Контрастылы түсірілім. Контраст негiзінде объектілердің түс айырмашылықтары бойынша, яғни көлеңкелі контрастыларды қоса алғанда, бедердің беткі қабатындағы көлеңкелердің бедер детальдерінен екендігін көрсететін байланыстардың болуын анықтайтын түсірілімдер контрастылық деп аталады.
Мұндай түсірілім құжаттардағы көрінбейтін және нашар байқалатын (тазарту, өңдеу, қырып өшіру және т.б. жолымен өзгертілген) мәтіндерді анықтауға мүмкіндіктер береді.
Контрастылы, ерекше контрастылы және өте жоғары контрастылы материалдарды пайдалану және оларды контраст негізінде жұмыс істейтін айқындауыш құрылғыда өңдеу арқылы бейне-көрінісін шығару суретке түсірудің ең қарапайым жолы болып табылады.
Контрастылық түсірілімнің ең күрделі тәсілі бірнеше негатив пен диапозитивті бірінен кейін бірін әзірлеу кезектілігімен, яғни контратиптеу жолымен жүзеге асырылады. Объектіні контрастылы, ерекше контрастылы немесе өте жоғары контрастылы материалдарды пайдалану арқылы суретке түсіріп, оны контраст негізінде жұмыс істейтін айқындауыш құрылғыда орта немесе аздап төмендетілген тығыздыққа жеткенге дейін ұстай отырып шығарады. Алынған негативтен контраст штрихталған, репродукцияланған немесе диапозитивтік фотопленкада диапозитив басып шығарады, оны да контраст негізінде жұмыс істейтін айқындауыш құрылғыда өңдеуден өткізеді.
Диапозитивпен контакт жасау тәсілі арқылы екінші негативті басып шығарады, одан – екінші диапозитивті әзірлейді, сөйтіп әрі қарай жалғасады; операцияны қажетті көлемдегі контраст пайда болғанша қайталайды. Қайта көшіру кезінде объектіге жарықтың біркелкі түспеуіне байланысты, негативтің жекелеген учаскелеріндегі тығыздық ерекшелігі шамалы күшейтіліп берілетіндіктен, фототүсірілімді кемінде екі қарама-қарсы жақтан қойылатын жарық беру қондырғысын пайдалану арқылы, жарықтың біркелкі түсуін қадағалау қажет.
Контрастылы түсірілім тәсілдерінің біріне объектінің біріктірілген екі негативтегі кескіндемесін шығару жатады. Екінші негативті алу үшін фотокамераға фотопластинканы салу кезінде эмульсияны объективке қаратып емес, керісінше қарама-қарсы жаққа қаратып қою керек. Бұл ретте камераның кассеталық бөлігін дәлдігі көзделгеннен (тураланғаннан) кейін пластинканың қалыңдығына тең келетін қашықтыққа артқа жылжытады. Негативтердің эмульсиясын бейнені толық қамтитындай және шеттері бекітілетіндей етіп бір-біріне сәйкестендіреді. Түсірілім біріктірілген негатив арқылы суретті ұлғайту құралының көмегімен шығарылады.