§5. Куәландыру
Тергеу әрекетінің ерекше бір түрі – адамдарды куәландыру. Қылмыстық істерді тергеу үстінде кейбір жағдайларда сезікті адамның, айыпкердің не жәбірленушінің, денесінде әр түрлі дақ, ерекше белгілер, не іздер барлығын анықтау үшін оларды заңда көрсетілген тәртіпті сақтай отырып, куәландырып қарауға тура келеді. Өзіндік міндеті бойынша және қарау үстінде қолданылатын тәсілдер бойынша куәландыру бірде тергеу әрекеті есебінде жүргізілсе, екінші жағдайда сот-сараптамасының бір ерекше түрі есебінде жүргізіледі. Осыған байланысты олар тергеулік және медициналық куаландыру деп аталады.
Тергеу әрекеті есебінде жүргізілген жағдайдан басқа, объектілерді қарау үстінде әдеттегідей пайдаланылатын әдістер қолданылады. Айталық, адам куәландырылғанда, біріншіден, оның үстінде киген киімдері қаралады, олардың жалпы жағдайы, жыртылған жері, үзілген түймесі, дақ, таңба, тағы басқа да ерекше белгілердің бар-жоғы анықталады. Киімін қарап болғаннан кейін, оның денесі қаралады. Егер куәландырылатын адамды мұндай қарау үстінде жалаңаштандыруға тура келсе, онда бұл тергеу әрекетіне басқа жыныстың адамдары қатыса алмайды. Сондықтан егер әйел адам жалаңаштандырылып қаралса, бұл тергеу әрекетін әйел тергеуші жүргізу керек те, ал еркек адам куәландырылса, еркек тергеуші өткізуі керек. Қалай болғанда да бұл тергеу әрекетін жүргізу үстінде куәландырушы адамның намысына тиетіндей, оны кемсітетіндей іс-әрекеттер жасалмай, жүргізілетін жұмыстардың бәрі моральдық нормаларға сай болуы тиіс.
Бұл тергеу әрекетін жүргізгенде негізінен куәландырылатын адамның үстінде бір ерекше белгілер, дақ және басқа іздердің болуы тексеріліп, қаралады. Мысалы, бір істі тергегенде жәбірленуші қылмыскердің сол жақ иығында қал, ал кеудесінде жүректің суреті тәрізді татуировка бар екені баяндалды. Тергеудің бастапқы кезеңінде ұсталған сезікті адам бұл қылмысқа қатыспағанын және жәбірленушіні танымайтынын айтып жауап берді. Оны куәландыру үшін беліне дейін шешіндіргенде жәбірленушінің айтқанындай қылмыскердің иығында қал, кеудесінде татуировка бар екені анықталды. Сонымен куәландырудың қорытындысы істі дер кезінде ашуға өте құнды дәлелдеме есебінде пайдаланылды.
Куәландыру сонымен қатар сот-медициналық сараптаманың бір ерекше түрі есебінде жүргізіледі. Сезіктінің, айыпкердің, не жәбірленушінің денесін қарағанда арнайы медициналық білім қолданылып, олардың денесінде бар жарақат тексеріліп, зерттелсе ондай куәландыру сараптамалық зерттеудің бір түрі болып саналады. Мұндай зерттеп қарау үстінде негізінен мына төмендегі сұрақтар анықталады:
а) куәландырған адамның денесінде, қай жерінде, қандай жарақаттар бар?
ә) жарақаттардың түрі, өлшемі, саны және олардың жалпы ауырлығының дәрежесі?
б) куәландырған адамның денесінде бұрын жасалған операцияның белгісі бар ма?
Егер де жай қарау арқылы бұл сұрақтарды шешуге мүмкіндік болмай, оларды анықтауға медициналық зерттеулер қажет болған жағдайда сот-медициналық сараптама тағайындалады.
ІІІ-ТАРАУ. ТЕРГЕУ ЭКСПЕРИМЕНТІНІҢ ТАКТИКАСЫ
Достарыңызбен бөлісу: |