Біріншіден, материалдық дүниедегі объектілердің сапалылық және сандық жағынан анықталуы. Екіншіден, материалдық дүниедегі объектілердің салыстырмалы тұрақты болуы. Осы негізгі қағидалар таным әдістерінің қандай да болмасын қолдану аясына байланыссыз тұрақты болып қалады.
Материалдық дүние объектілерін сапасы жағынан анықтау олардың жекелілігін көрсетеді, яғни объектілердің бір-бірінен ажыратылып, дүниенің шексіз әртүрлі екендігін көрсетеді: екі тамшы судың, талдың екі жапырағы, бір станокта жасалған детальдардың және т.б. объектілердің өзара ажыратылуы.
Сапа – объектінің жеке қасиеттерінен көрінеді, ол затпен бүтіндей байланыстырылып, толығымен қамтылады, одан бөлініп қарастырылмайды.
Әрбір объектінің өзіндік табиғи сапасы болады. Материалдық дүниедегі объектілер сапа жағынан анықталуымен қатар, сандық жағынан да қарастырылады.
Бір-біріне ұқсамайтын объектілердің өзара ерекшелігі сапасы жағынан көрінеді, ал бір-біріне ұқсайтын объектілер сандық жағынан сипатталынады. Сапаға қарағанда сандық жағынан сипаттау объектінің мәнімен байланыспайды. Сандық өзгерістер объектінің бірден жойылуына әкелмейді. Сандық жағынан өзгерістердің өз шегіне жетуі басқа сапаға әкелуі мүмкін. Идентификация үшін сандық өзгерістердің шегі туралы елестету өте маңызды.
Әлемде барлық объектілер қозғалыста болады – бұл материяның қасиеті, оның тіршілік ету әдісі болып табылады. Біз бүкіл табиғаттың қозғалыста болып өзгеріске ұшырайтынын білеміз. Бірақ бұл процесте кез келген материалдық денелердің салыстырмалы тыныштықта, яғни бір қалыпта болатын кезеңдері де кездеседі.
Заттардың осы объективті қасиеті арқылы объектілердің белгілі бір уақыт арасында өзінің бейнесін сақтай отырып, оларды шексіз материалдық объектілердің арасынан бөліп анықтауға мүмкіндік береді. Яғни олар сәйкестендіру арқылы анықталады.
Салыстырмалы тұрақтылық – бұл материяның қасиеті, ол болмаса объектінің сапалық жағынан анықталуы мүмкін болмас еді. Қозғалыстың үзіліссіз процесіне қарамастан сапа әр уақытта сақталынады.
Диалектика заңы бойынша сандық өзгерістің шегі шарқына жеткенде, заттар бір сападан екінші сапаға өтеді. Идентификация үшін заттың салыстырмалы тұрақтылығы маңызды болып келеді, бірақ бір сападан екіншіге өту кезінде басты роль атқарады.
Салыстырмалы тұрақтылық дәрежесі объектілердің әр категориясы үшін жекеленген. Мысалы: адамның қол саусағының папиллярлы өрнектері өмір бойы өзгеріссіз бір қалыпта болады, олардың тек көлемі ғана өседі. Олар тек қана белгілі бір апатқа түсуден және т.б. жарақатталған, зақымданған не болмаса қандай да бір (ауруға байланысты) жара шығудан ғана өзгеріске ұшырап, қосымша жеке белгілері пайда болады. Адам өлгеннен кейін оның терісі шіріп жойылмайынша, папиллярлы өрнектер сол қалпында сақталады.
Идентификацияланатын объектілер жіктелінеді. Жіктеліну негіздері әртүрлі:
дәлелдеу мақсатына байланысты объектілер ізделінетін және тексерілетін болып бөлінеді. Ізделінетін объектілер дегеніміз – дәлелдеу үшін маңызды қылмыс және оның жағдайлары туралы мәліметтері бар объектілер. Тексерілетін объектінің белгісіне – табылған объектінің ізделініп отырған объекті екендігіне байланысты тергеушінің жорамалы жатады. Олар бірнеше болуы мүмкін және де идентификация арқылы олардан қажетті мәліметті ала аламыз.
идентификациялық процесте атқаратын рөліне байланысты идентификацияланатын және идентификациялаушы болып бөлінеді. Идентификацияланатын объект – бұл тепе-теңдігі анықталынатын объект. Идентификациялаушы объект – бұл объектінің көмегімен тепе-теңдік анықталынатын объект. Объектілерді идентификацияланатын және идентификациялаушы деп бөлудің әдістемелік маңызы бар. Тергеушіге ең алдымен объектінің идентификацияға жататын не жатпайтындығын анықтап алу керек. Мысалы: сыртқы құрылымы бейнеленген іздер табылғанда идентификацияға із қалдырушы объект жатады; бөлшектер табылған кезде бүтін зат бөлініп қалған бөлшек арқылы идентификацияланады; жаппай өндіріс өнімі табылған кезде өнімнің пайда болу көзі идентификациялауға жатады және т.б.
материалдық ұйымдастырылу әдісі бойынша объектілер жеке және көптік (множественный) болып бөлінеді. Жеке объектілер фазалық күйлеріне қарай қатты, сұйық, сусымалы, газ тәріздес болып бөлінеді. Көптік объектілер – морфологиясы бар және морфологиясы жоқ объектілерге бөлінеді. Мысалы: морфологиясы бар объектілерге – заттардың жинағы, механизмдер (сіріңке қорабы, сағат, қару-жарақ...), морфологиясы жоқ объектілерге – үйме дән, топырақ, құм, есірткі массасы жатады.
идентификациялық зерттеу объектілері, сонымен қатар, зерттелетін және салыстырма үлгілер болып бөлінеді. Зерттелетін объектілер қылмыстық оқиғаға қатысты болуы мүмкін, мысалы, жәбірленуші немесе сезіктінің қолы қойылған құжат, оқиға болған жерден алынған қан дақтары және т.б.
Үлгілер – бұл зерттелінетін объектілердің қылмыс оқиғасына қатыстылығын көрсететін объектілер. Жәбірленушінің немесе сезіктінің қолы қойылған құжатқа қатысты сараптамаға олардың еркін және эксперименталды үлгілері қоса берілуі тиіс. Қан дақтарын идентификациялау үшін жәбірленуші мен сезіктінің қан үлгілері алынуы керек.
Белгі туралы түсініктің теориялық және тәжірибелік мағынасына тоқтала кетейік.
Белгі ұғымының теориялық мағынасы объектілерді зерттеу әдістемесін өңдеп жетілдіруге және жеке сәйкестендірілетін объектілер шеңберін кеңейтуге мүмкіндік беретін теориялық мәнінен көрініс табады. Тәжірибелік маңызы барлық идентификациялауға жататын сараптамалық объектілердің көлемін идентификацияланатын сараптама шеңберінен, яғни ықтималды сараптамалық қорытынды түрлерінің мүмкін емес формаларын қысқартудан тұрады.
Идентификациялық белгі дегеніміз не?
Кез келген материалды объектінің өзіндік қасиеттері бар. Объектінің қасиеті оның сапасын көрсетеді. Объектілердің мәндік рөлін қасиеттер атқарады. Ал белгі объект қасиеттерінің сыртқы көрініс табу рөлін атқарады. Объектіні белгілері арқылы танып білеміз. Белгі түсінігімен таным қызметін байланыстырады. Белгі – қасиеттің көрініс табуы. Кез келген материалды объект көптеген қасиеттерге ие болады. Ал әр қасиет көптеген белгілер арқылы сипатталады. Белгі қасиеттерден бөлініп қарастырылмайды. Объектінің мәнін анықтау үшін оның белгілер жиынтығы айқындалуы керек. Белгілер жиынтығын белгілердің механикалық бірлестігі ғана емес, белгілі белгілер жүйесі ретінде түсіну керек.
Осы белгілер жүйесі арқылы объектіні өзіне ұқсас көпшілік ортадан бөліп қарастыруға мүмкіндік береді, ал көпшіліктен жеке объектіні бөліп ала аламыз. Белгі түсінігі идентификациялық белгі түсінігінен кеңірек.
Идентификациялық белгілерге объектінің мәнді белгілері жатқызылады.
Белгілер келесі талаптарға сай болуы керек:
Идентификациялық белгілердің бірнеше жіктелу негіздері бар:
Дәстүрлі классификациялау:
Идентификациялық белгілер жалпы және жеке болады. Жалпы белгілер дегеніміз – біртектес объектілерге тән жалпы белгілер мен қасиеттерді көрсететін объектінің параметрлері. Жеке белгілер – сирек кездесетін өзіне ұқсас объектілер арасынан бөліп алуға мүмкіндік беретін белгілер, олар пайда болу, тіршілік ету ерекшеліктерін көрсетеді.
Келесі классификация – бұл топтық, бір тектік және жекелеуші белгілерге бөлу. Бір тектік – биология, химия, ботаника, зоология, материалтануда қолданылатын классификациялық белгілер.
Топтық белгілер – ішкі тектік қатыстылықты дифференцияциялауға мүмкіндік береді, мұнда тексерілетін объектілер шеңбері қысқарады, топтық объектілер олардың табиғатына, технологияға, пайдалануына, қылмыстық оқиғаға байланысты болуы мүмкін.