IX-ТАРАУ
КРИМИНАЛИСТИКАЛЫҚ ТІРКЕУ
§ 1. Криминалистикалық тіркеудің түсінігі, мазмұны және оның құқықтық негіздері
Қылмыстылықпен күрес жүргізу мақсатында бұдан бұрын да біздің дәуірімізге дейінгі ұзақ жылдар бойы тіркеу әдістері қолданылған. Ол үшін әдетте мынандай екі түрлі әдіс қолданылды: таңбалау және мертіктіру – ол тану мен жазалау функцияларын қатарынан бір уақытта жүзеге асыру (б.д.д. II-ші ғасырдағы ежелгі үнді «Ману заңы» және ежелгі Вавилонның Хаммурапи заңы) әдісі. Қылмыскердің жасаған қылмысы бойынша жазалау, олардың денесіндегі мертіккен жерлерін ғана сипаттап қоймай, сонымен қатар қанша қылмыс жасағандығын да айқын әшкерлеп көрсететіндей етіп таңбаланды. Таңбалау кезінде шартты белгілерді, әріптерді немесе толық бір сөзді адамның бетіне, болмаса денесінің басқа да бір мүше бөлшегіне күйдіре отырып басып түсірді. Таңбалау қылмыскерлерді ұстауға біршама көмегін тигізді, бірақ оның қайда, қашан және не үшін жазаланғандығын, сондай-ақ таңбасы арқылы оның жеке басын анықтауға мүмкіндіктер болмады. Англия мен Францияда «Идентификациялық салтанаттар» - деген атпен қамаудағы қылмыскерлердің ішінен полициялар бұрын көрген қылмыскерлерді тануға байланысты қараулар жүргізді.
Криминалистикалық тіркеудің ғылыми негізін ең алғашқы рет XIX ғ. аяғында 1882 ж. А. Бертильон қылмыскерлерді тіркеудің антропометриялық, ал В. Гершель, Г. Фулдс, Ф. Гальтон 1887-1891жж. дактилоскопиялық тіркеу әдісін енгізу арқылы қалыптастырған. Қазіргі уақытта да криминалистік оқулықтарда кездесетін тіркеудің алғашқы жүйесі «қылмыстық тіркеу» - деп кездейсоқ аталмаған. Бүгінгі таңда криминалистикалық тіркеу жүйесі шеңберінде тіркеудің сан-алуан түрлері қолданылады. Мысалы: алфавиттік, дактилоскопиялық және т.б. тіркеу түрлері.
Криминалистикалық тіркеу түрінен оның формасын ажырату қажет, яғни тіркелетін ақпараттарды жинау тәсілдері. Криминалистикалық ақпараттарды бекіту әдістері де әртүрлі: сипаттайтын, бейнелейтін, графикалық, коллекциялық болып келеді. Тәжірибеде тіркеу әдісінің мынандай аралас түрлері де жиі қолданылады: ұсыныстар-альбомдармен, карточкалармен; ал ақпаратты бекітудің суреттеу тәсілі-фототүсірілім, дактилоскопиялық карта және т.б. жасау арқылы үйлестіріледі.
Криминалистикалық тіркеуді оқып білудің негізі – бізді қоршаған әлемді, материалдық танымды, диалектикалық заңдар мен таным теориясын танып білуге неізделеді. Криминалистикалық тіркеудің дамуы – криминалистикалық идентификация теориясымен, іздердің пайда болу механизімі жөніндегі ілімдермен, және қылмысты жасау тәсілдерімен, дәлелдемелі ақпараттарды бекітумен табиғи байланыста болып табылады.
Криминалистикалық тіркеулер қылмыстық процесуалдық заңдарда тікелей қарастырылмаған. Бірақ та криминалистикалық тіркеуді жүргізу тәртіптері Қылмыстық Іс Жүргізу кодексінің талаптары негізінде анықталады. Олар Қылмыстық Іс Жүргізу кодексінің баптарында бекіту тәртібіне қатысты заттай дәлелдемелерді сақтау және алу; салыстырмалы зерттеулер жүргізу үшін үлгілер алу; маманды қатыстыру; сот сараптамасын тағайындау және жүргізу көрсетілген. Сонымен қатар, полиция мен жедел-іздестіру қызметі туралы нормативтік актілері де криминалистикалық тіркеудің құқықтық негізі болып табылады.
Тіркеудің материалдарын жинау процедуралары Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Бөлімінің заң актілерімен, Бас прокуратураның жеке бұйрықтары және инструкцияларымен белгіленеді.
Жеке тұлғаларды тіркеудің негізіне төмендегілер жатады:
қамауға алу сияқты шараларды қолдану туралы, сондай-ақ айыпкер ретінде қылмыстық іске тартуға байланысты прокурордың, тергеушінің немесе анықтама жүргізушінің шығарған қаулылары;
соттың үкімі немесе шешімі;
тұлғаларды іздестіруді жариялауға байланысты шығарылған қаулылар;
сезіктіні ұстау хаттамасы.
Тергеу әрекетінің хаттамалары қылмыстық оқиғамен байланысты басқа да объектілерді тіркеудің заңды негізінің біріне жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |