қарсы болуы әдетте олардың ұмытшақтық қасиеттеріне байланысты болмайды. Бұл жерде жауап беріп отырған тұлғаның біреуі екіншісіне кінә тағу мақсатында саналы түрде жалған жауап беруге тырысады. Мұндай жағдайлар мекеме басшысы мен бас бухгалтердің, басшылар мен оған бағынышты тұлғалардың, мекеме басшылары мен шартқа отырған басқа мекеме өкілдерінің арасында болады.
Жауап алынған куәлардың біреуінің берген жауабы жалған екендігі ескеріле отырып, дәлелді дәлелдемелер алу мақсатында беттестіру әрекетін жүргізу арқылы іске қатысты мәселелер шешіледі.
Тергеуші құжаттарды қарау әрекетін міндетті түрде жүргізуі тиіс. Өйткені кез-келген экономикалық қылмыстар түрін құжаттарды қолданбай жасау мүмкін емес. Тергеуші құжаттарды, оның түрін, мазмұнын, визаларын, қойылған қолдарын, күндерін және т.б. зерттеу арқылы қылмыстың жасалу механизмін жете түсіне алады. Құжаттарды қарауға мамандарды – бухгалтерді, технологты, товароведті шақыру қажет. Бұл қарау процесін жеңілдетеді, әрі жеделдетеді. Құжаттарды қарау кезінде екі жағдай пайда болуы мүмкін:
- мұдан бұрын анықтаушы орган тексеру жұмыстарын немесе ревизия; аудит жүргізіп кеткен;
- кұпия тексеруден кейінгі іс қозғалған.
Бірінші жағдайда тергеушінің қолында тексеріген құжаттар болады. Екінші жағдайда құжаттар жоқ: оларды табу үшін алу, тінту, қарау әрекеттері жүргізіледі. Қандай ңақты құжаттар қаралу керектігі қылмыстың тәсіліне байланысты болады. Сол себептен, қараудың алдында тергеуші қандай құжаттар керек екендігін анықтап, белгілеп алуы тиіс.
Құжаттарды қарап шығудың алдында дайындық шаралары жүргізіледі; құжаттарға қол қоюға құқығы бар тұлғалар тізімі, бухгалтерлік есеп шоттың қүнделікті есептеу жұмыс жоспары бекітілген бе, ішкі бухгалтерлік есеп беру құжаттарының түрлері бекітілген бе, бухгалтерияға түсіп жатқан алғашқы (бастапқы) құжаттардың барлығы компьютерге енгізілінген бе, мүліктер мен міндетемелердің бағалау, бақылау тәсілдері қандай деген жағдайларды анықтап алуы қажет.
Жеке құжатты қарағанда: құжаттың жалпы түрін, көлемін, оның аталуы, кімнен шыққаны, кімге арналғаны, күні, тіркелген нөмері, мазмұнын толтыру тәсілі, оның толығымен орналасқаны, мөрі, штампы бар болса, олардың түрлері, мазмұны, әріптердің конфигурациясы, қолжазбаның кімнің атынан, қалай қойылғандығын тексеру керек. Қарау кезінде мыналарға қөніл аудару қажет: құжаттардың толтырылуы бекітілген тиісті түріне және бланкісіне сай келе ме, реквизиттер толық тіркелген бе, құжаттағы қателер дұрыс түзелген бе, бос жолдар сызылған ба, өзгерістердің белгілері бар ма, жоқ па.
Қарау кезінде құжаттардың жалған жасалғандығын анықтау үшін қарама-қарсы тексеру, бір тізім құжаттардың бұратала қарау, арифметикалық есептеу шараларын қолданған өте тиімді болады.
Құжаттарды қарау өте маңызды әрекет, ол мынандай жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді: құжаттарды толтыру ережесінің бұзылғандығын, құжаттардың даналарындағы (экземпляры) мәліметтердің бір-біріне сәйкес келмеуі. Сонымен қатар, қандай әрекеттер жасау керектігін, қай қызметкерлерінен жауап алуды, келесі қандай құжаттарды алу, кімнің үйіңде тінту жүргізу, қандай сараптама тағайындау керектігін және т.б. анықтау.
Компьютерді қарау. Қараудың ерешеліктері бар – міндетті түрде мамандарды қатыстыру, бөгде адамдарға компьютерге тиісуге тыйым салу, электржүйесіне қосуға рұқсат бермеу және т.б.
Сараптама тағайындау – төмендегідей сараптама түрлері тағайындалуы мүмкін. Сараптаманың қандай түрі тағайындалатындығы экономикалық қылмыстың түріне; оның жасалу тәсіліне және басқа да криминалистикалық сипаттағы элементтеріне байланысты.
Сот қолжазбатану сараптамасы тәжірибеде барлық экономикалық қылмыс түрлеріне байланысты сараптама жүргізіледі. Соның ішінде көбінде бөтеннің мүлкін иелену мен ысырап ету қылмыстарын тергеу барысында сараптама тағайындау қажеттілігі жиі туындайды.
Бірақ, қолжазбатану сараптамасы міндетті сараптама түрлерінің қатарына жатады. Себебі қарастырылатын бірде-бір іс жағдайлары бұл сараптама көмегінсіз шешілуі мүмкін емес. Егер сараптама жүргізілмесе бұл факт істі қайта тергеуге қайтаруға негізі болып табылады. Сот қолжазбатану сараптамасы арқылы лауазымды тұлғалардың; материалды жауапты адамдардың; мекеме басшылары мен бухгалтерлердің және т.б. қолтаңбаларының ауыстырылғандығы (олардікі емес екендігі) анықталады.
Кейбір кездерде басқа да қолмен жазылған жазбаларды; қойылған қолтаңбаларды зерттеу қажеттілігі сияқты жағдайлар кездеседі. Мысалы, орындаушы ауырып тұрған кезінде; мас күйінде немесе басқа да қолайсыз жағдайларда жазған өзінің қолжазбасын іздестіру мақсатында сараптама көмегіне жүгінуі мүмкін. Сараптама жүргізудің нәтижелілігі көбінде қолжазбатану сараптамасына жіберілетін материалдардың дұрыс әрі толық рәсімделуіне байланысты. Салыстырмалы материалдардың жеткіліксіз болуы сараптама жүргізбестен кері қайтаруға әкеп соқтырады.
Құжаттарды техникалық зерттеудің ерекшелігі қолжазбатану сараптамасына қарағанда сирек жүргізілетіндігінде. Ол төмендегідей сұрақтарды анықтау мақсатында тағайындалады: ұсынылып отырған құжатта, оның мәтінінде мерзім белгілеуінде және қолтаңбасында қандай да бір өзгерістер бар ма; құжаттағы барлық фрагментер (реквизиттер) бір уақытта орындалған ба; құжаттағы мөртаңбалар осы мекеменің мөртаңбасымен орындалған ба; құжаттағы барлық даналары бір принтермен басылып шығарылған ба және т.б.
Сот-бухгалтерлік сараптама. Сот-бухгалтерлік сараптама өте кең тараған сараптама түрлерінің біріне жатады. Экономикалық қылмыстарды тергеу кезінде, әсіресе бөтеннің мүлкін ұрлау, лауазымды тұлғалардың құзіреттілігін пайдалану қылмыстарын тергеу барысында бұл сараптама басты орын алады. Сот-бухгалтерлік сараптаманы тек бухгалтерлік есеп жүргізу құзіретіне қатысты барлық мәселелерді жақсы білетін мамандар жүзеге асырады.
Сот-бухгалтерлік сараптаманың пәні – бухгалтерлік есептен көрініс табатын және тергеу мен сот қарауының объектісі болып табылатын шаруашылық-қызмет операцияларының экономикалық мәні жөніндегі мәліметтер болып табылады.
Осындай мәліметтерді материалдық тасымалдаушы ретінде бухгалтерлік құжаттар қызмет етеді, бұлар зерттеудің тікелей объектісі ретінде де көрініс табады.
Сараптамалық зерттеу объектісі болып табылатын барлық құжаттарды келесідей топтарға бөліп көрсетуге болады:

  • материалды жауапты тұлғалардың барлық бастапқы құжаттары (ведомствалық накладнойлар, ведомствалық төлемдер, инвентаризациялық тізім және т.б.) мен (кассалық, аванстық, тауарлық, тауарлы-ақшалай) есептері;

  • зертелетін операциялардан көрініс табатын ведомостар (қойма есептерінің кітаптары мен карточкалары, журналдар, ордерлер, басты кітап, таблицалар, кітапшалар), бухгалтерлік есеп регистрлары.

  • есептік құжаттар (бухгалтерлік баланс, салық декларациялары, статистикалық есеп);

Сот-бухгалтерлік сараптаманың объектілерін зерттей отырып, зерттеу кезінде басқа да қылмыстық іс материалдары қосымша маңызды роль атқаратынын ескеру қажет. Оларға жататындар: ревизия актілері, тергеу және сот әрекеттерінің хаттамалары, әртүрлі білім саласындағы сарапшылардың қорытындылары, ресми емес құжаттамалар. Бұл құжаттар бухгалтерлік есептің жүйелік нысандары болып табылмағанымен де, істің нақты мән-жайларын көрсетеді. Олардың көмегімен зерттеліп отырған операцияларды тереңірек анықтауға және сараптама жүргізудің дұрыс әдісін таңдап алуға болады.
Кез-келген сот-сараптамасының түрлері мен сот-бухгалтерлік сараптаманы жүргізудің тәртібі сияқты, қылмыстық-іс жүргізу және азаматтық-іс жүргізу заңдарының нормаларымен реттеледі. Заң сот-бухгалтерлік сараптаманы міндетті сараптамалардың қатарына жатқызбайды, сондықтан да оны тағайындау туралы мәселені істің мән-жайына байланысты тергеуші немесе сот шешеді. Мұндай мән-жайлар мынандай жағдайларда туындайды:

  • материалды жауапты және басқа да тұлғалармен берілген ақтау құжаттары аудитормен есептелмеген жағдайда;

  • аудитормен қолданылған тексеру әдістері күмән тудыратындай жағдайда;

  • айыпталушының (сотталушының) сот-бухгалтерлік сараптама тағайындауы туралы негізді өтініші болған немесе аудитордың қорытындысына қарсы дәлелді қарсылықтары болған жағдайда;

  • басқа саладағы сарапшының қорытындылары нәтижесінде бухгалтерлік сараптама тағайындау қажеттілігі туындаған жағдайда.

Тергеушінің немесе сотттың бастапқы сот-бухгалтерлік сараптамадан басқа да, қосымша немесе қайталама сараптама тағайындау құқығы бар.
Қосымша бухгалтерлік сараптама мынандай жағдайларда тағайындалуы мүмкін:

  • бухгалтерлік сараптама актісін алғаннан кейін сот немесе тергеу органдарында іске қатысты сұрақтар туындаса;

  • сарапшының берген қорытындысы толық емес деп танылса;

Сарапшының қорытындысы негізделмеген жағдайда қайталама сот-бухгалтерлік сараптама тағайындалады, оған төмендегілер себеп болуы мүмкін:

  • іс жүргізу нормаларының елеулі бұзылуы;

  • зерттеу әдістемелерінің қате болуы;

  • іс үшін аса маңызы бар сұрақтарды шешу барысында сарапшылардың арасында өзара келіспеушіліктердің туындауы;

  • тергеушінің қойған сұрақтарына сарапшы жауап бере алмауы;

  • зерттеу процесі жеткіліксіз баяндалса және сараптама актісінің қорытынды негізін дұрыс түсіну мүмкін емес жағдайда;

  • тергеуші сарапшының кәсіби құзыреттілігіне күмәнді болу жағдайлары.

Сұрақтарды қою сот-бухгалтерлік сараптаманы тағайындаудың маңызды элементі болып табылады. Тергеушінің немесе соттың сұрақтары сараптамалық зерттеу шегін көрсетеді және олар сұрақтарды дұрыс қоюға, сондай-ақ бухгалтерлік сараптаманы жүргізу уақыты мен сапасына, зерттеу жүргізудің толықтығына байланысты болып келеді. Тергеліп отырған істің ерекшелігі мен фактілік айырмашылықтарына байланысты сарапшы-бухгалтердің қорытындысы мен қойылатын сұрақтардың сипаты әрбір нақты іс бойынша әртүрлі болып келеді. Сол себептен де сот-бухгалтерлік сараптаманың жаңа мүмкіндіктері мен сарапшылар шеңберінде шешілетін сұрақтардың шарттарымен тергуші немесе сот толық танысқан кезде ғана сұрақтар дұрыс қойылады. Сұрақтарды қою тәртібі төмендегідей болып келеді:

  • сұрақтар сарапшы-бухгалтердің құзіреті шегінде қойылуы тиіс. Олар дәлелдемелерді бағалауға және лауазымды тұлғаларды заңи тұрғыда саралауға қатысты болмауы керек;

  • тапсырманың шегін дұрыс түсіну үшін сарапшыға қойылған сұрақ нақты болуы тиіс. Оларда тексеруге жататын кәсіпорынның атауы, лауазымды немесе материалды жауапты тұлғаның аты-жөні және тексеру кезеңіндегі әрекеттерін көрсететін нұсқаулықтар беріледі;

  • сұрақтарды күрделендірудің қажеті жоқ. Олар тергеліп отырған істің мән-жайларынан туындауы қажет және оны шешу үшін маңызды мәнге ие болуы керек;

  • сұрақтар логикалық кезектілікпен баяндалуы тиіс.

Қарастырып отырған іс мәселелерінің сипатына байланысты сарапшының алдына қойылатын сұрақтарды төмендегідей үш топқа бөліп көрсетуге болады:
Бірінші топқа, есептік және тіркеу жазбалары мен бастапқы құжаттағы мәліметтердің сәйкес еместігін анықтау мәселелері жатады. Осыған байланысты сарапшының шешуіне қойылатын сұрақтар:

  • есептік және тіркеудегі жазбалар бастапқы құжаттамалардағы мәліметтермен сәйкес келе ме, егер сәйкес болмаса жіберілген ауытқулықтар келтірілген шығын сомасының жоғарлауына (немесе төмендеуіне) қалай әсер етті;

  • синтетикалық есептің деректері бастапқы құжаттар мен аналитикалық есепке сәйкес келе ме, егер сәйкес келмесе есептік көрсеткіштерін бұрмалау қандай сомада жасалған;

  • өнімді шығаруға байланысты қорытынды көрсеткіштер құжаттамалық деректерге сәйкес келе ме, сәйкес келмесе қандай бұрмалаушылықтар жасалған;

  • шаруашылық есепте жіберілген ауытқулықтар (төмендету немесе жоғарлату) қандай шаруашылық операцияларымен байланысты;

  • қандай шаруашылық операциялар бойынша аналитикалық есептің көрсеткіштері синтетикалық есептің көрсеткіштеріне сәйкес келмейді;

  • есептік деректердегі сәйкессіздіктер қандай уақыт кезеңдерінде болған және т.б.

Екінші топқа, сот-бухгалтерлік сараптама жүргізу арқылы шешілетін келесідей мәселелерді, яғни бухгалтерлік құжаттар бойынша ақша қаражаттары мен тауарлы-материалдық құндылықтарды қабылдау, сақтау, өткізу және есептен шығаруды анықтау мәселелері жатады. Мұнда келесідей сұрақтар қойылуы мүмкін:

    • бухгалтерлік есептегі материалдарды есептеп шығару тиісті нысанда ресімделген бе;

    • есептік тіркеудегі қандай жазбалар бастапқы құжаттармен негізделмеген;

    • құндылықтарды мақсатсыз ысырап ету немесе қабылдау қандай операциялар бойынша жүзеге асырылған;

    • қандай мерзімде және қандай сомада құндылықтар ешқандай құжатсыз есептен шығарылған;

    • дұрыс емес жасалған құжат бойынша қанша сома берілген және т.б..

Үшінші топ мәселелері – бухгалтерлік есептің дұрыс жүргізілу жағдайларын және тауарлы-материалдық құндылықтар мен ақша қаражаттарының жеткіліксіздігін немесе артықшылықтардың болуын анықтауды арнайы қиындататын жағдайларды анықтаумен байланысты.
Сарапшының шешуіне төмендегідей сұрақтарды қоюға болады:

  • нақты шаруашылық операция бойынша бастапқы және жиынтық құжаттар дұрыс ресімделген бе;

  • құндылықтарды қабылдау және өткізу кезінде есептіліктің қандай талаптары орындалмаған;

  • бухгалтерлік құжаттарды толтыру кезінде қандай ауытқулықтар жіберілген;

  • аналитикалық есептілік жүргізу кезінде қандай ережелер сақталынбаған;

  • калькульяция жүргізу кезінде қандай ережелер сақталынбаған;

  • нақты шаруашылық операция бойынша бухгалтнрлік есепті жүргізу әдістемесі сақталынған ба;

  • заңсыз операцияларды анықтауды қиындату үшін жасалған кедергілер бухгалтерлік есеп жүргізу тәртібінен қандай орын алады;

  • ревизия немесе аудит қорытындылары дұрыс па;

  • ревизия және аудиттің материалдары жеткілікті ме;

  • бухгалтерлік есеп жүргізудің және мекеменің қойған қандай талаптары сақталмаған және т.б.

Жоғарыда берілген сұрақтар тәжірибеде кеңінен таралған. Белгілі бір іс жағдайына және ситуациясына байланысты басқа да сұрақтар қойылуы мүмкін. Қойылатын сұрақтар нақты әрі анық болуы және олар сарапшы-бухгалтердің құзіретіне қатысты болуы керек. Кейбір кездерде сарапшы-бухгалтердің құзіреті шеңберіне кірмейтін сұрақтар қойылады. Мысалы, мекемеге келтірілген залалдар мен шығындарға материалды жауапты тұлға кінәлі ме, сондай-ақ материалды жауапты немесе лауазымды адамдар жағынан ықпал етушілік орын алды ма? – деген сұрақтар қойылады. Мұндай жалпы сұрақтарды шешу сарапшы-бухгалтердің құзіретіне кірмейді. Бұл сұрақтарды шешу тергеушілердің құзіреттілігіне жатады. Сарапшы бухгалтерлер есеп мәліметтерін зерттеу жолымен тек нақты жауапты адамның есебіндегі өнімнің қаншасы артық және қаншасы жетіспейтіндігін, сондай-ақ материалдық шығындардың көлемін ғана анықтап бере алады.
Сот-бухгалтерлік сараптама тағайындау кезінде оларға жіберілетін материалдарды дайындау. Жоғарыда көрсетілген сұрақтармен қатар, тергеуші сарапшы-бухгалтерлерге іске қажетті барлық материалдарды жіберуге міндетті.
Сарапшы-бухгалтерлерге төмендегідей материалдар жіберілуі тиіс:

  • бухгалтерлік есептің бастапқы құжаттары (оған накладнойлар жатады);

  • есептік регистрлер, ордерлер, журналдар, басты кітап;

  • бухгалтерлік есептегі баланс, есептілік.

Сонымен қатар, кейде сарапшыларға бұл құжаттардан басқада ҚІЖК-нің және тактика талаптары сақтала отырып алынатын материалдар, яғни электронды тасымалдаушы дискілер, дискеттер қажет болады.
Қажетті материалдар қатарына сондай-ақ жедел-есептеу материалдары, статистикалық есеп, қалдық журналдары, инвентаризация актілері, толық материалды жауаптылыққа байланысты жасалған шарт, еңбектік және басқа да шарт материалдары жатады.
Ревизия актілерінің, ревизияның аралық актілерінің, материалды жауапты лауазымды адамдардың, жұмысшылар мен қызметкерлердің және басқа да тұлғалардың түсініктемелерінің, жауап алу хаттамаларының өз алдына ерекше маңызы бар. Сондықтан аталған бұл материалдарда қажетті материалдар құрамына кіреді. Әрбір іс бойынша сарапшыға қажетті материалдар нақты іс жағдайына байланысты жіберіледі. Барлық жағдайда қажетті материалдар тізімін тергеушілер немесе соттар өздері анықтайды. Материалдарды дайындау кезінде олардың толықтығын қамтамасыз ету үшін тергеліп отырған іске маман-бухгалтерді қатыстыру қажет. Қарау, тінту, алу әрекеттерін жүргізу барысында, олар қандай құжаттарды, материалдарды алу қажеттігін көрсетіп көмектеседі. Ол шаруашылық-операциялар қандай құжаттардан көрініс табатындығын, қандай құжаттар өзара байланысты екендігін және тағы басқа да жағдайларды анықтай алады.
Мамандар құжаттарды табуға, тергеушіге қажетті фактілері бар құжаттарды алуға және олардағы кемшіліктерді анықтауға көмектеседі.
Егер тергеуші сарапшыға қажетті материалдарды жібермеген жағдайларда, сарапшы өндірісті тоқтатып қажетті материалдарды тергеушіден талап ете алады.
Сот Сараптама Орталығының тәжірибесі көрсететіндей тағайындалған экономикалық сараптаманың басым көпшілігі, яғни 100%-ға жуығы қосымша материалдарды талап етуге мәжбүр болатындықтарын көрсетеді.
Қаржы-экономикалық сот сараптамасы. Бұл сараптаманың пәні болып – кәсіпорын, мекеме, ұйымдардың экономикалық және қаржылық мүлкін көрсететін жағдайлар табылады. Оны тағайындау қажеттілігі жалған банкроттыққа ұшырау, салық төлемеуге, несиені қайтармауға, заңсыз жекешелендіруге; бөтеннің мүлкін ұрлауға байланысты қылмыстарды тергеу кезінде туындайды. Қаржы-экономикалық сараптама келесідей екі түрге бөлінеді: 1) қаржы-несиелік зерттеу; 2) қаржы-өндірістік зерттеу.
Қаржы-несиелік сараптамалар ақша қорлары мен несиелерді қалыптастыру, бөлу және жұмсау негізділігін зерттеу үшін қажет. Мұндай жағдайларда мынандай сұрақтар қойылады:
- банктен алынған несие негізді ме;

  • банктен несие алу үшін қандай жалған мәліметтер берілген;

  • несие қаржылары орынды жұмсалған ба;

  • несие ресурстары мен ақша қорларын құру және пайдалану негізді ме;

  • несиеге байланысты пайыздар дұрыс есептелінген бе;

  • несиені дер кезінде өтемеуге байланысты келтірілген залалдардың % -дық соммасы қанша;

  • кәсіпорын алған несиесіне төлемді дұрыс төледі ме;

  • қаржы-несиелік жоспарлар дұрыс рәсімделген бе, дұрыс рәсімделмесе, ол неден көрініс табады және қалай сипатталған.

Сараптаманың екінші түрі мекеменің қаржылық жағдайын анықтау мақсатында жүргізіледі.
Қаржы-экономикалық сараптама тағайындауға байланысты төмендегідей сұрақтар қойылуы тиіс:

  • экономикалық көрсеткіштер дұрыс жасалынған ба;

  • смета (болашақта кететін шығындар мен табысқа түсетін қаржылардың есебі) дұрыс жасалған ба;

  • жұмысшыларға берілетін еңбек ақы мен сыйақылары дұрыс бөлінген бе;

  • жұмсалған қаражат бағасы норма көрсеткіштеріне сәйкес келе ме;

  • қаржы жоспары негізді ме, мысалы, тасымалдауға байланысты.

  • шикі заттар мен материалдардың бағасы дұрыс есептелген бе;

  • өнім бірлігінің өзіндік құны дұрыс қойылған ба;

  • өндірістегі үздіксіз шығындардың есебі дұрыс жүргізілген бе;

  • өзіндік құнына калькуляция дұрыс жасалынған ба;

  • салық дұрыс аударылған ба.

Сот-бухгалтерлік сараптамаға қарағанда бұл сарпатама түріне материалдарды дайындау ауқымы кең. Зерттеу материалдарына келесілер жатады: бухгалтерлік операцияларды жүзеге асыратын кәсіпорын, мекеме, ұйымдардың барлық шаруашылық операциялары; аталған кәсіпорын мекеме, ұйымдардың құжаттамалары, яғни бухгалтерлік есеп құжаттарымен қатар экономикалық мазмұндағы құжаттамалар.
Сот-технологиялық сараптама. Кейбір кезде бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысын тергегенде сот-технологиялық сараптама тағайындалады.
Технологиялық сараптама бухгалтерлік немесе қаржылық сараптамалар тағайындалмай тұрып, сондай-ақ олармен бір уақытта да тағайындалуы мүмкін. Технологиялық сараптама қорытындылары бухгалтерлік және қаржылық сараптамалар жүргізуге негіз болуы мүмкін. Өз кезегінде товароведтік сараптама қорытындылары технологиялық сараптама жүргізу үшін өте қажет.
Технологиялық сараптама жүргізу арқылы төмендегілер анықталады:

  • шығындар бекітілген нормамен сәйкес келетіндігі, болмаса келмейтіндігі;

  • ұсынылып отырған өнімді дайындау кезінде қандай технологиялық өндірістердің бұзылуына жол берілгендігі;

  • технологиялық құрал-жабдықтардың жарамдылығы немесе жарамсыздығы, егер жарамсыз болса өндіріліп отырған өнімнің сапасына әсер ететіндігі, болмаса әсер етпейтіндігі;

  • өлшеуіш құралдарының жарамдылығы;

  • өнімді сақтау жағдайларының қамтамасыз етілгендігі немесе қамтамасыз етілмегендігі және олардың бұзылуына сеп болғандығы;

  • ұсынылып отырған өнім толық өңдеу циклынан өткен, өтпегендігі, егер толық өтпесе өндіріс циклының қай кезеңінде технологиялық процесс тоқтатылғандығы және т.б.

Материалдарды дайындау кезінде міндетті түрде келесілер берілуі тиіс:
өнім немесе оның үлгісі; жартылай фабрикаттың құжаттары (өнімдердің техникалық жағдайлары туралы); цех жұмыс процесінің көрінісін көрсететін журнал, лабораториялық талдау мәліметтері; технологиялық жабдықтарды қарау туралы хаттамалар; жұмысшылардан жауап алу хаттамалары; сарапшылардың қорытындылары.
Сот-құрылыс сараптама. Бұл сараптаманың пәніне – құрылыс объектілерімен байланысты жағдайлар жатады, нақтылап айтқанда жобалау процесінен бастап құрылысты пайдалану және оларға жөндеу жұмыстарын жүргізу жағдайлары.
Сот-құрылыс сараптамасын мынандай үш түрге бөліп көрсетуге болады:
1. құрылыс-экономикалық;
2. құрылыс-товароведтік;
3. құрылыс-техникалық.
Бірінші жағдайда – сараптаманың заты құрылыстың: бағасын, есебін, ондағы есептік құжаттамаларды дұрыс жүргізу жағдайларын анықтаумен байланысты болады.
Бұл келесідей жағдайларда сәйкес қойылатын сұрақтар:

  • сметалық құжаттамалар дұрыс әрі негізді жасалынған ба және олар мемлекеттік стандартқа сәйкес келе ме;

  • қабылдау актілері мен смета құру кезіндегі бағалау дұрыс па, негізді ме;

  • құрылыс-монтаждық, құрылыс-жөндеу жұмыстарын жасаудағы шарттық баға негізделген бе;

  • фактілік бағасы қандай;

  • базар бағасы қандай;

  • орындалған жұмыстың көлемі және бағасы қандай;

  • құрылыс материалдарының бағасы қандай;

  • қауіпсіздік ережелері мен еңбек шарттары сақталған ба;

  • құрылыс материалдары жобаға, нормаға сәйкес пе және т.б..

Екінші және үшінші жағдайларда сараптама жүргізу барысында анықтауға жататын жағдайлар: нақты орындалған құрылыс-монтаждық немесе құрылыс-жөндеу жұмыстарының көлемі қандай;

  • құрылыс-монтаждық жұмыс немесе құрылыс-жөндеу жұмыс сапасы қандай;

  • орындалған құрылыс-монтаждық жұмыс нормаға сәйкес келе ме;

  • пайданылған құрылыс материалдарының сапасы қандай және олар жоба нормаларына сәйкес келе ме;

  • құрылыс-монтаждық жұмыстар жобаға сәйкес келе ме, егер сәйкес келмесе қандай сәйкессіздік сипатына ие;

  • жобадағы сәйкессіздіктердің зардабы қандай болуы мүмкін;

  • жобада қарастырылмаған пайдаланылатын құрылыс материалдары қандай зардап әкелуі мүмкін;

  • құрылыста қандай техникалық қателіктер жіберілген;

  • олар немен негізделген: жобамен бе, әлде құрылыс-монтаждық жұмыстармен бе;

  • құрылыстың бұзылып қирауы мен техникалық жобаның арасында себепті байланыс бар ма;

  • бұзылып қирау құрылыс-монтаж жұмыстарымен байланысты ма;

  • құрылыс-монтаждық немесе құрылыс-жөндеу жұмыстары кезінде еңбек қауіпсіздік ережелері сақталған ба:

  • құрылыс материалдарын пайдалану кезінде олардың сапасының өзгеруі мүмкін бе;

  • жер учаскесінің шекарасы құжаттар мен нормаларға сәйкес келе ме және т.б.

Материалды дайындау. Құрылыс сараптама тағайындау кезінде: жобаланған-сметалық құжаттама; қабылдау және бағалау актісі; құрылыс-монтаждық және құрылыс жөндеу жұмыстарының бақылау өлшемін тексеру актілері; құрылыс-монтаждық және құрылыс жөндеу жұмыстары бойынша материалды-техникалық есебі; құрылыс объектілерінің, бұзылып қираған ғимараттардың үлгісін; инженерлі-техникалық зерттеу қортындылары; жерді мұрагерлікке қалдыру (алу) актісі және оның техникалық паспорты; апатқа, бақытсыздық жағдайға ұшырау актілері және басқа да қылмыстық іс материалдарын (оқиға болған жерді қарау, жауап алу хаттамаларын) жіберіледі.
Биологиялық және басқа да сараптамалар. Кейде экономикалық, әсіресе экологиялық сипаттағы қылмыстарды тергеу барысында өндірісте биологиялық сараптаманың әртүрлі түрлерін жүргізу қажеттілігі туындайды.
Бұл сараптама түрінің объектісіне тірі организмдер, өсімдіктер мен жануарлар жатады. Мысалы, агротехникалық сараптама жүргізу арқылы тұқымды егуге дайындау, оны өсіру, сақтау, астықты тасымалдау тәртіптерінің сақталуын, сонымен қатар астықтың сапасыздану себептерін анықтауға болады. Агробиологиялық сараптама көмегімен астықтың түрі, сорт ерекшеліктері немесе басқа да дақылдар мен олардың өзгеріске ұшырау себептері анықталады. Зоотехникалық сараптама арқылы малдың қырылуының, өлімінің себептерін және малды асырап-күту мен карантиндік тәртіптерді сақтамау жағдайларын анықтауға болады. Ал ветеринарлық сараптама жүргізу жолымен малдың ауруы немен байланысты екендігі, малдың еті пайдалануға жарамдылығы немесе жарамсыздығы және т.б. анықталады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   212   213   214   215   216   217   218   219   ...   233




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет